Бағдарламаның сүбелі бөлігі кешегі кеңестік дәуірді қамтығаны айқын. Кеңес Одағы тұсындағы архивтерде еліміздің басынан кешкен орасан зор оқиғалар, елді индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жайындағы мағлұматтармен қатар, ашаршылық, тоталитарлық террор турасында небір құпия құжаттар сақтаулы. Енді, міне, архив қазынасындағы сол құпияны, небір тарихи шындықтың қанын сорғалата отырып білудің көптен сарыла күткен күні де туды.
Рас, әйгілі бетбұрыс дәуірінде, ел тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою науқаны кезінде КОКП Орталық Комитетінің, басқа да партиялық һәм мемлекеттік органдардың, әсіресе, КГБ архивтерінің бірталай жасырын көмбесі аршылды. Нәтижесінде, бейкүнә айыпталғандар, атап айтқанда, Алашорда қайраткерлері ақталды. Алаш арыстарының қаламынан туған әйдік туындылары баспа жүзін қайта көріп, ел игілігіне айналды.
Дей тұрғанмен, бұл мәселеде атқарылуға тиісті іс-шара әлі атнөпір. Мысалға, ақын Мағжан Жұмабаевтың большевиктік репрессияға ұшыраған азапты ауыр жылдарының материалдары толық әйгіленді деуге ауыз бармайды. Жалғыз Мағжан ғана ма, Алашорда қайраткерлері қудаланған шақтардағы сан алуан тарихи деректер КГБ архивінде күні бүгінге дейін бүркеулі күйінде.
Ақтаңдақтардан арылу науқаны басталған сәтте мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып істейтінмін. Алматыдағы Дзержинский саябағының шығыс жақ бетіндегі бес қабатты көк үйде республикалық КГБ мекемесі орналасқан болатын. Сол мекеменің архивіндегі Мағжан Жұмабаев жайлы материалмен танысуға ресми рұқсат алып, өзіме бұған дейін беймәлім көпкөрім материал жинасам да, барған шаруамды толық тындыра алмағаныма күні бүгінге дейін қапалымын. КГБ жендеттерінің ақыннан жауап алған материалдарының шамамен тек ширек бөлігімен ғана танысып үлгердім. Қасымда отырған қарауылшы – КГБ офицері қалың папканың алдын ала белгіленген беттерін ғана оқуымды жіті бақылап, басқа құжаттарды қызғыштай қорғап, жолатпады.
«Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау жөніндегі Елбасы бастамасы бүкіл жұртшылық қауымды, оның ішінде ғалымдарды зор қуанышқа бөлеп отыр. Енді әдебиеттанушылар, басқа да ғалымдар «Архив- 2025» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыруға бағытталған пайымды, ұтықты ұсыныстар жасауды ойластыруымыз керек.
Елбасы мақаласында барлық отандық мұрағаттармен қатар, шетелдік қоймалардағы Қазақстанға қатысты мағлұматтарды барынша тексеру керектігі айтылған. Кемеңгер ұлттық ақынымыз Мағжанға қатысты небір бай материал, әсіресе, Ресей архивтерінде мол болуға тиіс.
Мағжан Жұмабаев өмірлік жолының бас кезінде Башқұртстандағы Ғалия медресесінде оқып, одан соң Омбының мұғалімдер семинариясында төрт жыл бойы білім алып, оны Алтын медальмен бітірді. Кейіндері ақынның Қызылжарда, Ташкент шаһарында қызмет істегені, 1923 жылы зайыбы Зылихамен Ташкенттен Мәскеуге көшіп барып, ақын Валерий Брюсов ұйымдастырған Әдебиет және өнер институтына (ВЛХИ) түсіп, оқығаны мәлім.
Мәскеуден оралған соң Мағжан ақын оқытушылық қызмет атқарды. Бірақ, өкінішке қарай, ұстаздығы ұзаққа созылған жоқ. Ақынның қиямет-қайым тағдыры қайта шаңытты. «Халық жауы» деген саяси айып тағылып, сотталып, Ресейдің солтүстігіндегі Соловецк және Свирь лагерьлерінде жеті жыл бойы тамұқ азабын шекті. Ресей терістігіндегі, қазақша айтқанда, Итжеккендегі лагерьлерде еліміздің басқа да талай-талай игі жақсылары, Алашорда қайраткерлері көздері бозарып қамауда болды.
Мұның бәрін жіпке тізудегі себеп, тарихи санамызды жаңғыртуға бағытталған «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау оңай шаруаға жатпайтынын еске салу еді. Ресей Федерациясының тиісті органдарымен арнайы келіссөз жүргізу, сол өңірдегі ондаған архив қазынасын таба білетін тәжірибелі мамандарды іздестіріп іріктеу, оларға тиісті қаражат қарастыру сияқты іс-шаралар егжей-тегжейлі және тездетіп жоспарлануы қажет.
Тағы да бір міндетті түрде қарастыруға тиісті мәселе – ұлт жадының тұғырнамасы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «...ұлттық кодымды сақтаймын деп бойындағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық» делінген.
Бұдан туатын қорытынды сол, архивтегі ұлттық болмысымызға қатысты фактілердің жағымды жақсылығы да, жағымсыз жаманшылығы да түгел жариялануы керек. Қанқұйлы Ежов пен Берияның жендеттерін былай қойғанда, өз ұлтымыздың ішіндегі қайсыбір қаныпезер салпаң құлақтардың, іші тар қызыл көздердің сол кездегі жоғары билікке астыртын жазған арыз-сыпсыңдарын, атақты Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, итшіліктерін әйгілейтін мәліметтерді тыққыштай бермей жария қылатын мезгіл әбден пісіп жетті. Сонау патша заманынан бастап қуғын-сүргінді көп көрген қайран Ахаң былай деп күңіренген ғой:
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны».
Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтан жауап алып тексерген қалың папкадағы маған көрсетпей қойған КГБ мекемесінің жазу-сызулары, Құдай біледі, ақынды қаралап күйе жағуға тырысқан сол бір өз ауылымыздың иттерінің сүйкелектеткендері болуы керек деп шамалаймын. Әлбетте, ондай жалмұрттарға қарсы қазір майдан ашып қиянпұрыс шу көтерудің қажеті жоқ. Қайсыбір қаймана қазақтың намысына тиетін болса да, келешекте тәрбиелі, ар-инабаты таза ұрпақ өсіру қамы үшін архивтердің құпия папкалары түгел жарияланса, жалақорлардың Құдай алдындағы күнәсінің жазасы сол болар ма деп ойлаймын.
Мойындамасқа амал қайсы, 1937-1938 жылдардағы қанды қасапқа ұшыраған біздің Қазақстанның жазушы, журналистері мен ғалымдары көрші Қырғызстан, Өзбекстанға қарағанда әлденеше есе көп екендігі жасырын емес.
1940-1950-жылдары жаңадан идеологиялық майдансоқ бұрқ еткенде бірқатар зиялы қауым тағы да қуғын-сүргінге ұшырады. 1947 жылғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы», 1948 жылғы «Қазақ кеңес әдебиетінің жағдайы мен дамуы туралы» қаулылары буржуазиялық ұлтшылдық дейтінді әшкерелеудің қызыл танау науқанын қайтадан лау еткізгені мәлім. Қазақ фольклорының айтулы туындылары идеологиялық, саяси зиянды шығармалар саналып, халқымыздың түп-тұқияннан бергі рухани асыл қазынасын зерттеуге қатаң тыйым салынды. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, даңқты академик Қ.И.Сәтбаев өзі редакциялауымен баспадан шығарған Едіге фольклорлық поэмасы үшін қудаланды. Академик-жазушы М.О.Әуезовке орысқа қарсы, пантүркілік көзқарасты уағыздады-мыс деп ұлтшылдық айып тағылды. Көрнекті тарихтанушы-ғалым Е.Б.Бекмаханов Кенесары хан туралы зерттеулері үшін жазықсыз жапа шекті...
Ресми орындарға арызданудың етек алғаны сонша, бір-бірін тобықтан қағу ауруына шалдыққандар күрт көбейді.
Өз басымнан өткен бір жайсыз оқиғаны айтайын. 1989 жылы Мәскеудің Алексей Максимович Горький атындағы Дүние жүзі институтының жанындағы арнайы ғылыми кеңесінде «Қазақ романының идеялық-көркемдік және жанрлық ерекшеліктері» тақырыбында докторлық диссертация қорғауға шақырылдым. Ғылыми кеңесті басқарушы диссертация қорғау үрдісі басталар алдында кіріспе сөз сөйледі. «ВАП-қа, – деп мәлімдеді мәжіліс басшысы, – диссертант үстінен бір қап арыз түскен екен. Сол арыздар анық-қанығын білу үшін Алматыға жіберілген болатын». Осылай деген ол Қазақстаннан келген жауап хаттың тоқетерін оқып берді: «ЦК Компартии Казахстана к тов. Елеукенову не имеет никаких претензий».
Докторлық диссертация ойдағыдай қорғалған соң рахметімді айтайын деп институт директоры Ф.Ф.Кузнецовтың кабинетіне бас сұқтым. Феликс Феодосьевич қолымды қысып құттықтаған соң, аздап езу тартты: «Үстіңізден арыз түсіргендердің бірі сізді кісі өлтірді деп айыптапты. Оу, ондай қылмыс жасадыңыз екен, Мәскеуге докторлық диссертация қорғауға аттанбақ түгіл, көзіңіз жылтырап түрмеде отырмайтын ба едіңіз?! Содан соң біреуге тізеңіз батқан шығар дейтіндей сіз бұрынғыдай институт директоры да емессіз... Воистину, зависть застилает не только глаза, но и разум!» деді ол.
Айқай-шулы саяси науқандардың қара бұлтын сырттан соққан дауыл айдап келмегені ақиқат. Сол ақиқатқа қанығу үшін архивтер қоймасының есігін айқара ашып, жазықсыз жандарды әуре-сарсаңға түсірген арыз-шағымдардың бірін қалдырмай толық жариялау керек. «Архив-2025» бағдарламасы жүзеге асыру жоспарын жасағанда ВАПК (Жоғары аттестациялық комиссия) архивінің Қазақстанға қатысты құжаттарын, Қазақ КСР Ғылым академиясы институттарының бәр-бәрінің архивтерін түгел жариялауды ұмытпаған жөн.
Архивтердегі шындықты білу мәнісі – тарихи сананы жаңғырту деген сөз. Ұлттық рухымыздың дұрыс қалыптасуы қазіргі заман талабына сай еңбектенуімізге баға жетпес ықпал етпек.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
профессор