Тәуелсіз қазақ анимациясы тарихында тұңғыш рет төл қаһармандар туралы әрқайсысы 10 сериядан түсірілген «Айдар», «Дала ойындары» және «Ертемір» атты 3D форматтағы мультхикаялар – бүгінгі отандық телевизия саласындағы бірегей үздік жобалар санатында. «Balapan» телеарнасы директоры Мақпал Жұмабайдың бастамасымен жарыққа шыққан айтулы туындылардың әрқайсысы өзінің идея сонылығы, мағыналық мазмұн және ең бастысы қазақы бояу-қалыбымен дараланады.
«Біз тұңғыш рет қазақтың төл анимациялық супер қаһармандарын көрермен назарына ұсынып отырмыз. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін еліміздің анимациялық қауымдастығы жұдырықтай жұмылып жұмыс істеді. Осы мультхикаялар арқылы отандық анимацияның жаңа кезеңі басталарына сенімдіміз. «Balapan» қаһармандары «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» мультхикаялары арқылы әр баланың жүрегіне жол тартады. Бұл – әр жобаны зор жауапкершілікпен жүзеге асырған, әр кейіпкерді аялап, әлпештеген шығармашылық командамыз үшін де, қазақ баласы үшін де тарихи сәт деп ойлаймыз», деді М.Жұмабай.
10 желтоқсаннан бастап «Balapan» телеарнасы арқылы кішкентай көрермендер назарына жол тартқан туындылар әлі-ақ «Өрмекші адам» секілді жаһан жеткіншектерінің жүрегін жаулаған кейіпкердің орнын басып, қазақ баласы өзінің төл қаһармандарына еліктеп, соларға қарап бой түзейді деген сенім мол.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»