28 Қаңтар, 2019

Ұлттық музыканы дәріптеудегі жаңа бағыт

2010 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының жалғасы ретінде жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт мәдениетін жаңғырту бағытында көптеген тың идеялар ұсынды. Мақалада ұлттық музыкамызға жаңаша көзқарас пен тың серпіліс берер жобалар көп.

Ұлттық музыканы дәріптеудегі жаңа бағыт

«Egemen Qazaqstan» газетін­де жарияланған мақаланың «Дала фольклоры мен музыка­сының мың жылы» деген тарауында Мемлекет басшысы: «Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антология­сын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мың­жыл­дықтағы халық ауыз әде­биетінің таңдаулы үлгілері – ерте­гілері, аңыз-әфсаналары, қис­са­­лары мен эпостары жинақ­­талады» – деп атап өтті. Атал­мыш анто­ло­гияның жасалуы халқы­мыздың бай мәдени мұраларын жүйелеу ісінде зор қадам болары сөзсіз. Бұл болашақ ұрпақтың санасын жаңғыртып, ұлттық болмысты тани түсуіне үлкен мүмкіндік туғызады.

«Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музы­калық аспаптарымен орын­дауға арналған маңызды туын­­ды­лар топтамасын – «Ұлы да­ланың көне сарындары» жи­н­ағын басып шығару қажет» – деген Елбасы ұлттық музы­ка­­лық мирасымызды жинап, жү­йе­леу ісін мемлекеттік дең­гей­де түбегейлі қолға алуды тапсырды. 

Бұған дейін де Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық музы­калық мұраларымыз бір­шама жинақталған болатын. Жо­ға­ры­да аталған жинаққа а­рхив­тер мен халық арасында сақ­талған тың материалдар еніп, ел игілігіне айналарына сенімдіміз. 

Қазақтың бай музыкасын наси­хаттаудың бір жолы тас­па­лап, түрлі форматтарда тарату. Заманауи цифрлы фор­мат­қа енгізудің маңызы зор еке­нін баса айтқан Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбішұлы: «Ұлы даланың фоль­к­лоры мен әуендері заманауи цифр­лы форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жоб­а­ларды жүзе­ге асыру үшін көш­пенділердің бай мұра­сын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзек­тілігін арттыра алатын отан­дық және шетелдік кәсіби ма­ман­­­­дар­ды тарту маңызды. Біз­дің мәдениетіміздің негізгі сю­жетінде, кейіпкерлері мен сарын­дарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деді. Жаңа бағытта іске асырыла бастаған бұл құн­ды жоба бойынша ұлттық му­зы­калық мұраларымыздың толық­қанды цифрландырылып, интер­нет желісінде қолжетімді болуы өзіміз үшін ғана емес, қазақ халқының мәдениетін танып-білуге ұмтылған әлем жұрт­шы­лығы үшін де аса тиімді болмақ.

Н.Ә.Назарбаев: «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаң­ғыр­ту қазіргі заманғы аудито­рияға жақын әрі түсінікті фор­мат­та болуы керек. Атап айт­қанда, көнерген сөздер мен мә­тін­дерді суреттерімен қоса беру­ге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерт­теу экспедицияларын ұйым­дас­тыру қажет» – деп, мәдение­тіміз­дің насихатталуына ғана емес, дамуына да қатысты тың идеялар айтты. Ауызша және музыкалық дәстүрдің бүгінгі тыңдаушыға түсінікті болуы үшін жағдайлар жасалуын, он­дағы архаизмге айналған сөз-мәті­н­дердің ұғынықты болуы­на ерек­ше назар салу керектігі­не де көңіл аударған. Ұлттық музы­каның бастауында тұрған Қорқыт, Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз т.б. айтулы тұлғалардың шығармаларында кездесетін кейбір көне сөздердің мән-мағынасын ашатын көмек­ші құралдардың болуы орын­дау­шылар мен ізденушілер­дің қажет­тілігін өтейтін өте пайдалы дүние болары анық. Қазір­гі таңда қарапайым тыңдау­шы ғана емес, кейбір жас орын­дау­­шылардың өздері репертуа­рын­дағы халық әндері мен халық композиторларының туын­­ды­ларында ұшырасатын көнер­ген сөздердің мағынасын біле бер­мейді. Мысалы, Балуан шолақ­тың «Ғалия» әнінде «Кел, екеуміз мінейік тарантас­қа» деген жол бар. Мұндағы «тарантас» сөзіне С.Мұқанов «Халық мұрасы» еңбегінде «Салтанатты, төрт дөңгелекті арба» деп түсінік берген. Ал «Сұрша қыз» әнінде кездесетін «Әндір, әндір, әндір-ай» сөзі өсімдіктің атауы. Бұл туралы Б.Қыдырбекұлының «Түгел сөздің түбі бір» кітабында ай­ты­лады. Осы тәріздес ән мәті­нін­­де кездесетін сөздердің мән-ма­­ғы­насын орындаушының жақсы бі­ліп, тыңдаушыға сауатты жет­кізе білуі керек. Сонда ғана ұлт­тық музыкалық мұраларымыз қате­лікке ұшырамай, ұрпақтан-ұр­па­ққа қаз-қалпында жетері сөз­сіз. Сондай-ақ Елбасының «фольк­лорлық дәстүрдің ор­тақ тари­хи негіздерін іздеу үшін Қазақ­­­стан­ның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерт­­теу экспедицияларын ұйым­­дас­тыру қажет» деген идеяс­ы бүгін­гі күннің өзекті мәсе­лесін дәл көте­ріп отыр. Олай дейтініміз, елі­­мізде және шетелдегі қандас­тары­­­мыздың арасындағы әлі де жи­нал­­маған фольклорлық мұра­лар­ды жинау бүгінгінің ісі. Зы­мы­­ра­ған уақыт көшінде талай қа­зы­надан көз жазып қалмау үшін мә­дени мұраларымызды жинас­ты­руды бүгіннен бастауымыз қажет. 

Аманкелді КҮЗЕУБАЙ, 

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы халық әні кафедрасының  меңгерушісі, Phd докторы, 

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, 

халық әні кафедрасының оқытушысы