Аймақтар • 09 Наурыз, 2019

Алматының Алатау ауданында 440 көше жөнделеді

1122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақыттары Алматыдағы Алатау ауданының тұрғындары тарапынан жол проблемасына қатысты арыз-шағымдар жиі айтылып қалып жүр. «Нұр Отан» партиясы қалалық бюросының жиынында осы мәселеге тоқталған шаһар басшысы, жұртшылықты алаңдатқан бұл проблема тез арада шешімін табу керек дегенді айтты. Осыған қатысты соңғы бір айдың өзінде тұрғындардан 110 шағым түскен.

Алматының Алатау ауданында 440 көше жөнделеді

Соңғы он жыл ішінде Алматыға кейіннен қосылған Алатау ауданын дамытуға 434 млрд. теңге бөлініпті. Осының нәтижесінде ауданда 12 мектеп, 5 емхана, 16 мемлекеттік және 151 жеке балабақша ашылған. Одан бөлек «Ақбұлақ», «Алғабас-6», «Саялы» ықшам аудандары, сондай-ақ, «Алматы Арена» «Алатау» дәстүрлі өнер театры секілді  бірқатар спорт және мәдениет кешендері бой көтерді. Ауданның инфрақұрылымын дамыту үшін 223 км электр, 276 км газ желілері, 688 км су, 453 км кәріз трубалары, 93 км жол салынған. 

«Маған Алатау ауданының тұрғындарынан жиі шағым түседі. Адамдарды қинамай, жағдайды түзету қажет. Осыған орай, 12 ықшам ауданда жол салу үшін республикалық бюджеттен жоспарланған 3 млрд. теңгеге қоса Стратегия және бюджеттік жоспарлау басқармасына бірқатар жобаларды оңтайландырып жергілікті бюджеттен тағы 4 млрд. теңге бөлуді тапсырамын. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірге жұмыстың сапасы үшін жеке жауап береді. Жұмыс барысы жіті қадағаланатын болады», – деді Бауыржан Байбек. 

Осылайша, Алатау ауданындағы «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ» «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік», «Көк Қайнар» ықшам аудандарындағы 440-тан астам көшеге ұзындығы 120 км болатын жол салынады деп күтілуде.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ