Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

«Астана Балет» көрермендерімен Форсайттың балетімен  қайта қауышады

142 реткөрсетілді

«Астана Балет»  труппасы Халықаралық әйелдер күніне орай, елорда тұрғындары мен қонақтарына өнерден тарту жасамақшы. Кемеңгер-хореограф Форсайттың «Баланчин мұрагері» атты төрт бір актілі балеті әлемдік балет жауһары саналады.

Қазіргінің аңыз адамы, америкалық хореограф Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» («Ортадан сәл жоғары») атты туындысы театр сахнасында алғаш 2017 жылы көрсетілген-ді. Айтулы балетті қазақ сахнасына хореографтың үзеңгілес досы, 12 жылдан астам уақыт онымен қатар еңбек еткен, хореографтың музасы болған Агнес Нольтениус алып шыққан еді

Айта кетейік, ғасырлар тоғысында орын алған балет өнеріндегі революция осы хореографтың есімімен байланыстырылады. Оның хореографиясы гравитация атаулының өзіне күмәнмен қарауға мәжбүр етпек. Ал адам мүмкіндігінің шегіндегі дүниелері талғампаз көрерменнің ғана емес, сыншылар қауымының да таңдайын қақтырады. Экстремальді техника мен үздіксіз қимыл кез келген көрермен көңілін баурап әкетері даусыз.

Сондай-ақ осы күні Бразилиядан шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» және «Love Fear Loss» спектакльдері де көрсетіледі. Олар Фландрия Корольдік балетіне арнап жасалып, «Астана Балет» сахнасына ауыстырылды.

Әйгілі хореографтың «Love Fear Loss» балеті «Махаббат. Үрей. Айырылу.» деп аударылады. Бұл балет француз әншісі Эдит Пиафтың күрделі тағдыры мен баянсыз махаббатына арналған.

Рикардо Амарантенің тың әрі өте қызықты туындысы «Silent Voices» неоклассикалық балеті «Сыбыр», «Ұяң дыбыстар» деген мағынаны білдіреді. Бұл балет те тұңғыш рет «Астана Балет» сахнасында көрермен назарына тарту етілмек. Хореографтың айтуынша, бұл қойылымда австриялық композитор Франц Шуберттің ішекті аспаптар квартетіне арналған №14 ре минор «Ажал және ару» атты туындысы қолданылған. Ол музыкадағы романтизм негізін қалаушылардың бірі.

Ал Рикардо Амарантенің қойылымдары барлық кезде көрермен тарапынан зор қошеметпен қабылданатынын айта кеткен жөн. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Азық-түлік бағасы алаңдатады

Парламент • Бүгін, 08:12

Ұқсас жаңалықтар