Жұмыс барысымен Астанадағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейіне жолымыз түсті. Жиын болатын кең залды іздеп дәлізде келе жатқанда ерекше безендірілген сыныптарды көзіміз шалды. Ондағы оқушыларды көргіміз келіп, таңдап тұрмай келген тұстағы бір сыныпқа кірдік. Сол жақтағы қабырғадан қаз-қатар тізілген ағаш бұйым көрінді. Аңдасақ, кәдімгі домбыра. Әрқайсысында әр баланың аты-жөні жазылған.
Мектептің бұл ерекшелігіне сүйсініп, директордың орынбасарынан сұрағанымызда, Меруерт Тілектесқызы білім ордасының талабы бойынша, 1, 2-сыныптарда барлық бала домбырадан сабақ алуға міндетті екенін айтты. Одан кейінгі сыныптарда үйірме ретінде жүреді, оған оқушылар өз еркімен қатысады. «Басында бұл дәстүрге келіскісі келмеген шеттілді немесе орысша ойлы ата-аналар болды. Бірақ бәріне ортақ талап болғандықтан бас тарта алмады, ал кейін сол ата-аналар балаларының әулеттегі тойларында күй тартып бергенін мақтанышпен айтып жүрді. Қазірде қолынан смартфон түспейтін балаларға бұл таптырмайтын дүние, бәрінен бұрын ұрпағының арқасында шаңыраққа домбыра келеді» дейді М.Тілектесқызы. Оның айтуынша, бұл 2009-2016 жылдары мектепке басшылық еткен Орхан Озтұмсықтың домбыраға деген ерекше махаббатынан туған идея екен. Әрдайым күй тыңдап отыратын директор «қазақ домбырамен мақтану керек қой!» деген сөзін іс жүзінде дәлелдеп, өз балаларынан домбыра тартуды талап еткен екен.
Ғалымдар мектептердегі білім сапасын көтеру мақсатында шетелдік тәжірибелерді зерттеді, сондағы ең көп ауызға алынатыны – итальялық педагог М. Монтессоридың ұсақ қол моторикасын дамытуға бағытталған әдістемелері. Бұған қоса украин ғалымы В.Сухомлинскийдің «Балалардың мүмкіндігі мен дарындылығының бастамалары саусақтарының ұшында. Бейнелеп айтқанда, саусақтарынан шығармашылық ойын қоректендіретін өте жіңішке жылғалар сынды жіптер тарайды. Баланың қолында неғұрлым шеберлік көп болса, соғұрлым ол ақылды болады» дегенін алға тартады.
Бірақ шын мәнінде ХХ ғасырда өмір сүрген жоғарыдағы ғалымдардың жаңалығын қазақ халқы бірнеше ғасыр бұрын ашып қойғандай. Домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі екен, одан бұрын пайда болғанына да күмәніміз жоқ. Ал осы сан ғасырлық шежіренің бір қыры – ми жұмысын жетілдіру. Себебі домбыра тарту – тұнып тұрған моторика. Ал саусақтың ұшында мидың жұмысын жақсартатын нүктелер барын ғалымдар дәлелдеген. Пернелерді басқанда әрбір саусақ қимылдайды, ал екінші қолдың саусақтары шерткенде, төккенде, қағысты үйренгенде әрекетке түседі. Демек қос қолды, білезікті, білекті, саусақты шынықтырады. Бұл – жазу деген күрделі процесті бастан өткізетін мектепке дейінгі және бастауыштағы балаларға ең қажетті жаттығу.
Президент жақында жариялаған мақаласында музыкалық дәстүрді жаңғырту аясында бірқатар тапсырма берді. Осы тұста ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз домбыраның баланың жүйке жүйесі мен бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш-қуатын арттыратынын, шығармашылық қана емес, танымдық, есте сақтау қабілеттерін дамытатынын дәлелдеп, сондай сипаттағы еңбектер сандықта жатса жариялап, насихаттаса, ең құнды еңбек болар еді.
Біреу білсе, біреу білмес, 1987 жылы кеңестік идеология дәуірлеп тұрған уақытта Алматыдағы №12 мектептен бастау алып, өзі ашқан «Көкіл» мектебінде сынақтан өткізіп, 90-жылдардағы тоқырау кезінің өзінде республикадағы 80-ге жуық мектепті аралап, домбыра сыныбын ашқызған Абдулхамид Райымбергеновтің еңбегі орасан. Ол сол сәттегі жұмысын «Біздің мақсатымыз – мектептердегі музыканы домбыра сабағы ретінде енгізу еді ғой», деп еске алады. Тереңіне үңілсеңіз, бір ғана домбырамен ән салуға да, би билеуге де, аңыз, жыр, дастан айтуға да болады. Осы ойын жүзеге асыру үшін шетелден демеуші тауып, домбыра мектебінде 12 жылда 12 мың бала дайындаған. Кейін осының негізінде «Қазақстан» телеарнасында «Домбыра үйренейік» атты бағдарламаны 5-6 жыл жүргізді. Былтырғы 1 желтоқсаннан бастап «Алматы» телеарнасында Абдулхамид Райымбергенов «Syr perne» атты бағдарламаны жүргізіп келеді. Танымдық бағдарламаның мақсаты – балаларға қазақтың музыкалық аспабы домбыраны үйрету. Аталған бағдарлама дәстүрлі қазақ музыкасы бойынша балалар талантын ашуға көмектесу.
Мектептегі білім беру жүйесінде біраз реформа жасалды, соған сай стандарт жаңартылды. Ал сол жаңа құжаттағы басты мақсат – жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізіп отырған бірден-бір мектеп – «Нұр Орданың» білім беру жүйесі еліміздегі өзге мектептерге де үлгі боларлықтай. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қосқан өлшеусіз үлес болар еді. Өйткені бұл – ұлттық тәрбиенің озық үлгісі.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»