Сонымен қатар Елбасы осының алдында, яғни «Нұр Отан» партиясының жақында өткен съезінде тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету туралы айтқан еді. Бұл сөз жерде қалмады. Мемлекет қашанда көмек қолын созуға дайын екенін білдірді және бұл шараны Президент тездетіп іске асыру керек деп тұр. Өйткені өркениетті елдердің қайсысын алсаңыз да, мұндай көмектің небір түрі көрсетіледі. Бізде де дамыған елдердегідей халқымыздың тұрмыс деңгейі жоғары болғаны жөн. Соған байланысты съезде айтылған ауқымды жаңа шараларды іске асыру үшін жан-жақты іс-қимыл жоспары талқыға салынды. Бұл орайда Елбасы: «Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек», деді.
Ендеше, біздің еліміздің әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезініп қалатыны анық. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы «Нұр Отан» партиясы съезінде көтерілген маңызды мәселелердің бәрін тағы бір пысықтап, оның орындалуына Үкімет, әкімдер, жұртшылық және «Нұр Отан» партиясы болып бірлесіп күш салуға тапсырма берді.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары жөніндегі институт директоры