Аймақтар • 11 Қаңтар, 2019

Бәйдібектіктерге көгілдір отын неге берілмеген?

410 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Бәйдібек ауданына былтыр 1 қаңтарда газ келді. Алайда, осы күнге дейін тұрғындарға газ берілмеген. Қазір ауылға барсақ, жұрт ренішін жасырмайды. «Уәде бересіңдер, бірақ орындалмайды» дейді. Газбен қамту жұмыстарына басында 1 млрд теңге жұмсалды. Оның қайтарымы болу керек. Қайтару үшін газды беру керек. Газды үйдің іргесіндегі «ШРП»-ға дейін апарған. Одан тұрғын үйге қосып беретіндер әртүрлі баға қояды. Бірі – 80 мың, енді бірі 100-120 мың теңге сұрайды».

Бәйдібектіктерге көгілдір отын неге берілмеген?

Түркістан облыстық мәс­ли­хатындағы «Нұр Отан» партия­сының депутаттық фракциясы жанындағы «Нұрлы жер» бағ­дарламасын іске асыруға Ұлт­тық қордан және бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын бақы­лау жөніндегі комиссияның оты­рысында депутат Шәріпбек Жамалбек осылай дейді.

Көгілдір отынсыз отырған аудан тұрғындарының жай-кү­йіне алаңдаушылық білдірген Ш.Жамалбек өңірдегі комму­налдық қызмет саласында орын алған кемшіліктерді де көтеріп, тұрғындар шағымын об­лыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Мар­ғұлан Марайымға жеткізді. Сондай-ақ депутат коммуналдық қызмет және оның бағасына қатысты көптеген мәселе Елбасы айтпаса шешімін таппай тұра беретінін айтып, халық игілігі үшін жұмыс істеуге келгенде білек сыбанудың орнына енжар­лық танытатын шенділерге өкпесін жасырмады.

Комиссия отырысында 2018 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына жауапты басқарма басшыларының есебі тыңдалды. Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасының «сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы» бағыты аясында Түлкібас ауданында 7 және Кентау қаласында 7 тұрғын үйдің құрылысы жүргі­зілуде. Ал Түркістан қала­сын­да 12 тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ бағдарламаның бір­қатар бағыты бойынша бас­талған жұмыстар белгіленген мерзімінде аяқталған. Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл облыста «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін 7 млрд теңге қаралып отыр. Депутаттар мем­лекеттік бағдарлама аясында ұсынылған пәтерлер бағасы ауылд­ықтар үшін тіпті қымбатқа түсетінін айтты. Бұл орайда басқарма басшысы «мер­дігерлер қазір тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасын 180 мың теңгеден 140 мың теңгеге түсіріп жатыр. Тағы мүмкіндіктер болса қарастырамыз» деген уәж айтты. Құрылыс саласындағылардың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта облыста көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтереді. Яғни мамандар осылайша елді мекендерде коммуналдық проблемалардың алдын алмақ.

Айта кетелік, Түркістан облысында биыл 4377 пәтер пай­далануға беріледі. Облыста 28 мыңнан аса тұрғын пәтер ке­зегінде тұрғанын ескерсек, биыл ел игілігіне тапсырылатын 4377 пәтерді көп деуге де болмас. Дегенмен, құрылыс саласында қарқын бәсеңдеген жоқ. Мы­салы, облыста тұрғын үйлер құры­лысына ағымдағы жылы рес­публикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге, ал облыстық бюджеттен 7,3 млрд теңге қарастырылып, 63 көпқабатты арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Биыл осы үйлердің 47-сін  пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы бойынша өткен жылдың басында 13 аудан, қала әкімдіктеріне 31 екіқабатты тұрғын үй салуға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған болатын. Бүгінгі таңда 12 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған, ал 190 пәтерлі 19 үй биыл бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілмек.

Ал «7-20-25» бағдарламасы аясында Түркістан қаласында «Түркістан» ӘКК АҚ және же­ке салушы арқылы құрылысы өткен жылы басталған 6 көп­қабатты тұрғын үйді биыл 3-тоқ­санда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Түркістан қаласының Отырар шағын ауда­нында «Түркіс­тан – жаңа қала» тұрғын үй кешен­деріндегі аумағы 38 гектар жер телімінде 88 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, ағымдағы жылы оның 44-і, яғни 1362 пәтер «7-20-25» бағдарламасы арқылы берілетін болады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»