10 Қараша, 2012

Еуропа жұрты елеңдеп тұр

374 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Еуропа жұрты елеңдеп тұр

Сенбі, 10 қараша 2012 7:05

Афина көшелері ұрыс алаңдарына ұқсап барады

Грекияның парламенті бұрна­ғы күні ақыры үкімет ұсынған қатаң үнемдеу шаралары және құры­лымдық реформалар жасау туралы заңды қабылдауға мәж­бүр болды. Парламент үйінде дауыс беру жүріп жатқан кезде кө­шеде соңғы кездері болмаған мөлшерде шерулер болып өтті. Афина кө­шелеріне бір мезгілде 100 мыңға жуық адам шығып кетті.

 

Сенбі, 10 қараша 2012 7:05

Афина көшелері ұрыс алаңдарына ұқсап барады

Грекияның парламенті бұрна­ғы күні ақыры үкімет ұсынған қатаң үнемдеу шаралары және құры­лымдық реформалар жасау туралы заңды қабылдауға мәж­бүр болды. Парламент үйінде дауыс беру жүріп жатқан кезде кө­шеде соңғы кездері болмаған мөлшерде шерулер болып өтті. Афина кө­шелеріне бір мезгілде 100 мыңға жуық адам шығып кетті.

Ал парламенттегі дауыс беру қызу пікірталастан соң орын ал­ғанына қарамастан, онда ел бас­шыларының діттегені орындалды. Нақтырақ айтқанда, құжатты шекті 151-дің орнына 153 депутат қолдады. Тағы 128 депутат оған қарсы үн қатты. Бұлардан бөлек 18 халық қалаулысы қалыс қалса, 1 парламентші тіпті дауыс беруге де қатысқан жоқ. Айналып келгенде, осы ара салмақ істің болатын жағына қарай ауып сала берді.

Енді бұл заң нендей мәселе­лерді қамтиды, соған келейік. Онда салықтар мөлшерін арттыруды, зейнеткерлікке шығуды 67 жасқа көтеруді, сондай-ақ зейнет­ақы, әлеуметтік төлемдер, жұ­мыс­тан шығып қалғандар мен жұмысшы­ларды жалдауға төле­нетін ақылар көлемдерін тағы да қысқартуды көздейтін еді. Мұ­ның арғы жағын­да үкімет көп­теген жұмыс орындарын қысқар­ту және ең төменгі күнкөріс дең­гейін 20 пайызға де­йін төмендету туралы жарлық шы­ғарып қойған. Заң жобасы алғаш рет талқыға түскенде жағдай қазіргіден ана­ғұр­лым қиын болды. Жасыратыны жоқ, сол кезде құ­жаттың басым дауыспен қолдау табатынына көп адам сене қойған жоқ. Сол талас-тартыстың соңында оппо­зициялық партиялардың депутаттары мәжіліс залын тастап кеткен. Осыдан соң шешім қабыл­дауға кворум жетпейтін болған­дықтан, отырысты тоқтатуға тура келген. Енді, міне, соның бәрі артта қалды, үкіметтің дегені жүзеге асты. Жалғыз үкімет қана емес, елдегі ертеңін ойлайтын кемел ойлы кез келген азаматтың қалауына тұратын шешім қабыл­данды.

Расында бұл заң грек жұрты үшін не береді? Ең алдымен қа­былданған заң жобасы эллиндер ұрпағының бұдан әрі де қайыр­шылыққа душар болмауын қам­тамасыз ететін көмек траншына тиесілі 31,5 млрд. еуро мөлше­ріндегі қаржы алынуына жол ашады. Осындай маңызды қадам­ның жасалғанын паш ететін бұл шара содан соң үкіметтің Еуро­одақ, Еуропа орталық банкі және Халық­аралық валюта қоры тарапынан жалпы сомасы 130 млрд. еуро болатын екінші пакетті кре­диттік қолдауға қол жеткі­зуіне мүмкіндік береді. Бұл қаржылар өз кезегінде елді банкротқа ұшыраудан сақтап қалады. Премьер-министр Антонис Самарас атап өткендей, бұлай болмаған жағдайда Грекия толық эко­номи­калық және әлеуметтік құлды­рауға ұрынар еді.

Осы күндерде елдің 2013 жыл­ға арналған бюджеті де бе­кітілді. Енді қараша айында халықаралық транштың қаржысы келе бастайды. Бұл ақшалар бі­рінші кезекте банктерді қайта капиталдандыруға және мемлекет қарыздарын өтеуге жұм­са­лады. Дегенмен, қабылдан­ған заң мен бекітілген бюджет пар­ла­менттің іші үшін де, оның сырты үшін де оңайлықпен келе салған жоқ. Іштегі айқас ақы­рында бейбіт жолмен бітіп, оңы­нан шешілгенімен, сырттағы шай­қастың дүмпуі біразға дейін басылмай жатты. Өткен айдың ортасынан бері қарай әредік бой кө­теріп жүрген жұрт аптаның сейсенбісінен бастап көше бойын құрғатпауға айналды. Басында 50 мыңнан 80 мыңға дейінгі адам шоғырын даңғылдар мен алаңдар бойлата дүркірете өткізген шеру­лердің соңы соңғы сәтте 100 мыңға жетіп жығылды. Осы күн­дері Афина көшелері нағыз ұрыс далаларына ұқсап кетті. Бұлай болатыны, қолдарына транспаранттар алып, наразылық акцияларын өткізуге кіріскен топ көп ұзамай өздеріне қадағалап қарап жүрген полиция қызметкерлеріне тап беріп тұрды. Жұлқынып тұрған жастар алдымен тәртіп сақшы­ларына қарай тас атса, соңынан тұтанғыш сұйық құйыл­ған ыдыстарды лақтыра бастады. Осының әсерінен соңғы күндері Афинаның 45 үйі отқа оранды. Ал полицейлер жағынан 120 адам жарақат алды. Тәртіп сақ­шылары құтыры­нып алған топты қуу үшін көзден жас ағызатын газды бірнеше рет қолданды. Ақырғы күні олар тіпті бірінші рет су шашатын мәши­ненің қуа­тына жүгінуге мәжбүр болды.

Біз осымен Грекиядағы бүлін­шілік аяқталады деп айта аламыз ба? Бұған әзірге нақты жауап беру қиын. Дегенмен, оның бір­тіндеп басылуына алғышарттар жасалып қойылды. Тек алда қа­тары кө­бей­гелі тұрған жұмыс­сыздық дүмпуді қайта өршітіп жібермесе!

 

Испаниядағы ахуал елді бөлінуге

бастайтын сияқты

Пиреней түбегіндегі елдің өкіметі «дағдарысты» бюджетке қыркүйек айында-ақ келісім беріп қойды. Премьер-министр Сорайя Саенс де Сантамарияның айтуынша, бұл «дағдарысты бюджет елді дағдарыстан алып шы­ғуға көмек­тесуі тиіс». Осыған бір­ден бас ұрған Испания үкіметі экономи­каның барынша қатқыл шараларын, сондай-ақ елді эко­номикалық дағдарыстан алып шығуға кө­мектесетін бірқатар реформалар пакетін қарастырған 2013 жылға арналған бюджетті ұсынып үл­герді.

Бұл бюджеттің жобасы эко­номикалық құлдырау мен жұмыс­сыздықтың өсу жағдайында шы­ғындарды айтарлықтай қысқар­туға бағыт ұстайды. Осымен бір­ге өкімет салықты көтеруден гөрі бюджеттік шығындарды азайтуға көбірек көңіл бөлуге ниеттеніп отыр. Атап айтқанда, үкімет зей­нетақыға, студенттік стипендия мен пайыздық мөлшерлерді жою­ға кететін шығындарды ұлғай­туды жөн санайды. Осыған орай Би-би-си агенттігінің шолушысы Гэвин Хьюитт: «Испания өкіметі зейнет­ақыны көтереді, бірақ бұл үшін резерв қорының қалтасын қағуға тура келеді» дегенді жеткізді.

Соған қарамастан, елдегі эко­но­микалық ахуал ауыр күйінше қалып тұр. Орталық банктің қа­зіргі мәліметтері өндіріс өнім­ділігінің төмендеуінің қалқасын­да рецессияның тереңдеп бара жат­қанын көрсетіп отыр. Елде бір­қатар уақыттардан бері толас таппаған жаппай қарсылық ак­ция­лары жүріп жатыр. Осы жағ­дай­ларға жан-жақты қарай келген сарапшылардың басым бөлігі бүгінде Испания үкіметі алдағы уақыттарда өзінің Еуроодақтағы әріптестерінен қалайда қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болады деп есептейді.

Жаңа бюджеттің негізгі тар­мақ­тары әлеуметтік қажеттілік­тер шығындарына қатысты жа­сал­ған. Үкіметтің шешімі бойынша енді министрліктердің шы­ғындары 12 пайызға қысқарады. Ал зейнет­ақының көбеюі әлеу­меттік қам­тамасыз етудің резерв­тік қоры есебінен жүргізіледі. Бұл 3 млрд. еуро шамасындағы қаржыны керек етеді. Бірақ, міне, үшінші жылдың табаны тайып барады, бюджеттік сектордағы қызмет­керлердің айлық жалақы­лары бір тиынға да көтерілген емес. Бұдан басқа, үкімет ұтысы бүгінде 2 мың еуродан асатын лотерея үшін 20 пайыздық салық енгізу мен автомобильдерді қайта жаратудың жаңа бағдарламасын жасауды межелеп отыр.

Ақыр соңында үкімет таяу аралықта экономикаға реформа жасауға жәрдем береді деген ниетпен 43 жаңа заң қабылдауға бекем бел байлады. Қатаң экономи­калық шаралар мен жаңа ереже­лердің орындалуын бақылау тәуелсіз қаржы органына тапсырылады. Мұндай құрылым құру жөніндегі ұйғарымды да үкімет өзінің қыр­күйектің соңындағы отырысында қабылдады. Бұл қа­был­данған шаралар 2013 жылғы бюджеттің тапшылығын 0,77 па­йызға тө­мендетіп, табысты реттеп отыруды 0,56 пайызға жақ­сартады деп күтілуде. Үкімет сондай-ақ салық­тық төлемдер көлемі бұл жылы жоғары болады, 2012 жылы бұл көрсеткіш тағы 3 пайызға артады деген сенімде. Алайда, бірқатар сарапшылар қазір орын алған экономикалық проблемаларды ес­кере отырып, бюджетті бұдан әрі қысқартудың өте күрделі міндет болатынын айтып отыр. «Испания үкіметі зейнетақыны көтермекші, бірақ бұл үшін оған резерв қорының қалтасын қағуға тура келеді. Ал бұл жағдай испан азаматтарын қатты алаңдатады», деген жолдарды түсіріпті осыған орай жоғарыдағы Гэвин Хьюитт өзінің микроблогына.

Ал Испания банкі ай сайынғы баяндамасында «Үшінші тоқсан­ның мәліметтері өндірістің құл­дырап келе жатқанына куә болады, – деп атап өтеді. – Қаржы сфе­расындағы ахуал өте шиеле­ніскен күйінде қалып тұр». Өткен аптада өзінің ауқымы жағынан елдегі екінші болып табылатын BBVA банкі банк секторына қол­дау көр­сету үшін тағы 60 млрд. еуро, немесе 78 млрд. доллар керек екенін есептеп шығарыпты. Қазірге дейін банктерге жәрдем­десу үшін 20 млрд. еуро беріліп те қойылды. Бірақ мұның өзі, жоғарыдағы мәліметтен байқал­ған­дай, барлық қиындықтың үш­тен бірін ғана еңсеруге мүмкіндік жасаған. Өт­кен аптаның бей­сенбісінде Мадрид биржасында 0,15 пайыздық құлдырау орын алды. Бұл, әрине, содан бір күн бұрынғы көрсеткіш – 4 пайыздық мөлшерден әлде­қайда жақсы. Дегенмен, Испания­ның 10 жылдық егемен қары­зының пайыздық ставкасы қа­зірдің өзінде 6 пайыздан асып кетіп отыр. 2011 жыл­дың соңында экономикасының көлемі жағынан Еуроодақтағы төртінші болып саналған бұл ел соңғы екі жылда екі рецессияны бастан кешіп үлгерді.

Орын алып жатқан осы жағ­дайдың бәрі елдің тұтастығына да қауіп төндіріп жатқан сияқты. Негізгі ұлты кастиль тілінде сөй­лейтін испандар болып келетін бұл елде олардан басқа каталон, баск және галис деп аталатын нәсілдердің тұратыны да белгілі. Соңғы уақыттары Испанияның шығыс-солтүстік бөлігінде оқшау провинция болып орналасқан Каталония елдің құрамынан шы­ғып, тәуелсіз мемлекет болу идея­сын жиі көтеріп жүр. Жалпы, Испаниядан – Каталонияның, Бель­гиядан – Фландрияның, ал Ұлыбритания Біріккен Король­дігінен Шотлан­дияның бөлініп шығатыны айдан анық болып бара жатқанға ұқсайды.

Қарашаның 7-сі күні Каталония үкіметінің басшысы Артур Мас Брюссельде Еуропа одағы­ның мәжілісінде сөз сөйлеп, он­дағы жұртты өз республика­сы­ның тәуелсіздік алу жоспарымен таныстырды. Ол сонымен бірге, мұнда күллі Одақ федералдық құрылы­мының жаңа моделін де ұсынды. «Мәселе Еуропа құра­мын­да қа­лып­тасып қалған Каталония се­кілді елдерге Еуроодақ­тың қалай қарайтынында, – деді ол өзінің сөзінде. – Біздің провинция тұр­ғындары еуропалық азаматтардың барлық құқықта­рына ие, енді тек олар өздерінің саяси мәртебелерін ғана өзгерт­кісі келеді». Артур Мас сонымен бірге 25 қарашаға сайлау белгі­лей алатынын да мәлімдеді. Бұл Мадридтің Каталония тәуел­сізді­гін қолдағандар шеруіне байланысты Барселонамен арадағы қаржылық қарым-қатынасты қай­та қараудан бас тартуы салдарынан өтпекші. Енді Испания конституциясында тыйым салынға­ны­на қарамастан, сол күні провинцияда Каталонияның бөлініп шығуы турасында референдум өтпекші. «Егер біз испан заңдары шең­берінде жасай алмасақ, мұны каталон заңдарына сүйене отырып жасайтын боламыз, – деді ол. – Біз мұндай консультация үшін айрық­ша заң шығарып аламыз».

Провинция үкіметі басшысы­ның пікірінше, Каталония Еуро­одаққа кірудің барлық саяси талаптарына жауап бере алады. Ол Испанияға қарағанда, Одақ бюд­жетіне қаржыны да алғаннан гөрі көбірек түсіреді. Бұған Еуроко­миссияның өкілі Каталония Испаниядан бөлініп шыққан жағ­дайда Одаққа кіруге тілек біл­дірген­дердің соңғы қатарына барып тұрып, кезекке жазыла алатынын айтып, жауап берді.

 

Португалия жұрты да салық көлемін өсіруге қарсы

Қазан айының соңында Португалия парламенті өзінің қазіргі заманғы тарихындағы ең жоғары мөлшердегі салық төлемдерін қа­былдау жөніндегі шешімге дауыс берді. Бұл жергілікті тұрғын­дардың ашу-ызасын бірден ту­ғыз­ды. Елде бұған дейін бюджет саласы қызметкерлерінің жала­қы­лары бір рет қысқартылған еді. Үкімет содан соң мемлекеттік сектордағы мерекелер мен рож­дестволық мейрамдарда берілетін сыйлықтарды шектеуге тырысып бақты. Міне, осылардың бәріне на­разылық біл­дірген жұрт ақыр со­ңында көше­лерге шығып кетті. Осы күнге дейін Лиссабонда мұн­дай шерулерге қатысқан ха­лықтың саны миллион­ға жуық­тады.

Осыған қарамастан, үкімет әлі қатаң экономикалық үнем­деу­дің көмегімен бюджет тапшы­лығын қысқартуға үмітті болып отыр. Осы талап толық орындал­ған жағдайда Лиссабон Еуропа­лық одақ пен Халықаралық валюта қорынан 78 млрд. еуро мөл­ше­рінде көмек алатын болады. Осы кредиттер үкіметтің соңғы күндері талапты барынша мұқият орын­дауға ұмтылуын күшейтті. Сон­дық­тан Португалия үкіметі қазан айының ортасында-ақ 2013 жылғы бюджеттің жобасын жариялап жіберді. Осы сәтте қаржы минис­трі Витор Гаспар табыс салы­ғының орташа өсімі 2013 жылы 13,2 пайызға артқалы тұр­ғанын мәлімдеді. «Бізде басқадай маневр жасауға ешбір мүмкіндік жоқ», деп ашығын айтты ол. Расында да бұл ел қазір сонау 1970 жылдардан бергі ең қиын рецессияны бастан кешіп отыр екен. Елдегі жұмыссыздық деңге­йі 15 пайызға жетті. Ал келесі жылы бұл шек 16 пайыздан асып түседі деп күтіліп отыр. Капитал­дың өсуіне байланысты салынатын салық 25-тен 28 пайызға дейін артады. Қыркүйек айында үкімет әлеуметтік қамта­масыз ету қоры жарнасын 11-ден 18 пайызға дейін көтеру мәселесін алға шығарып еді, оған елде жаппай қарсылық туып кеткесін, қоя қойды.

Әйткенмен, ашынған халық көтерілмей тұра алмады. Қараша айы басталысымен Лиссабонның көшелері түрлі транспаранттар ұстаған жұртқа толып кетті. Бір қызығы, бұл наразы топқа көше­дегі тәртіптің сақталуына жауап беретін полицейлердің өзі қосы­лып кетті. Олардың өзі екі мыңға жуық адамның қарасын көбейтті. Тәртіп сақшылары мұнда өздері­нің салық төлемдерінің артып кеткеніне қарсы екендіктерін біл­дірді. Дүйсенбі күні тағы екі мың адам парламент үйі алдына жиналды. Олар үкіметтің жедел отставкаға кетуін талап етті. Сол наразылық кезінде көпшілік: «Бір­тұтас халықты жеңе алмай­сың­дар» деп айғайлады.

Осы аралықта қаржы минис­трі егер бюджет жобасы қа­былдана қалса, мұның өзі Пор­тугалияға 2013 жылы бюджет тапшылығын 4,5 пайызға дейін қысқартуға мүм­кіндік беретінін айтып, жұрт­ты тыныштандыруға әрекет жасады. Алайда, бұған жұрт оншалықты бас ие қой­ма­ған сияқты. Қазір кәсіптік одақ­тар қарашаның 14-і күні елде жап­пай ереуіл орын алатынын жариялап үлгерді.

Жалпы, Еуропада тереңге тамыр байлаған дағдарыстың дүр­мегіне түсіп, бюджет тапшылы­ғын бастан кешіп отырған ел­дердің саны бұлардан әлдеқайда көп. Сарапшылар бұл қатардан сондай-ақ Италия, Франция, Ирландия се­кілді елдерді де көруде. Бір сөзбен қайырғанда, қазіргі таңда бүкіл Еуропаның жұрты ер­теңіне еліге қарап, елеңдеп отыр.

Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».