13 Желтоқсан, 2018

Ауыл әкімдері арнайы курстан өтті

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде бүгінгі таңда біршама тындырымды шаруа атқарылуда. Әсіресе АӨК-ті дамытудағы түйткілді мәселелердің шешілуі ғылыми тұрғыдан қарастыруды білім ордасының ғалымдары түрлі деңгейде көтеріп жүр. 


Ауыл әкімдері арнайы курстан өтті

Ауылды жаңғырту − ғалым­дардың басты міндеті. Осы ба­ғытта білім ордасы алды­мен аудан және ауылдық округ­тер­­­дің әкімдеріне арнайы курс ұйымдастыруда.

Бүгінгі таңда ауылдық жер­лердегі кәсіпкерлер мен шаруа қо­жалықтары жетекшілерінің назарын ғылымға аудару өте өзекті. Әкімдер курс ба­ры­сын­да жи­нақтаған тәжі­ри­бесін ауылдағы шаруа қожа­лық­тарымен бөлі­седі. Осы­лайша шаруа қожа­лық­тары өкілдерін ауыл ша­руа­­­шылығындағы жаңа техно­ло­гия­ның мүмкіндігіне көз жет­кізу, қа­­жет болған жағ­дайда қожалық бас­шылары мен мамандарын универ­си­тет­те біліктілігін арттыруына мүм­кіндік беру көзделіп отыр.

ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев арнайы курсқа қа­тысып жатқан әкімдермен кездесуде осы мәселелерді әң­гі­меледі. «Егер ауылдың жағдайы жақсы болса, елдің де жағдайы жақсарады. Бүгінде ауыл ша­руашылығының ғылымсыз алға жылжуы мүмкін емес. Жү­­йедегі жаңашылдықтарды ал­дымен сіздерге көрсеткіміз келді, сол себепті арнайы курс ұй­ымдастырдық. Қажет болса, шаруа қожалықтарының бас­шыларын шақырып курс­тар ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл үшін сіздер алдымен ауыл­дағы шаруа қожалықтарына қоз­ғау салуларыңыз қажет», деді А.Күрішбаев.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті келесіде шаруа қожалықтарының басшылары мен мамандарын оқытуды көздеп отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығында заманауи техниканың тілін меңгермесеңіз мол мүмкіндікті жіберіп аласыз. Өйткені қазіргі таңда егін егетін алқаптың топырағына талдау жасау үшін ғарыштық тү­сірілімдерге жүгіну қажет, ал­қаптарды бақылауда ұстау үшін электронды карта қажет. Тағы сон­дай жаңа технология толып жатыр.

Шынар Абеуова,

Біліктілікті арттыру жә­не қашықтықтан оқыту инсти­тутының директоры:

– Қазір кез келген салада инно­вациялық теxнологиялардың да­муы байқалады. Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарынан келген әкімдерге «Ауыл ша­руашылығының тұрақты дамуы» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстары университет қабырғасында алғаш өтуде. Университет ғалымдары дәлме-дәл егіншілік, геоақпараттық жүйелер теxнологияларын пайдалану, басқарудың шағын нысандарын дамыту, жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру және тұрақты басқару мәселелері бойынша кеңес берді.

Жаңа теxнологиялар ауыл­дық жерлерге де баруы керек. Ауыл­ды оқшауламау қажет. Бұл үшін ғылым мен ауыл шаруа­шылығы арасында байланыс болуы тиіс. Сондықтан әкімдердің біліктілікті арттыру курстарын үнемі өткізсек деп жоспарлап отырмыз.

Қанат Мұқанов,

Ақмола облысы, Ерей­мен­тау ауданы, Бозтал ауылы­ның әкімі:

– Мен 1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институ­тының агрономия факуль­тетін бітірдім. Содан бері ауы­лым­да еңбек етіп келемін. Бір­­­неше күннен бері ауыл ша­руа­шылығындағы тың өзгерістерді көріп таңғалып отырмын. Біз оқыған замандағы ғылыми үрдіс мүлде өзгеріп кетіпті. Өзім агроном болғаннан кейін дәлме-дәл егіншілік жүйесіне үлкен мән беріп отырмын. Біз жа­ңашылдыққа ұмтылуымыз, заман талабына сай болуы­мыз қажет. Университет жақсы баста­ма­ны қолға алып отыр. Ауыл әкім­дерін оқыту бұрын болмаған үрдіс.

Мадияр Аманжолов,

Қарағанды облысы, Нұра ауда­ны, Тассуат ауылының әкімі:

– Мамандығым заңгер болған­дықтан дәрісте Жер кодексінің түрлі ұтымды тұстарының бар екендігіне мән бердім. Бүгінде пайдаға аспай немесе заңсыз пай­да­ланылып жатқан жер учас­келері бар. Сол алқаптарды заң тұрғысында пайдаланудағы өзге­шеліктер бізге аса қажет. Дәлме-дәл егіншілік туралы берілген дәріс өте маңызды. Ауылда фермерлер егіншіліктің бүгінгі жаңа тәсілдерін біле бермейді. Жас маман ретінде барлығын зерделеп алуға тырысамын.

Наталья Милюк,

Ақмола облысы, Есіл ауданы, Заречное ауылының әкімі:

– «Ауыл − ел бесігі» деп Елба­сы атап көрсеткендей, ауылды көтеру − барлығымыздың парызымыз. Білім ордасының бас­тамасына қуанып отырмын. Себе­бі ауылды сақтап қалсақ, Отаны­мыздың іргесін бекемдей түсеміз. Сол себепті ауыл әкімдері үшін өткізілген семинар өте маңызды әрі өзекті. Бүгінде жастарды оқыту, үйрету оңай. Алдымен әкімдердің санасына жаңашылдықты сіңірсек, өзгелерін технологияға бейімдеу жеңілірек болмақ. Біз білімімізді міндетті түрде ауылымызды көр­кей­туге жұмсаймыз. Осы ретте семи­нар университет қабыр­ға­сында ғана емес, қожалық­тар­дың басында ұйымдастырылса деп ойлаймын.

 

Бердібек ХАБАЙ