Екі жирен
1958 жылдың қысы.
Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қалды да, “Москва– Алматы” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қайтып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ десе де болғандай-тын. Олардың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкілері, әзіл-қалжың, ықылас-пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды.
Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ансамблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағының халық артисі” атағына ие болған қуанышын құттықтап, оның әр әзіліне шектері түйілгенше күліп, тамашалап отырды.
Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде әзіл әндерді еске түсірді. Шәкенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: «Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті. – “Омырауда он түйме” дейтін ән…
1958 жылдың қысы.
Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қалды да, “Москва– Алматы” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қайтып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ десе де болғандай-тын. Олардың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкілері, әзіл-қалжың, ықылас-пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды.
Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ансамблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағының халық артисі” атағына ие болған қуанышын құттықтап, оның әр әзіліне шектері түйілгенше күліп, тамашалап отырды.
Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде әзіл әндерді еске түсірді. Шәкенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: «Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті. – “Омырауда он түйме” дейтін ән…
Мына сөзді естігенде Шәкен сәл-пәл ойланып қалды. Орнынан түрегеп, терезені төмен сырғытып, жайлап ашты да: – «Ептеп желдетіп алайық», – деп, коридорға шығуға ыңғай білдірді. Отырғандар да: «Сол дұрыс болар, Шәкен аға, таза ауа кірсін», – десіп ілесе түрегелді.
Бәрі коридорға шықты. Біреулері өзді-өзі сөйлесіп, енді біреулері тамбурға барып, шылым шекті. Сөйтті де бәрі Шәкеннің қасына қайта жиналды. Кеткісі жоқ. Шәкен қарлы далаға қарап, біраз тұрды. Көзі ойға тұнды.
Сәлден соң Шәкен: «Ішке кірейік», – деді. Сөйтті де: «Мен енді Суат сұраған әнді айтып берейін», – деп төмендегідей әңгіме бастады. Бұл өзі о бастан Ертіс бойындағы елдерде көбірек айтылып, одан Қарқаралыға асып, Жетісуға жетіп, Қаратаудың етегін жағалап кеткен ән. Осы жерлерді аралап жүріп, әннің бала күнімнен білетін сөзі біздің Баянаула төңірегінде ғана қаз-қалпында сақталғанын байқадым. Үлкендердің айтуынша, кезінде мұны Шама, Жарылғапберлі, Берікбол, Бүркітбайдың Мұстафасы секілді әншілер таратқан. Сөзіне мән берсеңдер, біздің көшпелі ел сұлу табиғат төрінде романтикалық ғұмыр кешкен сері көңілді ел екендігіне таң-тамаша боласыңдар. Міне, сол сайран өмірдің шуақты әні… Қазір… қазір…
Шәкен сәл жөткірініп, су ұрттады. Сөйтті де екі иығын қомдай көтеріп:
Жай түскенмен күркіреп, тау құламас,
Мен сендікпін, жетекте, аулыңа қаш.
Мен де өзіңдей біреудің нәуетегі,
Балапандай шайқа да баурыңа бас, – деп лекілдете бастай беріп, қайырмаға үзілдіре ілігіп, мырс етіп, кілт тоқтады. Екі бүйірін басып, шегі қата түйілді. Шәкен жасқа булыққан көзін орамалымен сүртіп: «Мына қыз балалар шыға тұрсын», – деді осы сөзді әрең айтып.
Биші қыздар қымсына күлімсіреп, коридорға бет алды.
Шәкеннің көзінде күлкі нұры кілкілдеп:
Омырауда он түйме қатар-қатар,
Ағытқанша түймеңді таң да атар, паһ! паһ! Қандай сурет, а?! – деп, күректей жалпақ алақанымен екі санын алма-кезек шапақтады да сол шалқыған күйі көзі жайнап:
Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта,
Сүт бетіне кілегей қашан қатар, – деп осы сөздерге елжірей толқып, бар дүниені ұмытқандай шырайы кірді.
– Ауыл… алқақотан отырған боз үйлер. Бәрі алақанның аясында. Селтеңдеп жүрген біреу көзге бірден шалынады. Қызды ауыл, қымызды ауыл. Жігіттің қызбен тілдесуі қиямет. Оған бар көз қадалады. Түннің бір уағына дейін кемпір-шал ұйықтамайды. Иттердің де үні өшпейді. Қызға “келем” деген сөзі бар. Арада жеңгесі жүр сыпылдап. Асық көңілді ынтызар жігіт құмарлық оты күйдіріп, түннің бір уағында жетеді-ау, ақыры. Қыз да өліп-өшіп, күтіп отыр. Аһ ұра ұмтылған жігіттің құшағына кіреді де кетеді. Сол сәтте жігіттің есі шығып, тағаттан айырылуы… қыз түймесі ағытылып біткенше дігірлеп, үзіліп кете жаздауы… о, оны тек елестетіп көр. Осы сурет “Шәпибаяу” әнінде де бар ғой. Қыз көркіне таңғалған жігіт:
Ахау, қайран жар-ай,
Қайран жар-ай!
Бөде үй, бөде үй арман-ай! – демей ме? “Бөде” деген сөз – бөлек, оңаша, оқшау, жеке, дара деген ұғым. Осыны білмейтін біздің белгілі әншілеріміз “бәдави”, “бәдәуи” деп соға береді. Осыған Жүсекең мен Бекен Жылысбаев, біздің Кәукен жыны келіп, күйіп-піседі. Жә, бұл өзі бөлек әңгіме. Әлгі он түймесін ағытып болмаған қызды айтсайшы, паһ! паһ!
Суат та күлім қағып: «Қайырманы айтыңыз, Шәкен аға», – деп болар емес.
Жігіттер желпініп, дуылдаса бастады. Желігіп алған Суат: «Сіз айтпасаңыз, қайырманы өзім айтам!» – деді.
Шәкен күлкіден қызарған көзін саусағының ұшымен басып: «Сол қайырманы өзің айтшы, Суатжан», деп өз сөзін өзі қоштап, бас изеді.
Суат бәріне көз қыдырта бір қарап өтті де, жарты дауыспен әннің әлгі шумағынан бастап, қайырмаға келген тұста екі беті жыбырлап, кілт үзді. Жігіттердің бірі бүйірінен түртіп: «Айт!» –деді.
Суат күлкі қысқан күйі Шәкенге жасқана қарап, басын шайқады. Шәкен көзі шатынап, жұдырығын түйіп: «Бол, тез!» – деді күлкісін зорға тежеп.
Суат алақанымен екі көзін көлегейлеп:
Ахау, сары қыз,
Піскен дарбыз,
Дарбызыңның қызылын,
Маған жарғыз-ай! – деп, селкілдеді.
Жігіттердің екі езуі екі құлағында…
Шәкен әлденені еске алған жанша өз-өзінен мөлдіреп, терезеден аппақ далаға кірпік қақпай қадалды. Қабағының астына мұң көлеңкесі түсті. Сол ойлы күйі: «Араларыңда нота жазатын музыканттарың бар ма?» деді.
– Міне, аға, мына жігіт баянист, – деді Суат бағаналы бері сыпайы ғана үндемей отырған қызылшырайлы жігітке бұрылып.
Шәкен: «Жақсы», деді жай ғана.
Түк… түк…. түк… Поезд торғын желек жамылған қара орманға жанаса бере саябырлай ілбіп, жайлап кеп тоқтады. Орман іші жыпырлаған қараторғай. Шықылықтап үн салады. Шәкен олардан көз айырмай, реңі суына беріп, сабындай бұзылды. Жүрегі ұйып:
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айрылдым қапияда сенен не ғып? – деген жолдарды күрсіне қайталады. Көз алдында беталды құла түзге сарыла қараған Ақан сері…
Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың,
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым, – дейтін Ақан сері түнек түндей түнеріп тұр. Шәкен де сынып барады. Төңірегі құлазып, жайнаған дүниені көріп отыр, көрмей отыр.
Жігіттер “кетейік” дегендей бір-біріне ым қақты. Жайлап орындарынан тұрып: «Аға дем алсын», – десті де купеден шыға берді.
Шәкен: «Жақсы. Суат, мына баянист інім екеуің бөгеле тұрыңдар», – деді.
Жігіттер жөн-жөніне кетті. Шәкеннің қасында Суат Әбусейітов пен баянист жігіт қана қалды.
Бір кезде әлі де іштей қобалжулы Шәкен: «Алматыны қай толқыннан табуға болады, а?» – деп стол үстінде тұрған спидоланы бұрап көрді.
Қысқа толқынға түсіп еді, Қазақ радиосының бірінші программасы екен. Концерт беріліп жатыр. Диктор “Енді сіздер, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында “Екі жирен” әнін тыңдаңыздар” – деді.
Іле “Екі жирен” кербез керіліп, созалаңдай көтерілді.
Шәкен Суатқа жалт қарады. Суат та оған үнсіз қадалды.
– Бұл не, Суат, а? Биоток? Мен дәл осы сәтте “Екі жирен” әнін ойлап отырдым. О, құдая тоба, осындай да сәйкестік болады екен! Ғарекемді қара… Ғарекем, қай вагонда еді, Суат?
– Сегізінші вагонда.
– Өзі тыңдап отыр ма екен, а? Қане, жігіттер осы әнге зейін салайықшы, – деді, Шәкен спидоланың үнін көтеріңкіреп, – Жүсекеңнен үйренген “Екі жирен”… жалғыз осы ән бе, тегі – “Қарғаш”, “Қанапияның әні”, “Баянауыл”, “Сырымбет”, тағы бір әндер бар. Жүсекең қазымыр ғой. Ғарекеңе: «Арқаның әнін айтсаң, жөндеп айт!” дей беріпті. Сонда ол кісі де шыдай алмай: “Басқасын қозғамай-ақ қояйын, оу, Жүсеке, өзің мен айтып жүрген “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Паң көйлек” әндерін айтып көрдің бе, тегі, а?” депті. Жүсекең сөзден тосылып, ләм-мим демепті. Оның есесіне Жүсекеңнің: “Арқаның әнінде мына Құрманғалиевтің не шаруасы бар?” деп бүлінетін Манарбек Ержановқа: “Үні биік. Арқа әндері кеңдікті, асқақтықты қалайды. Осылайша шырқай берсін!” деп Ғарекеңді ардақтап, қорғаштаған сөзін естідім де. Міне, сол Ғарекең “Екі жиренді” асық көңілдің құмарлығы етіп, қалай-қалай паһ дегізеді, а!
“Екі жирен” бітті. Концерт те тамам болды. Шәкен жеңіл күрсінді. Купе іші тым-тырыс. Әркім өз ойымен әлек. Көздерінің астымен Шәкенге ұрлана қарап қояды. Шәкен санамен сарғайды.
– Шіркін өмір…
Шәкен терезеден көз алмай, осылай деді.
Поезд орнынан қозғалды.
Шәкен: Суат, сен осы “Екі жиренді” білесің, – деді сабырлы үнмен.
– Білем.
– Әрине, “Екі жиренді” білесің, Суат.
Шәкен өз ойымен өзі боп, тағы да терезеден қар жамылған далаға көз салды. Ыңылдады. “Екі жиренді” бір түрлі бұзып айтып отырғандай сезілді.
– “Екі жиреннің” екінші түрі де бар.
– Солай ма?…
– Иә.
Шәкен күйбеңдеп, столдың астындағы сөмкесінен бүйірі шығыңқы, алтын жалатқан аққұманды алды.
– Қазір шай ішеміз. Мейізбен. Мен сендерге “Екі жиреннің” екінші түрін айтып берем. Ендігі бір сәтте бұлар иісі көкірек жарған ақбұйра шайды ішіп, жүздері нұрланып, жайбарақат отырды.
Шәкен қозғалақтап:
– Әуелі “Екі жиреннің” бірінші түрінің сөзін еске салайын, – деді де қоңырлатып әндете берді:
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Ауылыңа барушы едім, даламенен.Түскенде сен есіме, беу, қарағым,
Сағынып сарғаямын санаменен.
Ахау, екі жирен, жалын түйген,
Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.
Бұл – ләззаты мол сағыныш… Енді екінші шумағы:
Ей, құрбым, сөз сөйлейін,
көрген жайдан,
Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан, – деп үмітке толы күдіксіз көңілдің риясыз сырын қозғап кеп:
Көңілімде еш дауалық болмаған соң,
Бойымда толып жатыр арыз, арман, – дейді.
Бұл – тыпыршып, тағатсыз соққан албырт жүректің ерке назы. Үздіге ұмсынған көңілдің тәтті аңсауы ғана. Боркемік сезімнен ада. Ләззатты сырмен аялап, жан тебірентеді.
Ал, екінші түріне келейін:
Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған,
Самарқау осы күні көңіл шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау, заман!.. Мұң… Ауыр мұң! Ән емес, романс көтеретін жүк. Сүйіктісі көзіне көрінеді, көрінбейді. Болжаусыз күндер өтіп жатады. Мысын құртқан шарасыздық!
“Ғизатлу”… осы сөздің қайдан шығып жатқанын айтайын: Ғабит Мүсіреповтың “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасында Ақан серінің рөлін ойнай бастағанда композитордың өлеңдеріне көп үңілдім. Ақындығы терең. Тұңғиық ойлары шымырлап, тым алыстан…, алыстан қайырылады. Махаббат ләззатын Ақан серідей жырлаған композитор кем де кем шығар. Шерлі жүрегінен сырлы сезім кәусары ағылады. Махаббаттан опа таппаған Бетховеннің баянсыз арманының жыры болған “Айлы сонатасын” тыңдағандай хал кешем. Бетховен өз шәкірті Джульетта Гвиччардидің түлкі бұлаңға салған алдамшы қылығына жыны келіп жүрсе де, оның сол құбылмалы жүзін құдайдың құтты күні “көрсем екен” деп, жүрегінің лүпілін “Айлы сонатасына” мөлдіретіп түсірді ғой. Ақан сері де қолы жетпеген сүйіктісін шуақты лиризммен әлпештейді. Оған кінәрат жұқтырмайды. Не деген бекзат қасиет, бұл!
Ғизатлу, жаздым сәлем, перизатқа,
Қимаймын, сені, қалқам, басқа жатқа,
Аршын төс, алма мойын, ей, перизат,
Оқыңыз зейін салып, осы хатқа, – десе, тағы бір дел-сал күйде жүрген сәтінде:
Құрметті, сөз жазамын, раушаныңа,
Кез болдың бір талапкер дер шағыма..
Тимеген жүген, құрық асау керім,
Жүрмісің, Иран бағы шарбағында, – деп сырттай үздігіп, таң-тамаша болады. Асығы түгел, бір пешенелі жан.
Көрдіңдер ме, Ақан сері “ғизатлуды” “құрметті” деп те алған. Е, “Бибіғайшаға” деген өлеңі де есімде:
Құрметлу, хат жазамын, асыл затқа,
Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа.
Жарқыным, тәккаппарлық жасамаңыз,
Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа… Ақан сері “құрметтіні” бұл жерде “құрметлу” деп отыр. Түптеп келгенде – ғизатлу, құрметті, құрметлу – бәрі бір сөз. “Екі жиреннің” екінші түрінде Ақан серінің осы үлгісі бар.
– Ал: “Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,” дегені не, аға? – деді, мына сөзге қызыға ден қойған Суат.
– Мұғаллақ – “дел-сал” деген сөз. Араб сөзі. Мекке, Медине жағында тәңірдің көктен түсірген бір қара тасы бар білем. Ол жер мен көктің арасында тұратын көрінеді. Сол тасты “мұғаллақ” дейді екен. Өзім, әрине, көргем жоқ. Алланың әміріне қалай шүбә келтіресің. “Мұғаллақ” сөзі діни қиссалар шығаратын терең білімді ақындарымыздан тарапты. Осы сөзді Көкшетау мешітінің имамы Науан хазірет көп айтқан деседі. “Екі жирен” әніндегі “мұғаллақ” сөзі келетін жолды: “Дел-сал” боп, екі дүние бірінде жоқ, дариға-ай, осыменен өтті-ау заман”, деп айтса да болады.
Жігіттер бір ғұлама қариядан сыр тыңдап отырғандай өзге дүниенің бәрін ұмытты. Құмарлық, іңкәрлік, пәк сезім әлдиледі оларды.
Поезд Қазақстанның ормансыз шаңқиған ашық даласында тоқтаусыз заулап келеді.
Шәкен тағы да шай алдырып, оны тағы да өзі демдеді. Бәрі ұйып отырып шай ішті. Бұларды ешкім мазаламады.
Поезд бірте-бірте баяулап кеп, бір шағын станцияға жақындай бергенде: «Суат, сен осы әнге мықтап зейін сал. Үйретейін саған», – деп Шәкен әнді қоңыр үнімен жайлап қана бастады. Суат оған іштей қосылды.
Суат қасындағы баянист жігітке ым қақты. Ол оны, түсінді де: – «Шәкен аға, мен қазір… ғафу етіңіз», – деп купеден ақырын шыға берді.
Ол өз купесіне барып, баянын әкелді. Ілкімді жігіт екен, ән тактысына бірден берілді. Баянның сырлы үнінде “Екі жиреннің” жүрек сыздатқан екінші түрі…
Поезд үстінде ән алғаш рет нотаға түсті. Шәкен қасын қияқтай керіп, жүзінен нұры төгіліп:
– Апырай, оқыған балаларға дауа жоқ екен-ау, ә? Сүйкей салып еді, “Екі жирен” шыға келді. Паһ! Паһ! Лүпілдеген жүрегіңнен, лыпылдаған саусағыңнан айналайын! – деп жер-көкке симай масаттанды.
– Айналайын, есімің кім?
Баянист сыпайы ғана езу тартып: «Ораз», – деді.
Суат қоңыр көзіне шуақты күлкі үйіріліп: «Аға, әнді үйренген мен… Сонда мен қайда қалдым? – деді өкпелеген баладай бұртиып.
Шәкен де Суатқа қуақылана сүзіліп: «Сен мына құмырсқадай шұбырған ирек-ирек нотаға жан бітір. Тірілт! Тұнып тұрған мұңды әуез. Мұның тұңғиық сырына ену оңай емес. Қиямет іс! Оның ендігі бағы – сенің қолыңда. Бар үміт өзіңде:» – деп қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата күлді.
Алматыға жеткенше Шәкеннің купесінде “Екі жиреннің” толғаулы сазы толастаған жоқ. Поезд екінші Алматы вокзалына тоқтап, жұрт бір-бірімен дуылдаса қоштасып, жөн-жөніне кетіп жатқанда Шәкен:
– Суатжан, “Екі жиренді” үйрендің, бірақ, әлі де түзететін жері бар. Уақыт тауып, келіп жүр, маған. Ұмытпа осыны! – деді маңдайынан иіскеп.
* * *
Арада күндер өтіп жатты.
Шәкен Суатты күтпеген жерде талай рет кездестірді. Көбіне киностудияда. Қат-қабат тірлік арасында Суатты тыңдап та жүрді. Тыңдаған сайын: “Кел… тағы да кел,” – дей берді. Суат та еркінсіп: “Гонорарым, аға…” дейді күмілжи еркелеп. Шәкен қолына қандай ақша түссе де ойланбастан ұстата салады. Суат осыған дәндеп алды.
Бірде түс мезгілі… қасында сейіл құрып, жүрген жолдастары бар, Суат киностудияға келді.
Ол кіргенде Шәкен кабинетінде бір орыс жігітімен шахмат ойнап отыр екен. Басын көтермеген күйі:
– Ә, Суат. Шұбат… Түйенің қымызы, айта бер, шаруаңды? – деп мырс етті.
Әнші не дерін білмей, қипақтап біраз тұрды.
– Сенің неге келгеніңді білемін, Суат. Шұбат… – деп тағы күлді Шәкен.
Сөйтті де қалтасына қолын салып, шахмат тақтасынан көз айырмай: «Он сом жете ме? Мә», – деді.
Жымың ете түскен Суат: «Аға, мұныңыз…» – деп азырқанды.
Шәкен Суатқа жалт қарап: «Е, сіз бүгінде еңбек сіңірген артист екенсіз ғой. Категорияңыз көтерілген. Дұрыс… дұрыс… ставкаңыз жоғары. Мә, жиырма бес!» – деп тағы бір он бес сом ақшаны ұсына бергенде: «Жо-жоқ! Тұра тұр, мен саған алдыңғы күні телефон соғып “Екі жиреннің” қайырмасына көп шүйілдім. Бар ауырлық осы қайырмада екенін айттым. Ең соңғы нотасын тұңғиыққа батыра бер, деп едім. Солай еттің бе? Шыныңды айт!» – деді.
Суат “Ахау” деп басталатын қайырманы дәрменсіз аңсау секілді ыңылдап берді. Шәкен үндемеді. Қолындағы ақшасын беріп жатып: – Осылай… әлі де сыздата бер, – деді.
Шәкеннен аларын алса да, Суат маңдайынан тері бұрқ ете түсіп, киностудиядан ойланып шықты.
Сол түні “Екі жиреннің” қайырмасы Суаттың ұйқысын қашырды. Қыстың ұзақ талмалы түнінде тебірене дөңбекшіп, кірпік ілмеді. Ақыры ол соңғы нотаны жетер жеріне жеткізіп тынғандай сезінді. Ән уһілеп барып бітті. Пианист Кацманның да діттегені осы еді.
Осындай да беймаза түн болады екен…
* * *
Күн шыңылтыр аяз еді. Суат ымырт үйіріле бере Шәкеннің үйіне келді.
Кірген бойда: «Ассалаумағалейкүм, аға», – деді.
– Ә, Суат, кел, – деді Шәкен.
Үй іші қаракөлеңке. Шәкен бөлменің қақ ортасындағы кең креслоға молынан түсіп, екі аяғын созып жіберіп, шалқайыңқырап, домбыра шертіп отыр. Өзінің жаны сүйер “Қосбасары”… Алдында әшекейлі аққұман, қаймақ құйған сырлы тостаған… сырлы кесе… үнді шайының иісі көкірек жарады.
– Жеңгең театрға кетіп, шайды өзім демдеп, шахматтан ауырған басты жазып отырған жай бар. Қане, отыр, – деп үй иесі домбырасын жанына сүйеп қоя салды да, шай құйды.
Шай ішіліп болған соң, Шәкен орнынан тұрып барып, терезе пердесін түсіріп, шамдарды жақты. Ыңылдады. Үні қобалжулы. Іштей дауысын бір қалыпқа келтіре алмай “Екі жиреннің” ырғағын быж-тыж ғып қожыратып жіберді. Сосын сәл аңырған күйі креслоға қайта кеп отырды.
– Қане, Суат, айтып көрші…
Әнші қысылды.
– Домбыраға қосыласың ба?
Суат басын шайқады да әнді жарты дауысымен бастай берді. Домбыра жайына қалды. Шәкен сағатына қарады да отырды. Бір кезде ән де бітті. Әннің соңғы нотасы ентіктіріп тастады. “Үш жарым минут… бір шумағы… ұзақ ән екен-ау”, – деді Шәкен ішінен.
Үй иесі түрегелді. Қабағында кірбің. Терезе алдына барды. Сыртқа қарап біраз тұрды. Үнсіз кеп ыдыс-аяқты жинады. Сосын құдды бір музей аралап жүрген алаңсыз жандай жазу столында жатқан бір кітаптарға үңілді. Этажерка полкасындағы оттықтарын, кездіктерін, қаламсаптарын, тағы бір ұсақ-түйек бірдемелерді ұстап көріп, әлденеге таңдай қағып, осы үйде өзінен басқа тірі пенде жоқтай өзімен-өзі боп кетті. Суатты ұмытты. Әншіде үн жоқ. Шәкен төргі бөлмеге кірді де ұзақ кідірді. Бір мезгілде қолында бір ескілеу пластинка бар, қайта шықты. Оны бұрышта тұрған радиолаға апарып салды. Жүсіпбектің даусы Ақан серінің “Мақпалын” үзілдірді.
Ән біткенде Шәкен бір сәт ойланып қалды да Суаттың жанына кеп, иығына қолын салып: «Сезіммен… Тек қана сезіммен! Онсыз ән түкке тұрмайды…. Өмір де бос дүние. Осы күндері сен “Екі жиренмен” әлексің. Ән ә дегеннен күпті көңілдің сарылтқан сырын сыздықтата шығарады. Мұндағы “ахаудың” өзі бірінші түріндегіден әлдеқайда басыңқы, мұңды. Бірақ, сен оны тым салбыратып, жасытып жібердің. Ақан серінің уыты керек. Қайнап жатқан жігер ол. Соны сездір. Жақсы үйренгенсің. Бірақ, өзіңнен өзің қаусама. Ақан серідей шерменде жүректің дертіне шыдамасақ өмір сүріп, ғашық боп керегі не? Мен әнші емеспін. Мен саған көп нәрсеге ынтық боп, көп нәрседен түңілген жүрегімнің лүпілін ғана жеткізіп тұрмын, – деді.
Шәкен “Екі жиренді” іштей ыңылдап, ойы құлазып, әлдеқайда ұзай берді.
Суат қайтуға ыңғайланып, киіне бастады.
Үй иесі мұндай сәтте жалғыздықты қалайды. Суат соны сезді де үн-түнсіз шығып кетті.
* * *
Алматыға көктем келді. Алатаудың боз мұнарға бөккен етегі құстар үніне тамылжып, жібек самал лыпылдап, хош иіс көкірек жарды. Наурыздың екінші жартысында Шәкен Москваға барып қайтты. Көңілді оралды. Өзі идея беріп, сценарий жаздырып, соны фильм етуді қуаттап, әлекке түсіп жүрген әуресінің бәрі ойдағыдай шешілді. Одақтық кинопрокаттағы мәселелері де сәтті орындалды.
Сондай бір желпіністі күні киностудияда отырып “Екі жиренді” еске алды. Іле Суатқа телефон соқты. Ол пианист Кацманға кеткен екен. Консерваторияның телефонын тауып алды да, Кацманмен қолма-қол сөйлесті.
– О, Шәке, аман…, аман, – деді сасқалақтап, күле сөйлеген Кацман. – Нанайын ба, нанбайын ба, менімен маэстро Айманов сөйлесіп тұр, а? О, ғажап! Тәңір сыйы бұл!
– Рувим Соломонович, жүрек қалай?
– Әзірше соғып тұр.
– О, оған не жетсін! Тоқтатпаңыз, оны! Суат Әбусейітовпен “Екі жирен” әніне кіріскеніңіз жөн болды.
– Өте терең ән. Ән емес-ау, романс!
– Сізден осындай сөзді естісем бе, деп едім, рахмет, Рувим Соломонович!
– Сізге де рахмет, Шәке! “Екі жирен” дайын. Тыңдай алатын уақытыңыз бар ма?
– Қашан?
– Қалауыңыз білсін, Шәке. Суат менің қасымда отыр.
– Онда, бүгін біздің үйде… Келістік пе, Рувим Соломонович! Мен үйге ертерек қайтам. Бүгін шахмат ойнамаймын. Тең келетін жан табылмай тұр, – деп Шәкен қарқылдап күлді.
– Жақсы, Шәке. Жақсы…
– Телефонды Суатқа беріңізші…
– Жақсы.
– Суат. Шұбат! Түйенің қымызы… сәлемет пе?
– Ассалаумағалейкүм, аға!
– Сен былай ет: Рувим Соломоновичті ертіп, кешке қарай біздің үйге кел. Мақұл ма?
– Айтсаңыз болды, аға.
Сол күні бұлар Шәукеннің үйінде бас қосты.
“Екі жиренге” бар өмірін беруге дайын Шәкен әнді тыңдар алдында: “Осылар қалай шығарар екен?” деп қобалжыды. Өзімен-өзі іштей арпалысты. Сол толқу үстінде: «Рувим Соломонович, қазақ сезімге ұстамды жұрт. Қызбалықты керек етпейді бұл ән», – деді.
Бұл мықты ескерту еді. Кацман елпілдеген кішіпейіл жан, балаша қалбақтап, Шәкеннің сөзін бас изеп, құптады. Суат үнсіз.
Шай ішілді.
Тер басқан соң, Шәкен терезені ашып тастады.
Кацман пианиноға отырды.
Шәкен пианиноға сүйеніп тұрды. Кацман клавишке төне түсіп, “Екі жиреннің” алғашқы аккордын мап-майда етіп тере бергенде, Суат кең тыныс алып:
Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған,
Самарқау осы күні көңіл шабан.
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау заман, – деп әр сөзді тұңғиықтан тартып, шымырлата шығарды. Соңғы екі жолда шаршаулы көңілдің дәрменсіз дітін білдіріп, ауыр қайырмаға уһілеп жетті. Кацман әр нотаға езіле шүйілді.
Шәкеннің тұла бойы құсеттеніп тітіркеніп кетті. “Неткен ән, құдай-ау?!” Өткен күндер қызығын еске салып, уһілеткен бір аңсау… сол аңсаудың қуатымен шамырқана әл жиып, қайғы мен қуанышты бірдей көтеретін мойымас жанның жүрек лүпілі. “Екі жирен” Шәкеннің толқыған көңіліне каусар бұлақтай құйылып, оны көгілдір мұнар тұмшалаған таңғажайып ертегі дүниесінің төрінен бір-ақ шығарды. Оның қиялы зымыраған күйі Баянауланы шарлап, Жасыбай көлінің ақ айдынын құшты. Одан өзінің кіндік қаны тамған жері – Айманбұлақ басында қыз-бозбала жиылып, алтыбақан тепкен базарлы шағымен табыстырды. Махаббат пен арманды ол алғаш рет осы жерде сезіп пе еді, тәңір-ау? Лебінен жалын атқан, солқылдаған бозбала… Көрші ауылдардан сауық іздеп келген қыз-жігіттің арасында қос бұрымы жер сызған, аппақ манардай аршынтөс, мөлдіреген бір қаракөз… Оны көрген сәтте өзін-өзі ұмытып, ессіз көңілмен сүюі… Қыздың да кет әрі болмай құлай берілуі… Қалың ши мен қаңқиған тастардың арасына жасырынып, оқшау кетуі… Осының бәрі тәңірге мың мәртебе жалынсаң да қайталанбас романтикалық бір ғажайып ғұмыр екен. Сол сәулесінен қалай ғана көз жазып қалған…Қалай? Әннің:
Қарағым, айналайын , меһірбаным,
Көрмеді еш рахат сенсіз жаным.
Қапыда айырылсам, сәулем, сенен,
Жалғанда екі бірдей болмас мәнім, – дейтін сөзі жүрек қылын діріл қақтырып, ол бейне бір алдында жайнаған шоқты қолымен ұстап алатын алаңсыз, ойсыз сәби секілді мөлдіреді де тұрды. Көзі жасаурады. Әннің соңғы аккорды талмаусырап барып біткенде Шәкеннің күрсінісін Кацман да, Суат та сезді. Үй иесінің көз алды сағымдай бұлдырады. Бір бос дүние… Махаббат пен үміті өбектеген бейкүнә кезі көз талдырып, тым алыста бұлдырайды.
* * *
Осыдан үш жыл бұрын… маужыраған мамырдың алғашқы күндері Шәкен демалысқа шыққан еді. Арқаны…, мамыр қымызын сағынып, Қарағандыға келді. Мұнда дос-жарандары көп. Екі-үш күн сол жайсаңдардың ортасында шашылып-төгіліп сейіл құрды.
Бір күні Шәкен “Шахтатресте” инженер боп істейтін құрдасы Сейітті өзі орналасқан “Қарағанды” қонақ үйіне шақырып алды да: – «Осы жолы Баянаулаға да барсам ба, деген ойым бар еді, сабындай бұзылдым. Қарқаралыны, Шайтанкөлді көргім келеді. Кент тауы да есімді алады. Мұның бәрі көкейімде жүрген болашақ фильм түсірілетін чудо жерлер ғой», – деді.
Сері көңілді жайраңдаған Сейіт Шәкеннің бұл сөзіне елпілдеп: «Мәдидің “Атыңнан айналайын, Қарқаралы”, дейтін керемет жері ғой, ол! – деп желпілдеді. – Машина да дайын. Су жаңа “Газ-69”. Тау-тасқа сал, бәріне жарайды.
Шәкен бұл сөзге көңілі көншіп, желпіне түсті. Бұларға Жомарт деген жолдасы қосылды. Сөйтіп, ертеңінде күн көтеріле бере жолға шықты. Рульде Сейіттің өзі. Жол үстінде әр қилы әңгіменің басы қайырылды. Шәкен ауық-ауық ақырын күбірлеп:
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау заман, – деп ыңылдай берді.
Сергек сезімді Сейіт: – Неткен ауыр ән, – деп басын шайқады. – Айта бермеші, адамды езіп тастайды екен.
– Сөзі де мұңды, – деді Жомарт та.
Шәкен бұл сөздерді естіді, естімеді, сағым ойнаған көк жасыл далаға сарыла, сарғая қарады.
Бұлар Ульяновск селосынан өтіп, Шилі өзенінің жағасына кеп тоқтады. Сейіттің қимылы тез, Жомартқа ым қағып, машинаның ішіндегі қара сөмкені алды да: «Дастарқан жай», – деп желпілдетті.
Шәкен жағасында қоғасы мүлгіген қара суды жағалап, көп жылқы байырқалап жатқан қалың шиге қарады да тұрды. Сәлден соң үшеуі дастарқан басында қазы-қарта жеп, рюмке қағыстырды. Шәкеннің қоңыр көзінен тұнжыраған ой арылмады.
Ендігі бір сәтте бұлар “Карбышев” совхозынан өтіп бара жатты. Сейіт пен Жомарт жаңа әлгінде ғана Қарағандыда жүзі жайраң қаққан Шәкеннің көңілінде ойда жоқта, не болып кеткенін біле алмай іштей аң-таң. Біразға дейін үшеуі де бір мылқау үнсіздіктің құрсауына шырмалды. Шәкенге етене Сейіттің өзі ләм-мим деп жақ ашпады. Бір кезде жолдың оң жағында тұрған бір жас қыз көрінді. Шәкен Сейітке жалт қарап: «Айдалада жалғыз өзі… тоқтат!» – деді, әлі сол дел-сал күйде.
Машина қыздың қасына кеп тоқтады. Қыз селк ете сескеніп, кейін шегінді. Еліктің лағындай мөлдіреп, үлпілдеп тұр. Қап-қара қос бұрымы жер сызған аққұба қыз… Үстінде майда гүлі көз тұндырған ақсары көйлек… Шәкен бірдеме деуге тілі келмей, қызға кірпік қақпай қадалды да қалды. Қыз қымсынып, ақ жүзі алмадай албырады. Сейіт: «Қайда барасың, айналайын», – деді.
– Қарқаралыға, – деп, ұяла тіл қатты.
– Отыра ғой, қалқам, – деді Шәкен.
Қыз машинаға отырды. Жол үстінде Шәкен қилы-қилы ойға шомды. Жүрек түкпірінде: “О, құдая тоба, кімді көрдім?” деген сөз. Көз алдында Айманбұлақ түні… Айдың да толықсып толған шағы. Қыз-жігіт шуылдасып, ақсүйек ойнап жүр. Шәкен “Бері… бері жүр!” деп, Ажар қызды қалың шидің ішіне жетектей қашты…
Таңғажайып бір елес! “О, құдая тоба, мен кімді көріп отырмын? Апыр-ай, ә… Қандай ұқсас!” деп ет-жүрегі езіліп барады. Қыздан ұяң үнмен жөн сұрады: «Атың кім, қалқам?»
– Сұлушаш.
– Студентсің бе?
– Иә. Қарағанды мединститутында бірінші курста оқимын.
– Қазір сабақ кезі емес пе?
– Ертең демалыс. Бір күнге сұранғам. . Үйді сағынып кеттім.
Сөйткенше болған жоқ, қыз: «Аға, мен келдім», – деді.
Шәкен аң-таң күйде: «А?» – деді.
Сейіт: «Қалай… Қарқаралыға әлі оншақты шақырым бар емес пе?» – деп, қызға бұрылды.
Қыз күлімсірей қысылып: «Анау… Оң жақтағы шоқ қарағайдың түбінде біздің үй отыр. Әне… жылқылар жүр», – деді.
Шәкен қыз нұсқаған жаққа қарап: «Үйіңде қымыз бар ма, қалқам?» – деді.
– Бар.
– Сейіт, бұра ғой, машинаны. Қымыз ішейік, – деді Шәкен жайбарақат қана.
Машина даланың шоқырақтаған жолында шаңды бұрқыратып, шоқ қарағайдың шетінде тұрған ақбоз үйдің алдына кеп тоқтай қалды. Бұлар машинадан түсіп жатқанда үйден қос бұрымы көлеңдеген ақ көйлекті әйел шыға бергені сол еді, қызы қарлығаштай қанатын жайып: «Мама» – деп құшақтай алды.
– Балапаным… балапаным!
Шәкен үсті-басын қағынып: «Сәлеметсіз бе?» – деп, әйелге ізетпен бас ие амандасты.
Қасы қияқтай қиылған, ажарлы аққұба әйел Шәкенге ойлана қадалды.
Сейіт пен Жомарт та қалбалақтай амандасты.
– Үйге кіріңіздер…
Бұлар үйге кіріп, төрге шығып, жайғасып отырды. Үйдің жиһазына, кереге, уығы, шаңырағын жүкаяқтың үстіне текшелеп жиған көрпе-жастық шымылдыққа қызығып, таңырқай бас шайқасты. Сейіт: «Хандар түсетін боз үй ғой, құдай-ау!» – деп таңдайын қақты.
Шәкен жүрегі дірілдеп бір түсініксіз күйге түсті. Тағы да іштей: “Құдай-ау, кімге келдім… Кімді көрдім?” – деді осы сөзді зорға айтқандай қиналып.
Толықсыған сұлу әйел қызы екеуі ортаға дөңгелек стол қойып, дастарқан мәзірін жасады. Әйел сондай сабырлы, Шәкен көріп отыр, көрмей отыр, қайыңдай аппақ білегінде қос білезігі сыңғырлап, қоңыр сабадан үлкен шараға иісі бұрқыраған қымыз құйды. Өрнегі әсем имек ожаумен аспандата сапырды. Қонақтар сырлы тостағанда бетінде майы жүзген мамыр қымызын мейірлене сімірді.
Шәкеннің іші алай-түлей…Көзінің астымен әйелге бір, қызға бір қарап қояды. Бұлыңғыр елес…
Сейіт қозғалақтап: «Жеңгей, жалғыз үй отырсыздар ғой», – деді, суыртпақтап сөз бастап.
– Жалғыз емеспіз, бір белдің астында тағы екі-үш үй бар. Осы уақта бие байлап, шығатын жайлауымыз ғой.
– Жылда солай ма?
– Иә.
– Отағасыңыз?
– Ол кісі – дәрігер. Машинамыз бар, Қарқаралы, міне, иек астында тиіп тұр. Барып-келіп істейді.
– Шіркін, Қарқаралы! Саф ауа! Кәусар бұлақ! Бал қымыз! Адам осындай жерде алтайы қызыл түлкідей құлпырып жүреді ғой, жеңгей, а? Біз қалада тұрамыз. Қала бізді құртатын болды. Қарағандының қара түтіні… Ол аз десеңіз Теміртаудың көк түтіні… Соның бәрін жұтамыз…
Әйел сыпайы ғана күлімсіреді. Шәкен дәл осы сәтте әйелдің қарабұлақтай тұнған ойлы жанарына көз түйістірді. Жүрегінде: “Мен – Ажармын! Сол Ажармын!” деген сөз шым ете түсті. Іле: «Қымыз іш, Шәкен», – деді әйел.
Сейіт пен Жомарт бір-біріне жалт қарады. Шәкен: «Ішіп отырмын, Ажар!» – деді, үні білінер-білінбес қана.
Екі жігіт үнсіз тынды. Қыз шешесіне бір, Шәкенге бір қарады. Аң-таң. Ол да ойланып, мөлдірей қалды.
– Бұл үй саған таныс екен ғой, Шәке…
Қонақ Сейіттің бұл сөзін естімеген жанша: – Қане, қозғалайық, – деді.
Бәрі тысқа шықты. Қыз дастарқанды жинай бастады.
Сейіт пен Жомарт жалбызы мен қоғасы ырғалған бұлақ басында бес-алты құлын байланған желіге қарай бұрылды. Әйел Шәкенмен бірге машинаға жақындай беріп: «Жарық дүниеде жүр екенбіз есен-сау… Тәңірдің бұл рақымына да ризамын, Шәкен! – деді, жасаураған жанары тостағанға тұндырған қара шайдай мөлдіреп. – Айманбұлақ басындағы сол айлы түндер… Алтыбақан тептік. Ақсүйек ойнадық. Қандай ессіз едік, сонда. Тұнжыр көкте қалқыған алтын Ай… Жымыңдасқан сансыз жұлдыз арасында жүргендей болушы едік. Сен балапан мұртың жаңа ғана тебіндеген бозбала едің… Қолыңнан Абайдың кітабы түспейтін-ді. Бәріміз сенің аузыңа қарайтынбыз. Жас жүрегің лүпілдеп, Пушкиннің “Евгений Онегинінен” таңғажайып шумақтар оқушы едің… Біз оны бар жанымызды салып, өліп-өшіп жаттаушы едік. Иә, ол кезде біз алаңсыз едік. Ойсыз едік. Желегі желпілдеген топ қыздың ішінде сенің ойлы жанарың маған ғана қадалушы еді. Мен соған мәз едім. Ал, бір күні… Білмей қалдым, ойда жоқта көзден ғайып болдың. Бәрі де өң мен түс…
Елжіреген жас емес пе ем,
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен қызыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді жұбатып, – дейтін Татьяна сөзін әлі ұмытқам жоқ, Шәкен. Ұмытқам жоқ!
Өлмей әрең тірі қалдым,
Қатты батты тырнағың, – дейтін жері де есімде. Солай күн кешіп, дел-сал боп жүріп, сонда да болса сенің амандығыңды тіледім. Жылдар өтті, жылыстап… Актерсің… режиссерсің… Атағың аспандаған сайын алыстай бердің, Шәкен! Тәңірдің бұл еркіне не дейін, міне, тап қазір жанымда тұрсың, алыссың, бірақ…
Шәкен іштей қаусады. Ақтеректей тіп-тік кеуде қоғадай иіліп, жүрегі тілім-тілім боп талықсыды. Басын көтере алмады. Жердің тесігі болса түсіп-ақ кетер еді. Сілесі қатты, мысы құрып.
– Жолың түскенде келіп, қымыз ішіп тұр, Шәкен…
Шәкен иығы салбырап, сүйретіліп барып, машинаға отырды. Былай шыға бере бір-екі белден асқан соң: «Машинаны оңға бұр, Сейіт! Әне бір жартастың түбіне қарай», – деді.
Машина жолсыз жермен қиқалақтап, Шәкен нұсқаған жартастың түбіне келді. Қонақ: «Жомарт, аш коньякті!» – деп машинадан түсті.
Ол коньякті сегіз қырлы стаканға лықылдата құйғызып, көзін жұмып бір-ақ тартты да: «Кеттік!» – деді.
Жол үстінде Шәкен өзі ойнаған Ақан серінің:
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айырылдым қапияда сенен не ғып? – деп тұнжыраған кейпін көрді. Бар өмірі бір бос дүние…
Шәкен сол жолы Қарқаралыға жердің үстімен барып, астымен қайтты…
“Екі жиреннің “ екінші түрі, бақса, дәйім жүрегіндегі осы құпия сырды қозғай береді екен. О, дариға… тәңірге жалынсаң да, жалбарынсаң да орала ма, сол бір шақ… Сол бір шақ!
Шәкен көкірегінде күрсініс лебі уһілетіп артына бұрылды да: –«Рувим Соломонович, осы да жетеді. Суат, отыр айналайын», – деді үні дірілдеп.
Кацман мен Суат көздерінің астымен біріне-бірі қарасты. Ойға тұнған жанарларында: “Не дер екен?” деген сауал бұлдырады.
– Енді радиоға жаздырыңдар. Дәл осы күйінде! – деді үй иесі.
– Ән емес, романс… Тіпті, ария десе де болады! – деп Кацман іштегі толғанысын жасыра алмай, желпіне сөйледі.
Төмен тұқиып, жабырқаған Шәкен жайлап басын көтергенде кірпігінде жалғыз тамшы жылт-жылт етті. Көзіне Ажардан басқа түк көрінген жоқ.
Суат: «Аға» – дей бергенде Шәкен де селт ете ес жиып. «Ә, Суатым, жүрегіңнен сенің! Кухняға баршы. Жеңгең мына Қаскелең, Ұзынағаш жағында гастрольде жүр. Біздің үй, өзің білесің, қолғанатқа зар. Жеңгеңнің бір пісірген еті бір аптаға жетеді. Сендер келетін болған соң қазы-қарта, жал-жаяны аямай, турап та қойғам. Сонау Көкшетаудан бір қадірлес достарымыз тұздалған саңырауқұлақ та жіберіпті. Зәкоске де дайын. Армян коньягі бар. Шампан да бар. Сен бәрін әкел де, мына столдың үстін жайнат, Суатжан!» – деп Шәкен өзін-өзі қамшылап, зорға түзелді.
Тек қана “Екі жирен” бе, Шәкен дастарқан басында Біржан салдың “Ғашығым” әнін… Ақан серінің “Қараторғайын”, Естайдың “Қорланын” баянсыз махаббат жыры ғып, түннің бір уағына дейін жүректі ұйытқан сыр ғып шертті…
* * *
Сол кештен кейін көп ұзаған жоқ, Суат Әбусейітов “Екі жиренді” радиоға жаздырды.
Ән алғаш рет эфирден берілетін күні әнші Шәкеннің үйінде отырды. Тағы да екеуі ғана. Дастарқан жасаулы тұр. Екеуі ептеп коньяк ішті. Шәкен: «Әртістердің үйі осы. Мен де әртіс. Жеңгең де әртіс. Сен де әртіссің. Бірақ, бір айырмамыз – сенің келіншегің дәйім үйде ғой. Отбасын көңірсітеді де отырады. Сен концертіңді бересің. Гастроліңе шығасың. Бір күні үйіңе тау қопарғандай пұлданып-тұлданып, шаршап-шалдығып келесің. Жүзі жайнап, келін қарсы алады. Емін-еркін жуынып-шайынып, келіннің хош иісі бұрқыраған ақбұйра шайын ішіп, балаларыңды құшып-сүйіп,“өз үйім-өлең төсегім” деп рахаттанасың. Ал, біздің хал… Осы “Екі жиреннің” тұсында екі рет келдің. Екеуінде де жеңгең үйде болмай шықты. Өзімізше шүйіркелесеміз, енді, – деді сағатына әлсін-әлсін қарап қойып.
Күткен сәтте “Жаңадан жазылып алынған әндер” атты концерт те басталды. “Екі жирен” концерттің ең соңында берілді. Рувим Кацман ойнаған аккомпономент ә дегеннен тереңнен қозғалды. Шәкеннің көңілі ел көшкен жайлаудың сары жұртындай сарғайды. Осы күнге дейін жан баласы білмейтін тұңғыш махаббатынан қапияда қалай көз жазып қалғанын… Оны ұмыттым десе де ұмытылмағанын се