Қазірге қасиетті кітап 1 мың данамен шығарылды. Бұл аударманың ерекшелігі – автор өз бетінше Құрандағы араб тілін үйреніп, Исламдағы қандай да бір ағымдардың ауанына жығылмай өз бетінше аударып отыр.
Аудармашының айтуынша, ол Исламды 1998 жылдан зерттеп келеді. «Осы аралықта мен тариқаттан бастап, тәкфірге дейінге барлық ағымдарда болып келдім. Уақыт өте келе мен бұл бағыттардың субъективті екенін түсініп, Құран мәтінін тікелей түсіну үшін өз бетімше араб тілін үйрене бастадым. Ол үшін Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры В.В.Лебедевтың «Учись читать Коран по арабский» атты үш томдық кітабы мен Барановтың екі томдық сөздігін сатып алдым. Бүкіл курсты 1,5 жыл ішінде оқып шықтым. Оған қоса, Құранның орыс тіліндегі 15 шақты аудармасын зерттеп, бұл аудармалар Исламдағы белгілі бір көзқарастардың негізінде жасалғанын түсіндім. Менің аудармам Құран өзін-өзі түсіндіретіндей әдістемеге негізделген» дейді Серік Рысжанов.
Аудармашы Құранды түсіну үшін адамдарда басқа да балама болуы керек деп есептейді.
Баспасөз мәслихатында аудармашының мүдделес досы Әл-Фараби Болатжан Рысжановтың мақалаларын аударумен айналысатындығын айта келе, келешекте Құранды қазақ тіліне аударуға ниетті екендігін атады. Қазір өзі де араб тілін меңгеруге кіріскен.
«Қазақ тілді ортада рухани материалдар аз, бар болса да, олардың баламасы жоқ. Мұсылмандардағы басты қиындық – олар Құранды шашыраңқы түрде өзгелердің көзқарасы арқылы қабылдайды. Серік Рысжановтың аудармасында экстремизм мен радикализмге жол берілмеген, ал бұл біздің ел үшін аса өзекті», – дейді Болатжан мырза.
Аталмыш жобаның демеушісі Никита Резанов: «Мен Исламда бір-біріне қарама-қайшы ағымдардың көп екендігін байқадым. Кореяда мұсылмандармен бірге оқып жүргенде олардың көпшілігінің рухани құлдырауына куә болдым. Барлық діни бағыттардан көңілім қалды. Өйткені бұл ағымдардың барлығы да тек өздерінің артықшылықтарына сенеді. Баламалы аудармаға жолыққан кезде, мұндай еңбектің Қазақстан халқына қажет екендігін түсініп, басқа демеушілермен бірге басылымды таратуға көмектесу қажет деп шештім» дейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ