Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Өңір өндірісіне жаңа серпін керек

979 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе – республикадағы өндірісі мен өнеркәсібі жақсы дамыған өңірлердің бірі. Облыстағы қуатты құрылымдар алдағы уақытта қандай даму жолын ұсынғаны жөн? Біздің ойымызша, бұл сауалдың жауабы Мемлекет басшысының төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында тайға таңба басқандай көрсетілген. 

Өңір өндірісіне жаңа серпін керек

Өнеркәсіпті өркендету жө­нін­­де мәселе қозғалған кез­де екі жайттың ұдайы назарда бол­ғаны табыс әкеледі. Оның­ біріншісі, жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашуға қам-қарекет жасау болса, екіншісі – бұрыннан бар, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту әрі оған жаңа заманауи технологияларды енгізу. 

Бүгінде облыстағы осы іс­тің жай-күйі қандай дегенге кел­сек, бұған дейін айтылып жүр­ген деректер мен дәйектер алдан шығады. Соның бірі – өткен жылы 85 миллиард теңгеге 55 кәсіпорынның жаңғыртылғаны. Ақтөбе секілді индустриялық аймақ үшін бұл соншалықты жоғары көрсеткіш емес. Осы кәсіпорындарда өндірілген газ бен мұнай секілді стратегиялық шикізат өнімдерінің мөлшері де көңіл көншітпейді. Сондай-ақ еңбек өнімділігін одан әрі көтеру ісінде де шешімін күтіп тұрған мәселелер бар.

Ал биыл өңірдегі кәсіп­орындарды жаңғырту мен цифр­ландыру деңгейі қандай дегенге келсек, оның да өткен жылғы көрсеткіштен асып ба­ра жатқаны шамалы екеніне көз жеткіземіз. Бұл еліміздегі төртінші мегаполис атануға бет бұрып отырған өнеркәсіпті өңірге өлшем бола алмайды. 

Соған қарамастан, алдағы бес жылда 600 миллиард теңгеге кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру жоспарланып отыр, деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. Бұл астрономиялық сан қайдан шықты? Облыстағы алқалы жиындардың бірінде осы сауалды аталған орынбасарға қойған да едік. Әйтсе де, тұшымды талдауға құрылған жауап ала алмадық. 

Облыстардың төртінші ин­­­дус­триялдық революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­­кіндіктері туралы әңгіме қоз­ғаған кезде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсы­нылған жобаларды айтпай кете алмаймыз. Себебі уақыт талабына сай дамудың жаңа мүмкіндіктерінің бірі осы болатын. Бұл бағытта 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша ЭКСПО-2017 де көрсетілген жа­­ңа технологиялардың алты жобасы біздің облыстан екені қуантады. Алдағы мақсат осындай инновацияның тізбегін өсіре беру болса керек.

Мысалы, құны 33 миллиард теңгені құрайтын, жаңартылған қуат көздері саласындағы үлкен жоба бар. Оны жүзеге асыру үшін ENI және GENEREL ELECTRIC трансұлттық корпорацияларынан қаражат тарту көзделген. 

Өңірде ЭКСПО технологияларын енгізу тек мұнымен шектелмейді, 2022 жылға дейін 15 жобаны жүзеге асыру белгіленген. Сөз жоқ, бұл ауқымды іс. Өгіз аяңмен жүрген жағдайда мұндай табысқа иек арту оңай бола қоймас. Сол үшін өңір өндірісіне жаңа серпін қажет. 

Соңғы екі жылда өңірде өнеркәсіп өсімінің қарқыны 5 пайызды құрады. Өндіріске қай кезде де қарқынды қоз­ғалыс, оң динамика тән десек, бұл көр­сеткіш әлі де жоға­ры­лауға тиіс. Әсіресе өңдеу өнер­кәсібіндегі физикалық көлем индексінің өсе түскені ма­ңызды. Елбасының облыс әкімдері мен жергілікті ат­қа­­ру­шы орган жетекшілеріне өндірісті жаңғырту мен цифрландыру жө­нінде берген тапсырмасы тек экономика және өнеркәсіп салаларымен шектелмейді. Оның ауқымы барынша кең. Бұл тіз­­бекті көлік, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өндіріс қауіпсіздігі секілді ба­сым бағыттар, білім беру, ден­саулық сақтау салалары құ­райды. Осы арада облыс ор­талығында тұрғындар мен жүр­­гіншілердің заңды өкпе-ре­ніш­тері мен наразылығын ту­ғызып жүрген қоғамдық көлік қыз­метіне жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігі де та­лас туғызбайды. Бұл үшін Ақ­төбеде «SMART CITY» тұжы­рымдамасына сәйкес автобус парктерін GPS трекерлер­мен және электрондық билет жүйе­сімен толық жабдықтау қажет.

Тағы бір айта кетерлігі өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде шағын және орташа бизнес индикаторларын дамытуда оң динамика байқалған-ды. Әйтсе де, мұнда атқаруға тиісті істер әлі де жеткілікті. Был­тыр өңірде Мемлекет бас­шы­сы­ның Жолдауында айтылған мәсе­лелер бойынша, 138 тар­мақтан тұратын талаптарды орындаудың іс-шаралар кешені қабылданған болатын. Өкілетті органдар оның орындалуын тұрақты қадағаласа бұл өңір өндірісін одан әрі дамытуға септігін тигізері кәміл.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

Ақтөбе