Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда 101 мың адамның жалақысы көтеріледі

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың жалақысын өсіру жайы қаралып, талқыланды.

Солтүстік Қазақстанда 101 мың адамның жалақысы көтеріледі

Басқосуда кейбір мекеме басшыларының 28-30  мың теңге мөлшерінде ғана айлық төлейтіні белгілі болды.  Жағдайды түземеген кәсіпкерлер алдағы жылдан бастап заң бойынша жазаланатын болады.

Ең төмен жалақы төлеп отырған 13,5 мың кәсіпорынның 11,5 мыңы табан ақы, маңдай терді көтеруге дайын екендігін білдірді. Сөйтіп 39 мыңға жуық адам қамтылмақ.  

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі Қайрат Пішенбаев  облыс кәсіпорындарында жалақыны көтеру бойынша жасалған жұмыс жайында есеп берді. Оның айтуынша, аз жалақы алатын жұмысшылардың айлығын 1,4 есеге көтеру жоспарланған.  Сонда 36 847 тенгеден 52 495 тенге дейін көбейетін болады. Бүгінге дейін 3227 жұмыс берушімен меморандумдарға қол қойылды.

Әр басқарма жетекшілері осы бағыт бойынша есеп берді. Ең төменгі көрсеткіш көлік бақылау, білім беру және денсаулық сақтау басқармаларында орын алған.

«Білім беру саласында жұмыс істеп жүрген орта буын мамандарының жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл шамамен 20 мың адамға жуық. 22 жекеменшік нысанда 682 маманның 585- сі жалақыны  30 пайызға көбірек алатын болды», деді білім беру басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.

Денсаулық сақтау саласының жекеменшік секторында төмен жалақы алатын 300 маманның айлығы  артады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қызмет көрсету бағасын емес, сапасын жақсартып, тұтынушылар санын көбейту арқылы жалақыны көтеру қажеттігін атап көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда облыстағы жалақы мөлшері 3,5 пайызға өскен.

Келесі жылы бұл тапсырмаларды орындамаған басшылар қатаң жауапкершілікке тартылады.

Облыстағы ең төменгі еңбекақы– ауылшаруашылығы саласында. Кейбірі небәрі 28-30 мың теңгені қанағат етіп отырған тәрізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы