Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Картаға қарап-ақ бәрін білесің

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің қай түкпірінде болсын, оның елді мекендері мен ауылдарында, аудандары мен қалаларында, тіпті облыс орталықтарының өзінде тез шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселелер бар.

Картаға қарап-ақ бәрін білесің

Егер бұл жайттар уақытында орындалмаса, тұрғындар тарапынан түрлі түсінбеушіліктер туындауы мүмкін. Сондықтан толғақты әлеуметтік-тұрмыс­тық мәселелерді дер кезінде реттеудің маңызы мен рөлі жо­ғары. Осы мақсатта өңірде «Өзек­ті мәселелер картасы» құ­рылды. Соған сәйкес тиісті тал­даулар мен зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Құжатқа көз салсақ, қазіргі кезде шұғыл шешуді қажет ететін 72 өзекті мәселе бар екенін көруге болады. Оның дені тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты болса, келесі кезектегі өзекті мәселелер тізбегін авто­көлік жолдарына қатысты түйт­кілдер құрайды. Сонымен бірге тұрғын үй құрылысы, мәдениет, спорт және денсау­лық сақтау салаларында да түбегейлі шешімін тауып үлгермеген мәселелер бар екені айқын көрінеді. Оның көлемі 22 пайыздық көрсеткішке тән. 

Картаға қарап көп жайтты көңілге тоқуға болады. Өңір­дегі өзекті мәселелердің қазіргі жағдайын ой безбенінен өткізуге де мүмкіндік мол. Ең бас­тысы, аймақта картаның көме­гімен шешімін күткен мәсе­лелерді жедел әрі көр­некі түрде бақылауға жол ашылған. Содан соң тиісті құзырлы органдардың назарына беріледі. Өз кезегінде олар ресурстардың көлемі мен істің орындалу мерзімін айқындап, нақты шешім қабылдайды.

Айталық, аймақта аудан орталықтары мен қалалардың картасын жасақтаудың бастап­қы кезеңінде 14 мәселе болды әрі оның шешімі бюджет қаражатын бөлуге байланысты өрістеді. Бүгінде оның  жетеуі оң шешімін тапқаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, аталған жобалар бойынша 2,4 мил­лиард теңге бюджет қаражаты бөлінді. Сонымен бірге 2019 жылы жүзеге асатын жобаларға 894,3 миллион теңге, сондай-ақ 2020 жылы атқарылатын жобаларға 490,6 миллион теңге бөлу қарастырылған. Қысқасы, бүгінде өңірдегі жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде облыстық басқармалар мен аудандық әкімдіктер картада көрсетілген мәселелерді шешуге бір кісідей жұмылған. Мұндағы басты ұстаным – орын алған өзекті мәселелерді қоян-қолтық өзара бірлесіп шешу.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ