Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2018

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды

4268 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасын талқылау бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен Қазмедиа орталығында жиын өтті. Шараға министрлік өкілдері, қалалық және ауылдық мектеп мұғалімдері мен мектеп директорлары, ата-аналар, сондай-ақ кәсіподақ өкілдері қатысты.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды

Заң жобасының тұжырымдамасы Елбасының 2018 жылдың 5 қа­за­­нын­дағы «Қазақстандықтардың әл-ау­қатының өсуі: табыс пен тұрмыс са­па­сын арттыру» атты Қазақстан халқы­на Жолдауы аясында әзірленген бо­латын. Талқылауға Білім және ғы­лым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Алматы қаласынан онлайн режімде қатысып, бірқатар сұрақтарға жауап берді. 

«Елбасы Жолдауын орындау мақсатында министрлік «Педагог мәртебесі туралы», оқушы және мұ­ғалім жүктемесін азайту мәселелері бойын­ша кейбір заңнамалық актіге өз­гер­тулер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы заң жобасын әзірлеп, талқылауда. Осы мақсатта жұмыс тобы құрылды. Оның ішінде мектеп мұ­ғалімінен бастап колледж, ЖОО пе­дагогтары, мемлекеттік органдар өкіл­дері, ата-аналар да бар. Халық жаңа­дан әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылауға белсенді қатысып жатыр. Бүгінде республиканың түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Әлі де қосар ұсыныстарыңызды bilimdiel.project@mail.ru, pressa.edu@gmail.com электронды адресіне жіберулеріңізді сұраймыз», деді вице-министр.

Заң жобасының тұжырымдамасы білім беру ұйымдарының құқықтары мен кепілдіктерін, педагогикалық және ғылыми жұмыстарын жүзеге асыруды, сондай-ақ білім беру дең­ге­йі­нің, меншік нысандарының, білім беру ұйымдарының типі мен түрлеріне қарамастан мемлекеттік, қоғамдық қолдау және тану шараларын жүзеге асыруды қамтитын мұғалім мәртебесін көтеруге бағыт­тал­ғанын айта кеткеніміз жөн.

Талқылаудан аңғарғанымыздай, жаңа заң жобасы арқылы бүгінде зор шешімді қажет етіп тұрған бірнеше мәселе бар. Бұл – мамандықтың мін­­­детіне кірмейтін функциялар кө­­­ле­­­мінің артық болуы, ай са­йын қа­жетті деңгейдегі ақыға қол жет­­­­кізу үшін мұғалімдердің шектен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлігі, көп­­те­ген жеңілдік пен кепілдемені алу­­дың қиындығы, мұғалімдерді қорғайтын арнайы заңның жоқтығы, сондай-ақ педагог мамандығына ер адамдардың бармауы, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында, ағылшын тілі және тағы басқа нақты мамандықтардан сабақ беретін ұстаздардың жетіспеушілігі мен еңбекақының төмендігі. 

Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі орта білім де­пар­та­ментінің бас сарапшысы Айман Тел­манқызының айтуынша, заң жо­ба­сы­ның тұжырымдамасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. «Алайда ұсы­ныстар мен сұрақтар көп қайталанады. Көбі ұстаздардың әлеуметтік жағ­дайына қатысты са­уал жолдайды. Сондай-ақ мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қаты­нас­қа қа­тыс­ты мәселелер жиі көтеріліп жатыр. Одан бөлек, ұстаздарды зейнетке ерте шығару жайлы көп хат алдық. Мұны Еңбек және халықты әл­еуметтік қорғау министрлігімен бі­рі­гіп талқы­­лаймыз», дейді А.Дүй­сен­баева.

Мек­тепке дейінгі және орта бі­лім де­партаменті директорының орын­басары Зейнеп Мақсұтова айтып өт­кендей, тұжырымдамада  мұғалімдерді көр­­некі құралмен то­­лық жабдықтау, әл­еу­мет­тік ке­піл­дік­тер беру, жала­қы­сын кө­бейтіп, жүкте­месін азайту қа­рас­ты­рылған. Ауылдық жерлердегі мұ­ға­лімдерге жылына бір рет бе­рі­летін ком­муналдық өтемақыны бел­гі­леу мә­­селесі де қара­лып жатыр.

Жиында ұстаздар қауымының атынан Астана қаласындағы №76 мектеп-ли­­­цейі­нің директоры, жа­ңа­шыл ұстаз Сафура Сейдуәли­қызы өз ой­ын біл­дір­ді. «Мұ­ға­лім­ді әл­еу­мет­тік тұрғыдан қор­­ғау, мұғалімнің баласын балабақшаға же­ңіл­дікпен орналастыру, үй алудағы жеңілдіктер қа­рас­ты­­ры­лып отыр. Осыған қосқымыз ке­­ле­тін бір мәселе бар. Айталық, бү­гін­гі таңда әртүрлі сала мамандары ме­ди­ци­налық са­па­лы қызмет алуда бір­ша­ма же­ңіл­дік­терге ие болып отыр. Ос­ындай жеңілдіктер мұғалімдерге де тиесілі болса деген ниетіміз бар. Жасы ұл­ғай­ған мұғалімдер тұрақты ем­деліп отыратын медициналық ме­ке­ме­­­лер қарастырылса құба-құп», дейді С.Төлектегі. 

Қазіргі заң бойынша әл­еу­мет­тік ке­пілдіктер жергілікті ат­қа­рушы би­ліктің құзыретіне қарай бел­­гі­ле­­­неді. «Ауылдық жер­де­гі мұ­ға­лім­­­дерге ком­­­­­муналдық өте­м­ақы тө­­­­леу, тегін меди­циналық те­к­­се­­ріс­­­­­тен өту жұмыстары әр өң­ір­­­де әр­­­­түрлі жү­зеге асып жатыр. Мә­се­­­лен, Алматы мен Қызы­л­ор­да облыстарының мұғалімдері өз ақ­­­­ша­ла­рына ме­­дициналық тексеруден өтеді. Өйт­кені жергілікті бюд­жетте қаржы жетіспейді. Енді осы кем­ші­лік­тердің барлығы заңмен рет­те­леді деп сенеміз», дейді салалық кә­сіподақ ұйы­мы төрағасының орынбасары Айгүл Мұ­қа­шева.

Одан бөлек талқылауда мұ­ға­лім­­­­дер­дің тұрғын үй мәселесі де өзек­­­ті екені айтылды. Себебі, бү­гін­гі таң­да ұс­та­здардың жалақысы ипо­текамен үй алуға жетпейді. Осы тұр­ғы­дан да аталған заң ұстаздардың бірқатар мәселесін шешіп берсе, дейді талқылауға қатысушылар.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»