Суретші-монументалист А.Назарқұлдың шығармашылық туындыларының қайсысы болсын тарихи да тағылымды мазмұнымен дараланады. Оның шығармаларының көркемдік шешімі эпикалық сипатпен жырланған өмір шындығында жатыр. «Қорқыттың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау», «Кентавр», «Катарсис» сынды туындыларында тарихи деректі оқиғаларды негіз ете отырып, кең тыныспен жырлайды. Қазақ тарихындағы елеулі орны бар тұлғалардың кесек болмысы мен батырлық, ерлік дастандарын авторлық байыптаумен жаңаша түрленткен шығармалар қатарын «Хан ерке», «Еділ батыр», «Қорқыт ата», «Фараби», «Абай» композициясы толықтыра түседі. Ал соңғы жылдары салынған картиналар қатарындағы күрделі сюжетімен ерекшеленетін Айтматов тақырыбы бір төбе деуге болады. Сабақтасқан оқиғаларға құрылған «Дода», «Өрлеу», «Ақ квадрат» сериялы туындыларына әйгілі қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолын арқау еткен.
– Студент кезімде Айтматов шығармаларын ерекше жақсы көріп оқыдым. Жылдар өткен сайын қаламгердің тұлғалық болмысы көңіл түкпірінде ірілене түсті. Мысалы, «Ақ квадрат» атты картинамда Айтматов дүниетанымы тұрғысынан бағамдап, бүгінгі заманауи ғылым мен кешегі өткен тарихтың аражігін, өнер мен өмірдің түрлі құбылыстарын өзімше көркем бейнелегім келді, – дейді суреткер.
Қоғамдық өмірдегі күрмеуі қиын кей мәселелер де Аманат Назарқұлдың назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, қазақ даласының көркі мен киесі саналған киік жануарының тағдыры бейнеленген «Дала мұңы» графикалық композициясында автор көзқарасы айқын көрінеді. Бір-біріне иық тірестіре сүйкенген қос балбалдың күрсінісі мен аяқ астына таптала, ақ сөңке болып шашылған киіктердің сүйегі жан түкпіріндегі көңіл толқынысын тап басқан. Дала мен табиғат перзенті адам үндестігін дәлме-дәл көрсеткен штрихтық қолтаңбасынан суретші мәнері анық танылады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»