Әдебиет • 26 Желтоқсан, 2018

Чехов және пьесаларының тағдыры (2-бөлім)

1667 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Чехов және пьесаларының тағдыры (2-бөлім)

(Соңы)

Құдай адамды азап­тағысы келсе жай жүрген жазу­шыны дра­­­ма­­тургияға қа­рай күш­теп айдай­­тын болуы керек. Не­месе «дра­­матургия» деген жанр­дың нарко­­­­тикалық әсері бар ма, «енді жеті жүз жыл өмір сүрсем де театр­­ға арнап шығар­ма жазбаймын» деп Не­ми­рович-Данченко мен Алексеевке (Станис­лав­ский­ге) ант-су ішіп хат жазған Чехов, өмір­і­­нің соңында «Шиелі бақты» жаз­ып, ол да сәтсіз қойылып, ау­р­у­­ын бұрын­ғы­дан бетер ас­қын­ды­рып алды.

«Шағала­да» бір-бірімен тіке­лей бай­­­ла­­­­­нысып, шығар­ма желі­­сі­нің дамуына белсенді араласа­тын кейіпкерлер: Арка­­дина-Три­горин-Треплев, Треплев-Зареч­­­ная-Тригорин. Пьесаның басты оқи­­ға­сы осылардың арасында өтеді. Пьеса­дағы Треплев (Ак­т­ри­­са Арка­ди­на­­ның ұлы) ойда жоқта атып әке­ле­тін ша­ғала Че­хов шығармасына симво­ли­­ка­лық та, тікелей де қатысы бар басты деталь. Пьесаның соңында Нина За­речная Треплевке: «Есіңізде ме, сіз көл жағасында қыдырып жүріп шаға­ланы атып әкелгеніңіз. «Шағала осы көлді жақсы көре­тін. Бір күні бір жақ­тан бөтен бір адам келді де, еріккеннен шаға­ла­н­ың өмірін құрта салды. ...Мен сол Шағаламын.»

Заречная, провинциялық жас актриса бел­­летрист Тригориннің құр­бандығы болды. Аркадина – атақ­ты актриса, әлі өзін жас қыз­дай сезінетін 43-44-тер шама­сын­да­ғы өзін асқақ ұстайтын менмен де көрікті әйел. Шетел банкінде 70 мыңдай ақшасы жатса да (ол кезде бұл көп ақша. Пьесадағы мұ­ғалім Медве­ден­коның айлық жала­қысы 21 мың) бала­­сына кос­тюм сатып алуға ақша бер­­мей­тін сараң әйел. Тригорин Зареч­­ная­­­ға ғашық боп қалады. Заречнаяға Треп­­лев те өлердей ғашық. Есігінің алды­­на бар­ып, таңға дейін тұруға дайын. Ал Зареч­ная Тригоринді сырттай жазу­шы ретінде қатты сыйлайды. Оны тіпті пір тұтады. Ақырында Тригорин жас қызды уысына түсі­ріп, екі жылдан соң оны тас­­тап кетеді. «Сырттан кел­ген бөтен адам Шағаланың өмірін көк­­тей солдырды». Тригоринге ғашық екенін Нина Заречная оған медальон сый­лап, оның сыртына жұмбақтап Три­горин­нің шығармаларының беттерін жазып көрсетеді. «121-бет, 11-12 қатар». Тригорин кітабын алып, беттерін ашып қарағанда, өз шығармасындағы мынадай сөздерді оқиды. «Если тебе когда-нибудь понадобится моя жизнь, то приходи и возьми ее».

Басқа авторлардай «Күйдім-сүйдім» деп алқынбай, Чехов ке­й­іп­­керлері өз се­зім­­дерін осылайша «сыбыр­лап» жеткізеді. Тіпті өзін сахна шебе­рі­мін деп эмоция­сын тежеп ұстауға дағды­лан­ған Арка­­динаның өзі Тригориннің Зареч­­ная­ға көңілі құлағанын бі­ліп, қыз­ға­ныш әсерінен: «Ты пос­­лед­няя страница моей жизни!» деп Тригориннің ая­ғына жы­ғыл­ғанын өзі де аңғармай қала­ды. Чехов Аркадинаның асау да менмен мінезіне сәйкес оның аузы­нан осындай лапылдай тө­гілген сезім отын шығарып отыр. Әр мінезге сәй­кес әртүрлі сөз айт­қызудың ерекше үлгі­сі де осын­да жатыр. Аркадина Зареч­ная се­кілді сабырлы бола алмайды, өйт­­ке­ні ол жас емес, сәл кешіксе Три­­го­рин уысынан шығып кет­­келі тұр. Бәрі­бір ол Три­горинді өз махаббатының эгоис­тік құрсауында ұстап тұра алмады: Три­го­рин «Шағаланы» «атып» тынды.

Бұл қорлыққа төзе алмаған ал­бырт жас Треплев пьеса соңын­да өзін-өзі атып тастады. Бұл трагедиялық көрініс те таза Че­хов стилінде баяндалады.

Сахна сыртынан мыл­тық дау­­­­сы естіл­­­­ген­де доктор Дорн: «Еш­теңе емес, менің аптекамда бір нәр­се жа­рыл­ған болу керек» деп жай ғана айтады да, Триго­рин­ді қол­тығынан жетектеп, «Ирина Ни­ко­­лаевнаны бір жаққа алдандыра тұры­ңыз. Мәселе мынада: Кон­стантин Гаври­лович өзін-өзі атып тастады», дейді.

Бұл – финал. Финалдағы ең соңғы сөз.

Алапат трагедияны А.Чехов өз сти­лін­де баяу ғана баяндай салды.

Шекспир кейіпкерлері сахна­да өлсе, Че­хов кейіпкерлері спек­такль біткен соң өледі: не физи­калық өлім, не рухани өлім.

Осындай трагедиямен бі­те­тін «Шаға­­ла» сияқты пьесасын А.П.Чеховтың комедия деп атағысы келетіні түсініксіз-ақ!

Тригориннің Нина Зареч­ная­мен оңа­ш­а сөй­лес­кен кезіндегі бір беттен асатын ұзын-сонар сөзі болмаса, «Шаға­ла» зейін­ді оқырман үшін айтқа­нынан ай­­­та­­ры мол, айсберг сияқты те­­рең мағы­­­­налы, мәде­ниетті дра­­ма. Со­­лай бола тұрса да, Чехов пьес­аларындағы кей­іп­­­кер­­лердің көп­ші­лігі бірін-бірі қай­та­­лап тұр­­ғандай көрінеді. «Шиелі бақ­та­ғы» Раневская мен «Шағала­дағы» Арка­­дина кейбір сәттер­де бір пьесадан екін­ші пьесаға «көшіп» келген бір адам сияқ­ты боп елестейді. «Шиелі бақтағы» Ранев­­ская жұмсақтау да, «Шағаладағы» Арка­дина одан сәл өзгешелеу – адуынды, өр мінезді, махаббат сезімдері әлі басылмаған жан боп көрінгеніне қара­­мас­тан, болмыс пен іс-әрекет тұрғы­сы­нан қарағанда ылғи да бірін-бірі еске түсіріп отырады. Тіпті оқиғаның өтетін орны да екі пьесада біріне-бірі мей­лінше ұқсас. «Шиелі бақтағы» Фирс пен «Шағаладағы» Сорин де ұқсас кейіп­кер­лер. Тек кәсіптері әр басқа.

Аркадина – әрі атақты, әрі мінезді, әрі кербез, әрі сараң актриса. Оның баласы Треплев – өмірде жолы болмаған, өз орнын таппаған, жас жазушы-беллетрист болуды армандап жүрген қиялшыл, сезімге беріл­гіш жас жігіт. Ол театр әле­міне реформа жасауды арман­дай­ды. Шығар­малары да фило­со­фия­лық рухта, жерден биіктеп, аспан­дап тұрған ойға құрылған. Сондықтан да туған анасы бола тұрып, Аркадина оның шығар­ма­ларын ұнатпай, сынап-мінеп, тіп­ті келе­ке етіп отырады. Сорин­нің имение­­сіндегі көл жаға­сы­на орнатқан үй театр­ы­­ның сахна­сын­дағы өз баласының шығар­­ма­сы­нан Нина Заречная монолог оқып жатқанда, көңілдесі Три­горинге: «Өзіміз үйренген қара­пайым пьесаны қою­­дың орнына, бізге қайдағы бір декадент­тік сандырақты көрсет­кені несі? Бұл жерде еш­қан­­дай да жаңа форманың иісі де жоқ», деп баласының намысына тиер кеке­сінді сын айтады. Және кім­ге айтады? Атақ-даңққа мас боп жүр­ген көңілдесі, өз баласы іш­тей жек көретін Триго­ринге ай­тады. Сол Тригориннің ке­сі­рі­нен әрі өмірден орнын таба ал­май, ақыр аяғында өзі өлердей сүйе­тін Заречная Тригориннің құрбандығы бола тұрып, оны бәрі­бір әлі күнге дейін сүйетінін Нина­ның өз аузынан естіген Кон­стан­тин ең соңғы үмітінен күдер үзіп, өзін-өзі атып өлтірді. Бұл – трагедия!

А.Чеховтың бұл пьесаны неге «комедия» атағысы келгенінің өзі күлкілі-ақ! Оны автордың өзі де түсіндіре алмай кетті.

 

* * *

XIX-ғасырдың соңғы он жыл­ды­ғы мен XX-ғасырдың ал­ғаш­­қы он жылдығы орыстың ұлы режиссері әрі драматургы Вл.И.Немирович-Данченконың есте­­лігі бойынша «театр көктемі» бол­ды. Мәскеуде көркем театры (МХТ) ашылып, оған жаңа рух­та­ғы драматургтер келе бастады. Островский, Чехов, Горький дра­матургия деңгейін жоғары дең­гей­ге көтерсе, Станиславский, Неж­данова, Ермолова т.б. орыс өнерін әлемдік тал­ғам дәрежесіне биіктетіп кетті. Сол кезең туралы естеліктерді оқып отырып, шын мәнінде «театр көктемін» бас­тан кешіріп отырғандай сезі­не­сің. Жаңалыққа, жаңа пьесаға ұмтылып, автор­­лардың театрға келуін әулие Лука келгендей ерек­ше қуанышпен қарсы алып, олар­дың әрбір сөзін «Жаңа өсиет­тің» («Новый завет») сөзіндей тына тың­дап, келесі келгенде қандай шығар­ма­мен келетінін, егер автор «мынадай шығарма жазып жатырмын» десе бәрі аспан­нан «інжіл» түсетіндей қуанып, кез­десудің соңы қимастықпен қоштасуға ұла­сатын кездер жиі болып тұрады екен. Осын­дай кез­де­сулер, әрине драматургке зор әсер, зор қуаныш сыйлап, оны жаңа шығармалар жазуға мін­деттейтіндері айтпаса да түсінікті. Әрине театр кез келген авторға мұндай құрмет көр­се­те бермейді. Ерекше талантты ғана құ­ша­ғын жая қарсы алады.

 

Драматург.
Режиссер. Театр

Бұл үшеуінің бірлігін Мәскеу көркем театры­ның шығар­ма­шы­­лық атмосфера­сынан айқын көруге болады. Ол кезде театр дра­ма­тургті іздейді екен. Із­де­генде жеке режиссер не актер боп емес, бү­­тін­дей театр боп кездесуге барады екен!

Денсаулығына байланысты, Чехов­­тың өз сөзімен айтқанда, «Ял­та­да қама­лып жатқан» оған 1901 жылдың көк­те­мінде Көр­кем театр (МХТ) қонаққа келеді. Әрине сонау Мәскеуден неше түрлі жол азабын көріп Қы­­рым­ға келген соң театр Ялта кө­р­ер­мен­деріне екі-үш спектакль көр­сет­уі тиіс еді. Олар солай етті де. Бірақ бұл жолғы әңгіме – Қырым жұртшылығының аң­сап күткен театрын қандай қо­ше­метпен қарсы алып, қалай қи­мас­тықпен қоштасқаны туралы емес, олардың екі ұлы жазу­шы­мен қалай кездесіп, қалай сырласқандарында. Сол екеудің бірі – Чехов, екіншісі Горький еді.

Атақты театрдың «гастроль» дегенді сыл­тау етіп Қырым тү­бе­гіне көтеріле көш­іп келуінің ар жағында ешкімге жар­ия ғып айт­паған жасырын сыр жат­қан бола­тын. Ол – осыдан төрт-бес ай бұрын МХТ сахнасында «Ива­нов» пьеса­сының сәтсіз қойы­лымынан соң қат­ты сын есітіп, сол кездегі «дуалы ауыз» боп сана­латын театр сыншысы Петр Кичеевтің мейлінше дөрекі түрде: «Чехов ешқашан ақын бола алмайды, өйткені ол – дәрі­гер» деген пікірін өрше­ле­не дәлелдеп шығуға тырысса, екін­ші бір әйгілі сыншы Флеров-Ва­сил­ьев шығарманы аяусыз сынға алған еді. Артынша автор­ды жұбатқан боп: «Соған қара­мастан автордың нағыз талант иесі екенін мойындауымыз керек» деп жуып-шайғанына қара­мастан Чехов әйелі Ольга Книп­перді Мәскеуде қалдырып, ұн­жырғасы түсіп, мейлінше пес­симистік уайым құшағында жан адамға айтпастан өзінің «қапа­сына» санаторийге емделу үшін аяқ астынан аттанып кетіп еді.

Ялтаға жеткенше, Ялтадағы «қапа­сы­на» кеп жайғасқанда да Чехов еңсесін басқан ауыр ойдың құр­сауынан құтыла алмады. «Проза азап болса, пьеса деген тозақ екен ғой. Жақын досым деп жүрген актер Ленский «Сенің қол­ыңнан пьеса жазу келмейді, проза­дан не жаманшылық көр­дің? Барлық абырой-ата­ғың­ды әң­гі­ме­лерің көтермеп пе еді, оны мансұқ етіп, драмаға неге ұр­­ланып бара бересің? – де­ген сөзін іштей қайталай берді. – «Медицина – менің заңды әйе­лім, ал әдебиет – көңіл­де­сім» деп едің бір кезде, көңіл­де­сің әде­биет емес, көңілдесің – драматургия! Ол – асқақ та тәкаппар жанр. Ол сен сияқты пәкене бойлы, ауру­­шаң адамды мен­сін­бейді. Таста ол көңілдесіңді» деген ау­­ыр сөздерді неге айтты? Ол шын айтып отыр ма, әлде... қыз­ға­­ныш па? Бірақ ол неге қыз­ға­на­­ды? Мен жазушы, ол актер. Екеуі­міз­дің өрісіміз екі бөлек қой. Әлде, озған адамды көре алмайтын баршамызға тән қасиет пе? Менің пьес­аларым шынымен түкке алғысыз ба? Залдағы жұрт спектакль біте салып киім іл­гіш­ке асығатындай тартымсыз ба? «Все пьесы хороши, кроме скучных!» Мұны кім айтып еді? Ә-ә, француз сын­шы­лары­ның сөзі екен ғой. Ал менің пьесаларым соншалықты қызықсыз ба еді? Мүмкін емес! Мүмкін емес! Оның бәрін мен қаныммен, жаным­мен, жүрегіммен жаздым ғой. Оның бәрінің бекер болуы мүмкін емес!»

Осындай ой азабымен жүр­генде кешкілік кенет есік қа­ғыл­ды. Ойда жоқта үйге Немирович-Данченко кіріп келді...

Театрдың Ялтаға көтеріле көш­­іп келуі­­нің басты себебі – мұ­ң­­­­­­ай­ып кеткен сезімтал Чехов­тың көңілін сұрап, ру­хын кө­те­ріп, оны жаңа пьеса жазуға қанат­тан­­ды­ру болатын.

Көп ұзамай А.П.Чехов жаңа пьеса жа­­зу­ға кіріседі. Ол пьес­а­ның аты – «Шие­­лі бақ». Әлем­­дік клас­­­сиканың қатар­ы­­нан орын ал­ған драма!

Осы сапар барысында театр­дың көр­кем­­дік жетекшісі Неми­рович-Данчен­ко мы­надай бір күл­­кі­лі жайтты еске алады.

Сол заманда П.Гольцев деген жаттанды сөздің шебері, өзін жан-жақты білім­ді­мін деп сан­ай­­тын либерал журналистің аты дүрілдеп тұрған екен. Ол сөй­­леген кезде оның не туралы айта­­тыны, сөзін немен бітіретіні алдын ала белгілі бол­са да, либерал бикештер мен либерал мыр­­за­­­лар­ға ұнайтын. Ол айтқан жасан­­ды да жат­танды сөздің әр­бір қайыр­ма­сы­на түгел­дей бас шұл­ғып, ол сөзінің соңы­на жуан нүкте қойған кезде – олар бұрын-соң­ды естімеген жаңа сөз тың­да­­ғандай дуылдап қол соғатын. Мән-мағы­насыз сұлу сөзді жаны жек көретін Чехов ол сөйлеп біт­кен­де ауыр азаптан құтыл­ған­дай терең бір күрсінетін.

«Мәскеуде Антон Павлович ек­еу­міз бір шаруамен жеңіл про­лет­каға отырып келе жатқан бо­ла­тынбыз, − деп еске алады Неми­рович-Данченко. – Бір кезде қар­сы ал­дымыз­дан трамвай шыға келді де, ат айдаушы тез бұрып үлгіре алмай, біз трамвай­мен бетпе-бет соғысып, аударылып түстік. Айғай, шу, ыңырсу, қор­қын­ышты үрей. Абырой бол­ғанда орны­мыздан аман-сау тұрдық. «Міне, өмір деген қалай? Қазір барсың, қазір жоқ­сың! Өліп те кетуіміз мүмкін еді-ау», дедім мен.

– Өлімді қойшы, сәті түссе өле сала­сың ғой, − деді Чехов үсті-басын қа­ғып жатып. – Оның ең жа­маны – мола­мыз­дың басында Гольцевтің сұңқылдап сөй­­лей­­тіні ғой!» Чехов юморсыз өмір сүре ал­­май­тын еді. Л.Тол­стой­дың құлаш-құлаш романдары бірі­нен соң бірі шы­­ғып жатқанда О.Книп­пер­дің: «Көрдің бе? Толстой құлаш-құлаш роман­­­дар жазып жатыр. Сен бол­саң екі-үш беттік әңгімемен шек­те­ліп келе­сің деген сөзіне Чехов ызалы түрде күлім­сіреп: «Тол­стой – үлкен ит. Ал мен – кіш­кен­тай қанденмін. Үлкен ит үріп жатқанда кішкентай иттер үндемей тұр­уы керек пе?» деген екен. Тіпті ол шетелге емделуге аттанып бара жатып «Жол болсын?» деп сұраған кейбір таныс­та­рына: «Қайда болушы еді, өлімге», деп жымиып жауап беріпті. Расында да, ол сол сапар­­дан қайтпады. Дәрігерлердің айту­­ынша, ол өлер алдында: «Мен енді кислород жұтпай-ақ қоя­йын. Көп­тен бері шампан іш­пеп едім, шам­пан беріңдерші» деп шампаннан бір ұрттапты да, о дүниеге жүр­іп кетіпті.

«Шиелі бақтың» премьерасынан соң бес айдан кейін мен Чеховпен әңгі­ме­лесіп отырғанда, оның барлық пьес­а­ла­ры­ның сюжетін ойша сараптай келіп, мы­надай қорытындыға келдім: «Бұл талант­қа бұрын-соңды ешкімнің ойына кел­меген, тіпті автордың да ойына келме­ген мүлде жаңа режиссерлік ын­та мен жаңаша әдіс, жаңаша көзқарас керек. «Шағалада» Треплев: «Жаңа форма, мүлде жаңа форма керек, егер ол болмаса, еш­теңенің де қажеті жоқ» деп бекер айтқан жоқ қой». − Бұл – Немировичтің Чехов драматургиясы жайлы жаңа көз­қа­расы.

Станиславский мен Неми­ро­вич-Дан­чен­­ко сияқты ұлы ­режис­­­­серлері бар театрда Чехов сияқты ұлы драматургтің пайда бол­­мауы мүмкін емес еді.

Чехов драматургиясының поэ­ти­ка­сын, оның мінез жасау­да­ғы ішкі бұлқы­ныс­тары мен астар­лы философиясын тап басып тани білген В.И.Немирович-Дан­­ченко, әуелгі кезде Чехов дра­ма­тур­гия­сына сенімсіздікпен қара­­ған К.Станис­ла­в­­­скийдің пі­­кі­рін өзгертіп, өздері «Славян баз­­а­рында» бір тәулік бойы ұз­ақ сөй­­лесуден кейін, әрең деген­де көп­теген кедер­гілерді жеңе отырып жаңа ашылған көр­кем театр­­ға Чехов пьесалары ауа­дай қажет екенін, уақыт өте келе бұл театр реформатор-дра­ма­ту­рг Чехов театры боп қа­лып­­та­са­тынын біл­гір­лік­пен дә­лел­­деп шыға білді. Бұған дейін «Шиповник» (1881), «Новое дело», «Цена жизни» деген пьесалар жазып, соңғы шығармасы үшін Грибоедов сыйлығының лау­реаты атанған Немировичтің үзіл­ді-кесілді пікірімен санас­пау­­ға Станиславскийдің амалы қал­мап еді.

Осыдан соң МХТ Чеховтың өз үйіне, өз театрына айналды.

Чехов пьесалары әлемдік сах­наға дәл осы театрдан жол тарт­ты. Чехов пен Немирович-Дан­чен­коның, Мәскеудің көркемдік-театрының драматург пен дра­ма­тур­гияға деген көрегендік пози­циясы барлық режиссерлер мен театрларға үлгі болса керек.

Мұның бәрі орыс театрындағы біз қызыға қарайтын жағдай. Ал қазақ театрында осындай үр­діс бар ма? Театр мен дра­ма­тург­тердің байланысы қандай дең­гей­де?

Біз бұл жөнінде «Қаз­ақ театр­­­лар­ын­­дағы дра­матург пен режис­сер­дің бір­лестігі» деген бөлімде ай­тып өтеміз.

А.П.Чеховтың өлімі жайлы да әртүрлі пікір бар. Оның өмірі мен шы­ғар­ма­шы­лығын зерт­теушілердің көпшілігі жазу­шы өкпе ауруының салдарынан қай­тыс болды деген пікірде. Өйткені ол өмірінің соңғы кезеңінде Қы­рым­да, дәлірек айтқанда, Ялта қаласындағы санаторийде көкірек ауруынан емделіп жүрді. Бірақ ол қайтыс болғанда оның өлімінің себебін дәрігерлер жүрек талмасынан деп қорытынды жасай­ды. Антон Павлович өлер ал­дын­­да қасында тұрған әйелі О.Книп­пер­ге: «Мен өліп бара жатыр­мын» деп соңғы сөзін айтыпты. Бір таңғаларлығы – Чехов бұл сөзін таза неміс тілінде айтады. Бүгінгі зерттеушілер мен ға­лым­дар оның өл­ім­інің себебін анық­таудан гөрі, «ұлы жазушы не­лік­тен ақтық сөзін неміс тілінде айтты екен» деп бас қатыруда.

Меніңше, оған бас қатырудың еш­­қан­дай да қажеті жоқ, өйткені Чехов Гер­мания­да, Боденвайлер қаласының емха­на­сында емделіп жатқан. Ол қасында неміс дәрігері тұрған соң, соңғы сөзін неміс тілінде айтуы әбден мүмкін ғой.

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы