Қалиғұмар Қабдешов – қазақтың белгілі фотосуретшілерінің бірі. Бірнеше халықаралық, республикалық фотокөрмелердің жүлдегері. Кеңес өкіметі кезінде шетелдермен ынтымақты байланыс орнатумен шұғылданатын «Достық» қоғамы арқылы ұйымдастырылған сурет көрмелерімен Үндістан, Болгария, Румыния, Чехословакия және т.б. мемлекеттерде болған.
1964 жылдан бастап суреттері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда, оның ішінде «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында жиі шығып тұрыпты. 1974 жылдан Қазақстан Журналистер одағының әйгілі «Журналист» фотостудиясында қызметте болып, фотообъективімен талай-талай тағылымы мол қас-қағым сәтті қалт жібермей қағып алып жүрген...
– 1981 жылдың ақпан айы еді, – дейді бізбен әңгімесінде ой көзімен өткен күндердің терең сырына үңілген Қалиғұмар аға аңқылдай сөйлеп. – Мәскеуде Кеңес Одағы Компартиясының XXVI съезі өтіп жатқан. Съезге мен Алматыдағы «Журналист» фотостудиясы атынан бардым. Делегаттар «Москва» қонақ үйіне орналасқан. Мен мына суретті түсірерде сонда жүр едім. Бір уақытта қарасам, анадайдан Шыңғыс Айтматов пен Расул Ғамзатов келе жатыр екен! Содан алдарынан шығып, асығыс объективке алуға ниеттенгеніммен, мені байқаса да, ол кісілердің тоқтайтын түрі көрінбеді, жанымнан тездетіп өте шықты. Сол кезде соңдарынан жүгіре жөнелдім де, аяқ астынан бойыма барынша батылдық бітіп:
«Шыңғыс аға, мен өзіңіз жақсы көретін Қазақстаннан келген фототілшімін, Сіздердей адамзаттың асылдарын, осы заманның ғұламаларын түсірмегенде, біз кімді түсіреміз?!» деп дауыстадым. Өйткені мұндай мүмкіндікті жіберіп алсам, өмір бойы өкінер едім. Осы сәтте Шыңғыс аға кілт тоқтай қалды да, «Расул, қой, мына бауырымыз, қазақ жігітінің бетін қайтармайық. Өзінің сөзі өзгеше жақсы екен!» деп жарқылдай күлді. Мынау сол сурет, ортада тұрған зайыбым.
Жалпы, бұл сурет баспасөзде жарияланбаған екен, тек бірнеше рет автордың жеке көрмелеріне ғана қойылыпты.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы