Білім • 04 Қаңтар, 2019

Басты мақсат – заман талабына сай мамандар даярлау

711 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «...мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр... Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуы тиіс», деп атап өтті. Шынымен де, адам ресурсының даму деңгейі, жан дүниесінің рухани байлығы білім сапасымен өлшенетіні белгілі. Бүгінде отандық білім жүйесі ашықтық жағдайында ғана өзінің ең жоғары сапасына қол жеткізе алады. 

Басты мақсат – заман талабына сай мамандар даярлау

Халық­­аралық ғылым-білім қауым­дас­тығына толыққанды мүше болу бағытында еліміздің Арал өңірі мен оңтүстік-батыс аймағындағы бірден-бір іргелі жоғары оқу орны – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті үлкен нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл тұрғыда Уни­вер­ситеттердің ұлы хартиясына қол қою, Болон процесіне қосылу, кредиттік оқыту технологиясын енгізу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру, шетелдік жетекші ғалымдарды шақыру, жоғары оқу орындарының автономиясы қағидасын қабылдау, ғылыми және академиялық этиканы мүлтіксіз сақтау, ұлттық және әлемдік рейтингтерге белсенді қатысу жұмыстарын айтсақ та жеткілікті. 

Жоғары оқу орындарының рей­тинг­тері – бұл білім беру процесін ба­ға­лау­дың әлемде мойындалған тетік­те­рі­нің бірі. Бүгінде талапкерлер, жұмыс беру­шілер, инвесторлар, тіпті мемлекет үшін қай білім ордасының да тартым­ды­лы­ғы әлемдік немесе ұлттық рейтингте орындарды иелену деңгейіне сәйкес айқындалады. Рейтингтер нәти­же­лерінің мемлекеттік және басқа гранттар­ды тағайындау конкурстарында ескерілетінін де айтуымыз керек.

Еліміздегі білім беру және ғылым саласындағы реформалар аясында ат­қарыл­ған қызмет нәтижелерін талдау, түптеп келгенде, өзінің бәсекеге қабілет­тілігін жүйелі дәлелдеп отыруы мақ­сатында университет ин­стит­у­цио­нал­дық және білім беру бағдар­ла­ма­лары дең­гейін­де халық­ара­лық және ұлттық рейтингтерге тұрақты қа­тысып келеді. 

Британдық рейтинг агенттігі өт­кіз­ген Шығыс Еуропа мен Орталық Азия университеттерінің арасында QS University Rankings: Emerging Europe and Central Asia (QS EECA) халық­аралық рейтингінде Қорқыт Ата атын­да­ғы университет екі рет қатарынан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері университеттерінің Үздік 300-іне енді. Осылайша, дүние жүзінің 26 мемлекетінің (оның ішінде Ресейден – 87, Түркиядан – 46) жоғары оқу орны қатысқан халықаралық рейтингте елі­міз­дің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТЗУ, ҚБТУ, Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті сияқты же­тек­ші оқу орындарымен бірге үздіктер қа­тарынан көрініп, әлемдік деңгейде танылуы, сөз жоқ, үлкен мәртебе.

Осы рейтинг барысында уни­вер­ситеттің академиялық саясаты, жұмыс беру­шілер алдындағы беделі, жаңа мазмұндағы ғылыми-педагогикалық әле­уеті, ғылым-білім саласындағы халық­аралық байланыс деңгейі, оқы­ту­шы­лар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы сынды негізгі көрсеткіштер сара­лан­ды. Сондай-ақ білім беру қызметі, яғни үйрету, сабақ беру, зерттеу, түлектерді еңбекке орналастыру, интернационалдандыру, материалдық-техникалық база, қашықтықтан оқыту, әлеуметтік жауапкершілік, жаңашылдық, өнер және мәдениет, ашықтық, даяр­лан­ған маманға нарықтағы сұраныс критерийлері бойынша бағаланды.

Британдық рейтинг агенттігінің сарапшылары университеттің сапа­лық көрсеткіштері айтар­лық­тай жо­ғары­­­­лаға­нын, білім бағдар­ла­маларының сапасы жақсарып, олар­дың халықаралық стан­дарттарға сай интеграцияланғанын, бір­лескен ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын бел­­сен­ді жүргізетінін, сұранысқа ие ин­­но­вациялық жобаларды іске асыраты­нын, өндіріс пен еңбек нарығының сұр­а­нысына жауап беретін жаңа технология­ларды жасайтынын атап көрсетті. 

Бұл – айтуға оңай көрінгенімен, іске асыруға кез келген жоғары оқу ор­ны­­ның әлеуеті жете бермейтін іс. Осы тұста университет басшы­лығы мен ұжымының қарымды қабілетінің, қажырлы еңбегінің, қалыптасқан дәстүр мен берекелі бірліктің нәтижесі айқын көрініп тұр. 

Қазіргі күні университет құры­лы­мында 7 факультет, 30 кафедра, ақ­парат­тық модельдендіру технологиялары орталығы бар, білім беру қызметін 18 ғылым докторы, 25 PhD докторы, 203 ғылым кандидаты, 181 ғылым магистрі және басқа да тәжірибелі оқытушылар жүргі­зеді. Аймақтағы бір­ден-бір көп­са­ла­лы мемлекеттік жо­ға­ры оқу орнын­да бакалавриаттың 64 мамандығы, ма­гис­тра­тураның 30 ма­ман­дығы, PhD док­то­рантураның 9 мамандығы бойын­ша мамандар даярланады. Қазір барлығы 5042 (бакалавриатта – 4597, магистратурада – 402, докторан­турада – 43) білім алушы оқиды. Білім беру, мұнай-газ ісі, құрылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы және аймақ экономикасының өзге де салаларын қа­жет­ті мамандармен қамтамасыз ету мақ­са­тын­да мемлекеттік білім гранттары негі­зінде 876, сонымен қатар Қызылорда об­лы­сының әкімі жыл сайын бөлетін білім гранттары бойынша 369 студент табыс­ты білім алуда. Өңірдің қажет­тіліктері мен сұраныстарына жа­уап ретінде 2017-2018 оқу жылы ба­ка­лав­ри­аттың 5В012500 − химия-биология, 5В012700 − математика-информатика, 5В012800 − физика-информатика, 5В090200 − туризм мамандықтары және магистратураның 6М050900 – қаржы мамандығы бойынша білім беру қыз­ме­тін жүргізуге лицензия алынды.

Жоғары оқу орнының даму стратегия­сын­да көзделген көптеген мін­дет­тің жүзеге асуы білім алушылар кон­тин­гентіне тікелей байланысты. На­рық­тың қатаң да әділ талабы – осы. Сол себептен де білім алушылар санын көбейту бірінші кезекке қойылған. Бұл бағытта да ауыз толтырып айтар жетістіктер аз емес. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 2018-2019 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 945 білім алушы артық қабылданды. 

Жүйелі жүргізілетін түрлі деңгейдегі рей­тингтерге дайындалу үдерісіне профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің еңбегін бағалау жүйесі оң ықпалын тигізуде. Мысалы, оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби қызметін бағалау және көтер­ме­леу мақ­сатында университетте 2012 жылдан бастап жылда «Үздік оқы­ту­шы» конкурсы өткізіледі, оның қоры­тын­ды­лары бойынша Үздік 100-ге енген оқы­ту­шыларға келесі оқу жылы бойына негізгі қызметтік жалақыларына қоса үсте­меақы төленеді, ал алғашқы үздік бестікке «Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Үздік оқытушысы» төсбелгісі табысталады. 2017-2018 оқу жылында рейтингке 401 оқытушы қатысты.

Университетте 2014 жылдан бері көптілді топтарда сабақ беретін оқы­ту­шы­лар IELTS халықаралық емтиханын тапсырады және оның нәтижелері бойын­ша еңбекақыларына қосымша үстем­е­ақы алуда. Қазіргі күні аталған халық­аралық емтиханды тапсырған оқыт­ушылар саны 99-ға жетті. 

Білім беру сапасын қамтамасыз ету жө­­нін­­дегі тәуел­сіз агенттіктің Ак­­кредит­­теу кең­ес­інің шешімімен (IQAA) Қорқыт Ата атын­дағы университет 5 жыл мерзімге ак­кредиттелді (03.01.2018 ж.-03.01.2023 ж.). Сондай-ақ 80 білім бағдарламасы, оның ішінде 47 бака­лавриат, 26 магистратура және 7 PhD докторантура мамандықтарының аккредиттелу туралы куәлігі бар. 

Атал­ған агенттік жүргізген көп­са­ла­лы жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық институционалдық рейтингте Қорқыт Ата атындағы университет көрсеткіштері жылдан-жылға өсіп, соңғы екі жылда алғашқы ондыққа берік орнықты (2015 жылы – 13 орын, 2016 жылы – 10 орын, 2017 және 2018 жылы – 9 орын).

Білім және ғылым саласындағы жоғары жетістіктері, еліміздің білім беру жүйесі мен экономикалық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, оқытушы-про­фес­­сорлар және студенттер ұжымының биік кәсіби табыстары үшін Қорқыт Ата атындағы университет Еуразия эконо­ми­калық одағының «Признание» халық­ара­лық сыйлығымен марапатталды. 

Университет 2014 жылдан Ак­кредит­­теу және рейтинг тәуелсіз агент­­тігі жүргізетін еліміз жоғары оқу орын­да­ры­ның сұранысқа иелігін анықтауға ба­ғыт­талған Ұлттық рей­тинг­ісіне қатысып келеді. Рейтинг көш­бас­шы­ларының үш­тігіне бака­лав­риаттың – бастапқы әс­кери дайындық; биология; құрылыс; құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өндірісі; биология; магистратураның – био­логия; тарих; қазақ тілі және әдебиеті; док­торантураның – құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өн­дірісі сияқты білім бағдарламалары енеді.

Елбасымыздың 2018 жылғы Жол­дау­ында жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман даярлау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін қадап айтқаны белгілі. Бұдан былай оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы жоғары оқу орнының бәсекеге қабілет­тілігін айқындайтын басты көр­сет­кіші болмақ.

Болашақ мамандарды еңбек нары­ғына даярлау сапасын арттыру мақ­са­тында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 2015-2016 оқу жылынан бастап нақты-бағ­дарлық оқыту жүйесін кезең-кезең­мен енгізу және өндірісте кафедра фи­лиал­дарын ашу процесін қолға алды. Қазіргі кезде университет кафед­ра­лары мен өндіріс орындарының ынтымақтастығы негізінде 41 филиал ашыл­ды. Мамандарды нақты-бағдарлық даярлау университет түлектерінің еңбек нарығына енуін және олардың кәсіби құзыреттерінің сапалық өсуін қамтамасыз етуде. Түлектердің еңбекке орналасу көрсеткіші 2013-2018 жылдар аралығында сәйкесінше 71%-дан 85%-ға дейін өсуі – атқарылған жұмыстың жарқын көрінісі.

Соңғы үш жылда студенттердің кәсіби шыңдалуын қамтамасыз ететін кә­сіп­­тік іс-тәжірибе базасының саны екі есе өсті. Кәсіптік іс-тәжірибелер Назарбаев зияткерлік мектебі, №9, №10 «Білім-инновация» облыстық ли­цей-интернаттар, жалпы білім беру мектептері, облыстық балалар сау­ық­ты­ру орталығы, коррекциялық мектеп­­тер, жасөспірімдерге арналған маман­дан­дырылған жасөспірімдер спорт мек­теп­тері, колледждер, балабақшалар, еліміздің бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары: «Кентау трансформатор зауыты», «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Каспий құбыржелілік консорциумы-К» АҚ, «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ, «ҚазҚайтаЖаңарту» Қызылорда фи­лиалы, «НУР Строй LTD» ЖШС, Қызылорда механикалық «Квант» зауыты және т.б. ұйымдар мен мекемелерде ұйымдастырылып өткізіледі.

Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған Жол кар­та­сын іске асыру аясында қазіргі таңда 16 білім бағдарламалары бо­йынша үш тілде мамандар даярлануда. Сту­дент­тердің елеулі бөлігі ауылдық санатқа жатады, олардың тілдерді игеру деңгейі де әртүрлі. Осыған орай, 2017-2018 оқу жылында студенттерді ағылшын, орыс тілдеріне үздіксіз оқыту және мемлекеттік тілді білуін жетілдіру тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ Ш.Есенов атындағы ғылым-білім қорымен келісімшарт негізінде 44 оқытушы мен 90 студент ағылшын тілін қарқынды оқыту курстарында білімдерін жетілдіруде.

Білім сапасын арттыру мақсатында халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту – білім беру қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы салада 50-ден астам отандық және АҚШ, Аустрия, Түркия, Польша, Корея Республикасы, Бельгия, Болгария және т.б. шетелдердің 95 жоғары оқу орнымен жасалған ынтымақтастық туралы келісімшарттар негізінде академиялық ұтқырлық бағ­дар­ла­масы жүзеге асуда.

Шетел азаматтарын оқуға шақыру – заман талабы. Осыған сәйкес аталған үдерісті жүйелендіру үшін алдын ала бірқатар ұйымдастыру-әдістемелік шаралар атқарылды. Қазіргі күні Байқоңыр, Нөкіс (Өзбекстан), Орынбор (Ресей Федерациясы), Ош (Қырғызстан), Үрімші (ҚХР) қалаларында университет өкілдіктерін ашу жұмыстары басталып кетті. 

2017-2018 оқу жылының өзінде 15 шетел­дік университетпен, білім орта­лық­тары мен халықаралық қорлармен ынты­мақ­тастық туралы меморандумдарға қол қойылуы нәтижесінде Түркия мен Болгариядан шақырылған топ-менед­­жер­лер стратегиялық жоспарлау, ака­де­миялық мәселелер мен интернацио­нал­дандыру бойынша қызмет тәжіри­бе­ле­рімен бөлісті. 2018 жылы Ресей, Болгария, Жапония, Германияның же­текші жоғары оқу орындарынан ша­қырылған 10 ғалым магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып, диссертациялық жұмыстар тақырыптары бойынша оқу үдерісіне инновациялық технологиялар мен ғылыми-зерттеулер нәтижелерін енгізуге байланысты кеңестер берді.

Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарының магистратура және аспирантура, PhD докторантураларында университет есебінен 30-ға тарта жас оқытушы білімін шыңдап, ғылыми-зерттеулермен айналысса, еліміздің жетекші университеттерінің докторантураларында мақсатты негізде 15 докторант білім алуда. Соңғы 4 жылда 26 жас ғалым диссертацияларын сәтті қорғады.

Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражат үлесі әлемдегі ең дамыған елдердің көр­сет­кіш­те­ріне сәйкес деңгейге, яғни ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізілетін болады. Бұл, ғылымның экономикадағы маңызын еселеп арттыруға, әсіресе жас ғалымдар мен мамандарды дайындау ісіне жасалған теңдессіз қамқорлық. Осы ретте Қорқыт Ата атындағы университет бірінші кезекте білім, ғылым және бизнесті интеграциялау үдерісін пәрменді жүзеге асыра отырып, өндіріс сұранысы мен еңбек нарығына сай іргелі зерттеулер аясын кеңейтуді өзінің басты бағдарының бірі етіп қоюда. Халықаралық рейтингтердің де талабы осыған саяды. Межелі белес биігінен көрінетініне ұжым мүшелерінің сенімі мол. Өйткені ғалымдардың зерттеулері мен инновациялық идеялары нәтижелі болып отыр. 

Атап айтқанда, ҚР БҒМ Ғылым ко­ми­­тетінің гранттық қаржыландыруы негізінде қазіргі күні 2018-2020 жыл­дар­ға арналған 9 жоба (жалпы құны 183 млн теңгеден астам) жүзеге асуда. 2012-2017 жылдар аралығында, яғни, алты жыл ішінде, осындай 15 жобаның табысты орындалғанын айта кеткеніміз орынды. Бизнес-әріптес «ФракДжет» ЖШС бірлесіп «Ғылым қоры» АҚ гранты негізінде (жалпы құны 270 млн теңге) «Мұнай қалдықтарын инновациялық технология бойынша өңдеу» жобасын коммерцияландыру іске асырылуда. Студенттік бизнес-инкубатор аясында 25 жоба бойынша 80 білім алушы өз кәсіптерін ашып жалғастыруда. Мұндай көрсеткіштер университет тарихында бұрын-соңды болмаған еді. 

Халықаралық рейтингте профес­сор­лық-оқытушылар құрамының ғылыми шы­ғармашылығының алатын орны елеу­лі. Университет ғалымдарының бұл бағыттағы жетіс­тік­тері де айтарлықтай. 2017-2018 оқу жы­лында 15 монография, 43 оқулық пен оқу құралы, ха­лық­аралық рецензияланатын басы­лым­дарда 950-ден астам мақала жарық кө­ріп, өнертабыстарға 27 патент алынды. Сонымен қатар халықаралық компания­лар (Web of Science Core Collection, Scopus, т.б.) базаларында беделді 50 ғалымның Хирш-индексі айқындалған.

«Қорқыттану және өлке тари­хы» ғы­лы­ми-зерттеу институты, «Архе­о­ло­гия және этнография», «Мұстафа Шоқай­тану» ғылыми-зерттеу орта­лықтары, «Елбасы және тәуелсіз Қазақ­стан» оқу-көр­ме залы, «Мәңгілік Ел» оқу-тәрбие ор­талығы, «Рухани жаңғыру» оқу-әдіс­те­мелік орталығы еліміздің және Сыр өңі­рінің тарихы, әдебиеті және рухани мұраларына кешенді зерттеулер жүргізумен қатар, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға белсене атсалысып келеді.

Барлық құрылымдық бөлімдердің қызметін цифрландырумен бірге, қа­шық­тық­тан оқыту технологиясы мен ашық білім беру ресурстары арқылы оқу үдерісін ұйымдастыратын «E-UNIVER» электронды университет жүйесі қызмет етуде. Бұған компьютерлік технологиялар кафедрасы базасында ашылған CISCO, ORACLE халықаралық академиялардың филиалдары үлкен септігін тигізуде.

Білім алушылардың жетістіктері рей­тинг­терде жоғары бағаланады. Соңғы 5 жылда 367 білім алушы ҚР БҒМ өткізетін Үздік студенттік ғылыми жұмыс­тардың республикалық конкурсы мен пәндік олимпиадалардың жеңім­паз­да­ры мен жүлдегерлері атанды. 

Өткен оқу жылында ҚР БҒМ қол­дауы­мен ұйымдастырылған «Hackday (хакдэй): идеядан прототипке дейін 24 сағат ішінде» атты ақпараттық технологиялар саласындағы студенттер мен оқушылардың байқауында университет жобасы бірінші орын иеленсе, бизнес-жобалардың («Startup Bolashak – Menin Armanym») облыстық конкурсының финалына 1 жоба шықты. 

2017-2018 оқу жылында студенттер «Сыр сымбаты» спорт клубына 16 спорт секциясы бойынша қатысты. Олардың арасында бір Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 спорт шебері және 40 спорт шеберлігіне үміткер бар.

Университеттің құрама командасы жоғары оқу орындары арасындағы ІХ жазғы Универсиадаға спорттың 15 түрі бойынша қатысып, 6 алтын, 2 күміс, 17 қола медаль жеңіп алды. Сонымен бірге VII қысқы Универсиадада 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі.

Мини-футбол мен баскетбол құра­ма­сы еліміздегі студенттік лигалардың финалдарына қатысты. Жалпы, 33 студент спорттың әртүрі бойынша Ұлт­тық штаттық командалардың мүше­сі. Жоғары лигада өнер көрсететін «Қай­сар ҚМУ» волейбол және «Сейхұн ҚМУ» гандбол командаларының құ­ра­мында студенттеріміздің көп болуы ха­лықаралық рейтингтерде жоғары ұпайлар әкелді.

Университет ұжымының жетістіктері – сараланған бағдарламалардың, байыпты қадамдардың, жүйелі жұмыстардың қорытындысы. Өзінің стратегиялық жоспарларын лайықты атқара отырып, университет жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтерінде үздіктердің ең алдыңғы легіне енуге ұмтылуда.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұлттың рухани құндылықтарын қадір тұтатын, өз Отанын сүйетін, әлемдік өркениеттің үздік білімі мен озық ғылымынан нәр алуға ұмтылатын, жаңалықтарды игеруге барынша бейім парасатты тұлға, бәсекеге қабілетті маманды тәрбиелеу арқылы қоғам алдындағы мәртебелі міндетін болашақта да абыроймен атқара бермек.

Қали ОМАРОВ,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылым департаментінің директоры

Қызылорда облысы