Әлем • 08 Ақпан, 2019

Саяси дағдарыс саудаға ұласты

747 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Венесуэла президенті Николас Мадуро мен парламент төрағасы Хосе Гуаидо арасындағы текетірес бүгінде құрлық­тық деңгейден шығып кетті.

Саяси дағдарыс саудаға ұласты

Елдегі аласапыран 10 қаңтар күні Мадуроның инаугурациясы­нан кейін ушығып кеткен бола­тын. Өйткені президент сай­лауының нәтижелерін оппозиция, оған қоса бірқатар еуропалық және Латын Америкасы елдері мойындаған жоқ. Олардың пайымдауынша, сайлау кампания­сына «бірқатар ойыншылар» қатыстырылмаған. 

Осы кикілжің 23 қаңтар күні оппозицияның мыңдаған өкіл­дерінің алдында Гуаидоның жаңадан президент сайлауы өткенше мемлекет басшысының міндетін атқарушымын деп жариялауынан соң тіпті үдеп кетті.  

Вашингтон үшін Вене­суэла­дағы жағдайдың бұлайша қалып­тасуы тосын сый бола қой­ған жоқ. The Wall Street Journal басылымының хабарлау­ынша, Гуаидоны «таққа отырғызу» жос­пары Америка Құрама Штат­тарында бірнеше апта қызу талқыланған. Басылымның дерек­теріне қарағанда, Американың елшілері, әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен заң шығарушы орган өкілдері Венесуэла оп­пози­циясымен тыңғылықты ке­ліс­­сөздер өткізген. Оның ішін­де АҚШ президентінің ұлт­тық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон мен Мем­де­парта­мент басшысы Майк Помпео бел­сенділік танытқан. Помпео АҚШ-тың аймақтағы одақтас­тары – Бразилия мен Колум­бия­ның басшыларымен кезде­сіп, одан әрі Венесуэладағы ахуал­дың күрделілігіне халық­аралық қоғамдастықтың назарын аударуға тырысты. Оппози­ция­ның мыңдаған өкілдері көшеге шықты, Модураның биліктен ке­туін талап етті. Президенттің жақ­тастары да қарап қалмай, оппо­зи­циялық күштерге қарсы шеру­лер ұйымдастыруда. 

Бұл әрекеттердің нәтижесіне әлем елдері соңғы апталарда көз жеткізіп, сыртқы саясаттағы ұс­­тан­ған бағыттары мен мүд­де­леріне сай әрекетке көше бас­тады. Айталық, Испания, Фран­ция, Германия мен Еуро­одақтың тағы бірқатар мем­ле­кеттері отқа май құя түсіп, Ве­несуэла билігіне елде сегіз күн ішінде жаңа сайлау өткізілмесе, Гуаидоны президент деп тану ту­ралы талап қойды. Бұған Ма­ду­ро «Еуропа қателікке бой алдыр­ды» деп қысқа жауап қайыр­ды. Ол CNN Turk телеарнасы­на берген сұхбатында «Бүкіл Еу­ро­па Дональд Трамп­тың пікі­ріне, оның ішінде Ве­несуэлаға қатысты айтқан сөзіне еріп отыр­ғандығын», айта келе «Бізге ешкім де ультиматум қоя алмайды» деген кесімді сөзін айтты. 

Венесуэла билігіндегі дағ­да­рысты, яғни ел президентіне көр­сетіліп жатқан қысымға Ресей, Түркия, Қытай, сондай-ақ Куба мен Боливия қарсы шықты. Қа­зір жергілікті тұрғындар мен әлемдік қоғамдастық қару­лы күштердің қай тарапты таң­дай­тынын күтіп отыр. Ал елдің қорғаныс министрі Падрино Лопес Твиттердегі парақша­сына көптің көкейіндегі жора­мал­дарды сейілтетін жазба қал­дырды. «Біз көлеңкедегі мүд­де­лілер таңып берген және өзін өзі заңнан тыс жариялаған пре­зидентті қабылдамаймыз. Боли­вариандық ұлттық қарулы күштер конституцияны қорғайды және ұлт егемендігінің кепілі болады», делінген жазба қарулы күштердің Модураға адалдығын көрсетті. Осыған қарамастан, бір­қатар офицерлер Гуаидоны қолдап, халыққа бейнеүндеу жасап та үлгерді. 

Ал RT телеарнасына сұхбат бер­ген Николас Мадуро жа­қын уақытта елде сайлау болмай­тын­дығын ашық айтты. «Венесуэ­лада сайлау қажеттілігі жоқ», деді Мадуро тілшілерге берген сұхбатында. 

Оны пікірінше, елдегі ең жа­қын арада өтетін сайлау – 2020 жылға белгіленген парламент сайлауы. 

– Мәселе мерзімінен бұрынғы сайлауда емес, оппозицияда болып отыр. Біз 20 жылда 25 сайлау өткіздік. Соңғы 18 жылда алты сайлау өтті. 2018 жылғы сайлау оппозицияның өтініші бойынша шақырылды, – деді Н.Мадуро. 

Жалпы, Венесуэланың құты қа­шып, басынан бағы тая баста­ған­дығы өткен жылдың соңында айқын сезілген еді. Осы елдің парламентінің дерек­теріне сүйенген Reuters агент­тігі былтырғы қараша айында Ве­несуэлада инфляция 1 300 000 пайызды құрағандығын хабарлаған еді. Агенттік бұл эко­но­микаға қатысты деректерді ел үкіметі емес, парламент қа­на жариялағандығын қоса жаз­ды. Осыған байланысты Халық­аралық валюта қоры ел билігінен экономикаға қатысты нақты де­ректерді талап еткен. 

Қазіргі уақытта бұл елдегі ки­кіл­жіңдер әлемдік тәжірибеде қалып­тасқан сүрлеуге түсті – ақпа­раттық майдан қызу жүріп жатыр. Оның ішінде Вене­суэ­ланың мұнайы, алтын қоры, ішкі-сыртқы қарызы жайындағы санқилы мәліметтер түрлі жорамалдар мен күдіктерге итермелеуде. Сол мәлімдемелердің тасқыны кімнің – ақ, кімнің – қара екендігін анықтауды қиындатып жібергендіктен, мүдделі тарап­тардың «ақпараттық шайқасы» әзірге немен тынары белгісіз. 

Қазіргі жаһандық геосаяси қақтығыстарда басты қаруға айналған санкция салу тәсілі де бұл кикілжіңді айналып өткен жоқ. Бірақ елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап қалу үшін тараптардың келіссөзі шешуші рөл атқаратындығын ешкім де жоққа шығармайды. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»