Қазақстан • 05 Наурыз, 2019

Бейбітшілік – басты қағида

1179 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органы – Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық жауапты миссиясын абыроймен орындады. Оның үстіне Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіміз жаһандық саяси процестердегі шиеленістердің бұрын-соңды болмаған деңгейіне және әлемдік державалардың арасындағы қайшылықтардың асқынуы кезеңіне дөп келгенімен, еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл жөнінде Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдардағы атқарған қызметінің негізгі қорытындылары» тақырыбымен өткен Үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді

Бейбітшілік – басты қағида

Сын сағаттардағы төрағалық

Отырысты ашқан Мәжіліс Төр­ағасының орынбасары Вла­димир Божко: «Бірінші кезекте тәуел­сіз­дік жылдары Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың халық­ара­лық өмірдің барлық саласын қам­ти­тын, еліміздің әлем мен адамзат тағдырына терең алаңдаушылығын білдіретін стратегиялық маңызды бірқатар сыртқы саяси бастамалары бойынша сөз сөйлегенін ерекше атап өткім келеді», деді.

Ал Сыртқы істер министрі өза­ра сенімнің терең дағдарысы мемле­кет­тердің келісімге келу қабілетіне және тұтастай Кеңес жұмысының тиім­ділігіне теріс әсер еткендігін, Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Афри­ка­дағы шиеленісті дағдарыстар мен қақтығыстар, Корей Халық Де­мо­к­ратиялық Республикасы, Иран мен Украинадағы және басқа да елдердегі жағдайлар біздің сырт­қы саяси тәсілдемелеріміздің берік­ті­гіне әлденеше рет жасалған сын бол­ғандығын ерекше атап өтті.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қабырғаларындағы стресс-тестер Елбасының сыртқы саясаттағы бағытының стратегиялық дұрыстығы мен сындарлылығын тағы бір рет растағанына күмәнім жоқ. Прагматизм қағидаттарына, х­алықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті нығайту мақсатында өзара тиімді ымыраны іздеуге бағыт­талған теңгерімді және бейбітсүйгіш сырт­қы саясатымыз мем­ле­кеті­міз­­ді стратегиялық жағынан са­уат­ты көрсетуге мүмкіндік берді, әріп­­те­с­тікті, оның ішінде ядро­лық дер­жа­валармен әріптестікті жаңа қыр­ларымен байытты, мемле­кетіміздің саяси беделін күшейтті. Астананың месседжі айқын – ол «блок­тық ойлаудан» арылу және әлем­дік күн тәр­тібінің түйінді мәсе­лелері бо­йын­ша бәтуаға қол жеткізу үшін же­тек­ші державалардың арасында ин­клюзивтік диалогтың қажет­тігі, – деді Б.Атамқұлов.

Жалпы, еліміздің Қауіпсіздік Ке­ңе­сіндегі жұмысы кезіндегі жетіс­тік­тердің көбіне-көп Мемлекет бас­шысының сыртқы саясаттағы бел­сенді қызметінің және оның прин­циптік бейбітсүйгіш бастамалары­ның арқасында мүмкін болғанына еш күмән жоқ.

Б.Атамқұловтың айтуынша, тек 2017-2018 жылдар ішінде ғана Пре­зидент жиырма төрт шетелдік, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің астаналарына сапар жасады, ең өзекті мәселелер бойынша әлемдік көшбасшылармен көптеген келіссөздер өткізді. Жо­ғары деңгейдегі кездесулердің қоры­тындылары бойынша Елбасы қол жеткізген уағдаластықтар біздің дип­ломаттарымыздың күн сайынғы қажырлы жұмысы үшін негіз болып қаланды.

Сонымен қатар 2018 жылғы 18 қаңтарда Елбасының төрағалығымен өткізілген «Жаппай қырып-жою қа­руын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгей­лі брифинг біздің Қауіпсіздік Кеңе­сін­дегі жұмысымыздың шарықтауы болғаны сөзсіз.

– Қазақстан Республикасының Президенті Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет төрағалық етті және Кеңес­тің ресми отырыстары залында мем­ле­кеттік тілде сөз сөйледі. Қазақ­­стан­ның тәжірибесі негізінде Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев өз сөзін яд­ро­лық қаруды таратпау режі­мін нығайтуда сенімнің ерекше рөлі­не арнауға шешім қабылдап, сол арқылы ядролық қарудан азат әлем­нің стратегиялық мақсатының қол­же­тім­ділігін атап көрсетті, – деп баян­дады Б.Атамқұлов.

Министрдің пайымдауынша, біз­дің еліміз күрделі халықаралық проб­лемаларды шешуде елдерді өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың ру­хында біріктіретін «әділ және адал брокер» әлеуетін толығымен іс­ке асырды.

Ауғанстандағы сауда мүддесі

Бейбітшілік пен тұрақтылықты қаперінен шығармайтын біздің елі­міз Ауғанстанның экономика­сы өр­кен­деп, шатқаяқтаған шаруа­шы­лы­ғын, басқа да салаларын қалпына кел­тіруге белсене үлес қосып келеді.

Сыртқы істер министрінің депу­таттар сауалына берген жауабына қарағанда, қазір Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 520 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде 2017-2018 жылдары бізден аталған елге жеткізілген 2 млн тонна бидай мен астық тауар айналымының негізін құраған.

– Қазір Ауғанстандағы астық пен ұнның 80 пайызы Қазақстаннан жеткізілуде, – деген Б.Атамқұловтың сөзіне Мәжіліс Төрағасының орынба­сары В.Божко: «Бұл нарық біздің уы­сымыздан шығып бара жат­қан­дығын мойындауға тура келіп тұр. Бізден астықты арзанға сатып алып, көптеген диірмендер тұрғыз­ған өз­бек бизнесінің өкілі Ауған­стан­ға өнім жеткізуде үстемдік ете бас­та­ды. Оған қоса, Орталық Азия айма­ғының жекелеген мемле­кет­тері біздің өнімдерге тұсау болатын кедендік баж енгізді», деген алаң­дау­шылығын жеткізді.

Жалпы, біздің еліміздің Ауған­станға гуманитарлық саладағы көме­гінің аясында 2021 жылға қарай жер­гілікті жоғары оқу орындарында мыңдаған инженер, дәрігер мамандары даярланып шықпақ. Сонымен қатар Өзбекстанмен бірлесе отырып Ауғанстан әйелдерін сауаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.

Ал экономикада қазақстандық кәсіпорындар да Ауғанстанда бой көрсете бастаған.

– Қазіргі кезде Ауғанстан аума­ғында «Солтүстік-Оңтүстік» темір­жолының құрылысы жүріп жатыр. «Интегра» атты қазақстандық компания 43 шақырымдық учаскеге тендерді жеңіп алды. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты аталған темір жол желісін салу үшін Ауғанстанға 350 мың тонна рельс жеткізу конкурсын жеңді, – деді Сыртқы істер министрі.

Ал Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігінің дерек­теріне қарағанда, қазақстандық ком­паниялар Ауғанстан аумағында кен орындарын барлау және өн­ді­ру жұмыстарына байланысты келіс­сөздер жүргізіп жатыр екен.

Жалпы, еліміздің халықаралық деңгейдегі ауқымды жұмыстарының нәтижелеріне арналған Үкімет саға­тының қорытындысы бойынша Үкіметке арнайы ұсыныстар әзір­ле­неді.

 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»