Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Қазақтың қара есептері

621 реткөрсетілді

25-ші ЕСЕП:

Сыланды ананың тәсілі

Ертеде қазақтар киіз үйде өмір сүргені баршамызға мәлім. Киіз үй көшуге ыңғайлы, тез жығылады әрі тез тігіледі. Жазда салқын. Ал қыста жылы, себебі киіз үй ортасында, яғни шаңырақ астында диаметрі бір метр­дей ошақ болады. Осы от-ошаққа қараусыз қалған сәби немесе әлі есі кірмеген кішкентай балалар түсіп кету қатері басым. 

Осы қауіптен сақтану үшін Сыланды атты ананың үйінде төргі керегеге байлаулы қысқа бір жіп және киіз үйдің екі жағында төрге таман ұзындығы шамалы тағы екі жіп байлаулы тұрады екен. Келген адамдар: «Мына жіптер ырым үшін бе, әлде басқа бір жағдайға байланыс­ты байланған ба?» деп сұраса, Сыланды анамыз: «Бұл үйде еңбектеуге жарап қалған кішкентай сәби және біреуі екі жасар, екіншісі үш жасар тағы екі бала бар. Солар ортадағы ошаққа түсіп кетпесін деп, абыр-сабыр кезінде осы жіптерді олардың белбеуінен байлап қоямын» дейді екен. 

Қысқасы, «арқандаулы» сәбилер ошақтан алыс болса да бір-бірімен жақындасып ойнай алады, тіпті төрде «арқандаулы» кішкентай сәбиге де жақындай алады. Екінші жағынан балалар өзара ойнағанда байланған жіптері бір-біріне оралып қалмау үшін жіптердің ұзындығы да белгілі бір мөлшерде болады екен. 

Яғни, киіз үй радиусы R=4 метр, шаңырақ астындағы ошақ диаметрі d=1 метр болса, кішкентай балдырғандар бір-біріне оратылмай, ең бастысы ошақтағы отқа күйіп қалмай ойнау үшін оларды керегенің қай тұсынан және ұзындығы қандай жіптермен «арқандайды»? 

26-шы ЕСЕП:

Төле бидің тақиялары

Төле бидің үш қызыл және екі көк тақиясы болыпты. Сол тақияларды би шәкірттеріне көрсетеді де, үш тақияны үш шәкіртіне көздеріне көрсетпей кигізіп, қалған екеуін жасырып қойып, тақиялы шәкірттерін бір-біріне қарама-қарсы отырғызады. Әрбір шәкірт өз басында қандай тақия бар екенін білмейді. Бірақ олардың әрқайсысы қарсы отырған екі шәкірттің басында қандай тақия барын көріп отырады. Шәкірттерге бір-бірімен сөйлесуге, ымдасуға және басқа да белгі беруге тыйы­м са­лынады. Ендігі мақсат – әрбір шәкірт өз басында қандай тақия бар екенін анықтауы керек. Қызыл әлде көк тақия ма?

27-ші ЕСЕП:

Мың жылқы есебі

Бір ауылда мыңнан аса жылқы болыпты. Егер осы жылқы санын екіге, үшке, төртке, тіпті мыңға дейінгі кез келген санға бөлсе, міндетті түрде қалдық қалады. Сонда ең аз дегенде осы ауылда қанша жылқы болғаны?

Газетіміздің өткен 5 ақпан күнгі №23 санында жарияланған 
қара есептердің дұрыс жауабы:Газетіміздің өткен 5 ақпан күнгі №23 санында жарияланған 
қара есептердің дұрыс жауабы:

22-ші қара есептің дұрыс жауабы: Бірінші көршінің малдары екі мая шөпті төрт ай­да тауы­сады, ал екінші көр­шінің малдары бір мая шөпті төрт айда тауысады. Демек, бірінші көршінің малдары екінші көршінің малдарына қарағанда екі есе көп. Ендеше екінші көршінің барлық малдарын бір бөлік деп алсақ, онда екінші көршіде екі бөлік мал болғаны, екеуі бірігіп үш бөлік болады. Осы үш бөлік мал бар­лығы бірігіп бір мая шөпті бір бөлік малдан үш есе тез жейді. Оған 4/3 ай кетеді. Демек, олар барлығы бірігіп екі мая шөпті бір мая шөптен екі есе ұзақ жей­ді. Оған кететін уақыт: (4/3)*2= 8/3=(2+2/3) ай = 2 ай 20 күн.

23-ші қара есептің дұрыс жа­уабы: Есепте көрсетілген Әйтеке бидің балаларына ар­налған тұлпарлардың екіден бір бөлігі, одан кейін нағашыға ар­налған төрттен бір бөлігі және қайын жұртқа арналған бестен бір бөліктердің қосындысы барлық тұлпар санын қамти алмайды. Себебі ½ дегеніміз ол жиырма бөліктің он бөлігі, яғ­ни 10/20 бөлік болады. Ал ¼ – жи­ырма бөліктің бес бөлігі, яғ­ни 5/20 бөлік болады. Сол сияқ­ты 1/5 – жиырма бөліктің төрт бөлігі, яғни 4/20 болады. Егер осылардың барлығын қос­сақ, онда 19/20 болады:

Осы үш бөлікке қосымша ре­тінде жиырманың бір бөлігін, яғни 1/20 бөлікті қоссақ, онда барлық 20 тұлпар толығымен қамтылады.

Демек, барлық 20 тұлпарды қамтуға 1/20 бөлік жетпей тұр. Ал тұлпарлардың жиырмадан бір бөлігі бір тұлпарға сәйкес келеді де, барлығы 20 тұл­пар болады (10+5+4+1=20).

24-ші қара есептің дұрыс жауабы: Бұл жаңылтпаш сипатты есеп. Алдымен есептің бірінші бөлімін шешейік. Шын мәнінде Шығайбай көр­ші­ден алған 13 сомның 1 сомын қайтарып бергенде, оның қал­та­сында үйінен алып шыққан 3 сомның 2 сомы, ал оның үйін­де 10 сом қалады. Демек, Шы­ғай­бай көршіден барлығы 12 сом алады. Ал көрші болса Шы­ғайбайға 13-1=12 сом береді. Екеуі тең. Дегенменде, Шы­ғайбай көршіден 3 сом болмаса да 2 сомды артығымен алып отыр. Енді осы 2 сомды көр­шіге қайтару үшін Алдар­көсе Шығайбайдың шатасып отырғанын тиімді пайдала­нып, көршіге тағы да 2 сом қайтартады. Сонда Шы­ғайбайда барлығы 10 сом қалады. Ал осы амалдан кейін көрші Шығайбайға 12-2=10 сом қайтарған болады. Екеуі де ұтылмайды. Ешқандай үстеме пайда жоқ. 

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Цифрландыру қадамдары артып келеді

Технология • Бүгін, 20:01

Алматы маңында жер сілкінді

Қазақстан • Бүгін, 10:45

Дзюдо: Бүгін жүлде бұйырмады

Күрес • 24 Қаңтар, 2020

Президент әкімдермен кеңес өткізді

Президент • 24 Қаңтар, 2020

Ұқсас жаңалықтар