Сын сағаттардағы төрағалық
Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко: «Бірінші кезекте тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық өмірдің барлық саласын қамтитын, еліміздің әлем мен адамзат тағдырына терең алаңдаушылығын білдіретін стратегиялық маңызды бірқатар сыртқы саяси бастамалары бойынша сөз сөйлегенін ерекше атап өткім келеді», деді.
Ал Сыртқы істер министрі өзара сенімнің терең дағдарысы мемлекеттердің келісімге келу қабілетіне және тұтастай Кеңес жұмысының тиімділігіне теріс әсер еткендігін, Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Африкадағы шиеленісті дағдарыстар мен қақтығыстар, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Иран мен Украинадағы және басқа да елдердегі жағдайлар біздің сыртқы саяси тәсілдемелеріміздің беріктігіне әлденеше рет жасалған сын болғандығын ерекше атап өтті.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қабырғаларындағы стресс-тестер Елбасының сыртқы саясаттағы бағытының стратегиялық дұрыстығы мен сындарлылығын тағы бір рет растағанына күмәнім жоқ. Прагматизм қағидаттарына, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара тиімді ымыраны іздеуге бағытталған теңгерімді және бейбітсүйгіш сыртқы саясатымыз мемлекетімізді стратегиялық жағынан сауатты көрсетуге мүмкіндік берді, әріптестікті, оның ішінде ядролық державалармен әріптестікті жаңа қырларымен байытты, мемлекетіміздің саяси беделін күшейтті. Астананың месседжі айқын – ол «блоктық ойлаудан» арылу және әлемдік күн тәртібінің түйінді мәселелері бойынша бәтуаға қол жеткізу үшін жетекші державалардың арасында инклюзивтік диалогтың қажеттігі, – деді Б.Атамқұлов.
Жалпы, еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы кезіндегі жетістіктердің көбіне-көп Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы белсенді қызметінің және оның принциптік бейбітсүйгіш бастамаларының арқасында мүмкін болғанына еш күмән жоқ.
Б.Атамқұловтың айтуынша, тек 2017-2018 жылдар ішінде ғана Президент жиырма төрт шетелдік, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің астаналарына сапар жасады, ең өзекті мәселелер бойынша әлемдік көшбасшылармен көптеген келіссөздер өткізді. Жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындылары бойынша Елбасы қол жеткізген уағдаластықтар біздің дипломаттарымыздың күн сайынғы қажырлы жұмысы үшін негіз болып қаланды.
Сонымен қатар 2018 жылғы 18 қаңтарда Елбасының төрағалығымен өткізілген «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейлі брифинг біздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысымыздың шарықтауы болғаны сөзсіз.
– Қазақстан Республикасының Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет төрағалық етті және Кеңестің ресми отырыстары залында мемлекеттік тілде сөз сөйледі. Қазақстанның тәжірибесі негізінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзін ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуда сенімнің ерекше рөліне арнауға шешім қабылдап, сол арқылы ядролық қарудан азат әлемнің стратегиялық мақсатының қолжетімділігін атап көрсетті, – деп баяндады Б.Атамқұлов.
Министрдің пайымдауынша, біздің еліміз күрделі халықаралық проблемаларды шешуде елдерді өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың рухында біріктіретін «әділ және адал брокер» әлеуетін толығымен іске асырды.
Ауғанстандағы сауда мүддесі
Бейбітшілік пен тұрақтылықты қаперінен шығармайтын біздің еліміз Ауғанстанның экономикасы өркендеп, шатқаяқтаған шаруашылығын, басқа да салаларын қалпына келтіруге белсене үлес қосып келеді.
Сыртқы істер министрінің депутаттар сауалына берген жауабына қарағанда, қазір Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы 520 млн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде 2017-2018 жылдары бізден аталған елге жеткізілген 2 млн тонна бидай мен астық тауар айналымының негізін құраған.
– Қазір Ауғанстандағы астық пен ұнның 80 пайызы Қазақстаннан жеткізілуде, – деген Б.Атамқұловтың сөзіне Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко: «Бұл нарық біздің уысымыздан шығып бара жатқандығын мойындауға тура келіп тұр. Бізден астықты арзанға сатып алып, көптеген диірмендер тұрғызған өзбек бизнесінің өкілі Ауғанстанға өнім жеткізуде үстемдік ете бастады. Оған қоса, Орталық Азия аймағының жекелеген мемлекеттері біздің өнімдерге тұсау болатын кедендік баж енгізді», деген алаңдаушылығын жеткізді.
Жалпы, біздің еліміздің Ауғанстанға гуманитарлық саладағы көмегінің аясында 2021 жылға қарай жергілікті жоғары оқу орындарында мыңдаған инженер, дәрігер мамандары даярланып шықпақ. Сонымен қатар Өзбекстанмен бірлесе отырып Ауғанстан әйелдерін сауаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылмақ.
Ал экономикада қазақстандық кәсіпорындар да Ауғанстанда бой көрсете бастаған.
– Қазіргі кезде Ауғанстан аумағында «Солтүстік-Оңтүстік» теміржолының құрылысы жүріп жатыр. «Интегра» атты қазақстандық компания 43 шақырымдық учаскеге тендерді жеңіп алды. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты аталған темір жол желісін салу үшін Ауғанстанға 350 мың тонна рельс жеткізу конкурсын жеңді, – деді Сыртқы істер министрі.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне қарағанда, қазақстандық компаниялар Ауғанстан аумағында кен орындарын барлау және өндіру жұмыстарына байланысты келіссөздер жүргізіп жатыр екен.
Жалпы, еліміздің халықаралық деңгейдегі ауқымды жұмыстарының нәтижелеріне арналған Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке арнайы ұсыныстар әзірленеді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»