Былтыр АҚШ тарапы Қытайдан келетін 1300 түрлі өнімге салынатын салықты 25 пайызға өсірген болатын. Өз кезегінде Қытай тарапы да мұхиттың арғы бетінен келетін тауарларға қойылатын тарифті көтеріп жіберді. Осылайша, әлемнің алып екі экономикасы арасында «сауда соғысы» тұтанған-тұғын.
Аргентинада өткен G-20-ның саммитінде Д.Трамп пен Қытай президенті Си Цзиньпин арнайы кездесіп, осы мәселені талқылаған-ды. Келіссөздер барысында Ақ үй басшысы наурызға дейін салықты өсірмеуге уәде беріп, сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін айтты.
Әйтсе де, содан бері бір айдан аса уақыт өтсе де, АҚШ та, Қытай да бұл мәселеге қайта айналып соқпаған. Ақыры екі елдің өкілдері «сауда соғысының» алдын алу жолдарын қарастыруға кірісті.
АҚШ сауда палатасының вице-президенті және халықаралық қатынастар жөніндегі комитеттің басшысы Майрон Бриллиант алдағы келіссөздердің маңызды екенін айтады. «Келіссөздер барысында бұған дейін айтылып келген мәселелерді орындау барысы талқыланады. Алайда бәрі бірден шешіліп кетеді деп айту қиын», дейді ол.
Кездесу осы дүйсенбіде Бейжіңде басталды. АҚШ тарапынан келген делегацияны АҚШ Сауда өкілдігі басшысының орынбасары Джефф Герриш бастап барды. Сонымен қатар топтың құрамында бірқатар дипломаттар бар.
Екіжақты келіссөздер барысында Apple мен Huawei компанияларына қатысты мәселелер де талқылануы тиіс. Естеріңізде болса, 2018 жылғы желтоқсанда АҚШ-тың сұранысымен Канада тарапы Huawei компаниясының қаржы директоры Менг Ваньчжоуды тұтқындаған еді. Жаңа жыл бастала сала Apple компаниясының құны арзандап кетті. Компания басшысы Тим Кук мұның негізгі себептерінің бірі ретінде Қытай нарығындағы сауда-саттықтың баяулағанын алға тартты. CNN арнасының пайымдауынша, мұның бәрі әлемнің алып екі экономикасының технологияда басымдыққа ие болуына байланысты. Ал Financial Times журналының пайымдауынша, «сауда соғысынан» АҚШ та, Қытай да ұтылмайды. Өйткені осы оқиғадан кейін екі мемлекет те өзіне қажетті басымдықты анықтап алмақ.
Мәселен, экономикалық тұрғыдан алғанда Ақ үй тарабы «сауда соғысында» басымдыққа ие. Кейінгі жылдары АҚШ-тың ішкі жалпы өнімі тұрақты өсіп келеді. Ал Қытай тарапы қанша жерден экономикасы өркендеп келе жатқанын айтса да, ішкі жалпы өнім көлемі айтарлықтай азайған. Оның үстіне, экспорт көлемі елдегі экономиканың басым бөлігіне ие. Ендеше, негізгі сауда әріптесі – АҚШ-тың тауарларға қойылатын салықты өсіруі Қытай экономикасына ауыр соққы болды.
Ал Reuters агенттігі Д.Трамп келіссөздер барысында жеңіске жету үшін Дүниежүзілік банкті пайдалануы мүмкін екенін айтады. Қаржылық ұйым президенті Джим Йонг Ким күні кеше мерзімінен бұрын қызметінен кететінін мәлімдеді. Ал оның орнына келетін басшыны тағайындауға Ақ үй ықпал ете алады. Мәселен, Ким мырзаны Дүниежүзілік банк басшысы қызметіне АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама ұсынған болатын.
АҚШ билігі бұған дейін де Қытайға ықпал ету мақсатында Дүниежүзілік банкті пайдаланғаны белгілі. Оның үстіне, қазіргі таңда АҚШ Дүниежүзілік банктің 16 пайыз акциясын иеленеді. Ендеше, ұйымға Д.Трамп әкімшілігінің көзқарасына сай басшы ұсынылатынын болжау қиын емес.
Financial Times келтірген деректерге сүйенсек, саяси тұрғыда Си Цзиньпин басымдыққа ие. Тіпті «сауда соғысының» салдары Қытай халқына кері әсерін тигізсе де, Қытайдың саяси салмағы анық байқалады. Мұның басты себебі – АҚШ-тағы жағдайға тікелей байланысты. Д.Трамп келесі жылы сайлауға түседі. Қазіргі таңда Ақ үй басшысының халық арасындағы беделі төмендеп кеткен. Оның үстіне, парламенттік сайлауда демократтар Өкілдер палатасының көп орнын иеленді. Нәтижесінде Д.Трамп «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» мақсатында Қытаймен келіссөздерді амалсыз жеңіл жүргізетінін болжау қиын емес.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»