Автор Елбасымыздың Ақтөбе облысына жұмыс сапарынан бастап, облыс әкімінің қатысуымен өткен кездесулер және басқа да қоғамдық-саяси маңызды шаралар туралы толық ақпарат беріпті. Сонымен қатар халық жазушысы, Ақтөбе топырағында кіндік қаны тамған асыл азамат Тахауи Ахтанов ағамыз туралы жазған естелігі көкірегі ояу азаматтарға, әсіресе жастарға көп ой салары анық. Осы күнделікті шола отырып, бір мүшел уақыт бұрын Ақтөбе облысында қызмет еткен кездерім ойыма оралды.
2006 жылдың соңында «орталық – өңір» мемлекеттік қызмет принципі бойынша Ақтөбе облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, 2007 жылы екі маңызды ірі шараны ұйымдастыруға қатыстым. Бірі, Ақтөбе облысының 75 жылдығына арналған шаралар болса, екіншісі, аты аңызға айналған батыр, ХV ғасырда өмір сүрген қазақ қолбасшыларының бірі Қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған шара.
Оған тікелей атсалысуыма жағдай жасаған сол кездегі облыс басшысы Елеусін Сағындықовқа құрметім ерекше. Облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалуыма дейін Президент Әкімшілігінде, мемлекеттік қызметтің орталық және өңірлік деңгейінде айтарлықтай тәжірибе жинақтаған болатынмын. Дегенмен Ақтөбе өңіріндегі алғашқы саяси мемлекеттік қызметім болғандықтан қобалжу да болғанын жасыра алмаймын. Алайда, біріншіден, Елеусін Наурызбайұлының, сонан соң облыс азаматтарының, оның ішінде кезінде аудандық, облыстық деңгейлерде басшылық қызметтерде болған ел ағаларының қолдауының нәтижесінде облыс жағдайымен қысқа мерзімде танысып, міндеттелген жұмыстарды тез игеру мүмкіндігіне ие болдым. «Кеудесі ағалардың – алтын сандық» дегендей, өмірлік және басқару тәжірибесі мол ағаларыммен талай мәселені ақылдасқаным, салиқалы да салмақты пікірлерін кейінгі қызметтерімде де қолданғанымды қуанышпен еске аламын.
Ақтөбе облысының 75 жылдығына арналған шаралар жыл бойы барлық елді мекенде, ұйымдарда өткізіліп, қорытынды шара Ақтөбе қаласында сәтімен өтті. Осы шараларды өткізу барысында сол жылдары Ақтөбе қаласын басқарған, кейін орталық атқару органдарында жауапты қызметтер атқарған белгілі азамат Кеңес ағамыздың ізі Серік Нокин мен сол кездері оның орынбасары болған, кейін Ақтөбе облысының әкімі, қазіргі уақытта Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, аудандардың сол кездегі әкімдері Жеткерген Оралмағамбетов, Есмахан Есенбаев, Сансызбай Құттыбаев, Серік Ботағарин, Марат Тағымов (қазір Сенат депутаты), Бердіхан Кемешов, Ахат Мырзалин ағаларымыз, Серік Шаңғұтов, Оразбек Далмағамбетов, Рахат Сыдықов, Серік Орынбаев, Мейірхан Дуанбековпен қоян-қолтық қызмет еттік. Азаматтардың қайсысы болса да, қолға алған істі сапалы орындайтын, берген уәдесінде тұратын мемлекеттік қызметшілер болды. Сондай-ақ облыстың он екі ауданында да іссапармен болып, халқымен де, бай табиғатымен де жақын таныстым, көптеген маңызды әлеуметтік нысандардың ашылуының куәсі болдым. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық партия ұйымын басқарып жүргенімде Ырғыз ауданы әкімінің өтінішімен бір топ ардагерлерді елордамен таныстырып, қошемет көрсеткен едік.
2007 жылы Елбасымыздың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында республикалық деңгейде айрықша аталған маңызды шаралардың бірі – Қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған шаралар. Қобыланды батырдың Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағында жерленгені туралы дерек бұрыннан белгілі. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары әр жылдарда батырдың басына соғып, зиярат етіп тұpған. Бұл, cipә, қысылтаяң жылдары олардың рухтық кеңістікті іздегендегісі болса керек. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында әуесқой антрополог Ноэль Шаяхметов медицина ғылымының белді тұлғаларының бipi Сайым Балмұхановпен бipгe батырдың сүйегін қазып алып, Мәскеудегі Герасимов зертханасына әкетеді. Белгісіз себептермен Ноэль ағамыз бұл icтi аяғына дейін жеткізе алмапты. Тәуелсіздік жылдарында Қобыланды батырдың басына мемлекет қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыз бен сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов тәу eткенінен жұртшылық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар. Бұрын үздік-создық әңгіме болып жүрген мәселе облыс басшылығына Eлeyciн Сағындықов келген кезден бастап бip арнаға түскенін де жергілікті халық жақсы біледі. Ноэль Шаяхметов аяқтай алмаған істі жалғастыру мақсатында облыс әкімі бюджеттен арнайы қаржы бөлдіріп, академик, антрополог-ғалым Оразақ Cмағұлов ағамыз 40 жылдай бұрын Жиренқопа жерінен қазып әкетілген бас сүйектің қазақтың батыры Қобыландынікі екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп береді. Елді қуантқан осы жаңалықтан кейін 2006 жылы Қобыланды атамыздың денесін қайта жерлеу рәсімі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларды ұйымдастырып, өмірде болған, ерлік істерімен еліне танылып, құрметіне бөленген хас батыр туралы тың деректерді жинауға атсалысқан қазіргі Ақтөбе облысының әкімі, сол жылдары облыс әкімінің орынбасары лауазымында болған Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің де еңбегі ерен екенін атағым келеді.
2007 жылдың басында Ақтөбе облысы әкімінің шешімімен ұйымдастыру комитеті құрылып, төрағалыққа тағайындалдым. Осы күннен басталған жұмыс қыркүйекке дейін жалғасты. Ең бастысы, Жиренқопадағы батыр атамыздың мәңгілік жатқан жеріне мемориалдық кесене салу болды. Елеусін Наурызбайұлының күнбе-күн бағыт-бағдар беріп қана қоймай, берілген тапсырмалардың сапалы орындалу жолдарын нақты көрсетуінің нәтижесінде көп жұмыс атқарылды. Облыс әкімі Қобыланды батырдың тойын тек «мал шашпақ» емес, соңында тағылымды iз қалатын шара болуы керектігі туралы үнемі айтып отырды. Баршаға белгілі, Ақтөбе перзенттері – Әлия Молдағұлова, Ахмет Жұбанов, Шығанақ Берсиевтердің мерейтойлары елдің рухын көтерумен бірге әлеуметтік мәселелерін шешіп, еңсесін тіктеді. Бұл жолы да республикалық бюджеттен бөлінген қаржымен қатар облыс басшылығының демеушілерді ортақ іске тартуымен Ақтөбе мен Қобда аралығы, одан әрі батыр атамыздың мәңгілік тыныс тапқан Қобда өзенінің шығыс жақ жағалауындағы Жиренқопаға дейінгі жол жөнделді. Одан бөлек, Жиренқопа ауылының ішіне асфальт жол төселді, көшелеріне жарық тартылды, фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді, орта мектеп салынды, мәдениет үйіне де күрделі жөндеу жүргізілді, телефон байланысы орнатылды. Тарихи кешеннің алдағы уақытта халыққа рухани тұрғыда қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің шешімімен «Қобыланды» мемориалдық кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылды.
Кесененің ашылуына орай келетін халыққа арнап әр аудан 15-тен 180 киіз үйді безендіріп, қалған 120 киіз үйді Ақтөбе қаласындағы мекемелер мен кәсіпорындар тікті. Жиренқопаға кipep тұста, жолдың оң жағында керемет жазық бар. Осы жазықта Қобыланды батырдың тұлпары аттас «Тайбурыл бәйгесі» деп аталатын ат жарыс, түйе бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, концерттік бағдарламалар қойылды.
«Қобыланды батыр: аңыздар мен шындықтар тоғысында» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияда белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбаев пен Мырзатай Жолдасбеков баяндама жасап, еліміздің зиялы қауым өкілдері Қойшығара Салғара, Оразақ Смағұлов, Фариза Оңғарсынова, Ұлықбек Есдәулет және басқа да өнер, ғылым қайраткерлері жоспарланған шараларға қатысты.
Сайып келгенде, он алты мыңнан астам халық қатысқан Қарақыпшақ Қобыланды батырды есте қалдыру шарасы исі қазақтың рухын көтерді, жоғалған тарихын, ең бастысы «елім, жерім» деп туған жерін қорғаған Қобыланды батыр ұрпағына оралды. Қобыланды батыр сынды тарихи тұлғаларды мақтан етудің маңыздылығын Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы мына сөздер дәлелдей түседі: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».
Осы игілікті істің жоғары деңгейде өтуі – біріншіден, Елеусін Сағындықовтың ұйымдастырушылық шеберлігі болса, екіншіден, бірлесе қызмет атқарған Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарындағы мыңдаған азаматтардың еңбегі дер едім. Сондай-ақ аталған шараны ұйымдастыру барысында басы-қасында болған, сол кездегі Қобда ауданының әкімі Серік Ботағарин, ақын, журналист Мейірхан Ақдәулетұлы бастаған редакциялық топ, «Қобыланды батыр» қоры қаржысының мақсатты жұмсалуына атсалысқан Ғани Бурин, белгілі сәулетші Бек Ибраев қалыптаған мемориалдық кешен құрылысын соңына дейін бақылауда ұстаған сол жылдардағы облыстың бас сәулетшісі Болат Егімбаев пен құрылыс басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, жол салу мәселесімен айналысқан Бағлан Баймағамбетов, Мәлік Жекеев, Қобыланды батыр туралы тарихи мәліметтерді жинақтаған сол кездегі облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Бекарыстан Мырзабай, батыр атамызға арналған театрландырылған көріністің сценарийін жазған Ұзақбай Қауыс, көріністі ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармасы, облыстық театр және Есенгелді Дүйсенбаев басқарған филармония әртістері, басқа да азаматтар батыр ата аруағын мәңгі есте қалдыруға аянбай қызмет етті.
Ақтөбедегі қызметімнен сегіз жылдан кейін, 2015 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде жұмыс сапарымен облысқа бару бақыты бұйырды. Өңір мені даму қарқынымен таңғалдырды. Бір ғана мысал, бірнеше жыл бұрын Ойылға, Ырғызға баратын жолаушыны жол қиындығы титықтатса, осы жолы сайраған асфальт бізді Ырғызға қысқа уақытта жеткізіп, шалғай елді мекеннің газбен қамтылғаны туралы қуанышты хабарды естідік.
Одан соң, Президент Кеңсесінің Бастығы Махмұд Қасымбековтің идеясымен өңірлерге жол тартқан Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесі аясында Ақтөбе топырағына өткен жылдың күзінде тағы да жол түсті. Жүз мыңнан астам ақтөбеліктер, еңкейген қарттан мектептегі оқушыға дейін Елбасының жүріп өткен жолы мен қызметі арқылы тұтас Қазақстанның даму жолын баяндайтын көрмені үш ай бойы тамашалады. Оның дәлелі – Ақтөбе жұртшылығының атынан өңірдің бір топ зиялы қауым өкілдерінің көшпелі көрменің ұйымдастырылғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық хатын жолдауы. Сонымен қатар көрменің жабылу салтанатында сол уақытта облыс басшысы болған Бердібек Сапарбаев бастаған игі жақсылар шын жүректерімен ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Жалпы, 2007, 2011 және 2018 жылдар аралығындағы жоғарыда атап өткен мәнді өзгерістер – Ақтөбе облысының өңірлік дамудың, оның ішінде әлеуметтік нысандар құрылысында мемлекет-жекешелік әріптестігі іскерлікпен қолданудың үлгісін көрсетіп келе жатқан аймақ екенін тағы бір дәлелдейді. Ең бастысы, бір облыстың дамуын мысалға ала отырып баяндалған жетістіктер – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихының 30 жылға жуық айтулы кезеңінде сан түрлі сынақ пен маңызды шешімдерге толы қайраткерлік қадамын, Президент Стратегиясының өңірлік дамудың драйвері екендігін жан-жақты аша түседі.
Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары,
саяси ғылымдар докторы, профессор