Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығының сапалық сипаттамасын өсіру және жетілдіру, қазақстандық ет экспортын ұлғайтуды көздейтін Мал шаруашылығын дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірледі. Бағдарламаның қаржы операторларының бірі – «Сыбаға» бағдарламасын іске асыратын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ.
Бағдарлама шартына сәйкес, несие асыл тұқымды ірі қара мал басы мен қой-ешкі сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Яғни фермерлер малмен қатар, машина-трактор паркін жаңартып, қажетті жабдықтарды, мал азығын сатып алуға мүмкіндік алады.
«Осылайша, Мемлекет басшысының мал шаруашылығын жандандыру, еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық көлемін бес жыл ішінде 2,5 есеге арттыру міндеті орындалуда», дейді қор өкілі Әлия Еңсебаева.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»АҚ несие департаментінің директоры Геррард Баальдің айтуынша, өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 15,6 млрд теңге көлемінде 679 өтінімді қаржыландырған. Бөлінген қаражат 23,8 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен 75,4 мың бас ұсақ мал сатып алуға жұмсалыпты. Бүгінде қазақстандық шаруашылықтардың есебінде шет елдерден әкелінген 9,3 мың бас ірі қара бар.
Мысалы, «Арғымақ» шаруа қожалығы Ресей Федерациясының Тамбов облысынан 60 симментал тұқымды сиыр сатып алды. Бұған дейін шаруашылықта 100 жылқы және 700-ге жуық еділбай тұқымды қой болған. Бірақ шаруашылық басшылары тиімді мал шаруашылығын кеңейтуге назар аударды. Бұйырса, осы көктемде алғашқы төл алынбақ.
Шетелден мал басын сатып алған шаруашылықтар әрбір сатып алынған мал басына 225 мың теңгеден субсидия алады. Сонымен қатар, мемлекет пайыздық мөлшерлемені жылдық 14-тен 4 пайызға дейін төмендетеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – шаруашылықтарға бұқаларды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр килограмына 200 теңгеден субсидия төленеді.
«Сыбаға» бағдарламасының тағы бір маңызды ерекшелігі – кепілдікке несие қаржысына сатып алынатын ірі қара мал алынады (кепілдік сомасының 75%-на дейін).
Бүгінгі таңда қор «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды жалғастыруда.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы