Аймақтар • 08 Қаңтар, 2019

Жарым көңілді жарылқаған жақсылық

554 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тағдырынан теперішті көп көріп, жаны жүдеген адамға жақсылық жасаған қандай ғажап! Үміт оты лаулайды, сенімі нығаяды. Ал жақсы іс, жанашыр лепес, қамқор көңіл  көпке үлгі.

Жарым көңілді жарылқаған жақсылық

Көкшетаулық Алмагүл Еркінбекованың басынан кешкенін тарқатып айтсаңыз, иманың қасым болғандай. Жолдасы автокөлік апатынан қайтпас сапарға аттанып, шиеттей алты баламен аңырап жесір қалған жалғызілікті әйел тағдырдың тақсыретті сынын көп көрді. Әйтсе де сынған жоқ, сынуға хақысы да жоқ еді. Алты баланы қатарынан кем қылмай жеткізу керек. Бірақ сол салмақ жалғыз әйелге оңай ма?! Басында баспанасы да жоқ. Біреудің ауласындағы құрқылтайдың ұясындай, ат айналғысыз кішкентай үйін жалға алған. Тағдыр бір қырына алса болмайды екен ғой. Бір күні өмір оты күйдіргені аздай, әлгі баспананың жалын құшағында қалғаны. Әйтеуір, үлкен қызы қызыл тілі сумаңдап, қып-қызыл қасірет әкеле жатқан өрт құшағынан екі бауырын аман-есен алып шығыпты. Өзі жұмыста болатын. Кейін естігенде күйіктен жүрегі жарылып кете жаздады. 

Табысы да шамалы. Арзан пәтер іздеп қаланың бір қиырынан екінші қиырына дейін сүзіп шығады. Несін айтасыз, баспананың зары әбден өтіп тұрған. Бірақ тәңірдің өзі көп жылатқан пендесін түбінде бір қуантады екен ғой. Мәуліт мейрамына жиналған қарақұрым халықтың алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбиттің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алғанда төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалған. 

Жүзі балбұл жанып алабұртқан, мынау жарық дүниеде жаны ізгі жақсы адамдардың бар екендігіне қуанған Алмагүлдің басындағы шаттықты сипаттау сірә, мүмкін емес. Ақ түйенің қарны жарылған деген осы болар.    

Енді дүйім жұрт куә болған, әсері мол, әдемі істі түптен тартып сабақтап көрелік. «Зекет» қоры 2012 жылы өз жұмысын бастаған. Алғашқы бетте көпшіліктің садақаға берген қаражатымен мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді мұрат тұтқан қордың жұмысы уақыт өте келе ауқымын кеңейтті. Мұқтаждарға ғана емес, өзге де ізгі ниетті іске жұмсай бастады. Мәселен, «Мектепке жол» тәрізді акциялар. Биыл мыңға жуық балаға оқушы сөмкесімен қоса, қажетті оқу құралдарын сатып әперді. Құрбан айтында 25 тоннадан астам етті әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына таратты. Жалғыз бұл ғана емес, күнделікті қажетті отын-көмір, ұн, картоп тәрізді азық-түлік сатып әперуді де дәстүрге айналдырды.

– Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбиттің бастамасымен «Ел үлесі – пәтерге»  жобасы қолға алынған болатын,  – дейді «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріп, – ең алдымен көпбалалы отбасыларына ел болып қаражат жинап, үй сатып әперуді межелеп отырмыз. 

Алдымен ағайын құлақтанған. Жұма намазына жиналған жұртшылыққа жаңа жобаның ізгілікті қыр-сыры жеткізілген. Арнайы тақта дайындалып, мөлдір түсті пластиктен жәшік жасалып, көпшіліктің қаражаты соған салынатын болған. Баспана сатып алуға толайым жететін қаражат аз уақыттың ішінде жиналыпты. Бұл зайыры адамдардың ізетті көңілінің қандай екендігін ұқтырса керек. 

Облыс орталығында баспананың бағасы күйіп тұр. Ал бұрын аудан орталығы болған, қазіргі күні облыс орталығына қарайтын Краснояр ауылы кімге болсын қолайлы-ақ. Көлік қатынасында мін жоқ. Осы ауылдағы Октябрьдің 50 жылдығы көшесіндегі екі қабатты үйлер жаңа жобаның жолын ашқандай. Қабырғасы бүтін, шатыры сау үйлердің ішкі әрлеу жұмыстарын ғана жүргізу керек. Ал бағасы арзан. Осы үйден пәтер алып, соңғы үлгімен жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа жиһаз сатып алған соң құлазып тұрған бас­­­пана қыздың жиған жүгіндей жұтынып шыға келді. Ендігі мәселе үміткерлерді өкпелетпей, әділ шешімін табу. Әділдігімен аты шыққан ел ақсақалдарынан төралқа құрылды. Мәселені солар шешпек. Бір пәтер Моңғолиядан туған топырағына оралған жеті баланың анасы, жесір әйел Мәуленгүл Тарбахқа берілсін деп шешті ақсақалдар. Жайдан-жай айта салған жоқ, байлам жасардың алдында жеті балалы жесір ананың тұрмысын көздерімен көріп келді. Жатақхананың жалғыз бөлмесінде тұратын көпбалалы ананың жағдайы шынында да адам аяйтындай еді. Жақсылықтан үміт үзбеген Мәуленгүл Тарбах Рамазан айының алғашқы күні өткізілген шара барысында екі бөлмелі пәтердің кілтін аялай қысып, айырылып қалардай алақанын тарс жұмып ұстаған сәтте жанарынан жас саулап тұрған. Көп балалы ананың ақ жүрегінен ақтарылған алғысы мерекеге жиналған жалпақ жұртты тебірентіп жіберді. 

– Жақсылық жасауға құмарлар көп, – дейді қордың жауапты өкілі Ерболат Шәріп, – екі-үш мың теңге жәшікке салу қиын емес қой. Оны айтасыз, ел құлақтанған соң жүз мыңдап берген азаматтар бар. 

Қазақ ежелден жомарт халық. Астындағы жалғыз атын жолаушыға түсіп берген «атымтайлардың» бүгінгі жалғасы да бар екен. Соған қуандық. Рухани жаңғырған, өткенінен өшпес үлгі алған жасампаз жақсылықтың жалғасы осы емес пе?! 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы