31 Қазан, 2012

«Рүстем-Дастан» қалай жазылды?

2771 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Рүстем-Дастан» қалай жазылды?

 Қармақшының «Ақтайлақ кезең» деп аталатын ежелгі елді мекенінде туып-өскен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының балалық дәурені оқу, ізденумен өткен еді. Ауылдағы молдалық мектептен сауат ашқан ол он төрт жасында Бұхара шаһарындағы медресеге оқуға аттанады. Сөз жоқ, ондағы оқулар балалықтан бозбалалық шаққа өткен шәкірттің дү­ниеауи көзқарасын қалыптастыруда те­рең өзгерістер жасайды. Сон­дағы оқудан терең білім алып, ауылға оралған соң, өзі жинаған бай кітап­ханасындағы дүние­лермен шәкірттерге дәріс бере бастайды. Білімдар жас ұстаздың қолында арабтың «Мың бір түн», үндінің «Тотынама», парсының «Шаһ­нама» тәрізді баға жетпес мұра­лары, сондай-ақ Сағдидың «Гүл­стан», «Бостан», Низамидің «Ес­кен­дір­нама», «Хосроу-Шырын», Науаи­дың «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті жұлдыз» аталатын клас­сикалық шығармаларының толық қол­­жазбалары болған. Оны ұлы шайыр Тұр­­мағамбетпен тұстас өмір сүрген құй­мақұлақ қариялар кейінгілерге жыр ғып айтып отырушы еді деседі.

 

 Қармақшының «Ақтайлақ кезең» деп аталатын ежелгі елді мекенінде туып-өскен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының балалық дәурені оқу, ізденумен өткен еді. Ауылдағы молдалық мектептен сауат ашқан ол он төрт жасында Бұхара шаһарындағы медресеге оқуға аттанады. Сөз жоқ, ондағы оқулар балалықтан бозбалалық шаққа өткен шәкірттің дү­ниеауи көзқарасын қалыптастыруда те­рең өзгерістер жасайды. Сон­дағы оқудан терең білім алып, ауылға оралған соң, өзі жинаған бай кітап­ханасындағы дүние­лермен шәкірттерге дәріс бере бастайды. Білімдар жас ұстаздың қолында арабтың «Мың бір түн», үндінің «Тотынама», парсының «Шаһ­нама» тәрізді баға жетпес мұра­лары, сондай-ақ Сағдидың «Гүл­стан», «Бостан», Низамидің «Ес­кен­дір­нама», «Хосроу-Шырын», Науаи­дың «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті жұлдыз» аталатын клас­сикалық шығармаларының толық қол­­жазбалары болған. Оны ұлы шайыр Тұр­­мағамбетпен тұстас өмір сүрген құй­мақұлақ қариялар кейінгілерге жыр ғып айтып отырушы еді деседі.

Бұхарадағы Мир-араб, Көкелташ ме­дреселері негізінен діни оқу орны бол­ғанымен, оларда парсы, араб, түркі және ша­ғатай тілдері тереңдетіп оқытылып, шәкірт­терге арғы-бергі әдеби мұралардан мол мағлұмат берілетін-ді. Осының бар­лығы да Тұрмағамбеттің тіл іліміне деген құштар­лығын арттырып, оның ақындық өнерге қарай қарымды құлаш жая түсуіне серпінді ықпал еткен еді. Елдегі мешіт­терде ұстаздық еткен ке­зінде оның терең білімдарлығы айқын сезіле түседі. Осы арада айта кетер бір жәйт, ол Аламе­сек­тегі мешітте (Жалағаш ауданы) қазақтың тұңғыш Халық ағарту комиссары Темір­бек Жүргеновке дәріс беріп, оның сауатын ашуға көп ықпал етеді.

1934 жылы «Шығыстың жарық жұл­­дызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көп­теген елдерінде атап өтіліп, мәңгі өлмес шы­ғармасы «Шаһнама» (патшалар өмірі жайлы жыр) әр халықтың тілдеріне жаппай аударыла бастайды. Өз кезінде «Шаһ­наманы» Шығыстың «Илиадасы» деп те атағандар болған. Бірақ шын мәнісінде «Шаһнама» «Илиада» секілді туындыдан сегіз есе көп келетін теңдессіз эпопея-дастан.

Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркемөнерпаздардың рес­публикалық І слеті өткізіліп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрма­­­ғамбет Ізті­леуов те қатысады. Осы бар­­ған сапарында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.­И.Мирзоянмен, Оқу Халық комиссары Т.Жүр­геновпен жүздесіп, олармен келелі әң­гімелер қозғалады. Сөз түйініне тоқтар кезде Темірбек Жүргенов Тұрмағам­беттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда Тұрма­ғам­бет: «Ол дастанның түркішесін де, шаға­тайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген же­рін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар», – дейді сенімді түрде.

Арқалы ақын Темірбек Жүргеновке осы кесімді сөзін айтқан соң, былай деп өлеңдете жөнеледі:

«Тәуекел! Орын тап та, тапсырып көр,

Алармын әрқалайда иілдіріп.

Қалайша қиял шіркін қашар екен,

Отырсаң жоғарыға киімді іліп.

Баяғы балалықтың базарында,

Өлеңді отырушы ем үйілдіріп.

Ойламай оның жолын қартайған соң,

Тастап ем зейінімді түйілдіріп.

 Қалайда бәйге алып бере алмайды,

Жүйрікті жаратпастан күйін біліп.

«Ишарат – ақылы барға», деген нақыл,

Ал қойдым осы араға тыйылдырып».

Сол әңгіме үстінде бірге болған ақын Өтебай Тұрманжанов өз естелігінде былай деп жазады: «Шаһнаманы» бітір­ген­нен кейін оны редакциялауды маған тапсырған еді. Ең алдымен қолжазбаны бастан-аяқ оқып шықтым. Ақындық шабыттан туған әдемі жырлар жазылған беттерге қалам да тигізбедім».

Тұрмағамбеттің «Шаһнаманы» ауда­руға бұлайша зор ынта-ықылас қоюы кездей­соқтық емес. Бұхарадағы медреселерде оқып, Шығыстың әдеби мұра­сымен етене танысқан зейінді шәкірт Тұрма­ғамбет араб, парсы, түркі, шағатай тілде­рінің қыр-сыр­ларын әбден жетік меңгеріп алған еді. Әсіресе, оның Кө­келташ ме­дресесінде тәжік жазушысы Садриддин Айнимен бірге оқып достасуы, онда қабырға газетін шыға­рысып, ой-пікір жағынан бір-бірімен тере­ңірек жақын­дасуы оның дүниеауи көзқа­расын барынша айқындай түсуге септігін тигізгендігі даусыз.

Сөз реті келген соң, осы арада бір әңгімені тілге тиек еткенді жөн көрдім. 1983 жылы Қармақшыда өткізілген Тұрмағамбеттің жүз жылдық мерейтойына Алматыдан келген ақын, жазу­­шы­лар­дың арасында Әбділда Тәжібаев та бол­ған еді. Ол аудан орталығындағы Мә­дениет үйінде көп адам қатысқан салтанатты жиналыста Тұрмағамбеттің ақын­дық шығар­машылығы жөнінде кемел ойға құрылған келелі сөз сөйледі. Сонда есімде қалғаны – ақынның анасы Ай­манкүлдің «Шаһ­наманы» тәржімалауға кірісер алдында Тұрмағамбетке айтқан кейбір ақыл-кеңестері болатын.

Ақын Әбділданың анасы Айманкүл ескіше оқып, терең білім алған сол тұс­тағы зиялы кісілердің бірі болған. Ұлы шайыр Тұрмағамбеттің төрт том­дығын парақтап отырып, онда араб әрпінің    А.Байтұрсынов құрастырған төте жазуына көзім түсті. Ол Айманкүлдің Тұр­мағам­бетке жазған сәлем хаты екен. Ондағы жазудың аудармасы мынау: «Қай­ным, «Шаһнамаға» өзіңнен өзге адамның әлі келмейді. Осыны тәуекел етіп аударып көр. Айманкүл. 1936».

Бар болғаны екі сөйлемнен құралған қып-қысқа сөз. Осы қысқа әрі нұсқа сөз Тұрмағамбет ақынды Фирдоусидің әйгілі дастан-эпопеясын зор ынтамен аударуға құлшындыра түскен тәрізді. Сол бір шабытты сәтін ақынның өзі былайша суреттеп жазған еді:

«Барады күннен-күнге көңілім өсіп,

Кен кеулеп жатқаннан соң гәуһар қазып.

Келгенмен кейуана болып елу үшке,

Жасарып жиырмадағы келдім күшке».

Айманкүл Тәжібаева оқыған, терең білімді адам. Көрнекті филолог Өтеген Күмісбаев бір сөзінде былай деп айтқан болатын: «Атақты ақынымыз Әбділ­­да­­ның анасы Айманкүл Тәжібаева «Шаһна­­­маның» 1908 жылы Ташкентте шыққан нұсқасын қара сөзбен аударғанын айта кету ләзім. Маржандай әріптермен кө­ші­рілген дәптерлерін көзім көрді. Ке­зінде бұл қолжазба М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының қол­­­жазбалар қорында сақталулы болатын».

Тұрмағамбет «Шаһнаманы» аударуды қолға алғанда оған күдікпен қарағандар да болған. Академик М.Қаратаев «Қазақ әдебиеті» газетінде (6.07.1962 ж.) жа­рияланған «Ақын туралы ақиқат» деген мақаласында сондай күмән келтірушілер жайында өз ойын бүкпесіз ашық жазған. Үзінді келтірейік: «Ондай ақынды біл­мейміз, молда дейді ғой өзін, «Шаһна­маны» өзіміз неге аудармаймыз?» деген сықылды қысыр сөздерді күңкіл түрінде де, тіпті шағым түрінде де естідік».

Сөз жоқ, «Шаһнаманы» аудару оңай дүние емес-ті. Фирдоусидің ақындық стилі ерекше бөлек. Оның шығармасы мутакариб өлшемімен жазылған. Мутакариб ұзақ буынды бәйіт-өлең ұйқасына құ­рылады. Өлең өнерін шебер меңгерген Тұрмағамбет қазақтың мутакарибке жа­қын он бір буын қара өлең әдісін қол­данып, қисса-жыр етіп жазып шығуға кіріседі. Академик-жазушы М.Әуезов айтқандай, «Өлеңмен жыр етуші Тұр­мағамбет ақын бұл жөнінде XIX ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналған дәстүрін қолданған». Фирдоуси бұл тең­дессіз эпопея-дастанды көз майын та­уы­с­ы­­п, отыз бес жыл тапжылмай отырып жазып шық­қан екен. Онда ежелгі Шығыс елдерінің төрт мың жылдық тарихи оқиғаларының желісі қамтылғаны белгілі. Шығарма 55 мың бәйіттен тұрады. Оның өзі өлең жолымен есептесек, 120 мың жол.

Фирдоуси шығармасының құдіретті күші – оның тіл байлығының молдығы әрі ерекше әсерлілігі мен сұлу сазды­лығы. Осынау мәңгі өлмес шығарманы алғаш рет орыс тіліне аудар­ған Н.­С.Соколов: «Фир­доусидің «Шаһ­намасы» ұй­қылы-ояу мүл­гі­ген парсы тілін дүр сілкіндіріп, түрлендіріп жі­берді», деп жаз­ған екен. Ал Фирдоусидің өзі болса бір өле­ңінде парсы тілі тірі тұрғанда мен өлмей­мін, өйткені өлмейтін сөздердің тұқымын шашып кеттім деп тебірене жырлапты.

Ұлы жыршының бұлай деп кесімді ой толғауының терең сыры бар. Өйткені Фирдоуси өмір сүрген кезең исламның Иран жерінде әбден орныққан тұсы-тұғын. Мұсылман дінінің берік діңгегіне айналған Құран кәрімге бар ынта-ықы­ласы ауған парсы жұрты араб тілін мең­геруге жаппай құлшыныс таныта бастайды. Міне, осындай алмағайып сәтте «Шаһ­наманың» Иран-Тұран көгінде жа­рық жұлдыздай жарқ ете қалуы көмескі тарта бастаған парсы тілін қайта түлетіп, түрлендіре түскен еді.

Тегінде тіл – халықтың рухы, мәңгі өлмес жаны. Тіл өшсе, ұлт өледі, ұлт өлсе, ұлттық болмыс та түп тамырымен жойылады. Кешегі кеңестік кезеңде бізд­­ің ана тіліміздің де әрі-сәрі күй кешіп, өлмеші халге түскені белгілі. Бас-аяғы жиырма шақты жыл ішінде (1929-39 ж.ж.) қазақ әліпбиінің төте жазудан латыншаға, одан соң кириллицаға көшірілуі жайдан-жай жасалған іс емес. Оның астарында үлкен саяси мән-ма­­ғына, қитұрқы амал-айла жатқан­­дығы айдан анық. Нақты дәйек сөз келтірелік. 1925 жылы Ф.Голо­щекиннің И.Сталинге жолдаған хаты бар. Онда ол «күн көсемнен» айрықша бес мәселеге көңіл бөлуді өтінеді. Соның бірі де бірегейі – тіл мәселесі. «Ұрпақты адас­тыру үшін жазуын екі рет өзгертіп жі­беру керек», деп ашық жазған ол. Мұның түпкі мәні белгілі: жазу өзгерген соң, ұрпақ өткенін оқи алмайды, яғни мәң­гүрт­тенеді. Расында да халқымыздың тәуел­сіздік алғанға дейін осындай мәңгүрттік күй кешкені анық жағдай еді ғой.

Тіл тазалығына байланысты бұл әңгі­мелерді тектен-текке келтіріп отырғаным жоқ. Өлең өнеріне жетік, ана тіліміздің бар қыр-сырын шебер меңгерген Тұр­мағамбет ақынның «Шаһнаманы» аударарда тіл тазалығына баса көңіл бөлгенін анық аңғаруға болады. Оның 1936 жылы жазған бір өлеңінде мынандай жолдар бар:

«Он айда «Шаһнаманы» бердім жазып,

Төрт бөліп түн ұйқымды арып-ашып.

Ішінде байқағанға бар сөздері,

Шығарған сары алтындай кеннен қазып.

Бәрін де ана тілмен еттім өлең,

Келтірмей тілінен түк араб, тәжік».

«Шаһнаманы» аударуды қолға алған кезде Тұрмағамбеттің жасы елу үштерде еді. Аударуға үкімет тарапынан бір жыл мерзім беріле тұрса да, оны он айда біті­ріп, қырық мың жолдық аударманы бас­паға табыс етеді. Аудармадан алғаш­қы үзінділер «Әдебиет майданы» журналында (қазіргі «Жұлдыз») жарияланады.

Тұрмағамбеттің «Шаһнама» негізінде жазылған «Рүстем-Дастаны» қазақ тілін­дегі тұңғыш аударма ма? «Шаһнаманы» бірінші болып қазақ тілінде жырлаған Ақмешіттен шыққан Ораз молда болатын. Ол Кеюмарс пен Кей-Хосроу ара­лығын жырлап, ұлы дастанның басты қаһарманы етіп Рүстемді алған. Ораз молдадан соң Сердалы ақын «Қисса-и Рустам» деген атпен жазған шығармасын 1888 жылы Қазан баспасынан басып шы­­ғарады. Одан кейін тағы бір қазақ ақыны, публицист Мұхамеджан Сералин В.Жу­­ков­скийдің орыс тіліндегі аудармасынан алып, «Рүстем-Сохраб» деген бө­­­лі­­мін қа­­зақшалап шы­ғады. «Шаһна­ма­ның» қара сөзбен жазылған аудармалары да бар. Әрине, осылардың барлығы да өз дә­ре­­­жесіндегі толымды аудармалар емес еді.

Кезінде Тұрмағамбеттің аударма сала­сындағы ұланғайыр еңбегі тиісінше баға­ланған жоқ. Оны көрнекті қаламгерлер де мойындаған болатын. Академик Мұха­меджан Қаратаев былай деп ой түйін­депті: «Мен былай дер едім: егер Тұрма­ғамбет «Шаһнамадан» басқа еште­ңе жазбаған болса, соның өзінде де біз оны үлкен ақын деп танып, оның осы «аударма» іспетті еңбегін көп «қолтума» деген жасық шығармалардан жоғары бағалауы­мыз керек дер едім».

«Рүстем-Дастан» ақынның көзі тірі­сінде жарық көрген жоқ. Ақын жазық­сыз жазалауға ұшырап, қудалауға түсті. Сол бір қиын-қыстау кезеңдегі ауыр жағ­дайды Тұрмағамбет ақын өз өлеңінде былайша суреттеп жазады:

«Қалайда қапыда өтіп кетем бе деп,

Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек.

Өлеңмен он бір буын он ай жазып,

Бітірдім басым сипап, шаршап-терлеп…

Үкімет ескеріп бұл еңбегімді,

Пенсия бұйырып ед, бұған бер деп,

Айына онда үш жүз аласың деп,

Қолыма берді қағаз жазып мөрлеп.

Бұлары ойынындай боп балалардың,

Отырмын түзеу үйде енді шерлеп».

 Саяси зобалаң салдарынан жазалау, қудалауға ұшыраған ақын ақыр соңында қыруар еңбегінің ақ адал ақысын да ала алмай «түзеу үйіне» түсіп, сондағы көр­ген ақырет азабы салдарынан елу алты жасында дүние салады.

Сонымен, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы қа­зақшалаған «Шаһнама» баспа бетін көре алмай, тұп-тура ширек ғасыр бойына қалтарыста жатып қала береді. Ақынның қырық бес дәптер қолжазбасын шашау шы­ғармай сақтап, көрегендік таныта біл­ген бәйбішесі Биғаның жанкешті еңбегі қалай айтса да ерлікке бара-бар іс. 1960 жылы Тұрмағамбет тәржімалаған «Шаһ­на­маның» «Рүстем-Дастан» деп ата­латын саласы 70 мың таралыммен қа­лың оқырман қауыммен қауышқан еді…

Ұлы тұлғалар бірін-бірі қайта­ла­май­ды. Бірақ олардың ой-мүдде ұқсастығы мен рухани жағынан тым етене жақын­дығы қалайда да байқалып тұратындығы даусыз ақиқат. Мен Фирдоуси мен Тұр­мағам­беттің өмір жолдарына зер сала отырып, осындай ұқсастықтардың нышандарына анығырақ көз жеткізгендей болдым. Мәселен, Фир­доу­си өзінің ана тілінің саф тазалығына жан-тәнін сала көңіл бөліп, парсы тілін қайта түрлентсе, Тұрмағам­беттің де өлең өнеріндегі сөз қолданы­сынан оның қазақ тілінің тазалығына аса жауаптылықпен сергек қарағанын сезі­неміз. Фирдоуси көп құдайшылыққа қарсы болып, тақұттық жолды қолдаса, Тұрмағамбет те Жаратушының бірлігіне кәміл сеніммен қараған.

Осы тұста мына әңгімені тілге тиек етелік. Тұрмағамбеттің туған жері Ақ­тайлақта сызба жазулармен таңбаланған (сірә, руникалық жазу болар) бір балбал тас болыпты. Оған адамдар тәу етіп, әлгі тасқа шүберек байлап кетуді әдетке айналдыра берсе керек. Халықтың осы қылығына қатты налыған ақын: «Пұтқа, отқа табыну – көп құдайшылықтың кө­рінісі», деп кесімді сөз айтады да, белуардан жер қаздырып, таңбалы тасты көмдіріп тастайды. Осының өзі-ақ ақын­ның Жаратушының бірлігіне деген кәміл сенімін айғақтай түспей ме?!

Ең ақырында айтар болсақ, екі ұлы тұлғаның тағдыр ұқсастығы да таңға­ларлық жағдай. Нәсілі тұрандық Иран патшасы сұлтан Махмуд алып ой иесі Фирдоусидің ақындық дара еңбегін баға­ламақ түгілі, «Шаһнаманы» қолға алып оқымапты да. Сірә, оған дастанда парсы­лардың ата-бабаларының асыра дәріп­телгендігі ұнай қоймаса керек деген пікір айтады кейбір зерттеушілер. Қудалауға ұшыраған Фирдоуси өмірінің соңында қайыршылық күй кешеді. Әйтсе де өз кінәсін кеш түсінген сұлтан Махмуд қол астындағыларға ақынға 60 мың динарды апарып беруді бұйырады. Алтын артқан керуен Тус қаласының қақ­пасына ене бергенде олар данышпан ақын­ның мүр­десін ақырғы сапарға шығарып бара жатқан топпен ұшырасып қалады…

Тұрмағамбет ақынның ақырғы өмірі де дәл осы оқиғаға ұқсас. Ол да өз еңбе­гінің жемісін көзі тірісінде көре алған жоқ. Қайта қудалауға ұшырап, жазықсыз жала отының азабын аяусыз тартты. Иә, қос дананың өмірлеріндегі осындай ұқ­сас­тықтар еріксіз бас шайқалтпай қой­майды. Дүниенің жолы шартарап. Солай болған соң да өмірде мұндай ұқсас­тықтар (әлде кездейсоқтықтар дейміз бе?) бола береді. Асылында оны кездей­соқтық дегеннен гөрі жазмыштың жолы десек, бәлкім, дә­лірек пайым болар. Қа­лай айтсақ та дана­лардың рухы өлмейді. Ол мәңгі-бақи шам­шырақтай алаулап жанып, ұрпақта­ры­ның жадында нұр сәулесін шаша түспекші.

Дана ақын, дара тұлға Әбілқасым Фирдоусидің мәңгі өлмес ұлы дастан-эпопеясының бір саласы – «Рүстем-Дастанды» қазақшалаған Сыр шайыр­ла­рының атасы Тұрмағамбет ақын жайлы әңгімемді аяқтай келе, сөз әлқиссасын Тұманбай Молдағалиев ақынның бір шумақ өлеңімен қайырғанды жөн санадым. Ол өлең жолдары мынау еді:

«Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,

Елінің ерке ұлдарын сүйіп, тасып.

«Рүстем-Дастанымен» Тұрмағамбет

Барады Фирдоусимен иықтасып».

Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,

журналист.

Қызылорда облысы,

Қармақшы ауданы.