Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Келешек ұрпақ үшін аса қажет

1581 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласында қоғам мүшелерінің екі мәселеге назар аударуын атап өткен еді. Оның біріншісі, ұлттық кодты сақтау, екіншісі, қоғамның кертартпа құбылыстарынан арылу. Ұлттық кодты сақтау дегенде, ең бірінші, біздің қазақ екенімізді анықтайтын, жан дүниеміздің айнасы – ана тілімізді сақтау керек. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқан. Ұлан-байтақ жері бар қазақ елі мәңгілік жасасын десек тілімізді, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек.

Келешек ұрпақ үшін аса қажет

Тіл тағдыры тікелей сол ұлт пен ұлт басындағы рухани то­лыс­­қан тұлғалардың қолында деп топ­шыласақ, Елбасы осы үр­діс­тен шығып отыр. Халқының үл­кен жанашыры ретінде ана тілі­мізді сақтаудың бір жолы ретінде әліпбиді латын қарпіне көшіруді ұсынды. Біздің міндет ел ісін менікі, сенікі деп бөліп қарамай, біртұтас бірлікте жүзеге асыру. 

Тарихқа шолу жасасақ, қазақ халқы даму барысында 5-6 әліп­биді басынан өткізген. Мәсе­лен, Түркі заманында Орхон-Енисей ескерткіштерінде ежелгі түркі жазуы немесе руна жазуын (сына) қолданған. Есік қорғанынан табылған Алтын адам жанында күміс тостаған табылып, сыртқы қабырғасында 26 таңбадан тұратын жазу болған. Оны атақты филолог Алтай Аманжолов оқыған кезде былай деп аударады: «Аға саған ошақ, жат тізеңді бүк, халықтың қарны тоқ болғай». Одан кейінгі VІІІ ғасырда көш­пелі түрік тайпаларының ба­сым бөлігі мұсылман дінін қабыл­дады және Х ғасырдан бастап түріктің сына жазуы ығыс­тырылып, араб алфавиті қалып­тасып, берік орнықты. ХХ ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі саяси оқиғаларға байланысты 1920 жылы Кеңес өкі­меті орнағаннан кейін 1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиін реформалап, төте жазудың негізін қалады. Сөй­тіп 1926 жылдан 1929 жыл­ға дейін араб алфавитінің қазақ­шаға икемделген төте жазуын қолдандық. Мысалға Қытай­дағы қандастарымыз әлі сол ал­­фа­витті қолданып келеді. Кеңес өкіметі 1929 жылы латын алфавитіне ауыстырды, ал 1940 жылдан бастап қазіргі қол­­даныста жүрген кирилицаға өз­гер­тті. 1991 жылы КСРО империясы ыдырап 15 одақтас рес­публика әрқайсысы жеке-жеке тәуелсіздік алғаннан кейін, түркітілдес бауырлас, қандас ел Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан латын алфавитіне көш­ті. Ендігі жерде біз де осы үр­дісті қолға алып, біртіндеп ла­тын қарпіне көшкелі отырмыз. Тілші қауымының ғылыми не­гіз­дегі дәлелдеріне сүйенсек те, жаһандану заманындағы қоғам беталысына үңілсек те, дамыған 30 елдің қатарына ену үшін де, елімізді әлемге таныту үшін де, қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін де латын графикасына көшу­дің артықшылығы өте зор. Ең бірінші, болашақ балаларымыз үшін ауадай қажет. 

Латын таңбасына көшу бір жыл­­дың немесе бір күн­нің мә­селесі емес. Елбасы ұсы­­ны­­сынан кейін филолог ға­­лым­­дарымыз тынымсыз ең­бек етіп жатыр. Латын қар­пі­­не көшу мәселесіндегі ең алғаш­қы іс-әрекеттер тілші қауы­мы­ның латын әліпбиіне көш­кен мемлекеттердің іс-тәжі­ри­­бе­сін зерттеп-зерделеуі. Он­дағы мақсат жалпы латын таң­­басын қабылдаған кезде қан­дай қиын­шылықтар болды, ерек­шеліктері неде, артық тұс­тары қайсы деген сауалдарға жауап алу. Осының бәрін елеп-екшелеп, нақты бір шешім шығару. Осы мақсатта ал­дыңғы елдердің жіберген қате­ліктерін қайталамас үшін жаңа әліпбидің бірнеше нұсқасы ел талқысына ұсынылды, көп­тің пікірі ескерілді. Соңғы нұс­­қа­сы 2018 жылдың 19 ақ­па­нын­­да Елбасы Жарлығымен қа­был­­дан­ды. Жаңа латын негізді қазақ әліпбиінде 32 таңба бар. Кирилл әліпбиіндегі 42 таңбаның 10 таңбасы, яғни орыс тіліндегі барлық таңба алынды. Жаңа әліпбидің негізгі ерекшелігі диакритикалық акут және екі дыбыспен берілетін диграфта деп ойлаймын. Елбасы: «Латын жазуына көшудің терең қисыны бар. Олар қазіргі технологиялық ортаның, қазіргі дүниежүзіндегі коммуникацияның, ХХІ ғасыр­дағы ғылым мен білімнің ерек­ше­­лік­тері» деген болатын. Ға­лам­­тор дамыған заманда жаңа әліп­би арқылы ақпараттар кеңіс­тігіне еркін кіруге болады. Өйт­кені жаратылыстану, тех­но­логия, медицина, туризм, ғы­лым мен мәдениет салаларында дәл осы латын әліпбиі кеңінен қолданылады. Осы саладағы білі­мімізді тереңдету үшін, шетел­ден іс-тәжірибе алу үшін, озық технологиясын меңгеру үшін бізге латын графикасы ауадай қажет. Оған қоса, шетелдегі қан­дас­тарымыздың да, жалпы тәуел­сіз мемлекетіміздің тыныс-тірші­лігімен танысқысы келген әлем халықтары үшін де, өз еліміздің мәртебесін көтеру үшін де латын қарпіне көшкеніміз орынды деп санаймын.

Елбасы жуырдағы «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақа­ла­­­сында «Архив-2025» жеті жыл­дық бағдарламасын жасау­ды ұсынды. Онда Президент ежел­гі дәуірден қазіргі заманға де­йінгі кезеңді қамтитын бар­лық отандық және шетелдік мұ­ра­ғаттар дүниесіне елеулі ір­ге­лі зерттеулер жүргізуді тапсыр­ды. Ал осы архивтердегі шаң ба­сып жатқан тарихи жазба мұра­ғат­тар латын әліпбиінде жазыл­ғанын ескерсек, қалай ғана латын графикасы керек емес деп айтамыз. Шетелдік архивтерде түп-тамырымызды анықтайтын, ата-бабаларымызды танытатын, елдігімізді айқындайтын қан­шама тың деректер жатыр. Латын әліпбиіне көшсек, құнды дерек­тердің бәрін біртіндеп халық назарына ұсынар едік. 

Жалпы, латын негізді қазақ әліпбине көшудің маңыздылығы тура­лы әлі де түсіндірме жұмыс­та­рын жүргізуіміз керек. Қара­па­йым халықтың түсінігін, көз­­қарасын өзгертуіміз қажет. Ға­лым­­дарымыз жаңа әліпбиге бай­ла­нысты ізденіп, түрлі ұсы­ныс, еңбектерін жазып жатыр. Сол жұмыстарды бағалап, ел бо­ла­шағы үшін қабылданған ше­шім­ге қолдау көрсету керек екенін ұғын­дыруымыз абзал. Жақсыны үйренбек­ке ұмтылуымыз бәріміз үшін тиімді болмақ.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты