Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне су беретін Қырғызстан бұл мезгілде электр энергиясын алу үшін Тоқтағұл ГЭС-ті энергетикалық режімге көшіреді. Қырғыз Алатауынан ақтарылған нөпір судың ақшулан маңдайын тартар жері Шардара су қоймасы. 5 млрд текше метрдей су сыятын алып қазандық толып кетпес үшін артық су Көксарай су реттегішіне жиналады. Бер жағында көні кепкен кәрі Арал бар. Сырдарияның табанын қалың қорыс басқан, арнасы жалпайып, секундына бес жүз текше метр суды әзер қабылдайды.
Жақында Қазалы ауданындағы бөгетті су бұзып, қауіпті аймаққа азаматтық қорғау құрылымдарынан 150-дей маман мен елуден астам техника жұмылдырылып, бір қауіптің алдын алып қалды. Әйтсе де күдік сейілген жоқ. Арал ауданында дариядағы мұздың қалыңдығы 15-20 сантиметрге жетсе, облыс орталығында қалыңдығы 10-15 сантиметрден асады. Яғни, алда бәрі қауіпсіз өтеді дегенге сену қиындау. Осы мәселе өңірлік баспасөз конференциясында арнаулы мамандардың қатысуымен жан-жақты талданды.
Бүгінде Шардара су қоймасына секундына 900 текше метр су құйылып жатыр. Қазір мұндағы су көлемі 3,2 млрд текше метрден асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге артық. Алып қазандықты апатты жағдайға ұрындырмас үшін секундына 650 текше метр су босатылуда. Қаңтар айында оның көлемі 900 текше метрге дейін ұлғаятындығы белгілі болып отыр. Ал осыншалық қарғын суды Сырдария қабылдап алуға қаншалықты қабілетті?!
− Қызылорда облысы аумағына секундына 571 текше метр су келіп жатыр. Қазіргі таңда облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорған ауданында дария беті таза. Шиелі ауданының Майлытоғай елді мекені тұсына дейін де дәл осындай жағдай көрініс беріп отыр. Ал Қызылорда қаласы тұсындағы 4 аумақта мұз қатқан. Сырдария, Жалағаш аудандарында мұздың қалыңдығы 5-10 сантиметр болса, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында 10-15 сантиметрге дейін жетеді. Облыста ауа райы қазіргідей болып жатса, қаңтар айының алғашқы онкүндігіне дейін мұздың қатуы Шиелі кентіне дейін жетеді деген болжам бар, − деді Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал – Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов.
Сыр бойында 609,4 шақырымдық қорғаныс бөгеті бар. Биыл облыста осы бөгеттердің қауіпті 31 учаскесінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
− Облыс аумағында қорғаныс бөгеттерінің қауіпті деп саналатын тұстары 56 су басу аймағына бөлінген. Оған 111 жауапты мекеме бекітілген. Су тасқынына қарсы пайдаланылатын жанармай қоры және өзге де дүниелер сақталып отыр. Сондай-ақ 17850 бау қамыс және басқа да қажетті материалдар қорымен жасақталған. Сонымен қатар Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған эвакуациялық жинақтау және қабылдау бекеттері дайындыққа келтірілген. Жоғарыдан келетін су көлемін қауіпті мөлшерден асырмау мақсатында Су ресурстары комитетімен келісілген. Соның нәтижесінде Шардара мен Көксарай су қоймаларынан төменге босатылатын су көлемінің кестесі бекітілді. Бүгінгі таңда Сырдария өзені арнасында мұз қату процесі жүруіне байланысты облыстың азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режімге келтірілген, − деді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.
Қыс кезінде энергия қуатын алып, пайдаға шығуды ойлаған қырғыз ағайынға базына айту үшін алатын пайдасының орнын жауып беруің керек. Көксарай су реттегішін салғанға дейін солай болып келген. Ал су, шынын айтсақ, кенезесі кепкен Арал үшін ауадай қымбат. Қыс жайлы болып мол суды қабылдап алғандай болсақ, шаруалар мен дихандардың да мұртын балта шаппас еді.
Қауіп бар екенін айттық. Мұз тұтасқан дарияның осалдау жерден жарып шығатынын Қазалыдағы бөгет көрсетіп берді. Енді осы қауіптен аз шығынмен шығу үшін барлық жұмыстар атқарылып жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы