Бұрымы 1 метр 50 сантиметр болатын алпыс тоғыздағы кәсіпкер ана туралы бір үзік сыр
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Сарыкемер ауылынан өтіп бара жатып, жүрек жалғап алайын деп “Ару ана” кафесінен дәм-тұз татуыма тура келген. Тоқсаныншы жылдары жұрт қазан таңдамай, қамыр талғамай бұйырғанын ішіп-жеп, жөніне кете беруші еді ғой. Қазір талап та, талғам да өзгерген. Мұндай “реформалар” біздің бастың ішінде де бұлқынып жатқан сияқты. Әйтеуір, өздері де, сөздері де мәдениетті жерге тоқтағысы кеп, қожайынынан бизнесінің жай-күйін білгісі кеп елпілдеп тұрғаны.
Бақытыма орай, дәмхананың иесі аудандағы кәсіпкер аналардың маңдайалдысы болып шықты. Жан дүниесі де өнерге етене жақын. Өзі де “Ахау, Семей” атты әнге айналған ғажайып қалада дүниеге келіпті. Әкесі Арғынғазы Аймурзин белгілі қаламгер-журналист-редактор Ғайса Сармурзиннің ағасы. “Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан” деген осы”, – деймін ішімнен. Өйткені, Ғайса атамыздың кеңестік тәртіптің қысымынан қорықпай Қордай барып, Кекіліксеңгір асып, кеудесі алтын сандық жақсылармен сырласып, Кенесары хан туралы мақала жазғанын білем. Тұщынып оқығаным да бар. Қысқасы, көктен іздегенім жерден табылғандай. Негізі, ата-бабаларымыздың “жүрген аяққа жөргем ілінеді” деген сөзін есті қаламгер қойын дәптерінің бірінші бетіне түртіп қоюы керек.
“Әкеге қарап ұл, анаға қарап қыз өсер”деген. Зиялылар өсіп-өнген тегіне тартқан асыл жеңгеміз сегіз қырлы, бір сырлы болып шықты. Құдай қосқан қосағы Рақымбай ағамыздың жүрегін жаулап алған мінезі мен жүзінде, тіфә, тіфә, әлі мін жоқ. Алпыс деген ақылман жастың тоғызына келсе де қиылған қас пен төгілген шашқа қылау түспеген. Шынымды айтсам, мені әсіресе, жеңгеміздің тобығына түсетін қолаң шашы қатты таңғалдырды.
– Мұндайды қазақтың ғашықтық жырларындағы сұлулардың ғана маңдайына жазылған бақыт деп ойлаушы ем. Айып етпесеңіз, тобығыңызға түсетін шашыңыздың қаншалықты ұзын екенін айтпас па екенсіз?
– Айып ететін ештеңесі жоқ, құлақ үйренген сұрақ ғой. Шашымның ұзындығы 1 метр 50 сантиметр.
– Мұндай шашы бар қыз-келіншектер бүгінде жоқ-ау.
– Мүлде жоқ деп айта алмаймын, бірақ некен-саяқ.
– Өзі қалың, өзі ұзын шашты жуу, тарау, өру де біраз шаруа шығар.
– Кейбір қыз-келіншектерге қиын жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен шашымнан ыңғайсыздық көргенім жоқ. Осы шашым арқылы телебайқауға қатысып, бірінші орынды жеңіп алғанмын. Сахнада ән салған кезде де бұрымыма жасанды шаш жалғап, әуре болмаймын. Қысқасы, мен шашымды құдайдың берген сыйы деп бағалаймын.
– Ән де саласыз ба?
– Ауданда әжелер ансамблін ұйымдастыруға атсалыстым. Өзімнің жеке репертуарым да бар. Мереке сайын аудандық Мәдениет үйінің сахнасына шығамыз.
– Қандай әндер айтасыз сонда?
– “Сағыныш”, “Қимаймын”, “Сен ғана”,.. көп қой. Жақында он бір әннен тұратын дискімді жаздырттым.
– Оһо, сіз нағыз қазіргі заманның адамы болып шықтыңыз ғой.
– Құдайға шүкір, отбасымызға жететін кәсібіміз де баршылық. Аудан орталығы мен қалада кафе, дүкендеріміз де жұмыс істеп тұр. Бір ұл, екі қызым бар. Үш немере сүйіп отырмын. Тек осының бәрін Рақымбай ағаң ақырына дейін көре алмады. Осыдан бес жыл бұрын 66 жасында қайтыс болды. Екеуміз жиын-тойда бірге ән салушы ек...
Қызмет бабымен жүріп әртүрлі адамдарға жолығасың. Жақсылары уыздай ұйыған ұйымшылдығымен жабырқау көңіліңе жамау бола білсе, бір қазанға бастары сыймай отырған жамандары көңіліңе кірбің ұялатады. Сондықтан болар, көбіне бірлігі мен тірлігі жарасқан қуанышты отбасының ұйытқысын іздеп, сабылып жүргенің. Жаңа ғана жарқырап тұрған күннің көзін көшпелі бұлт кеп жапқандай бір жабырқау сәт орнады. Жеңешемнің жүзіндегі “бұлтты” қуып, ойын серпілту үшін дереу әңгіменің арнасын өзгерту керек.
– Эльмира деген атыңыз да осы заманға лайық. Қазақтар 1941 жылы қыздарына мұндай есім қоймауы тиіс сияқты еді, әлде өзіңіз таңдап алдыңыз ба кейін?
– Құдай сақтасын, азан шақырып қойған атым. Айттым ғой, әкем Сармурзиннің ағасы, кезінде прокурор болған, шығыс пен батыстың әдебиеттерін көп оқыған, көзі ашық адам деп...
Жақсыны көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей кейіп танытып қатар жүре беретіндер көп. Риза болғаным, аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, тұрмыс-тіршілігі төмен отбасылар мен зейнеткерлерге қамқор болып жүрген анадан Байзақ ауданының әкімі Батырбек Құлекеев, орынбасарлары Әзімхан Қилыбаев, Кәдірбек Сәдубаев және басқа да басшылар құрмет пен қошеметтерін аямайды екен. Үздік кәсіпкер ретінде облыс, аудан әкімдерінің қолынан алған дипломдары мен алғыс хаттары да жетерлік. Бұрнағы жылдары Астанада өткен ел кәсіпкерлерінің жиынына қатысып, өткен жылы Байзақ ауданының Құрметті азаматы атағына ие болыпты.
“Диірмен бір айналғанша, иесі мың айналады” деген мақал рас. Эльмираның кәсіпкерлік жолы оңайға түскен жоқ. Үйінің ас бөлмесін босатып, оны кеспе шығаратын цехқа айналдырған алғашқы қадамын әлі ұмытпайды. Кейін ескі технологияны жаңасымен алмастырып, тәулігіне 15 түрлі 3 тонна өнім өндіруге қол жеткізді. Оған тұшпара цехы қосылды. Бірақ нарықтағы бәсекелестік артқан тұста, өндірілген өнімді өткеру деген мәселе туындайды ғой. Бұл қиындықты олар кеспелерін базар нарқынан төмен бағамен сатып жеңген.
Бүгінде Эльмира ханымның аудан мен облыс орталығынан ашқан дүкендері мен кафесінің табысына шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Шағын және орта бизнеске қолдау жақсара түссе, қолға алмақ жаңа жобалары да жоқ емес. Жалға алған жері де бар.
“Табыстың бір ұшы білекте болса, екінші ұшы өжет жүректе” дегендей, сонау бір жылдары Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының библиография факультетін бітірген Эльмира Аймурзина кеңес жылдары мектепте қызмет етті, аудан орталығындағы №4 балабақшаның меңгерушісі болды. Енді, міне, зейнеткер атанған алпыс тоғыз жасында кәсіпкерге айналып отыр. “Шыққан тауың биік болса, лақтырған тасың алысқа түседі”. Кәсіп деген қызықты болса, шау тартқан адамның өзін ширатып, жасартып, жігерлендіріп жібереді...
Қандай мазмұнда дүние жазбайын, бірінші кезекте тақырыбының тартымды болуы есте тұрады. Осы жолы да Сарыкемерден “саржелдіріп” келе жатып, тақырып туралы ой қаузадым. Қапелімде ойыма жөндемді ештеңе түсе қоймады. Сосын көлігімнің радиосын қостым. Эфирден марқұм Мәдина Ералиева нақышына келтіріп айтатын ән орындалып жатыр екен.
Иықтан шашы,
Төгіліп жерге.
Күмістен шашбау,
Жарасып белге, –
дейді күміс көмей әншінің сазды үні көлік ішінде қалқи естіліп.
Боранды бекетке концерттік сапармен келген кезінде Мәдина Ералиевамен жуалылық кәсіпкер Мұсатайдың үйінде дастарқандас болып, талантына тәнті болғаным бар еді, сол есіме түсіп, сөзі де, сағынышқа айналған өзі де жүрегімді толқытып, жандүниемді астан-кестең етіп жіберді.
“Таптым, – дедім ішімнен, – Иықтан шашы, төгіліп жерге! Бара сала осылай деп жазамын...”
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы.
ЕЛ БЕСІГІН ТЕРБЕТКЕН АНА
Сонау қиын кезеңнің өзінде жекеменшік балабақша ашқан Раушан Мадина бүгінде осы мекемені гүлдендіріп отыр
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанайдағы темір жол вокзалының жанындағы балабақша-гимназияны тұрғындар “темір жол балабақшасы” деп атап кеткен. Бұл балалар мекемесі осыдан отыз жыл бұрын “Қазақстан темір жолына” қарағандықтан осылай аталған ғой. Нарық келген кездегі қиындық шойын жолды да шырмап алды. Бұрынғыдай емес, желі бойындағы мектептер мен бала бақшаларға аямай бөлетін қаржының аясы тарылды, бірте-бірте оларды өз балансынан шығарып та тастады. 80-ші жылдардан бері Раушан Мадина басқарып келе жатқан балабақша-гимназия да солардың қатарында болатын. Оны енді Қостанай қалалық білім бөліміне беретін болды. Ал бұл мекемені ұстап тұру үшін бюджеттен жылына 37 миллион теңге қаржы бөліну керек. Қаланың бюджетіне бұл аз салмақ емес, сондықтан балабақшада тәрбиешілерден басқа баланы жан-жақты дамытып, білім іргетасын қалап жатқан педагог, басқа да мамандардың барлығы қысқару керек болды. Раушан Нұркенқызының жүрегі шымырлап қоя берді. Өзі де мектепке дейінгі тәрбие саласының маманы болғандықтан балабақшадағы педагогтардың қарымын, баланы дамытудағы шеберлігін жақсы біледі. Жұмыстан қысқарса, бүлдіршін тәрбиесі үшін бар өмірін сарп еткендер қайда барып күн көрмек? Раушан балабақшаға бір жаңалық әкелсе ұжымы оған ешқашан қарсы тұрған емес, бірін бірі емеурінінен түсініп, дереу іске кірісер еді. Сондай ұжымды қалай таратпақ? Осылай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде бір лауазымды шенеуніктің қылығы Раушанның намысына от тастап жіберді. Әлгі шенеуніктің балабақша балансындағы ғимараттарға көзі түскен екен. Әрине, ғимарат оның қолына тисе балабақша жұмысын тоқтатады деген сөз. Оның ойланып жатуға енді шамасы келмеді, “несие алуым керек, балабақшаны жекеменшікке айналдырамын, ұжымды сақтап қалудың жалғыз жолы – осы!” деді де іске кірісті.
– Біз өз балаларымыз Қайрат пен Алматты өсіріп, бір емес, бірнеше жоғары білім бергенбіз. Екеуі де қызмет істейді. Өз табысымыз өзімізге жетерлік. Бірақ Раушанды алған бетінен қайтару мүмкін емес еді. Ол бұл іске кәсіпкер бола қояйын деп кіріскен жоқ, балабақша жұмысы десе бәрін де ұмытады, – дейді Рекеңнің өмірлік жолдасы Әуесхан Мадин. – Несие алу жеңіл болған жоқ, соның соңында бір жарым жыл жүгірді, қаншама уақыт айлық алмай жұмыс істеді. Соның барлығына төзді.
“Бар ниетіңмен алға қойған мақсаттың орындалмауы мүмкін емес” дегенді Раушан Мадина әрдайым қайталайды. Ауыздан шыққан лебіздің артында намыс атойлап тұрғандай. Оның осы сөзінің растығын өз ісі әрқашан дәлелдеп келеді. Раушан Нұркенқызы аса қиындықпен несиеге қол жеткізіп, балабақшаны жекеменшікке айналдырды. Есесіне ұжымда бір адамды да қысқартқан жоқ, негізгі құрылымды сақтап қалды. Бұл сол уақыттың тұрғысынан қарағанда ағысқа қарсы жүзумен бірдей еді. Себебі, жаппай жабылып қалған балалар бақшаларын қайтадан ашуға ешкімнің де құлқы болған жоқ. Олардың босаған ғимараттары қалталылардың коттеджіне, не мекемелердің офисіне айналған болатын.
Осы балабақшаға меңгеруші болып 1980 жылы келген Раушан Мадина жаңашылдық әдістемелерді енгізумен бүкіл темір жол желісі бойындағы мектепке дейінгі мекемелер арасында үздігі де үлгісі болатын. Оның еңбегі де еленбей қалмаған еді. “Құрметті теміржолшы”, “Қазақстан білім беру ісінің үздігі” атанды. Ол 80-жылдардың ішінде басшылардың көзін жеткізу арқылы қаржы бөлгізіп, бірнеше маман педагогтарды Мәскеуге оқуға жіберді. Тамаша дайындықтан өтіп келген олар келе сала Одаққа белгілі педагог Л.В.Занковтың бағдарламасын тәжірибеге енгізді. Балаларды дифференциялды дамыту бағытын ұстанатын бұл бағдарлама нәтижесіз де болған жоқ. Орталықтан шығатын журналдардан оқыған бір мақаланың әсерімен Раушан Прибалтикаға баруды ойлады. 1984 жылы оған да қол жеткізді, балабақшадағы ұжымның тең жартысын, яғни педагогтар мен тәрбиешілерді ертіп алды да Латвияға жол тартты. Сөйтіп, Рига қалалық білім басқармасына кіріп, келу мақсатын айтты да, рұқсат алып, қыздарымен бірге балабақшаларды аралады. Латыштар балабақшада тек латыш тілінде сөйлейді екен. Балалар ойнайтын әр бөлмеде республиканың мемлекеттік рәміздері, Латвия табиғаты туралы, басқа да тақырыптарға арналған бұрыштамалар жасақталған. Ұлтының ұрпақ тәрбиесін бесіктен ойлаған, тілі мен діліне берік латыштардан үйренетін нәрсе баршылық екен деп ұқты Раушан. Прибалтикадан қанаттанып оралған ол Қостанайға келісімен Қазақстан темір жолы Қостанай бөлімшесі кәсіподақтар комитетінің төрағасы Молодцов дегенге кірді. Раушанның: “Балабақшада қазақ тобын ашамын” деген ұсынысына кәсіподақ төрағасы: “Неге қазақ тобын ашуың керек, неге болгар тобын ашпайсың?” деп қисық та қыңыр жауап берді. Әрине, төраға мен балабақша меңгерушісінің кездесуі сол әңгімеден жеті жылдан кейін, яғни 1991 жылы болса Молодцовтің жауабы да басқаша болар еді. Бірақ Раушан төрағамен салғыласқан жоқ, өзінің білгенін істеді. Сол жылы балабақшада қазақ тобы ашылып, қазақша сауатты педагог Гуля Бәкірова бүлдіршіндердің тілін сындыра бастады. 80-ші жылдардың ішінде Қостанайдағы мектепке дейінгі мекемелер арасындағы тұңғыш қазақ тобының ашылуы таңқаларлық оқиға боп көрінген.
– 90-шы жылдардың басында барлық жерлерде бала бақшалар жабылғанда жанымыздағы сондай мекеменің ғимаратын біздің балансымызға берді. Мен оған қазақ тілінде білім алатын бастауыш мектеп-интернат аштым. Ол кезде темір жол бекеттерінің барлығында өзіміздің қаракөз ағайындар тұратын. Онда не балабақша, не мектеп жоқ, уақыттан қалып қойғандай күй кешетін. Мен сондай бекеттерді аралап, он үш бала жинап әкелдім. Балабақша жанындағы қазіргі гимназия негізін сол бастауыш мектеп қалаған болатын, – дейді Раушан Нұркенқызы. – Қазір онда орыс және қазақ сыныптары бар. Біздің балабақша бір жарым жасында келген сәбиді төртінші сыныпты бітіртіп, балапан қанат етіп ұшырады.
Осы алтын ұяда бүлдіршін үшін компьютерлік сынып, сурет салу студиясы, хореографиялық, денешынықтыру залдары, логопед, сауна, бассейн бәрі бар. Мектепте балаға үш тіл қатар оқытылады.
“Ел болам десең – бесігіңді түзе”. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов айтқан осы сөзді Раушан Құран сүресіндей ақиқат деп біледі. Халқымыз жас шыбықты қалай исең солай өсетінін де меңзеген. Раушан Нұркенқызы балабақша-гимназияда бүлдіршіндерге сапалы тәрбие, іргелі білім беру үшін тыным көрмейді.
Қостанай.
ӨМІРДІҢ НҰРЫ – ӨЗДЕРІҢ!
Көктемдегі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өңірдегі әр шаңырақты шаттыққа бөлейтін аналар мен қыз-келіншектердің қуанышына ортақтасу, құттықтау дәстүрі орныққан. Жұма күні облыс әкімі Серік Үмбетов 200-ден астам Ұлы Отан соғысына тікелей қатысқан және сол сұрапыл жылдарда әр салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлері жесірлерінің басын қосып, олармен жүздесті. “Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі” дегендей отбасындағы береке-бірлікке, өмірдегі әсемдік пен нәзіктікке жолбасшы бола жүріп, айналасына инабаттылықтың нұрын сепкен, самайларын ақ қырау шалған алды 90-нан асқан әжелерге ыстық ықыласын арнаған облыс басшысы оларды мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
– Ел зердесінде есімдері мәңгі өшпейтін Ұмай ана мен Тұмар ханым, Домалақ аналардың ғұмыры қай дәуірде де ғибратқа толы. Бұлақтай мөлдір махаббат пен пәк сезімнің символына айналған Айша бибіні, Қыз Жібек бен Баян сұлуды, елі үшін жанын пида еткен қаһарман қыздарымыз Әлия мен Мәншүкті әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінгі ұрпақ соларға қарап ой, бой түзесе деген тілегіміз де бар. Сіздердің араларыңызда Еңбек Ерлері Зылиха Тамшыбаева, Рахилям Сейітова, Мәмиля Әлімбаева, Адалят Зайнаудинова және басқа да “Алтын Алқа” иегерлері мен ел басына күн туған кезде ер азаматтардың орнын жоқтатпай Отанын қастерлі, ошағын киелі санаған абзал аналар отыр, – деді Серік Әбікенұлы.
Мерекелік кездесуде пікірлескен қараталдық Нина Қабдырахманова жасы келгеніне қарамастан бүгінгі мерекеге шақырылғанына, көптен көрмеген замандастарымен қауышқанына ризашылығын білдірді. Әжей соғысқа дейін фармацевт мамандығын меңгеріп, 1941-1945 жылдары госпитальда жұмыс істеп, кіші лейтенант шенін иеленіпті. Соғыс ардагерінің омырауында Отан наградалары сондағы жанқиярлық еңбектің көрінісіндей.
Салтанатты жиынға қатысқан ардагер аналардың құшақтары гүл шоғына толып, түрлі сыйлықтар алып мерейленді. Бұл марапатқа лайық аналардың жүрегі – әлемнің тірегі десек, олар жер бетіне тыныштық, балаларының бақытын тілейтін қамқоршы жандар екені даусыз.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
Суретте: кездесуден көрініс.
О, МАХАББАТ, ЖЕБЕ СЕН!
Қыз жүрегі-нәзік тым,
Намысқойлық бары рас.
Тағдыр ма, әлде жазықты
Мұң мен соры арымас.
Сырлы сезім тиегін,
Іздеп мүмкін таппаған.
Бір жігітті сүйеді
Барлық халық мақтаған.
О, Махаббат! Жебе сен.
Сол қыздардың арманын.
Өткен күнмен егесіп
Қалған шайнап бармағын.
Ақталмаған ақ үміт,
Нөсерлеген көз жасы,
Өміріне бағынып
Өтер сүйеп өз басын.
Бабам сөзін хаттаған,
Тимесін деп жат табан.
“Жіңішке” деп қыз жолы
Ардай биік сақтаған.
Қыздың мұңы сан ғасыр,
Сыр-сандықта жиылған.
Әдемілік табасың
Қылық, иба, бұрымнан.
Қыз тағдыры қашанда,
Жат жұрттыққа бұйырған.
Кейде сезім өртімен
Шыбын жаны қиылған.
Оған мысал-Баян қыз,
Қыз Жібектей арулар.
Пенделікпен аярмыз
Заманға не дәру бар?
Намысы үшін елінің,
Белін буып бекемге.
Қасиетті жерінің
Қасиетін көтерген.
Қолдағасын Күн, Айы,
Мігір таппай күні-түн
Келін болып сыпайы
Ақтаған ел үмітін.
Болашақтың бесігін,
Ана болып тербеткен.
Ұрпағыңды өсірген
Саулық тілеп Жер, Көкке!
Болмаған аз азабы,
Әже болып қамыққан.
Елдің білсең ажары
Аппақ қардай жаулықта.
Аспан мен Жер арасын,
Жақын қылып даласын.
“Қыз мұраты кетумен”
Болашаққа барасың...
Маржан ЕРШУ.
ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ЖАНДАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ
Тереза ана атанған семейлік Галина Қалиқызы көңілі жарым адамдардан қашанда жақсылығын аямайды
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Елімізде жалғызілікті зейнеткерлерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын, нақтылап айтсақ 1989 жылы ең алдымен Семейде ашылған еді. Сонда жаңа қаланың Жаңасемей бөлігіндегі Пятилетка деп аталатын көшесіндегі көп қабатты үйдің бірінші қабатынан жаңадан ашылып жатқан орталыққа деп қалалық атқару комитетінен 5 бөлмелі пәтер бөлінгенде, орталық басшысы Галина Қалиқызының қуанышында шек болмаған. Солай дей тұрғанмен, оны жалғызілікті жандардың сүйікті демалыс орнына айналдыру оңайға түспеген. Әйтеуір, кезінде мұның комсомол, партия қызметінде болғандығы, облыстық кәсіпшілер одағы мен қалалық атқару комитетінде қызмет жасап, үлкен өмір мектебінен өткендігі, ең бастысы адамдармен тіл табыса білетіндігі текке кетпей өз нәтижесін бере бастаған.
Солайша әлгі пәтер ішінен демалыс, ұлттық дәстүр бөлмелері, кітапхана, медицина кабинеті, асхана, тіпті оны айтасыз, табиғат бұрышы да ашылған. Рас, арада көп уақыт өтпей орталықтың бас ғимараты қала орталығындағы бұрынғы балалар бақшасының екі қабатты үйіне келіп жайғасқан. Бірақ, осыдан 30 жылдай уақыт бұрын салынған бұл үйдің аты бар да заты жоқ еді. Бұларға тағы да тер төге отырып, жұмыс істеуге тура келді. Сонда қайсыбір шаруаларды өз қолдарымен жасап алғандары да шындық. Басқалар босап қалған мұндай балалар бақшасының ғимаратын баю мақсатында жанталасып жөндеп жатса, ал Галина Қалиқызы болса оны қайтсем де жалғызілікті жандардың қажетіне жаратамын деп шарқ ұрғаны да рас. Соның нәтижесінде әбден тозған ескі ғимарат енді тамаша шипажай – профилакторийге айналды. Орталықтың бас корпусында демалыс, еңбек бөлмелері, медицина кабинеті мен жаттығу залынан басқа, қолданбалы өнер және тарихи зерде мұражайына дейін ашылған.
Орталық бөлмелерінің бірі қазақ киіз үйі ретінде безендірілген. Бөлмедегі төсеніш пен көрпешелерді осында демалып, тынығып қайтатын әжелер өздері жасап тіккен. Түрлі ұлттық мерекелер осы бөлмеде өткізілетін көрінеді.
Орталық бүгінде айына жүзге жуық жалғызілікті жандарға қызмет көрсетуде. Олар орталыққа таңғы жетіден бастап келе бастайтын көрінді. Содан түскі екіге дейін осында болып, екі рет тамақтанады. Олардың айтуынша, мұндағы тамақ сапасы шипажай-санаторийдегіден артық болмаса, кем емес. Дастарқан мәзірінде сүт өнімдері, ет тағамдары, жеміс-жидек пен көкөніс те жеткілікті. Галина Қалиқызы сөз арасында әңгіме тақырыбын осында тынығушылар мен оларға мінсіз қызмет жасап келе жатқан әлеуметтік қызметкерлерге қарай бұра берген. Арасында орталық өміріндегі қызықты оқиғалар да айтылмай қалмады. Мәселен, мұнда осы өткен жиырма жыл ішінде орталықтан өз бақыттарын тапқандар да аз емес көрінеді. Яғни, барлығы 17 жұп осында танысып, бас қосыпты. Тағдырдың жазуымен жалғыз қалған жандар қартайғанда екі жарты бір бүтін болып бас қосып жатса, оның не сөкеттігі бар? Өйткені, ең үлкен қасірет жалғыздық емес пе?
Орталық басшысы әңгіме тақырыбын басқаларға бұра бергенмен, оның өзі туралы сол басқалардың пікірі де өте жоғары екендігін естіп білдік. Соның бірі А.Махметова деген әжей өзінің бірінші топтағы мүгедек екендігін, көп жылдан бері төсек тартып жатқандығын, туыстары жоқ екендігін айта келіп, семейлік Тереза ана атанған Галина Қалиқызына шын жүректен шыққан аналық ақ алғысын білдіріп жатты. Оны Ұлы Отан соғысының ардагері А.Щеглова деген әже де қолдай келіп, мұндай орталық болмаса қайтер едік дейді.
Хакім Абай өзінің қара сөздерінің бірінде “жұртқа жақсылық істе және өзің де қайырымды бол, өйткені Алла жақсылық істеушіні жақсы көреді” деген екен. Галина – Ғалия Қалиқызы, міне, осындай жан.
Семей.
СЕН АРҚЫЛЫ АЙНАЛДЫ ӨМІР ЖҰМАҚҚА
Былдырлаған кіп-кішкене балақан,
Жүрегімнен саған шуақ таратам.
Саған деген махаббатты мендегі
Сезіне алмас бұл дүниеде жан адам.
Саған ермек бесіктегі сылдырмақ,
Маған өзің жыр оқисың былдырлап.
Мынау өмір айналды ма жұмаққа
Сыр айтады құс тілінде күмбір бақ.
Менің орта көңілімді толтырдың,
Менің орта өмірімді толтырдың.
Қайда кеткен бұл күндері таң қалам
Бір кездегі көңілдегі мол кірбің?
Сен арқылы айналды өмір жұмаққа,
Сенен балам, кете алмаймын жыраққа.
Сезінемін қайда жүрсем деміңді
Былдыр үнің естіледі құлаққа.
Содан кейін үйге қарай ұшамын,
Қуаныш пен шаттық толып құшағым.
Сен арқылы ғашық қылған дүниеге
Шүкір айтып Жаратқанға, құшамын.
Гүлзада НИЕТҚАЛЕВА.