Жоғары деңгейдегі сегмент дегеннің мағынасы барлық елдердің өкілдері қатысқан съезд дегенге келеді. Шынында да осы күні Женевадағы Ұлттар сарайына БҰҰ-ға мүше барлық елдердің өкілдері жиналды. Барлық нәсілдің жүздеген тілде сөйлейтін өкілдері кең сарайдың ішін түрлендіріп жіберді. 13 сессияның жоғары деңгейдегі сегменті бұрын БҰҰ-ның Бас ассамблеясы өтіп келген үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, БҰҰ-ның штаб пәтері Нью-Йоркке көшкенге дейін осы ғимаратта болған.
Қанат Саудабаев сессияның жұмысы басталғанға дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Наванетем Пиллай ханыммен кездесті. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевты жайдары жүзбен қарсы алған Наванетем Пиллай – Оңтүстік Африка Республикасының өкілі. Ол ұзақ жылдар бойы осы ел Жоғарғы сотының, Руанда халықаралық қылмыстық істер трибуналының төрайымы сияқты қызметтерді абыроймен атқарған білікті заңгер санатынан екен. Қазіргі қызметіне 2008 жылдың шілде айынан кіріскен көрінеді.
Осы жерде Адам құқықтары жөніндегі кеңестің өзі туралы да айта кетейік. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының көмекші органы ретінде құрылған. Қазіргі кеңес 2006 жылдың 15 наурызынан бастап жұмыс істейді. Бұған дейінгі осы міндетті атқарған аттас орган әсіре саясиланып кетуі және қаралатын мәселелерге әділетті көзқарас таныта алмағаны үшін таратылыпты. Жалпы, аталған кеңес адам құқықтарының мәселелері жөніндегі тақырыптық мәселелерді талқылайтын форум болып табылады. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясына адам құқықтарына қатысты мәселелер бойынша халықаралық құқықты дамытуға байланысты ұсыныстар жасайды. Кеңес өзінің отырыстарына жыл бойы жиналып тұрады. Қазір оның құрамына 47 мүше мемлекеттің өкілдері енгізілген. Мүшелері Бас Ассамблеяда жасырын дауыспен сайланады. Аймақтық топтарға орындар мына тәртіппен бөлінген: Африка елдеріне – 13, Азия мемлекеттеріне – 13, Шығыс Еуропа мемлекеттер тобына – 6, Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі елдерге – 8, Батыс Еуропа және басқа мемлекеттерге 7 орын. Кеңеске мүшелер үш жылдық мерзімге сайланады. Бас Ассамблея өзінің үштен екі даусымен адам құқын жүйелі түрде бұзған кейбір елдерді мүшеліктен шығарып тастай алады.
Осы органның 2012-2015 жылдар аралығындағы мүшелігіне өтуге Қазақстан да өзінің кандидатурасын ұсынып қойған. Оған дауыс беру БҰҰ Бас Ассамблеясының 2012 жылдың мамыр айындағы 66 сессиясында болады.
Кеңестің атқарушы органы Н.Пиллай басқарып отырған Жоғарғы комиссардың басқармасы деп аталады. Оның штаб-пәтері Женевада, ал одан басқа 20-дан артық елде өкілдіктері ашылған. Соның ішінде 8 елде өкілдік, 9 елде аймақтық кеңсе, 2 елде өзін өзі басқаратын өкілдік және 1 елде байланыстар бюросы орналасқан. Бізге ең жақын аймақтық кеңсе Бішкек қаласында.
Жоғарғы комиссар Н.Пиллай мен Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың кездесуі бірталай уақытқа созылды. Онда алдымен Қанат Саудабаев елімізде адам құқықтарын сақтау мен нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Соның ішінде, 2012 жылға дейін қабылданған жұмыс жоспары бар екенін, оның халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықта белсенді түрде орындалып жатқанын жеткізді. Одан әрі адам құқы бағытындағы барлық халықаралық конвенциялардың Қазақстанда қабылданып, іске асырылу үстінде екені айтылды. “Қазір осы конвенцияларға байланысты қабылданған қосымша хаттамаларға да енгелі отырмыз”, деді ол. Сондай-ақ Қазақстанның үстіміздегі жылдың ақпан айының басында БҰҰ-да адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік қаралымынан абыроймен өткендігі және былтыр осы мәселемен елімізге келген оның арнаулы екі өкілі қабылданғаны қаперге салынды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қанат Саудабаев Қазақстан оның үш себетінің де жұмыстары қатар жүргізілетіндігін, соның ішінде адам құқықтарының сақталуы мен нығаюына үлкен көңіл бөлінетіндігін айта келіп, соның бір айғағы ретінде биылғы жазда Астанада өткізілетін төзімділік және кемсітуге жол бермеу мәселелерін қарастыратын конференцияның болатындығын жеткізді және оның жұмысына Н.Пиллай ханымды ресми түрде шақырды. Бұл шақыру ризашылықпен қабыл алынды. Н.Пиллай ханым өз кезегінде Қазақстанның адам құқықтарын сақтау мен нығайту бағытындағы жұмыстарын қолдайтындығын және оған оң баға беретіндігін білдіре келіп, елімізге Жоғарғы комиссардың басқармасына қаржылай көмектескені үшін ризашылығын жеткізді. “Біздің алдағы екі жылға арнаған жұмыс жоспарымыздағы негізгі тақырып кемсітуге жол бермеуге және діни төзімсіздікпен күреске бағытталып отыр. Бұл жұмыстарымыз Қазақстанның мақсатымен өзектес болғанына біз қуаныштымыз”, деді Жоғарғы комиссар сөзінің қорытындысында.
Осыдан кейін 13 сессияның жоғары деңгейдегі сегментінің жұмысы басталды. Онда Қанат Саудабаев үшінші болып сөз сөйледі. Ол өзінің сөзін жуырда болған табиғат апатынан зардап шеккен Чили халқы мен үкіметіне көңіл айтудан бастады.
Өзінің құрылған күнінен бастап, деді одан әрі Қ.Саудабаев БҰҰ Адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесі алға қойған мақсатын тиімді түрде атқарып келе жатыр. Сондықтан да Қазақстан бұл құрылыммен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі және БҰҰ Жоғарғы комиссарының адам құқы жөніндегі басқармасының рөлі нығая түскенін қалайды. Біз аталған кеңестің келісімді органдарымен, Бішкектегі аймақтық кеңсесімен тығыз ынтымақтастық орнатуға ұмтыла түсудеміз. Басқарманың бюджетіне қосатын ерікті жарнамызды бұдан әрі де төлеуді жалғастырамыз. Бұл Қазақстанның елді одан әрі демократияландыруға және адам бостандығы мен құқын қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылған талпынысының ажырамас бөлігі болып табылады.
Одан әрі Қ.Саудабаев еліміздегі демократияны дамыту, заңдардың үстемдігі, адамның бостандығы мен құқын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Соның ішінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында елдегі құқық қорғау, сот жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдіру жұмыстарына бағытталған құқықтық реформаның жүргізілуі, халықаралық қылмысқа қарсы бағытталған шаралар жасалуы туралы нұсқаулар берілгенін айта келіп, осы және басқа шаралар біздің адам құқы саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған Ұлттық іс-әрекет жоспарымызда және 2010-2012 жылдарға арналған Құқықтық саясатымыздың тұжырымдамасында көрініс тапқанын атап көрсетті. Одан әрі осы салада іске асқан жұмыстарды да санамалап берді. Соның ішінде көптеген заңдардың жетілдірілгендігі, гендерлік теңдікке деген ұмтылыстың жемістері, балалар мен жасөспірімдер құқын қорғау мәселелерінің жандандырылғандығы аталып өтті.
Сонымен қатар, “Босқындар туралы” арнайы заң қабылданып, олардың құқын халықаралық талаптарға сәйкес қорғау белгіленгені көлденең тартылды. Одан әрі Қанат Саудабаев БАҚ, азаматтық қоғам институттарын дамыту салаларындағы оң өзгерістерді де атай кетті. Жақын уақыттағы жоспарымызда Омбудсмен институтын Париж қағидаттарына сәйкес жетілдіру де жоспарымызда бар, деді.
Одан әрі әлемдік экономикалық дағдарыстың салдары адам құқының бұзылуына да әсер ететінін айта келіп, бұл бағытта Қазақстанның осынау нәубетке төтеп беріп, адамды әлеуметтік қорғауда, оның бостандығы мен құқын сақтауда үлкен табыстарға жетіп келе жатқанын тілге тиек етті. 2009 жылы дағдарысты еңсеруге арналған бағдарламаны іске асыру барысында жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызға төмендетіліп, 400 мың орындық жаңа жұмыс орындары ашылды. Соның ішінде әйелдер бастамасын қолдау үшін олардың бизнесіне арнайы шағын несиелер бөлу жұмысы қолға алынды. Зейнетақының базалық көлемі 25 пайызға ұлғайтылды, ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы көлемі 14 пайызға артты. Осының бәрі өмір сүру саласында адам құқы мен бостандығының бұзылмауын қамтамасыз еткен шаралар болды, деді шешен.
Қ.Саудабаев келесі кезекте Қазақстанның адам құқы мен бостандығы мәселелеріндегі халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастығы туралы айтты. Соның ішінде үстіміздегі жылдың ақпан айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде еліміздің әмбебап кезеңдік қаралымнан өткендігі көлденең тартылып, Қазақстанның одан әрі де осы құрылым талаптарын мүлтіксіз орындауға ұмтылатындығы жеткізілді. Осы орайда былтыр біз БҰҰ-ның зорлық-зомбылық жөніндегі және ұлттық азшылықтар туралы арнаулы өкілдері М.Новак пен Гей Мак Дугалды қабылдаған едік. Ал биылғы сәуір айында тұрғын үймен қамтылу мәселелері жөніндегі арнаулы өкіл Рахель Рольникті қабылдап, барлық қажетті мүмкіншіліктерді жасайтын боламыз. Осының бәрі біздің Адам құқықтары жөніндегі кеңестің жұмыстарын қолдайтындығымызды және оған қолымыздан келген жағдайымызды жасайтындығымызды көрсетке керек, деді министр.
Қ.Саудабаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Ұйымның осы бағыттағы атқарып жатқан жұмыстарына да тоқтала кетті. Соның ішінде биылғы жылдың 29-30 маусымында Астанада Төзімділік және кемсітуге жол бермеу жөніндегі конференцияның өтетіндігін ауызға алды. Бұл шара да адам құқы мен бостандығын сақтауға өзіндік үлес қосар деген үміттеміз. Қазақстан ЕҚЫҰ әлеуетін осы мәселеде толығымен қолдануға тырысатын болады. Осы орайда Президент Н.Назарбаев 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізу туралы бастама көтеріп отыр. Онда адам құқы мен бостандығы мәселесі алдыңғы кезекте қаралатыны сөзсіз. Бұл шараны қазірдің өзінде Франция, Италия, Испания, Ватикан, Түркия, Румыния, Ресей және ТМД-ның басқа да елдері қолдап отыр, деді Қанат Бекмырзаұлы. Және де сұхбаттасын Қазақстанның адам құқықтары мен бостандығын қолдау мен қорғау мәселесінде үнемі алдыңғы қатардан табылатындығына сендірді.
Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрінің сөзі үлкен ыждаһатпен тыңдалды. Біздің жанымыздағы шетелдік журналистер де оның негізгі тезистерін өздеріне жазып отырғандарының куәсі болдық.
Жоғары деңгейдегі сегмент жұмысынан шыққан соң Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Бас Ұйымның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Сергей Орджоникидземен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі екі әлемдік беделді ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. С.Орджоникидзе Қазақстанның өзіне жүктеліп отырған осынау зор да жауапты міндетті абыроймен атқарып шығуына тілектестігін және Қазақстанның төраға болған кезінде екі ұйым арасындағы ынтымақтастық арта беретініне сенімін білдірді. Келіссөз барысында тараптар әлемдегі қарусыздану бағытында мазмұнды пікір алмасты. Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел екендігі ескеріліп, оның тәжірибесін тарату қажеттігі айтылды.
Бүгін Женева қаласында қарусыздануға арналған дүниежүзілік конференция болады. Қанат Саудабаев оның жұмысына да қатысып, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде сөз сөйлейді, деп күтілуде. С.Орджоникидземен кездесу кезінде осы конференцияның жұмысы туралы да пікір алмасылды. Сондай-ақ, кездесу барысында Қ.Саудабаев С.Орджонокидзені Қазақстанда жазда болатын Төзімділік пен кемсітуге наразылық жөніндегі конференцияның жұмысына қатысуға шақырды. Айта кетерлігі, бұған дейін БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Астанада үш мәрте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің жұмысына жүйелі түрде қатысқан болатын.
Кеше Қанат Саудабаев Женевадан Швейцария Конфедерациясының астанасы – Берн қаласына келді. Мұнда ол осы елдің басшылығымен, атап айтқанда, Швейцария Парламенті Ұлттық кеңесінің президенті П.Брудерер Висс, Сыртқы істер жөніндегі федералдық кеңесші М.Кальми-Рей және Швейцарияның Федералдық президенті Д.Лойтхардпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді.
Жақсыбай САМРАТ – Женевадан.