Аймақтар • 31 Қаңтар, 2019

Ауылдағы «археолог»

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Тапа ауылының үлкен тарихы бар делінеді. Кешегі өткен алағай да бұлағай заманның сілемдері анық байқалып жатады. Қызыл империяға қарсы ереуілге шыққан халықтың «Тапа көтерілісі» әлі де лайық бағасын алған жоқ.

Ауылдағы «археолог»

Аудан орталығынан шалғай жат­қан ауылда мал шаруашылығымен ай­налысатын Аманжол Жұмабеков ақсақалды осы өңірдің көзі тірі ше­жірешісі десе де болғандай. Ал­дындағы малын жайғап жүріп Әбе­кең күніге бірер сағат уақытын осы өңірдің тарихын тани түсуге жұм­сайды. Бүгінде оның үйінде осы төңіректен табылған үш жүзге тарта экспонат сақтаулы тұр. Уақытында үлкен қалашық болған төбеден сол заман­дағы бабаларымыздың жебе жасауға арналған бұйымдары мен дән үккіш, қыш құмыра, қазандары ауыл археологінің көздің қарашығындай сақтайтын мұрасына айналған.

Тапа аумағында екі жүз гектардай құрақ болған екен. Аманжол Жұмабеков 1969 жыл осы жерден ине құятын қалып тауып алыпты. Қола және неолит дәуірінен қалған мұ­ра­лардың біразын өз қолымен Ал­ма­тыдағы Орталық музейге өт­кізіпті.

Ауылда тұратын, археология ғы­лымы туралы үлкен білімі жоқ ота­ғасы бұл бұйымдардың қай дәуір­ге жа­татындығын қайдан біледі деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бұл ретте ақсақалға осы саладағы ғалымдардан бөлек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің археоло­гия және этнография ғылыми-зерт­теу орта­лы­ғының жетекшісі Әзілхан Тәже­кеев жәрдемдесіп, жұмыс барысына бағыт-бағдар беріп отырады.

Ғалымдармен үнемі байланыс­та болып, көне қалашық орнынан тапқан дүниелерінің деректерін жи­нақтап отыратын ауылдағы «археолог» ақсақалдың даңқы алысқа кеткен сыңайлы. Көне жәдігердің құны жоғары. 

– Ат басындай алтын берсе де туған жеріміздің жәдігерлерін көл­денең көк аттыға ұстата алмаймын. Кө­не дү­ние­лер еліміздің кешегі өмірі, бүгінгі тарихы. Елбасымыздың өзі тарихымызды бағалау, құрметпен қарау, бүгінгі ұрпаққа аманат ету жайында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында есті жан түсінерліктей етіп айтты. Бұл жәдігерлер қазақ та­ри­хының көзі, ал­тын­ның сынығы, бо­лашақ ұрпақтың несібесі, – дейді ақсақал.

Туған елінің өткеніне тәу етіп, та­рихын түгендеп жүрген ақсақал ауыл­да тұрып-ақ руханиятқа осылайша үлесін қосып жатыр. 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы