Жазғы спорт • 07 Ақпан, 2019

Ескек есуде ешкімге есеміз кетпейді

1149 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

 

Ескек есу спортында жерлестеріміз Азия ойындары, құрлық біріншілігі және басқа да халықаралық додаларда сан мәрте дараланғанымен, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріле алмай жүр. Мәселен, дүниежүзілік додада Жомарт Сатыбалдин ғана жүлдеге қол жеткізді.  2005 жылы Загребте өткен жарыста 200 метрге каноэ ескен ол қола медальді кеудесінде жарқыратты. Ал Қайсар Нұрмағанбетов Афины Олимпиадасында 500 және 1000 метрлік қашықтықта сайысқа түсіп, екі ретінде бесінші орынға табан тіреді. Міне, айтулы жарыстарда отандастарымыздың ең үздік нәтижелері осы ғана.

Ескек есуде ешкімге есеміз кетпейді

Аталмыш спорт түрін серік еткен қандастарымыздың арасында Әнуар Ақчурин есімді қандасымыздың соңғы кездері өрелі өнерімен көзге түсіп жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Оның әкесі Айсұлтан да кезінде ескек есумен айналысқан. Ресейдің жастар құрама командасы сапында болып, спорт шеберлігіне үміткер деңгейіне дейін жетті. Коньки тебуден де елішілік жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізді. Кейіннен Қазақстанға оралғаннан кейін Айсұлтан басқа кәсіпті таңдады. Міне, дәл осы азамат ұлының спорттың соқпағына түсуіне себепкер болды.

Бірде әкем мектеп тақтайшасындағы жарнаманы көріп, мені осы спорт түрімен айналысуға үгіттеді. Бұл – 2012 жыл еді. Әкемнің ақылына құлақ асып, Алматыдағы «Толқын» деп аталатын спорт кешенге келдім. Ол жердегілер менен «Қайсысын таңдайсың: академиялық есу ме, әлде каноэ мен байдарка ма?» деп сұрады. Қапелімде не деп жауап берерімді білмей біраз абдырап қалдым. Бұған дейін спортпен шұғылданбаған 12 жастағы баланың академиялық есу немесе каноэ мен байдарканы ажырата алмайтыны анық қой. Бағыма орай, сол кезде жанымызға білікті бапкерлердің бірі келе қалды. Ол мені қолымнан жетектеді де, өзі жетекшілік ететін үйірмеге алып барды. Осылайша, мен каноэ есудің қыр-сырына қаныға бастадым, – деп Әнуар езу тартты.  

Спорттың осы түрін таңдағанына Әнуар еш өкінбейді. Шеберлігі шындала келе ол өз қатарластарының алды болды. Қала және республика деңгейіндегі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, көпшіліктің көзіне түсті. Сол жарыстардан алған мақтау қағаздарын үйінің керегесіне іліп қойып, келешекті бұдан биік белестерді бағындырсам деп арманады. Спорт саласындағы алғашқы қадамын жасап жүрген арманшыл баланың әрбір жетістігіне, ең бірінші кезекте, әкесі Айсұлтан мен анасы Алмагүл шаттана қуанып, үнемі қолдау көрсетіп жүрді.

Еліміздің жасөспірімдер құрамасы қабылданған 16 жасар Әнуар Ақчурин 2016 жылы халықаралық аренадағы өзінің тырнақалы табысына қол жеткізді. Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Азия кубогы жолындағы жарыста ол С-4 (каноэ-төрттік) жатығуы бойынша 1 000 мерлік сайыста бас жүлдені олжалады. Бұл жеңіс оны қанаттандырып, өз-өзіне деген сенімін нығайта түсті. 2017 жылғы Шанхайдағы Азия чемпионатында қандасымыз төртінші орынға табан тіреді.

2008 жылы Әнуар толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, каноэ-бірлікке (С-1) әбден машықтанған қазақтың ұлы ел біріншілігінде алдына жан салмай, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Осы жетістіктің арқасында халықаралық жарыстарға қайта жол ашылды. Словакияның Питешти қаласында өткен регатада ол өзінің оң жамбасына келетін жаттығуда алтын алса, 500 метрлік сайыста күміспен күптелді. Самарқандтағы Азия біріншілігінде екі бірдей бас жүлдені иеленсе, Болгарияның Пловдивінде жалауы желбіреген әлем біріншілігінде күміс медальді мойнына ілді.     

Негізі біз Батыс Қазақстан облысының тумаларымыз, – деп әкесі Айсұлтан әңгімеге араласты. – Әке-шешем Ресейдің Саратов қаласындағы институтта оқып жүрген кездерінде шаңырақ көтерген еді. Мен сол шаһарда дүниеге келдім. Жастық шағымда тәп-тәуір нәтиже көрсеттім. Бірақ спорттың соңына шындап түспедім. Содан ұлымның осы соқпақпен жүруін қаладым. Ол үмітті ақтады. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жауапты жарыстарда үнемі жүлде алып жүр. Самарқанд пен Пловдивте өткен құрлық және әлем біріншіліктерінде қасында бірге болып, барынша қолдау көрсетуге тырыстым. Нәтижесі біз күткендей болып, ұлымның өнері көңілімнен шықты.

Бұл күндері Әнуар АҚШ-тың Майами қаласында инженер мамандығы бойынша білім алуда. Десек те ол спорттан да қол үзген жоқ. Сабақтан бос уақыттың барлығын ескек есу базасы мен транеажер залында өткізеді. Күніне үш уақыт жаттығады. Осыдан біраз уақыт бұрын қандасымыз Атлантика мұхитының жағалауына Германия мен Румыния құрамалары келіп, бірлескен оқу-жаттығуы жиынын өткізіп жатқанын естіді. Ал айтулы мемлекеттерде ескек есу мықты дамығаны баршаға мәлім. Олар Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделер саны жағынан үздік бестіктің қатарында.

Жоғарыдағы жаңалықтан құлағдар болағаннан кейін Германия мен Румыния құрамаларының бапкерлеріне жолығып «Сіздермен бірге жаттығуға болады ма?» деп өтініш білдірдім. Олар сөзге келмей, өз келсімдерін берді.  Қуаныштан төбем көкке жетті. Расында да, айтулы мемлекетерде спорттың бұл түрінде жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар. Сол елдерден чемпиондар көптеп шыққан. Жалғыз ғана Себастьян Брендельдің өзі негі тұрады! 30 жастағы неміс спортшысының үш дүркін Олимпиада чемпионы деген дардай атағы бар. Әлем чемпионатында ол 18 мәрте (10 алтын+5 күміс+3 қола) және Еуропа біріншілігінде 23 рет (13 алтын+7 күміс+3 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Міне, осындай аты аңызға айналған тұлғалармен бірге жаттығу әр спортшы үшін зор мәртебе, – деп Әнуар ағынан жарылды.

Биыл сәуір айында Алматыда Қазақстан чемпионаты өтеді. Қазіргі кезде Германия мен Румыния мамандарының қол астында жаттығып жүрген Әнуар Ақчурин айтулы жарыста бақ сынауды көздеп отыр. Басты мақсат – үздіктер қатарынан көрніп, Қазақстан құрамасы сапына қабылдану. Кейіпкеріміздің жеке бапкері Сергей Тиунов өз шәкіртіне сенімді. Барша жанкүйерлер де Әнуар Ақчуриндей аса дарынды спортшыдан алдағы уақытта ірі жеңістер күтеді. Қазақтың осындай ұлдары барында, ескек есуде ешкімге есеміз кете қоймас...

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»