Иә, өркениетті елдерде, Еуропада музыкалық туризм мемлекет бюджетіне қыруар қаржы әкеледі. Ал бізде ше? Еліміздің барлық қалаларында дерлік музыкалық драма театрлары бар. Ол жерде тамаша әншілер мен актерлер ойнайды. Өнер ұжымдары жаз маусымында Астана мен Алматы жұртшылығына, қонақтарына, жалпы көрермендерге сәнге айналған жанр – бір-бір мюзиклден дайындап, сахналық қойылымдарын көрсетіп отырса, театр ұжымы да ақша табатын еді, бюджетке де қаржы түсетін еді.
Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Сегіз сері, Нияз сері, Үкілі Ыбырай, Сүгір, Кенен, Мәди, Майлықожа, Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Аралбай, Бәйтен сал, Сәттіғұл, Түмен, Ыбрайым ахун, Ұзақбай және т.б. тізе берсе көп, олардың өнерді мұрат тұтқан сал-серілік өмірлері мен рухани қазыналары – опера жанры мен мюзиклге дайын тақырып.
Бүгінде театрдың коммерциялық жанры болып табылатын бұл мюзиклді өзімізде жүрексінбей қолға алып дамытсақ, асқақтаған ән де, диалог та, мың бұралған би де, домбырадан төгілген күй де, әуелеген саз да, ұлттық костюмдеріміз де сахнаны сән-салтанатты өнер думанына айналдырып жіберетіні сөзсіз. Бұл – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына нақты жауап беретін халқымыздың мәдени өресін, өнер тұлғаларын танытатын, ұлттық өнерімізді насихаттайтын жаңаша жаңғырулардың бір саласы болар еді.
Иә, ата-бабалар ұрпағына мұра етіп қалдырған рухани құндылықтарымыздың асыл өнерін заманауи жаңаша әдіспен тірілтетін кез келді. Коммерциялық театрлар санын көбейтіп, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек. Халқымыздың ең басты ұлттық музыка аспабы – қасиетті Домбыра күнін жылына бір рет тойлау аз. Әр айдың соңғы күні домбыра күні болып аталып өтсе, қос ішектен ағыл-тегіл шалқып төгілген қазақтың киелі күй өнерінен туристердің ғажап әсер алуына рухани ықпал ететіні сөзсіз.
Бүгінгі барлығы цифрландыруға айналып бара жатқан сиқырлы ғасырда сазды музыкалық туризмді дамытуды байыппен қолға алса, материалдық та, рухани да азыққа айналатын өнер өнімі шығармашылық туынды ретінде бағаланып, әртістердің де әмиянына ақша, қазынамызға қосымша қаржылық кіріс әкелетіні сөзсіз.
Саябек ЗИЯДИН, экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры
Алматы