Қазақтар қалай көбейеді?
Жексенбі, 9 желтоқсан 2012 14:33
Кеңес Одағының ыдырауы мен жаңа құрылған тәуелсіз мемлекеттердің нарықтық қатынасқа ауысқан өтпелі кезеңі күрделі демографиялық өзгерістер мен көші-қон толқындарын туғызды. Бұл жағдайды егемен еліміз – Қазақстан Республикасы да бастан кешіруге мәжбүр болды. Өтпелі кезеңдегі демографиялық процестердің негізгі ерекшелігі – халықтардың жалпы саны азаюы, өлім-жітімнің көбеюі, бала туудың кемуі, осының салдарынан табиғи өсімнің құлдырауы.
Жексенбі, 9 желтоқсан 2012 14:33
Кеңес Одағының ыдырауы мен жаңа құрылған тәуелсіз мемлекеттердің нарықтық қатынасқа ауысқан өтпелі кезеңі күрделі демографиялық өзгерістер мен көші-қон толқындарын туғызды. Бұл жағдайды егемен еліміз – Қазақстан Республикасы да бастан кешіруге мәжбүр болды. Өтпелі кезеңдегі демографиялық процестердің негізгі ерекшелігі – халықтардың жалпы саны азаюы, өлім-жітімнің көбеюі, бала туудың кемуі, осының салдарынан табиғи өсімнің құлдырауы. Мұндай белең алған теріс бағыттарға қоса, республикадан алыс және жақын жерлерге бағыт алған көші-қон толқындарының кең өрістеуі де халық санын күрт төмендетіп жіберді. Қазақстан халқы Ресейге бодан болғаннан бастап, Кеңес заманында да негізінен сырттан келген келімсектер көші-қоны нәтижесінде өсіп, 1897 жылғы 4.147.7 мыңнан 1989 жылы 16.464.4 мыңға жетіп, осы 92 жыл ішінде 4 есеге жуық көбейгенін айта кеткен жөн. Елімізге көшіп келушілерден гөрі көшіп кетушілердің басым бола бастауы 1970 жылдардан басталғанымен, республика халқының саны табиғи өсім (қазақ, өзбек, ұйғыр және т.б. тұрақты тұрғындар есебінен) нәтижесінде 1980 жылдардың аяғына дейін өсе түсті. Осы жылдар арасында 1.675.5 мыңға, яғни 12,9% көбейген-ді. 1989 жылы халық санағы бойынша республикада қазақтар – 39,7%, орыстар – 37,8%, украиндар – 5,4%, белорустар – 1,1%, немістер – 5,8%, татарлар – 2,0%, өзбектер –2,7%, ұйғырлар – 1,1%, кәрістер – 0,6%, әзірбайжандар –0,6%, басқа ұлт өкілдері –3,8% еді.
Егемендіктің алғашқы жылдары кезінде үрдіс алған демографиялық дағдарыстың ең ауыр салдары – Қазақстан халқы 1989-1999 жылдар аралығында 1,5 млн.-нан астам адамға, яғни 8,2% азайды. Халық саны азаюы 2002 жылға дейін созылып, 2003 жылдан бастап аз да болса өсе бастады. 2005 жылдың басында 15 млн.-нан асты. Бұл жағдайдың негізгі себебі тек 1991-1999 жылдарды сыртқа кеткен көші-қон нәтижесінде республика халқы 1 млн. 54 мыңнан астам адамға кеміді.
Сыртқа кеткендердің басым көпшілігі өз тарихи отандарына қайта оралғандар еді, олардың ішінде тек 1993-1998 жылдары – 1 млн.-нан астам астам шығыс славяндар (орыс, украин, беларусь), 400 мыңға жуық немістер болды:
Бұл көші-қон толқындары Қазақстан халқының ұлттық құрамына күшті әсер етіп, олардың үлестік ара салмағын күрделі түрде өзгертіп жіберді. Қазақтар 1939 жылдан кейін өз Отанында көпшілікке айналып, 1999 жылы 53,4 пайызға жетті, бұрын басым болған орыстардың үлесі 30,0%-ға тоқтап, төмендей түсті. 2005 жылдың басында Қазақстан халқының саны 15 млн.-нан асып, ұлттық құрамы төмендегідей болды: қазақтар саны-8,725,206 адамға жетіп, үлесі 57,9 %-ға көтерілді, ал орыстар – 4,024,357 – 26,7%, украиндар – 458993 – 3,0%, өзбектер – 419529 – 2,8%, немістер – 228123 – 1,5%, татарлар – 231236 – 1,5%, ұйғырлар – 226513 – 1,5%, кәрістер – 100982 – 0,7%, белорустар – 94214 – 0,6%, әзірбайжандар – 86138 – 0,57%, түріктер – 84035 – 0,55%, басқалар – 395441 – 2,6%.
Осы жерде республикаға өз атын берген қазақ ұлтының кейбір демографиялық қасиеттерін айта кеткен жөн болар. Атырау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан басқа республика жерінде жалпы халық саны негізінен кеміген болса, қазақтар қатары барлық облыстарда өсумен болды. 1989-2005 жылдары қазақтар саны 2 млн. 228,3 мыңға, яғни 34,2% өсті. Қазақтар Батыс және Оңтүстік аймақтарда едәуір басым болды. 1999 жылы Қызылорда облысында – 94,2%, Атырау облысында – 89,0%, Маңғыстау облысында – 78,7%, Ақтөбе облысында – 70,7%, Оңтүстік Қазақстан облысында – 67,6%, Батыс Қазақстан облысында – 64,7% болды. Ал Солтүстік және Орталық Қазақстанда қазақтар әлі де аз-тын. Олар халықтың үштен бірінен төмен, не аз ғана жоғары еді. Солтүстік Қазақстан облысында – 29,5%, Қостанайда – 31,1%, Ақмолада –37,4%, Қарағандыда – 37,6%, Павлодарда – 38,2%, Шығыс Қазақстанда (бұрынғы Семей облысын қосқанда) қазақтар халықтың жартысына да жетпеді – 48,5% болды. Дегенмен, кейінгі жылдары барлық облыстарда дерлік қазақтар саны мен үлесі өсе түскені байқалады.
Қазақтар орыс, украин, неміс және басқа еуропалық ұлт өкілдеріне қарағанда табиғи өсімі жоғары саналғанмен, 1990 жылдары олардың арасында 3 және одан көп балалы болу азая түсті. Тіпті бұл жағдай көп балалылық тән Оңтүстік Қазақстан аймағында да байқалуда. Қазақтардың табиғи өсімі төмендеуі нарықтық қатынасқа, ауылдың қиыншылықтарына, қымбатшылық пен жұмыссыздықтың өрістеуіне, әсіресе қазақтар басым орналасқан ауыл-селоның жағдайының күрт нашарлауына және басқа өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарына байланысты еді. Осының салдарынан адам мүмкіндігінің дамуы индексі (қалыптасқан халықаралық есептеу әдістеріне сай) бойынша (бұған өмір ұзақтығы болжамы, жан басына шаққан нақтылы табыс мөлшері мен білім алу мүмкіндігі де жатады) Қазақстан 1993 жылы дүниежүзінің 175 мемлекеті ішінде 54 орынға ие болса, 1997 жылы 93 орынға төмендеді. Республика халқы ішінде әйелдер үлесі еркектерден басым дегенімізбен, қазақтар арасында еркектер көп болып отыр. Сонымен қатар республика халқы көбіне қартая түссе, қазақтардың басым көпшілігі жастар мен балалар екені байқалуда. Қазақтардың арифметикалық орта жасы бар болғаны 25 жас, ал некеге тұру мен бала тууға байланысты орта жас – 21. Бұл кезеңде ауылдағы жұмыссыздықтан қазақтардың қалаға бет бұрғаны айқын көрінгенімен, олардың әлі де жартысынан көбі (2004 ж. – 51,8%) ауылдық жерде қоныс тепкен. Дегенмен қала тұрғандары арасында қазақтар үлесі 1989 жылы 27,1%-дан 1999 жылы 43,1%-ға, ал 2004 жылы – 48,2% жеткенін басып айту қажет.
Қазақстанда адамдарының өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жас болса, 1998 жылы – 64,4 жасқа түсіп, 2003 жылы – 65,8 жасқа жетті. Бұл жағынан Қазақстан жеті ТМД елдері арасында Ресейден жоғары – алтыншы орынға ие болған-ды. Басым көпшілігі ауылдық жерде тұратын қазақтардың өмір сүру ұзақтығы орыстардан кем, бұған Арал, Семей және басқа экологиялық апат аймақтарының зардаптарын қоссақ, қазақтардың өмір сүру ұзақтығына тигізетін теріс әсерлердің көбейе түскенін түсінуге болады. Салыстыру үшін шетелдердегі орташа өмір сүру көрсеткішіне назар аударсақ та болады. Ол Жапонияда – 76,1, Испанияда – 75,7, Гонконг пен Израильде – 75,1, Австралияда – 75, Швецияда – 74,8, Грецияда – 74,6, Ұлы Британияда – 74,6 жас.
Білім деңгейінде де қазақтар өз Отанында алдыңғы қатарда тұрған жоқ. Мысалы, 1999 жылғы санақ бойынша республикадағы 44 ұлт өкілі ішінде қазақтар жоғары білім бойынша 8 орында, аяқталмаған жоғары білім бойынша – 10 орында, арнайы орта білім бойынша – 27 орында, ал орта білім бойынша – 11 орында, бастауыш білім бойынша – 34 орында болды.
Қазақтардың жалпы саны мен үлесінің өсуі (1989 жылдан – 2005 жылға – 2 млн. 190,6 мыңға, яғни 18,2%) біріншіден, табиғи өсімінің басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда жоғарылау болуына, екіншіден, республиканың егемендік алуымен басталған шетелдегі қазақтардың өз тарихи Отанына қайту көші-қонына тығыз байланысты еді. Жалпы шетелдегі қазақтар проблемасы әсіресе олардың саны мен әлеуметтік құрамы, білім деңгейі, ұлттық тілді, мұсылман дінін, дәстүрлі мәдениет пен тұрмыс жағдайын сақтау және басқа мәселелер осы күнге дейін тарихи демографиямыздың аз зерттелген және ерекше көңіл бөлуді қажет ететін саласы болып отыр.
Шетелдердегі қазақтар проблемасы Кеңес Одағында, оның ішінде Қазақстанда көпке дейін тыйым салынған жағдайда зерттелмей келді. Бұл мәселелерді 1970-1980 жылдары Халифа Алтай, Хасен Оралтай, Қызырбек Ғаритұлы және т.б. сол шетелдердегі қазақтар өкілдері өз естелік шығармаларында баяндаса, батыс ғалымдары одан да ертерек, 1950 жылдардан бастап, тереңірек зерттеуге кіріскен-ді. Олардың ішінде қазақтардың 1930-1950 жылдарғы Шыңжаңнан Үндістан мен Пәкстанға көші-қоны, сонан кейін дүние жүзінің басқа мемлекеттеріне ыдырап, тарап кетуі туралы жазылған Годфри Лиастың, Милтон Дж.Кларктың, Линда Бенсон мен Ингвор Сванбергтің және басқа оқымыстылардың еңбектерін атап айту керек. Кеңес тарихнамасында бұл проблемаға Г.В.Астафьевтің (“Шыңжаң қазақтары”, М.,1971), Н.Н.Міңғұловтың (Шыңжаң халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы (1944-1949 жж.) туралы мақаласы, 1962), С.И.Брук, Г.И.Сердюченко, В.А.Моисеев еңбектерінде, К.Л.Сыроежкиннің Қытайдағы қазақтар туралы монографиясында (1994 ж.) едәуір көңіл бөлініп, алғашқы нәтижелерге қол жете бастады. 1997 жылы Сорос қоры “Қазақ диаспорасы” атты еңбек жариялап, онда жоғарыда көрсетілген Линда Бенсон мен Ингвар Сванбергтің “Қытай қазақтары” және Ингвар Сванбергтің “Қазақ босқындары Түркияда” атты еңбектерін ағылшын тілінен орысшаға аударып шығарды. Бұл еңбекке К.Л.Есмағамбетов “Қазақтар туралы шетел диаспоралогиясы” деген тарихнамалық шолу жасады.
1997 жылы Алматыдағы “Ғылым” баспасынан Г.М.Меңдіқұлованың “Қазақ диаспорасының тарихи тағдыры. Пайда болуы мен дамуы” атты көлемді монографиясы жарық көрді. Ғалым арнайы әдебиетпен қатар шетелдердегі қазақ диаспора өкілдерімен және осы проблемамен айналысқан оқымыстылармен араласып, өте құнды еңбек дайындаған. Шетелдердегі қазақтар жөнінде басқа да ғалымдар өз зерттеулерін жүргізуде. Соның ішінде белгілі дипломат, оқымысты Сайлау Батыршаұлының еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Әсіресе ғалымның “Қазақ диаспорасы: қазіргі жағдайы мен болашағы” деген 2004 жылы жарияланған көлемді мақаласы бұл проблема жөнінде көп мағлұмат берумен қатар, жаңа көзқарастарды қалыптастыруға жол ашады.
Ақын айтқандай, “мың өліп, мың тірілген қазақ” халқы басынан талай демографиялық апаттарды өткізді. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, көрші, әсіресе Жоңғария Қытай, Ресей, Қоқан, Хорезм мемлекеттерінің шабуылына ұшырап, көптеген территориясынан айрылып қалды. Бұл жерлерді атамекен еткен қазақтар, өз қауымдастығын, тілін, дінін, ділін сақтап қалу үшін күресе берді. Соның нәтижесінде Қазақстанмен шектес орналасқан Ресей, Қытай және Өзбекстанда қалып қойған қазақтар өз тарихи отанына қайта қосылу үмітін үзбей келеді. 1924 жылғы Орта Азия республикаларында жүргізілген аумақтық қайта бөлісте Қазақстан біраз жерінен қол үзіп қалса, кейінірек Өзбекстанға Бостандық ауданы, Мырзашөл алқабындағы жерлер берілді. Д.А.Қонаевтың арқасында Киров, Жетісай, Мақтаарал аудандары Қазақстанға қайтарылғанымен, негізінен қазақтардың атамекенінде 300 мың халқы бар жаңа құрылған 3 аудан мен 5 мал кеңшары (Шымқорған, Тимирязев, Қызылқұм, Арнасай, Амангелді) Өзбекстанда қалып қойды. Сөйтіп, қазақ-жоңғар соғысында, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Кеңес заманындағы 1918-1920 жылғы азамат соғысы, 1921, 1931-1933 жылдарғы ашаршылық, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұтқындалу және т.б. қайғылы-қасіретті оқиғалар салдарынан көп қазақ өз Отанынан ауа көшіп, шетелдерге кеткені рас.
Осы жерде шетелдердегі қазақтардың бәрін “диаспора” деп атүсті айта салудың өзі қай жағынан болсын (ғылыми, заң жүзінде және т.б.) дұрыс болмайтынын ескерген жөн. Себебі, “диаспора” деген сөз ұлттың өз Отанынан басқа елге шашырап кеткен топтарын білдіреді. Өз атамекенінде қалып қойған Ресей, Өзбекстан мен Қытайдағы қазақтарды “ирридент” деп атау (Г.М.Меңдіқұлова) жөн болар деген пікір де бар. Дегенмен бұл термин ғалымдар арасында әлі қабылдана қойған жоқ, себебі, “ирридент” деп бөтен елдің аумағында, алайда өз атамекенінде тұратындар деген ұғымды емес, басқа мемлекеттің аумағында қалып қойғанымен, сол жерді бөліп алып, өзінің тарихи отанына қосу үшін күшпен, қарулы күрес жүргізген (кезінде Италияда пайда болған) саяси топты атаған екен. Сондықтан, бұл термин демографиядан гөрі, саясаттану ғылымына жақынырақ көрінеді.
Шетелдердегі қазақтар саны да едәуір пікірталас тудырып келеді. Зерттеуші Г.М.Меңдіқұлова 1997 жылы жарияланған еңбегінде бұрынғы Кеңес Одағының 14 мемлекетінде және дүние жүзінің 25 елінде 4,5 млн. қазақ өмір сүреді, деген мәлімет бергенімен, оның негізі болған деректерді көрсетпеген. Ал 2000 жылы жарияланған М.Х.Асылбеков пен В.В.Козинаның “Қазақтар” деген еңбегінде шетелдердегі қандастарымыздың саны 3.211.208 адам деп көрсетілген. Бұл мәлімет ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаменті басқармасының бастығы Б.Ж.Сейітбатталовтың 2000 жылғы 20 сәуірдегі “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған мақаласына сүйеніп берілген. Сайлау Батыршаұлы жоғарыда көрсетілген мақаласында 2004 жылдың басында шетелдердегі қазақтар саны 5,2 млн. адамнан асып түседі, – деген болжам айтады. Осы пікір шындыққа жақынырақ, – деп санаймыз. Себебі қазақтардың Дүниежүзілік қауымдастығы жинаған мәліметтер бойынша 40 шетелдегі қазақтардың саны 5 млн. 600 мыңнан астам, деп көрсетілген. Оның ішінде, жақын шетелдерде – 3 млн. 137 мың; алыс шетелдерде 2 млн. 529 мың 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер Қытай – 2.260 мың; Өзбекстан – 1.750 мың; Ресей – 1.100 мың; Моңғолия – 150 мың; Түркіменстан – 150 мың; Қырғызстан – 95 мың; Ауғанстан – 30 мың; Түркия – 15 мың; АҚШ – 14 мың; Тәжікстан – 10 мың; Иран – 10 мың; Германия – 9 мың және т.с.с.
2000-2005 жылдар аралығында шетелдердегі қазақтардың саны 3,2 млн.-нан 5,6 млн.-ға дейін өсуін екі себеппен түсіндіруге болар еді. Біріншіден, алғашқы көрсетілген мәлімет толық болмай, 1,5 – 2 млн.-дай қазақ есептен тыс қалып қоюы мүмкін. Екіншіден, осы 5-6 жыл ішінде едәуір табиғи өсім нәтижесінде қазақтар саны тез өскен де шығар деп ойлаймыз.
Қазақтар көбірек орналасқан мемлекеттердегі олардың жағдайы туралы бірер сөз айта кеткен жөн. Қытайдағы қазақтар Іле-Қазақ автономдық облысында, Шыңжаң аймағының уездерінде (Мори-Қазақ, Баркөл-Қазақ), Ганьсу провинциясының қазақ автоном уезінде және аз тобы Пекинде тұрады. Өзбекстанда қазақтар негізінен Қарақалпақстанда, Бұхара, Жизақ, Сырдария, Ташкент және Науаи облыстары мен Ташкент қаласында орналасқан. Ресейдегі қазақтар Қазақстанмен шекаралас Орынбор, Самара, Астрахань, Саратов, Қорған, Челябі, Түмен, Волгоград, Новосібір облыстарында, Алтай өлкесі мен Алтай республикасында тұрады; Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Татарстан мен Қалмақ республикаларында да біраз қазақ бар. Моңғолиядағы қазақтар Баян-Өлгей, Хобда аймақтарында, Ұлан-Батор мен оның төңірегінде, Эрденет, Дархан, Бэрх және Шарыгол сияқты өнеркәсіп орталықтарын мекендейді. Қазақтар Түркіменстанның Дашогуз, Балкан, Мары және Лебап облыстарында орналасқан. Түркиядағы қазақтар Мәрмар және Эгей теңіздері жағалауындағы жерлерде, Ыстамбұл, Анкара, Измир қалаларында тұрады. Бұлар Қытай, Ауғанстан мен Ираннан келген босқындар. Ирандағы қазақтар Гүлстан провинциясын мекендейді, олардың көбі 1920-1930 жылдарғы қуғын-сүргіннен қашқан Маңғыстау облысының тұрғындары.
Енді шетелдердегі қазақтардың өз Отанына қайтуды армандаған көші-қонына тоқталайық. Елге қайтуы тек егеменділік жағдайында ғана басталды, десек, біз қателесеміз. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Жетісудан босқын болған 300 мыңдай қазақ-қырғыз Қытай өтіп кеткен-ді. Кейін патша өкіметі құлап, Ақпан революциясы жеңіске жеткен соң, көбі қайтуға ұмтылды да, көптеген қиыншылықтарды бастан кешірген олардың кері көші-қоны Қазан революциясынан соң да, Кеңес өкіметі орнаған кезде де жалғасты. 1931-1933 жылғы күштеп ұжымдастыру, жаппай ашаршылық жағдайында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға ауа көшкен қазақтарды қайтару жөнінде де қыруар еңбек етілді. Бірақ, Иран, Қытай және басқа шетелдерге кеткен босқын қазақтар сонда қалып қойып, кейін жан-жаққа ыдырап, тарап кеткені де болды.
1950 жылдардағы КСРО-ның саяси өміріндегі алғашқы әділетті өзгерістер тұсында шет елдерден бауырларымыздың бір бөлігі ерікті және мәжбүрлі түрде Отанына қайта бастады. 1955 – 1962 жылдары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен т.б. аудандарынан қазақ, ұйғыр, дүнген, орыстардың қайта оралып, олардың негізінен Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарына тұрақтануы байқалды. Қытайдан қоныс аударушылар ішінде ресми құжаттарда шартты түрде “кеңес азаматтары” деп атаған контингент болды. Олардың бұлай аталу сыры 1945 жылы қаңтарда Шығыс Түркістан ислам жұмхұрияты құрылған соң, Үрімші, Құлжа, Шәуешек, Алтай және Қашқардағы кеңес консулдықтарының жанынан құрылған “Кеңес мұғаджарлар қоғамының” өкілдері мен олардың сенімді адамдары (агенттері) Кеңес Одағына қайтамын деген адамдарға КСРО-ның паспортын үлестірген. Олардың арасында 1916-1933 жылдары Қазақстаннан босқан қазақ, ұйғыр, дүнген, өзбек, орыс және т.б. ұлт өкілдері болды. Осы жылдардың шекарадан өткендігі туралы белгісі бар-жоқтығына қарамастан, тууы туралы куәлігін алып кеткендерді сол негізде, ал, құжаты жоқтарды тілегі бойынша “кеңес азаматы” деген тізімге тіркеді. Сонымен бірге, КСРО-дан бармағанымен кеңестік Қазақстанға кетемін деушілерге де мөрі басылған Кеңес Одағы азаматының паспортын берген. Тіпті, паспорттарды қоржынға салып жүріп, кез-келген жерде үгітке ерген адамдарға үлестіріп, “кеңес азаматы” ретінде тізімге алған оқиғалар да кездескен. Осылайша, Қытай жерінде “кеңес азаматтары” деген контингент пайда болды. 1954 жылы КСРО мен Қытай арасында жасалынған 10 жылдық келісім-шарт “кеңес азаматтарының” КСРО-ға қайтуына жол ашты. Олар заңды түрде 1955 жылы Қазақстанға жаппай өте бастады.
Қытайдан келген “кеңес азаматтары” Қорғас стансасынан Сарыөзекке жіберіліп, одан ары қарай Іле, Аягөз және Отпор стансалары жанынан құрылған 3 қабылдау-бөлу пункттері арқылы қабылданды. Әрбір қабылдау- бөлу пунктін ауыл шаруашылығы, кеңшар және құрылыс пен көлік министрліктерінің одақтық және республикалық көлемдегі өкілдері басқарды. Оларға көмекші ретінде әрбір облыс пен аудандардан есептеушілер мен техникалық қызметкерлер бөлінді. Қабылдау арнайы жоспар мен кесте бойынша жүргізілді. Барлық пункттерде сауда орындары, дәрігерлік және мәдени қызмет көрсету ұйымдастырылды. Көшіп келген “кеңес азаматтарына” көмек ретінде отбасы басшысына 3000 сом, мүшелеріне 600 сомнан қайтарылмайтын көмек ақша берілді. Әрбір отбасы мемлекеттік банкіден жеке үй құрылысы үшін 15 мыңға дейін, мал сатып алу үшін 3 мың сом көлемінде несие алуға құқылы болды.
Сонымен, 1955 жылы Қазақстан кеңшарларына 240 отбасы (39467 адам, соның ішіндегі еңбекке жарамдысы 13508 адам) көшіп келді. Сондай-ақ, ұжымшарларға қоныс аударған “кеңес азаматтары” саны 2529 отбасы (16016 адам, оның 8407-сі еңбекке жарамды, 1261 – еңбекке жарамсыздар мен қарт кісілер, 8 жасқа дейінгі балалар 3835 адам, 8 жас пен 16 аралығындағы балалар 2515 адам) болды. Қытайдан келген “кеңес азаматтары” негізінен, жұмыс қолы жеткіліксіз және мал шаруашылығымен айналысатын Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының ұжымшар, кеңшарларына жіберілді. Сол сияқты, құрылыс пен көлік салалары бойынша да орналасты.
Қоныс аударушыларды қабылдаған шаруашылық басшылары жылы қабақ танытып, оларды жұмыс орындарымен, қолайлы баспанамен қамтамасыз етуге тырысып бақты. Мүмкіндігі барлары жаңа үй берсе, жоқтары ескі үйлерді жөндеуге немесе жаңадан үй салуға қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге көмектесті. Әр шаруашылық келісілген шарт бойынша, тиесілі малын, ақшалай көмегін беріп, өзінің экономикалық күш-қуатына қарай отын-су, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырысты.
Бірқатар мұрағат құжаттарында 1954-1959 жылдары, Қытайдан келген немесе келетін “кеңес азаматтары” жайлы толық емес деректер кездеседі. Алайда, жалпы саны көрсетілмеген. Барлығы 1955 жылдары Қытайдан 250 мыңнан аса адам келді деп жобалаймыз. 1955 жылы Қазақстан халқының саны 8 млн. 421 мың адам деп есептелді. Сонда 1955 жылы Қытайдан келген “кеңес азаматтары” республикадағы халықтың 2,8 %-ын құрады деген сөз. Яғни, Қытайдан келген “кеңес азаматтарының” республика халқының құрамының өзгерістеріне тигізген әсері болды.
1958 – 1962 жылдарғы “ұлы секіріс” кезінде Қытайдан қайтқандар саны көп болды. Тек, 1962-1963 жылдары Қазақстанға 24202 отбасы, яғни 118926 адам көшіп келді. Олардың басым көпшілігі Семей (38993 адам), Алматы (38604), Оңтүстік Қазақстан (15209), Қарағанды (9842), Жамбыл (7657) облыстарында орналасты. Ондағы “мәдени революция” жылдары (1966–1969 жылдары) Шыңжаң өлкесінде мешіттер мен ұлттық мектептер қиратылып, мұсылман дегендерді қудалау күшейген кезде де бұл көші-қон тыйылған жоқ. Ал, 1969-1980 жылдары Қытайдан 300 мыңнан аса адам Қазақстанға қайта оралды.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1962 жылғы 24 мамырдағы күнгі қаулысы негізінде әрбір адамға 40 сом мөлшерінде қайтарымсыз көмек, 1 сомнан тәулік ақы және азық-түлік, өнеркәсіп тауарларымен көмек көрсетілді. 1963 жылғы 18 қаңтарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің “ҚХР-дан келген азаматтарға тұрғын үй және тұрмыстық жағдайын жақсарту туралы” арнайы қаулысында облыстардағы кеңшар директорларына бірінші рет үймен қамтамасыз ету тапсырылып, оларға сатуға 5400 т. ұн, 225 т. қант, жылы киімдер бөлінді.
Кеңес Одағы тарап, Қазақстан егемендік алған соң, шетел қазақтарының Отанына бағытталған көші-қонының ең күшті толқыны басталды. 1991 жылдан бастап Қазақстанға ТМД республикаларынан және алыс шетелдерден қазақтар көшіп келе бастады. 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта республикаға 137919 қандасымыз көшіп келді. Олардың басым көпшілігі (50,6%) таяу шетелден, негізінен Ресейден, Тәжікстаннан, Кавказ өңірінен келушілер болды. Алыс шетелден – Моңғолиядан, Ираннан, Түркиядан, Қытайдан, Ауғанстаннан келген иммигрант қазақтар – 49,4%.
1991-1993 жылдары Моңғолиядан келген оралмандар саны 60 мың адамға жетіп, кейінгі жылдары олардың легі біртіндеп бәсеңдеді. 1996 жылдан 1999 жылдары аралығында Моңғолиядан келген оралмандар 2259 адамды құрап, бұрынғымен салыстырғанда 25,1 есе аз болды. Осы жылдары олардың 623 адамы кері көшіп кетті. Жалпы 1989 жылдан 1999 жылдары аралығында республикаға Моңғолиядан 43057 оралман (21636 ер азамат және 21421 әйел) келіп қоныстанды. Олардың басым көпшілігі (76,8%) Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысындағы ауылды жерлерге орнықты.
Нарықтық экономикаға көшу жағдайында Қазақстанның бастан өткеріп жатқан қиыншылықтарына байланысты Моңғолиядан келуші қазақтардың саны қысқарды. Олардың жаңа жерге бейімделуіне шашыраңқы қоныстануы, сондай-ақ орыс тілді ортаға тап болуы қиындық тудыруда.
Ираннан келген қазақтар Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарына қоныстануды жөн көреді. Олар Қазақстанның қазіргі күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалына бейімділік танытуда. Мұндай жағдай Түркиядан келген қазақтарға да тән. 1989-1999 жылдары республикаға Ираннан 2968 қазақ, Түркиядан 1755 қазақ келіп қоныс тепті.
Қандастарымыздың өз атамекеніне оралуы заңды құбылыс. Бірақ оралмандарды елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімдеу өзекті мәселе күйінде қалуда. 90-жылдардың басында “Қайт, қазақ еліңе!” деген ұранның көтерілуі асығыс болғандығын мойындауымыз керек. Оралмандардың елде жеткілікті деңгейде қолдаушылық таппай, бірқатар қиындықтарды бастан кешкені көпшілікке аян. Сонымен қатар Қазақстанға келуге тілек білдірген қандастарымыздың саны артқанына қарамастан, 90-жылдардың аяғында оларға бөлінген квота көлемінің азая түскендігі көңілге кірбің келтірмей қойған жоқ. Өз тарихи отанына оралушылар үшін 1993 жылы 10 мың отбасына (50 мың адамға) квота бөлінсе, ол кейінгі жылдары қысқара түсіп, 1994 жылы 7 мың отбасына, 1995 жылы 5 мың отбасына, 1996 жылы 4 мың отбасына, 1997 және 1998 жылдары 3 мың отбасына, 1999 жылы 500 отбасына, 2000 жылы 600 отбасына ғана квота бөлінді. Кейінгі жылдары ғана квота көбейе түсті.
Сонымен, Қазақстандағы қазіргі демографиялық ахуал, және шетелдердегі қазақтар мен оралмандар мәселелеріне қорытынды жасай келгенде, қазақтар қалай көбейеді деген сұрақ туындайды. Ол заңды да, себебі ұланғайыр жері бар, ал халқының саны бар болғаны 15 млн. ғана Қазақстан мемлекетінің әрбір шаршы километріне 5,5 адамнан келіп, әлемдегі халық аз қоныстанған елдер қатарына жататыны үлкен ой және қатерлі күдік туғызады. Ұлттық қауіпсіздігімізді сақтап қалу және экономикамызды жаңа еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін, Елбасымыз 2015 жылға дейін республика халқы санын 20 млн.-ға жеткізу қажеттігін баса айтып келеді.
Міне, сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи-демографиялық ғылым айқындаған екі жолды, табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды оң пайдалану керек. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға, әсіресе жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына Үкімет тарапынан жан-жақты, нақтылы, тұрақты және жүйелі түрде қамқорлық, тікелей жәрдем ұйымдастырылуы қажет. Бұл жөнінде Кеңес заманындағы бай тәжірибені қайта жандандырып, кеңейтіп, байыта түсу, ол үшін мемлекеттік қор құрған да жөн. Ал сырттан келетін оң көші-қонға келсек, шетелдердегі қазақтарды елге қайтару үшін мұнан да күрделі шаралар іске асса жөн болар еді. Мүмкіндігінше квотаны шектемей, егер оны алып тастауға болмаса, қазақтар тұрған шет мемлекеттермен дипломатиялық жолмен көші-қон үрдістерін жеңілдетіп, тездету, ал көшіп келгендер үшін барлық жағдайды жасау да керек.
“Келісіп пішкен тон келте болмайды”, дегендей, Дүниежүзі қазақтарының дүйім жиналысы алдында ортаға салған кейбір пікір мен ұсыныстарымыз осы. Қазақ халқына тарих берген осындай мүмкіндіктерді толық және уақытында пайдаланып, елдің санын көбейтіп, қатарын нығайта түсіп, өркениетті қауымда өз орнымызды алғанымыз жөн-ақ.
Мәлік АСЫЛБЕК,
академик.
АЛМАТЫ.
28 қыркүйек 2005 жыл.