07 Ақпан, 2019

Биыл көп балалы отбасыларға 700 пәтер беріледі

947 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана алуға ниетті 28 мың көп балалы отбасы тіркелген. Бұл санатқа төрттен көп баласы бар отбасылар кіріп отыр. Былтыр елімізде бұл бағдарлама бойынша осы санаттыларға 700 пәтер беріліпті. Осы жайында кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

Биыл көп балалы отбасыларға 700 пәтер беріледі

Министрден тұрмысы төмен отба­сыларының баспана алу мүмкіндіктері туралы сұраған едік. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы рекордтық көрсеткіш орнатып, 12,5 млн шаршы метр жа­ңа тұрғын үй пайдалануға бері­ліпті. Елімізде 113 мыңнан астам от­басы өздерінің тұрғын үй жағ­дай­ларын жақсартса, соның ішінде 14 мыңнан астам отбасы мем­ле­кеттік қаражат есебінен арен­далық және несиелік баспанамен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шек­теулі отбасыларға 4 мың пәтер берілсе, соның 700-і көп балалы жандарға тиесілі. Биыл жергілікті әкімдіктерге қосымша арендалық баспаналар үшін 10 млрд теңге бөлінбек. Оған қоса, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы және «Тұрғын үй-құрылыс жинақ бан­кінің» са­лымшылары­на алғашқы жар­наны төлеу үшін сертификат беру көз­делген. Ал­дағы уақытта бұл жеңілдік­тер­ге көп балалы отба­сылар да ілінеді деп сендірді министр. 

− Баспана алуға алғашқы жарнаны төлеу үшін берілетін сертификаттың екі түрі бар. Біріншісі, әкімдіктер арқылы берілетін қайтарымсыз негіздегі қаражат. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасының жартысын сол сертификат арқылы төлеуге болады. Бір ескеретіні, бұл қаражат көлемі әр облыстың бюджетіне байланысты әртүрлі болады. Екіншісі, 10-15 жылдан кейін қайтаруға арналған сертификат. Қазір тиісті заңға өзгерістер енгізілуде. Алдағы 2-3 айда бұл ұсыныстар жүзеге асады, – деді Ж.Қасымбек.

Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды тапсырған болатын. Ж.Қасымбектің айтуынша, Президент тапсырмасын орындау мақсатында былтырдан бастап жергілікті желі жолдарын жөндеуге бөлінетін қаражат 2 есе ұлғайтылып, 150 млрд теңгеге жетті. Бұған дейін елімізде 4 мыңнан астам автожол жөнделді. 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85-90 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде. Министр келтірген ақпарға сүйенсек, жолдарды ақылы ету жүйелерін іске асыру жалғасуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай және Астана – Теміртау жол учаскелерінде ақы алу басталды. Министрдің айтуынша, екі жыл ішінде тағы 5,5 мың шақырым жолды ақы төлеу жүйесіне іске қосу жоспарланған. Осы қаражат есебінен автожолдарды сақтауға жұмсалатын шығындар айтарлықтай қысқарады.

Ал былтыр елімізде 1,5 мың шақырым рес­публикалық маңызы бар жол жөнделіп, 528 шақырым реконс­трукцияланған болатын. Биыл республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол жөндеуден өтеді. Жобаларға 100 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жылдың соңына дейін ұзындығы 654 шақырым учаскеде қозғалыс ашылуы тиіс.

Сонымен қатар министр азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Ми­нистр­дің айтуынша, осы жылдың І жарты­жыл­дығында FlyArystan алғашқы ұлттық әуе төмен бюджетті әуекомпаниясы іске қосылмақ. Бірінші жылда «Эйр Астана» әуе компаниясындағы бағадан екі есе төмен ақымен 1 млн жолаушыға дейін тасымалдау жоспарланып отыр. Жаңа әуе тасымалдаушысының басты міндеті – халықты барынша бюджеттік тасымалмен қамтамасыз ету.

−Жаңа лоукостерде ұшу құны 40-50 доллар шамасында болады. FlyArystan билеттерін сату наурыз айының соңында – сәуір айының басында басталады, – деп нақтылады Ж.Қасымбек.

Айта кетерлігі, биыл FlyArystan әуе компаниясының рейстері Алматыдан Астана, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Тараз қала­ларына ұшады деп жоспарланып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»