Қара алтын бағасы тұрақсыз
АҚШ-тың 2018 жылы Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға бағытталған алтыжақты келісімнен шығып, оған экономикалық санкциялар жариялауы – өткен жылдың негізгі жаһандық қатерлерінің қатарында, тіпті сол тізімнің көшбасында. Иран былтыр сәуір айында күніне 2,7 млн баррель мұнай экспорттаса, оны жыл соңында амалсыздан 1 млн баррельге түсірді. Сұраныс азайған. Оның азаюына АҚШ-тың кешенді санкциялары сеп болды. 2018 жылы 5 қарашада жарияланған санкцияның екінші кезеңіне Иранның 700 азаматы, ұйымы, ұшағы, кемесі, мұнай, транспорт компаниялары кірді. Вашингтон Иран мұнайын үлкен көлемде қолданатын Үндістан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан парсы қара алтынын сатып алуды азайтуды не мүлдем тоқтатуды талап етті. Сескенгендері көніп жатты (тіпті Қытайдың өзі 34%-ға азайтты). АҚШ санкциялар алынып тасталуы үшін ядролық бағдарламаны тоқтату, баллистикалық зымырандарды таратуды тоқтату, Таяу Шығыста Хаммас, Талибан, хусит күштерін қолдауды тоқтату, Сириядан барлық әскерін алып кету, Ирактың жаңа үкіметін мойындау секілді 12 талап қойды. Әрине Иранның саяси және діни басшылығы оған келіспесі анық. Сондықтан санкция 2019 жылы да жалғаса береді.
Иран 2015 жылғы алтыжақты келісімнен шықпау үшін Еуроодақ АҚШ санкцияларын айналып өтетін қаржылық механизмді (SVP) жасауға уәде берген еді. Алайда ол уәдесін әлі орындаған жоқ. Иранның ресми өкілі қаңтар айында сол үшін еуропалықтарды сынға алды. Себебі Иран енді құны 300 млрд еуродан жоғары тұратын келісімшарттарын доллармен емес, тек еуромен жүзеге асырмақ. Еуропалықтар уәде еткен баламалы қаржы механизмі (SVP) 2019 жылы да іске қосылмауы мүмкін. Себебі ол жағдайда Брюссель Вашингтонмен ашық текетіреске шығып, бір-біріне санкциялар жариялауы мүмкін. Еуроодақ құрамында 28 ел болса да, одақ мұндай тәуекелге баруды қаламас. Ал бұл жағдайда Иран жоғарыдағы келісімнен шығады.
Иран мұнайы әлемдік нарықта 1 млн баррельге азайса, онда оған сұраныс артып, мұнай құны 2019 жылы 100 долларға жетеді деген болжамдар аз болмады. Соның бірі Commerzbank сарапшылары еді. Осындай болжамдарға иланған инвесторлар мұнай саласына инвестицияны көбейтіп, қазан айында оның бағасын 85 долларға жеткізді. Дегенмен 2019 жылдың қаңтар айында мұнай баррелінің құны 57 доллар болды. Бағаның төмендеуіне АҚШ, Сауд Арабиясы және Ресейдің мұнай өндірісін ұлғайтуы әсер еткен болар. Алайда үш ел 2019 жылы бұл көрсеткішті ұстай алмай, әлемдік нарықта Иран мұнайы жетіспей, мұнай бағасы қайта өсуі мүмкін.
2019 жылғы сайлаулар
2019 жылы әлемнің 80-нен астам елінде түрлі деңгейдегі сайлаулар өтеді. Негізінен, парламенттік және президенттік. Time журналы оның тек 5-і әлемдік деңгейде маңызды дейді. Нигерия мен Украинадағы президент сайлауы. Үндістан, Израиль және Еуропалық одақтағы парламент сайлауы. Украинада 31 наурызда жоспарланған президент сайлауының маңызы зор. Қазіргі президент Петр Порошенконың былтыр жыл соңында елінде соғыс жағдайын енгізуі, күзгі саяси рейтингте Порошенкодан актер, комик Владимир Зеленскийдің озып кетуі, оппозиционер Юлия Тимошенконың бас кандидат атануы – барлығы осы саяси додаға назарды тартып тұр. Кейбір сарапшылар ешбір кандидат 1-кезеңде қажет 50% дауыс жинай алмайды және 2-кезеңге негізгі екі кандидат өтеді деп болжайды. Бірақ ол екі үміткер кім болуы мүмкін: Тимошенко, Зеленский, Порошенко?
Әлемдік саммитер
G20 форумының кезекті 14 саммиті 28-29 маусым күндері Жапонияның Осака қаласында өтпек. Форум құрамындағы 20 ел басшысынан бөлек арнайы қонақ ретінде Чили, Мысыр, Нидерланды, Сенегал, Сингапур, Испания, Тайланд, Вьетнам басшылары шақырылуы мүмкін. Осы саммитте көтерілуі мүмкін деген тақырыптардың қатарында еркін сауда, технологиялық инновация, робот-техника, жасанды интеллект, жаһандық денсаулық сақтау жүйесі және әлемдік экология бар.
Ал G7 тобының 2019 жылы 45 саммиті 25-27 тамызда Францияның Биарриц қаласында өтпек. Франция саммит қожайыны ретінде 3 мәселеге басымдық беруі мүмкін. Біріншісі экологияның өзгеруі, екіншісі адам капиталының дамуы (білім) және үшіншісі қауіпсіздік, терроризммен күрес, миграция, Сириядағы жағдай.
2019 жылы болуы мүмкін маңызды саммиттің бірі – Солтүстік Корея мен АҚШ саммиті. Осы кездесуді ұйымдастыру үшін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Пампео 2018 жылы қазанда Солтүстік Кореяның төрағасы Ким Чен Ынмен кездескен еді. Қос тарап та 2-ші саммит қажет екендігіне келіскен. Бірақ саммит қашан және қай жерде өтері белгісіз. Тек 2019 жылдың басында деген мәлімет бар. Алғашқы саммит Сингапурде 2018 жылдың маусым айында өткен еді.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА,
«Егемен Қазақстан»