«Ұлы дала рухы» көрмесі көшпенділер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрін, ұлттық ат спорты ойындарын, бай әдеп-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнерін, өткен тарихын, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерді, қазіргі заманғы адамзат проблемаларын рухани ізденістер арқылы танып білуге жетелейді.
Түрік көрермендері отандық Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев сынды өнер шеберлерінің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты заманауи суретшілердің шығармашылығымен таныса алады. Көрме коллекциясы 32 кескіндемелік және графикалық туындыны қамтыған.
Музей директоры, профессор Гүлмира Шалабаева атап өткендей: «Көрме Қазақстанның заманауи өнерінің кең стилистикалық әртүрлілігін, ұлттық бояуы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсете отырып, көрнекі түрде ұсынады. Ә.Қастеев атындағы өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы, қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлем халықтарын төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнеріміздің тереңіне үңілуге шақырады».
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ