Еліміз Сириядағы жанжалды тоқтату және сол елде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату процесіне белсенді атсалысып келе жатқандығы белгілі. Оның бір жарқын дәлелі ретінде Сирия бойынша соңғы екі жыл ішінде Астана процесінің 11 раунды өткізілгендігін айтуға болады. Бұл келіссөздердің Сирияның көптеген аймағында бейбітшілік орнап, қантөгістердің тоқтауына ықпалы зор болды. Ержан Ашықбаевтың айтуынша, халықаралық терроризммен күресу біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шеңберіндегі абыроймен аяқтаған қызметімізде де ерекше орын алған. Ал осынау операция толығымен гуманитарлық сарында өткен. Оны ұйымдастыруға және сәтті өткізуге Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдары, көптеген шет мемлекеттер және халықаралық ұйымдар атсалысқан.
– Қазақстандықтарды, әсіресе Елбасы кеше айтып өткендей, жас балаларды елге қайтару жұмыстары жалғасын табады. Біз бұл мақсат бойынша шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Рахымбердиевтің айтуынша, «Жусан» операциясы бірнеше ай бойы жүргізіліп, оны ұйымдастыруда талай қиындықтар кезіккен. Осы орайда, елге қайтарылған азаматтардан қандай да бір қауіп бар ма деген сауалдың туындайтыны да заңдылық. Жалпы, «Жусан» операциясы аясында елге 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала қайтарылған еді.
– Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деді Б.Рахымбердиев.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілінің айтуынша, бұған дейін шетелдегі қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтардың тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаларын алған. Бірақ бұл жолғы міндет те, ұстаным да – өзге. Өйткені басты мақсат елге балаларды қайтару болған.
Б.Рахымбердиев, сондай-ақ Сирияда әлі де еліміздің 370-380-ге тарта азаматы қалғандығын және олардың үштен екісі әйелдер екендігін, сонымен қатар олармен бірге қосақтасып 400-500 баланың жүргендігін айтты.
Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткен. Ал Қазақстанға оралған балалардың әкелері түгелге дерлік соғыс жағдайында опат болған.
ҰҚК өкілі Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына кеткендердің көпшілігі интернет арқылы шетелдік «ғұламалардың» арбауына түсіп қалғандығын айтады.
– Онда мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысып жатыр. Яғни, әртүрлі топтар бір-бірімен қырылысуда. Ол жаққа бір барғаннан кейін қайта шығу мүмкін емес десе де болады. Өйткені ондай әрекет байқалған жағдайда адамдар өлім жазасына дейін жазаланады. Біздің азаматтардың қашпақ болғаны үшін өлім жазасына кесілгені туралы мәліметтер бар, – дейді Бақытбек Рахымбердиев.
Алайда соңғы екі жылда ел аумағынан Сирия бағытына қарай бірде бір адам шықпаған. Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингке Қарағанды облысының Сәтбаев қаласынан арнайы келген Ботагөз Махатова да қатысты. Қос жанарынан жас парлаған бұл әйелдің ұлы осыдан екі жыл бұрын Сирияда мерт болған. Қазір Шам шаһарының маңында келіні мен үш немересі қалып қойған.
– Қазақстанда 120 ана өзінің балалары сол жақта жүргенін айтты. 10 ананың балалары мен туыстары қазір Сириядан келді. Менің келінім әлі сонда. Көптеген азаматтар қазір ол жақта қоршауда қалып отыр. Бүгінгі таңда олар сол қоршаудан шыға алмауда. Бізге олардың сол қоршаудан шыққаны хабарланғанымен, жетуі тиіс жерге дейін жете алмай жатқаны айтылуда. Олар сол жерге жаяу келе жатқан көрінеді. Қақтығыс орын алып жатқандықтан, олар еркін шыға алмай жатыр. Себебі аумақтардың көбінде миналар қойылған, – дейді Б.Махатова.
Осы орайда, Алматы қаласына сауда жасау мақсатымен аттанып, Сириядан табылған ұлының діни сауаты төмен болғандықтан, арбауға түсіп қалғандығын айтқан Ботагөз Махатова бала тәрбиесіне мұқият болу керектігін айтып зар илеуде.
Ұлының тірі кезінде скайп желісі арқылы байланысқа шыққан Ботагөз Махатова: «Ұлым менен кешірім сұраумен болды. Өзі де жағдайдың сол арнаға бұрылатынын білмеген ғой. Баламды еске алған сайын көзімнен жас, көңілімнен зар төгіледі. Әрине туғандарын сол жақтан күтіп отырғандармен ұлымды да күтер едім... Алайда ол енді қайтып келмейді. Қазір келінім мен немерелерімді ғана тосып отырмын», дейді.
Күні кеше «Жусан» операциясының аясында елге оралған әйелдердің бірі еліміздегі бейбітшіліктің, мамыражай тіршіліктің қадірін уақытында түсінбегендігін, алайда Қазақстан билігі шетелдегі соғыс аймағында қалған азаматтарын құтқарғандығына ризашылығын білдірген еді. Іс жүзінде қиындыққа душар болған азаматтарға қолдау көрсету – Елбасы бастамасымен қалыптасқан сыртқы саясаттағы басымдықтарымыздың бірі. Демек, мұндай жұмыстар жалғаса бермек.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»