Сонымен қатар елімізде түрлі деңгейдегі азаматтардың да «жамбаспұл төлеп, жатақта жүргені» белгілі. Осы орайда әрбір азаматтың баспаналы болуына мүмкіндік ретінде Елбасы «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарламаның көптің көкейіне үміт ұялатып, олардың болашаққа деген сенімін нықтай түскені анық.
Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысында да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Әсіресе халықты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде тұрғын үймен қамту да айтарлықтай жүзеге асуда. Ұлттық банктің Жамбыл облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгиннің айтуынша, «7-20-25» әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беретін ипотекалық бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған алты ай ішінде өңірдегі банктерде жалпы сомасы 721 миллион теңгені құрайтын несие қаражаты бойынша 80-нен астам өтінім қабылданған екен. Оның ішінде 400 миллион теңге көлеміндегі 45 өтінім мақұлданып, 35 азаматқа 300 миллион теңге несие беріліпті.
Соңғы жылдары Тараз қаласының сәулетін келтіріп, көркін арттырған нысандар арасында «Арай» және 15-шағын ауданы бар. Осы уақытқа дейін шаһар төсінен бой көтерген жаңа тұрғын үйлерден мыңдаған әулиеаталықтың пәтер алып, қоныс тойын тойлағаны есте. Енді алдағы уақытта облыс орталығынан 14-шағын ауданы бой көтереді деп күтілуде. Ал бүгінгі таңда жергілікті әкімдік пен Ұлттық банк филиалының бірлесуі нәтижесінде «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде оның талаптарын түсіндіру, өңірдегі баспана нарығының бастапқы нысандары туралы ақпарат беру сияқты бірқатар жұмыс атқарылып отыр. Осы орайда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ғимаратының бірінші қабатынан «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру бойынша ақпараттық орталық ашылғанын айта кету керек. Енді бұл жерден банк-серіктестерден бағдарлама шеңберінде тұрғын үй алу бойынша толық кеңес алуға болады. Сонымен қатар аталған орталықта облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының өкілдері де «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Арай» шағын ауданынан бой көтерген тұрғын үйлердің өткерілуі жұмыстарымен айналысуда.
«Бүгінде аталған шағын ауданда сатылуға ұсынылған 100 пәтердің ішінен біреуін таңдап алуға ниеттілердің саны шамамен 53 бірлікті немесе 50 пайызды құрап отыр. Олардың 25 пайызы бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан әлеуетті қарызгерлердің төлем қабілеттілігін бағалау және тексеру үшін банк-серіктестіктерге жолдама берілді», дейді филиал директоры.
Жамбыл өңірінде бағаның жоғарғы шегі 25 миллион теңге. Бұл ретте Евгений Шарыгин «БанкЦентрКредит», «АТФ Банк», «Халық Банкі», «Цесна банк», «Еуразиялық банк» және «Форте банк» филиалдарының белсенді әрі тұрақты түрде жұмыс атқарып отырғанын айтты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы