Әлем • 04 Ақпан, 2019

Airbus A380 – әлемдегі ең алып ұшақ

7158 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Airbus A380 – азаматтық авиация саласындағы ең үлкен ұшақ. Аңызға айналған әуе кемесін құрастыру компанияға оңай соққан жоқ. Әйтсе де, өнертапқыштар алпауыт ұшақты көкке көтеру үшін бірқатар инно вациялық жаңалыққа иек артқаны белгілі. Ең қызығы, осы алып әуе кемесін құрастыру көшпенділерге тікелей байланысты екен.

Airbus A380 – әлемдегі ең алып ұшақ

Airbus A380 – кеңфюзеляжды, екі палубалы, төрт қозғалтқышты турбореактивті жолаушы ұшағы. Алғашқыда A3XX атауымен әлемге танылған бұл әуе кемесін Airbus консорциумы Boeing компаниясымен бәсекелес болу мақсатында жасап шығарды. Ұшақтың ұзындығы — 80,65 м, биіктігі — 24,08 м, қанатының ұзындығы — 79,75 м. «Алып құсқа» кемінде 525 адам сыяды. Керек кезде жолаушылар санын 853-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ұшақта 15 мың километр қашықтыққа аялдамай жете алады. Ұшақтың салмағы — 280 тонна, ал ұшу кезіндегі максималды салмағы — 560 тонна. Сонымен қатар, A380F деп аталатын жүк тасымалдайтын түрі бар. Бұл ұшақ 10 мың километр қашықтыққа 150 тонна жүк таси алады.

Airbus А380 тұңғыш рет сынақ ретінде 2005 жылы 27 сәуірде Тулуза қаласында ұшқан болатын. Singapore Airlines компаниясы 2007 жылы 15 қазанда Airbus А380 ұшағына сатып алып, 25 қазанда алғашқы рет коммерциялық сапарға шығарды. Сингапурдан Астана уақыты бойынша сағат 07:16-да ұшқан авиалайнер 7,5 сағат әуеде шарлап, Сиднейге аман-есен қонады. Бұл сапарда 455 жолаушы, 30 экипаж мүшесі мен төрт ұшқыш болған. Тұңғыш сапарын сәтті аяқтаған Airbus A380 азаматтық авиация саласына жаңа серпіліс әкелді.

Airbus A380 мен қыранның қандай байланысы бар?

Ұшақты құрастыру кезінде инженерлер күрделі кедергімен бетпе бет келді. Самолеттің көкке көтерілуі, әуедегі ауа ағынының реттелуі оның қанаттарына тікелей байланысты. Алайда ұшақ үлкейген сайын оны көкте самғату қиынға түседі. Өйткені ұшақтың ұшуы аэродинамика, яғни қанаттың ұзындығына тәуелді. Алайда халықаралық стандартқа сәйкес, самолет қанаттарының ұзындығы 80 метрден аспауы тиіс. Ал Airbus A380 үшін қанаттың қысқалығы ауа ағынын реттеуге кедергі келтіреді. Қонуға мүмкіндік болмаса, ұшудың мәні бар ма?

Бұған басы қатқан инженерлер табиғат ананың көмегіне жүгінеді. Мәселенің шешімі көшпенділер даласына ғана тән қыран бүркіттен табылды. Зерттеушілер бақылай келе «аспан патшасының» ұшу кезінде қанат ұштарындағы қауырсындарды қимылдатып отыратынын анықтаған. Осындай тәсіл арқылы бүркіт қысқа қанатымен көкте қалықтап, ауа ағынын реттеп отырған.

Ғалымдар қыранның осы ерекшелігін Airbus A380-ді құрастыру кезінде пайдаланды. Ұшақ қанаттарының ұшына қыран бүркіт секілді әуе ағынын реттеп отыратын арнайы құрылғы орнатылды. Бұл әлемдегі ең алып ұшақты көкке көтеруге мүмкіндік берді.

Ұшақ құрастырушылар садақтың жасалу сырына үңілді

Бір мәселенің шешімін тапқанда келесісі туындайды. Ұшақ үшін әр киллограм – қымбат жанармай. Сондықтан инженерлер ұшақтың салмағын азайтудың амалына бас қатырады. Бұл жолы олар тарихқа үңіліп, мәселенің шешімін іздеп көрген екен.

Салмақты азайтудың шешімі – тағы да көшпенділер даласынан табылды. Кезінде көшпенді бабаларымыз Сібірден Еуропаға дейінгі алып аймақта атой салып, азуын айға білеген Рим империясының шаңырағын шайқалтқаны мәлім. Ғұндар мен сақтардың негізгі күші садақпен қаруланған атты әскер болған. Бес қаруды жасау барысында ата-бабамыз өзінше инновацияға жүгінеді. Садақ оғы алысқа жетіп, қарсыласының қабырғасын қақырату үшін оның көлемі үлкен болуы керек. Ал мұндай үлкен садақтарды ат үстінде емін-еркін қолдану қиын.

Осыны жете түсінгендіктен, көшпенді халық ат үстінде атуға ыңғайлы әрі берік садақ түрін жасап шығарады. Ол үшін екі түрлі материалдың қоспасын пайдаланады. Әуелі садақтың негізі ретінде бұғы мүйізін қолданады да, оның сыртын сіңірмен қаптайды. Осындай инновацияның арқасында садақ жеңіл әрі беріктігі мығым қаруға айналады.

Инженерлер осы идеяны, яғни екі заттың қоспасынан берік әрі жеңіл материал әзірлеуді Airbus A380 кемесін құрастыру барысында пайдаланады. Көшпенділердің садағынан шабыт алған құрастырушылар аллюминий мен шыныны қосып, жеңіл әрі берік материал әзірлеп шығады. Осылайша, әуе кемесі артық салмақтан арылды.

Airbus A380 ұшағын қай елдер пайдаланады?

Бүгінде Airbus A380 жолаушылар үшін ең тиімді ұшақ. Нарықтағы басты бәсекелесі – Boeing 747 авиалайнеріне қарағанда борттағы шудың 50 пайызға аз. Сондай ақ жолаушының қалауына сай жуынатын және демалыс бөлмесімен қамтамасыз етілген. Жолаушылардың бір палубадан екіншісіне емін-еркін өтуіне мүмкіндігі бар. Статистикаға сүйенсек, Airbus бүгінге дейін 234 лайнер құрастыран екен. Оның 109-ы Emirates әуе компаниясына тиесілі. Ал сатып алу үшін берілген тапсырыстың жалпы саны 321-ге жетіп отыр. Сонымен қатар Singapore Airlines мен Qantas негізгі тұтынушыға айналды.

Айта кетерлігі, алып әуе кемесінің келешек тағдыры осы компанияларға тікелей байланысты. Өйткені мұндай алпауыт ұшақты сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтермейді. Әрі Airbus A380 алыс қашықтыққа боламаса, жақын жерге ұшуға тиімсіз. Сондықтан авиалайнердің тағдыры Араб елдерінің әуе компаниялары берген тапсырыстарға байланысты.

Қазіргі таңда әуе кемесін Air France, Asiana Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Etihad Airways, Korean Air, Lufthansa, Malaysia Airlines, Qantas, Qatar Airways, Singapore Airlines, Thai Airways International сынды әуекомпаниялары пайдаланады.

Сондай-ақ Airbus A380 – әлемдегі ең қауіпсіз авилайнер. Бұған дейін ұшақтың осы түріне қатысты екі-ақ рет шағын апат болған. Екеуінде де жолаушылар өміріне қауіп төнген жоқ.  ретінде ұшу тарихында екі рет апат болған.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»