– Вячеслав өзіңізді толығырақ таныстырып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз?
– Аты-жөнім: Вячеслав Чернев. Жасым жиырма үште. Бүгінде Варшава университеті, шығыстану факультетінің докторантымын. Ал туған жерім туралы айтар болсам, Ресейдің Орынбор қаласында туып-өстім.
Мен отбасымдағы перзенттердің ішінде үлкенімін. Менен кейін қарындасым және інім бар. Отбасымның мүшелері Орынбор қаласында тұрады.
– Сіз игерген немесе оқып үйрену үстіндегі тілдердің жалпы саны оннан асып жығылады екен? Жалпы, шет тілін меңгеруге деген мұндай ынтызарлық, әуестік қайдан келді? Тегіңізде өзге ұлттардың қаны бар ма?
– Осы мағыналас сауалдарды көп естимін. Тегіме келер болсам, әкем де, анам да ресми түрде «орыс» деп жазылған болса да менің шежіремде тек орыстар емес, өзге халықтардың да қаны бар. Мысалы, бойымда анам жағынан коми халқының қаны бар екендігін білемін. Ал әкемнің анасы Подляшье (Польша) жеріндегі белорустар сияқты сөйлейтін. Сондықтан менің бойымда белорустың да, поляктың да қаны болуы мүмкін.
Менің шет тілдеріне әуестігім мектеп қабырғасынан, яғни Орынбордан басталды. Алғашқыда алтыншы, жетінші және сегізінші сыныптарда шет тілі ретінде ағылшын мен неміс тілдерін оқып үйрендім. Сосын өзге мектепке ауысып, ағылшын мен француз тілдеріне ден қойдым. Он бірінші сыныпта оқып жүргенде француз тілінен олимпиадаға қатысып, жүлделі орын алуыма бірнеше балл жетпей қалғаны бар.
Түркі тілдеріне келер болсам, бұл тілдермен жақын танысуым алтыншы сыныптан басталды. Математикадан сабақ беретін мұғалімім татар ұлтынан еді. Тілге деген қызығушылығымды аңғарған ұстазым маған татарша-орысша сөздік берген болатын. Сол кезде әлгі кісіден аз да болса татар тілін меңгердім. Ал башқұрт тілін өз бетімше үйреніп алдым. Уақыт өте башқұрт уикипедиясына жаза бастадым. Қазіргі уақытта башқұрт уикипедиясында әкімгермін.
Менің башқұрт тілін меңгеруіме Уфада оқуым өз ықпалын тигізді. Алғашқы екі жыл мен Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің шетел филологиясы факультетінде (ағылшын және француз тілдері) білім алып, соңынан Уфадағы М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің башқұрт филологиясы факультетіне ауыстым. Онда мені бірден төртінші курсқа қабылдады. Осылайша университет қабырғасында башқұрт тілінде де білім алдым.
Білім алу барысында көптеген тілдерді, оның ішінде башқұрт тілін үйренушілердің аз болу себептерінің бірі тілді оқытудың оңтайлы еместігіне көз жеткіздім. Сондықтан студент кезімде башқұрт тілін үйренушілерге арнап өзімнің оқыту әдістемемді жасап шықтым.
– Вячеслав, сіз башқұрт тілін өз әдістемеңіз негізінде оқытқан екенсіз. Тіпті сіздің сабақтарыңыз қоғам тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, Башқұртстанның «БСТ» телеарнасынан бірнеше маусым бойы көрсетілген де екен. Сол туралы айта отырсаңыз?
– Иә. Ол бір қызықты жоба болатын. Телеарнада «Мен башқұрт тілін үйренемін» атты бағдарламаның жүргізушісі болдым. Бағдарламаға башқұрт тілін білуге ниетті өзге ұлттың өкілдері де қатысты. Осылайша мен тілді оқыту бойынша өз әдістемемді жетілдіре түсумен қатар, телевизия саласынан да үлкен тәжірибе жинақтадым. Аталған бағдарлама көрермен тарапынан да өзінің жоғары бағасын алды.
– Енді біздің оқырманымызды сөзсіз қызықтыратын сауалымызға көшсек. Қазақ тілін үйренуді қашан бастадыңыз? Және қазақ тілін үйренуде туысқан башқұрт тілінің қаншалықты пайдасы тиді?
– Мен қазақ үшін өзіндік орны бар Орынбордың тумасымын ғой. Қазақ тіліне қызығушылық танытуым алдымен осы фактормен байланысты болса керек. Екіншіден, жалпылай алғанда мен үшін башқұрт, татар және қазақ тілдері ешқашан шет тілдері болмаған сыңайлы. Олай дейтінім, бала кезімнен өзім туып-өскен қалада осы тілдердегі сөздерді сирек болса да естіп жүретінмін. Сондықтан қазақ тілін жасымнан естіп өстім деп айта аламын. Мен үшін Ислам діні де ешқашан жат болған жоқ.
Бірақ қазақ грамматикасын өмірі қолыма ұстаған адам емеспін. Мен уикипедиядан қазақша мәтіндерді көп оқимын. Түрлі роликтермен және деректі фильмдермен танысамын. Осылайша өз қазақшамды қалыптастырдым.
Ресейдегі студент шағымнан және осында да қазақ достарым аз емес. Олармен ұдайы әңгімелесіп, өз қазақшамды жетілдіре, байыта түсу мен үшін әдетке айналған.
Ал қазақ тілін үйренуде, тек тілді ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениетін тануда маған башқұрт тілінің үлкен көмегі тиді. Оның себебін, башқұрт тілінің мәдениеті мен ділінің қазаққа жақындығымен түсіндірер едім.
– Демек, қазақ тілін Қазақстаннан шалғайда жүріп-ақ, ешбір оқу құралдарынсыз, арнайы курсқа қатыспай-ақ үйрендіңіз бе?
– Иә солай. Меніңше кез келген тілді игеруде ең бастысы ықылас пен қызығушылық болса болғаны. Қалғаны уақыттың ісі.
– Вячеслав, осы күнге дейін Қазақстанда болдыңыз ба?
– Иә, былтыр, алғаш рет А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының шақыруымен Алматыда өткен конференцияға қатыстым.
– Қазақстаннан алған әсеріңіз қандай? Әдетте сіздің қазақша еркін сөйлеуіңіз өзгелерге қалай әсер етеді?
– Қазақстаннан алған әсерім керемет. Маған сіздердің Президенттеріңіздің: «Әрбір қазақ өзара қазақша сөйлесуі тиіс» деген сөзі ұнайды. Қазақстанда болғанымда қазақтардың патриоттық сезімдері жоғары екендігін аңғардым. Өздерінің салт-дәстүрін сақтауға да мән береді екен. Меніңше, ол – маңызды ұстаным. Жалпы, өзім қай тілде болсын шұбарламай сөйлеуге тырысамын. Осы орайда өз басым жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлейтіндерге таңғаламын.
Ал екінші сауалыңызға келер болсақ, тілді білуіме байланысты қызықты оқиғалар орын алып жатады. Ол менің еуропалық бейнеммен тікелей байланысты болса керек. Әрине қазақтар болса да, өзге түркітілдес ұлт өкілдері болса да мені өздерінің ана тілдерін біледі деп ойламайды.
Жоғарыда айтқанымдай, былтыр Алматы қаласында болдым. Сонда алдымен Алматыдан Астанаға ұшатын болып әуежайға келдім. Құжатымды тексеруші қызметкерге беріп: «Саламатсыздар ма? Қалдарыңыз қалай?» дегенімде олардың қатты таңғалғаны бар.
Өз тілдерінде сөйлегенімде, әрине қазақтар риза болып жатады. Бұған қосарым, менің мұнда орысша сөйлесетін таныстарым жоқ. Өйткені мен әр ұлттың өкілімен өз тілінде, яғни, украиндармен украинша, қазақтармен қазақша, ал татарлармен татар тілінде сөйлесемін.
– Сізге қазақ тілі несімен ұнайды? Қазіргі жазып жатқан докторлық диссертацияңыздың қазақ тілі тақырыбына қатысы бар ма? Ал өзіңіздің келешегіңізді қазақ тілімен, жалпы өзге түркі тілдерімен байланыстырасыз ба?
– Қазақ тілі маған өзінің логикалық құрылымымен, байлығымен ұнайды. Мысалы, башқұрт тілімен салыстырғанда қазақ тіліне парсы тілінің әсері көбірек болғандығы байқалады.
Әрине өзімнің келешек жоспарларымды қазақ тілімен байланыстырамын. Болашақта оқытушылықпен айналысқым келеді. Алла қаласа, алдағы уақытта башқұрт тілімен қатар қазақ тілін де оқыту жоспарымда бар.
Қазіргі жазып жатқан диссертациялық жұмысыма келер болсам, ол қазақ тілімен байланысты емес. Тақырыбым – мәтін синтаксисімен байланысты.
Қазақ тілінен өзге, жалпы, түркология саласына, түркі дүниесіне қызығушылығым мол. Бірнеше жылдан бері танымал түркітанушы ғалымдармен танысып, араласып тұрамын. Бұл орайда әрине қазақ, башқұрт, татар, қырым татарлары және түрік тілдерін білуім үлкен көмегін тигізуде. Болашақта түркология саласына ден қою жоспарымда бар.
– Сіздің ғылыммен жүйелі айналысуыңыз, оған қоса бірнеше шет тілдерінде еркін сөйлеуіңіз сөз жоқ сүйсінетін жетістік. Алайда ғылымнан өзге айналысатын сүйікті істеріңіз бар ма?
– Мен балалық шағымнан жүзумен айналысамын. Оған қоса әлі де математикаға деген қызығушылығым жоғары. Өзіме келер болсам, жиі саяхаттайтын жанмын. Маған Батыс Еуропадағы, атап айтқанда, Даниядағы мүгедек жандарға арналған инфрақұрылым ұнайды. Сондықтан қазіргі уақытта осындай инфрақұрылымды Варшавада дамытуға аз да болса өз үлесімді қосудамын. Келешекте жоғарыдағы жоспарларыма қоса бұл маңызды саланы да ала жүргім келеді. Орайы келсе зағип жандарды қолдау бойынша арнайы гранттармен жұмыс істемек ниетім де бар.
Әңгімелескен Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
ВАРШАВА