05 Наурыз, 2010

“ҚАЗАҚСТАНДА ШЫҒАРЫЛҒАН”

1121 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
— деген сапалы өнімдеріміз шетел азаматтарының сұранысына ие болатын күнге де жетеміз Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты. 1997 жылы “Қазақстан-2030” еліміздің Стра­тегиялық бағдарламасы қабылданды. Содан бергі 13 жылға жуық уақыт ішінде мемлекетіміздің әлем алдындағы беделі ана­ғұр­лым өсті, экономикасы қаржы дағдарысына дейін қарқынды дамыды, халықтың хал-жағ­дайы жақсарды. Жүргізілген реформалар нәти­жесін бере бастады. Әлемдік қаржы дағда­ры­сының ықпалынан бәсеңдеп қалған экономи­ка­лық әлеуетіміз қайта күшіне енуі тиіс. Өйткені, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы кері кеткен жоқ, жылды 1,1 пайыз болса да өсіммен аяқтады. Ал бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері қиындықтан арыла алмай отырғанын да естен шығар­мағанымыз жөн. Бұған дейінгі Елбасының Жолдау­ларын­да алдағы бір немесе екі-үш жыл кө­лемінде атқарылатын маңызды міндет­тер, әлеуметтік қолдаулар жөніндегі мәсе­лелер қамтылатын-ды. Ал биылғы Жол­даудың жөні бөлек. 1997 жылы барлық ТМД елдері экономикалық қиындықтарды бастан кешіп жатқан кезде Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаев 2030 жылы өркениетті елдер­дің қатарына қосылатынымызды, асқар таудай белестерді бағындыратынымызды  жария етті. Енді осы межеге жету үшін жаңа қадамдар жасау керек болып отыр. Сондықтан биыл Мемлекет басшысы 2020 жылға дейінгі он жылдықты қамтитын елдің Стратегиялық жоспарын ұсынды. Осы жылдар ішінде қандай істер атқарылуы тиіс екеніне, қандай салаларды қай өңірде дамыту қажеттігіне жеке-жеке тоқталды. 2020 жылдан кейін келесі он жылдық жоспар 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитынын қазірден-ақ байқауға болады. Жаңа Жолдауға сәйкес елімізде өндірісті да­мыту, экономиканың барлық саласын жаңа дең­гейге көтеру, халыққа қызмет ететін үлкен ны­сандарды салу міндеттері айқындалды. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, өз қаражатымызды тиімді пайдаланып, табыс әкелетін жобаларға салып, отандық өнімдеріміздің көлемін арттыру қажет. Еліміз тек шикізатты шығарушы емес, барлық саладағы өнімдерді өңдеп, дайын тауар түрінде ішкі сұранысты қамтып, шетелге сатуда да беделге ие болуы тиіс. “Қазақстанда шы­ғарылған” деген сапалы өнімдеріміз шетел азаматтарының сұранысына ие болатын күнге де жетеміз деп ойлаймын. Айталық, дамыған елдерде шағын және орта кәсіпкерлік саласы экономиканың 60 пайы­зын құрайды. Ал бізде 20 пайыз төңіре­гінде. Алдағы уақытта бұл саланың үлесін екі есе өсіріп, 40 пайызға жеткізу міндеті тұр. Жалпы, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға үлкен маңыз беріліп отыр. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласында еліміздің қаншама азаматы еңбек етуде? Жыл сайын өндірісінің көлемін ұлғай­тып, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орын­дарын ашып жатқан шағын кәсіпорындар да аз емес. Бұл салаға оң көзқарас болмайынша, кәсіпкерлік дамымайды. Ал шағын кәсіпкерлік саласын ілгері бастырмай, тұрақты экономи­ка­сы бар 50 елдің қатарына кіре алмаймыз. Сон­дықтан Елбасы Жолдауда: “Біз тәуекелдерді өз мойнына алуға, жаңа рыноктарды игеруге, инно­вациялар ендіруге дайын қуатты кәсіпкерлер то­бын көргіміз келеді. Нақ осы кәсіпкерлер эко­но­миканы жаң­ғыртудың қозғаушы күші болып табы­лады”, деді. Соған орай Елбасы Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қам­тамасыз етуді тапсыратынын, оны “Бизнестің жол картасы-2020” деп атауды ұсынып отыр­ға­нын мәлім етті. Бұл бағдарламаның мақсаты, әсіресе, өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұ­рын шағын және орта бизнестің жаңа тобын да­мыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу­ды көздеп отыр. Кәсіпкерлік саласы дамы­ма­са, Қазақстан шикізат өндіруші ел болып қала бермек. Жолдауда 2014 жылға дейін еңбек өнім­ді­лі­гін екі есе арттыру керектігі айтылды. Еліміз­дің ауыл шаруашылығында қазір адам басына шаққанда 3 мың доллар көлемінде өнім шы­ғарамыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60 мың долларды құрайды. Біз еңбек өнімділігін екі еселегенде, 6 мың АҚШ доллары болмақ. Бұл оңай емес. Енді әр салаға жауап беретін министрліктер, биліктің басқа да органдары ойлануы керек. Бұл межеге жету көп қажыр-қайратты талап етеді. Жалпы, еңбек өнімділігі бүкіл қоғамда есеп­ке алынуы тиіс. Социализмде де, капитализмде де бірінші назарға алынатын көрсеткіш. Біз ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттік. Ол кезде еңбек өнімділігін арттырған адамдар мемлекеттік марапаттарға ие болып, орден, ме­дальдар алды. Бүгінгі таңда да мемлекеттік мара­пат билікте жүргендерге емес, қарапайым еңбек адамдарына көбірек берілсе, өте орынды болар еді деп есептеймін. Нақты еңбек майталмандарын үлгі ете білуіміз қажет. Осы тұста өз пікірімді біл­дірсем, елімізде ауыл ша­руашылығын дамыту жүйесін жаңа жолға қою қажет деп ойлаймын. Мә­се­лен, Франция, Германия­ға парламенттік іссапармен барғанымызда, олардың тәжірибесімен таныстық. Бір мекенде ет кооперативі болса, оның құрамына 50-100 шақты фермер кіреді. Барлық мәселені өздері шешеді. Сервистік кооператив қызмет көрсету саласын түгел қамтиды. Малға қажетті жемшөп дайындайтын, техникалық көмек көрсететін шағын ұжымдары да бар. Ет комбинатына сол фермерлердің бірі басшылық жасайды. Фермерлер малды бордақылап, етке өткізеді. Дайын өнімдерді күн сайын жөнелтіп, Еуропадағы көптеген елдерді етпен қамтамасыз етіп жатады. Ет сатудан түскен таза пайданы бөліске салып, әр фермер мал өткізген үлесі бойынша ақшасын алады. Сүт комбинаттары да осы тәсілмен жұмыс істейді. Еуропалықтар осы арқылы еңбек өнімділігін арттырып отыр. Қазір біздің елде қалай? Әр шаруа малын өзі бағып, өзі сатумен айналысады. Малды ар­найы семіртетін орын да жоқ. Әркім өзінше тіршілік етуде. Елбасы 2009 жылғы Жол­дау­ын­да “саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деген хал­қы­мыздың даналық сөзін келтірді. Бірікпеген жерде іс өне ме?! Сондықтан ендігі жерде ауыл­дықтардың малын сапалы ету үшін екі ауылға бір болса да, мал бордақылау орындарын салу қажет. Мал тексерілетін, сойылатын дұрыс орын­дар болуы керек. Келе-келе ауылдарда мал өнімін қайта өңдеу цехтары іске қосылып, ха­лық­қа қызмет көрсетсе, қандай ғанибет! Жаңа жұмыс орындары да ашылар еді. Ал әркім өзінің жайын ойлап, жеке-дара жүре берсе, ауыл ешқашан дамымайды. Агроөнеркәсіп саласын әр өңірдің ерекшелік­те­ріне орай дамыту қажет. Бұрындары кейбір таңдаулы кеңшарларда малдың бір түрін асыл­дандыру ісі жолға қойылған болатын. Мәселен, табиғатқа бейімділігіне байланысты сиырдың бірнеше түрлі тұқымы өсірілді. Бір кеңшарда сүтті сиырлар болса, екіншісінде етті ірі қара бор­дақыланды. Асыл тұқымды аталық малдар да жеке бапталды. Нарық экономикасы бас­талған тұтса малдың біразы арзанға сатылып кетті. Кеңшарлар таратылды. Алдағы уақытта соның барлығын жаңа заман талаптарына сәй­кестендіре отырып, ғылыми негіздерге сүйеніп, жандандыру керек деп ойлаймын. Ғылымды дамытсақ, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар әлі де өнімділігі жоғары малдың жаңа тұқым­дарын ойлап шығарар еді. Немесе баптап-кү­тудің жаңа тәсілдерін ұсынатыны анық. Қай салада да табысқа ғылымды дамыту арқылы қол жеткіземіз. Бізде қой мен жылқыға қажетті жайылым жет­кілікті. Бұрынғыдай ауылдың іргесіне дейін егін егіп жатқан кеңшарлар жоқ. Елімізде жыл­қы мен қой етін өндіруге субвенция берілмейді. Бұл салаға қолдау жасалып, мемлекет тара­пынан қаржы бөлініп, ірі шаруашылықтарда қойды 10-15 мыңнан ұстаса, еңбек өнімділігі артады және бәріне де өте тиімді болады. Сол секілді қазір әрбір үйде бес-алты бас жылқы болуы мүмкін. Оны да табынмен ұстаған жөн. Үш-төрт жылқышы бірнеше табын жылқыны баға алады. Ал қазір ауылдағы жүз шақты жыл­қыға 20-30 адам ие болып отыр. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласындағы ұсақ қожалықтарды ірілендіру керек. Келесі бір мәселе – төрт түлікті аурулардан сақтау. Соңғы жылдары малдардың қауіп­сіз­ді­гін сақтау ісі кері кетіп қалды. Мәселен, бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі малдың әр түрлі қатерлі дерттеріне қарсы егу жұмыстарын жүйелі жүргізді. Және де кеңшардың малы да, жекенің малы да тегін егілді. Тұрғындар мал­да­рын міндетті түрде егуге алып келетін. Ал егіл­меген малдың иесіне айыппұл салынды. Ондай мал сойылуға, сатуға жарамайтын. Қазір осы жағы ойдағыдай емес. Тек қана өте қауіпті деп қарасан мен құтырмаға қарсы егу жұмыс­тары жүргізіледі. Басқа ауруларға қарсы егіл­мейді. Ветеринария заңына соңғы рет енгізген толықтырулардың ішінде әр ауылда бір-бір ветеринар дәрігері болуы керек деген норманы енгіздік. Биылдан бастап оған қаржы бөлініп жатыр. Алайда, тұрғындар малын өз қаражаты­на ектіруі тиіс делінеді. Малдың алуан түрлі ау­руы­на бұлай салғырт қарауға болмайды! Айта­лық, туберкулез, бруцеллез ауруымен мал да, адам да ауырады. Біз қазір малдың барлық ау­руы­ның алдын алып отырсақ, ол халқы­мыздың денсаулығын сақтағанымыз болып табылады. Бұл мәселеге осы жағынан қарау керек. Малдарымыз дұрыс бордақыланбаса, бар­лық ауруға қарсы егілмеген болса, шетелге ет өнімін қалай шығарамыз? Мысалы, көрші Ресей малға егілетін көптеген вакциналарды бұ­рынғы қалпында қалдырды. Енді қазір бір Кедендік одаққа кірген кезде, мәселе туын­дайын деп тұр. Бүгінгі таңда Ресей шетелден 30-40 пайыз көлемінде ет өнімін алып отыр. Әсіресе, сиыр мен тауық еті жетіспеуде. Деген­мен, олар “Қазақстаннан ет алмаймыз” деп қа­зірден бастап айтып жатыр. Бұған біздің мал­да­рымызға толық түрде егілу жұмыстарының жүргізілмейтіні басты себеп болып тұр. Сөйтіп, көрші ел өзінің халқын жұқпалы аурулардан қорғауды мақсат тұтуда. Яғни, Ресейге қара­ған­да мал ауруларына қарсы күрес Қазақстанда өз деңгейінде емес. Елбасымыз осы Жолдауда көзделген мақ­сатты орындау үшін әр қазақстандықтың атса­лы­суы керек екенін айтты. Сондықтан ауыл­дағы мал өсіріп отырғандар да, ауылдың ма­маны да, әр деңгейдегі әкімдер де –  барлығы ойлануы қажет. Жолдаудың міндеттерін орын­дау туралы қазір депутаттар да ойланып, өз пікірлерін айтуда. Тұрғындармен кездескен кезі­мізде Жолдаудан туған ойларымызды ортаға салдық. Мәселені шешудің басқа жолдары да бар шығар. Елбасы ойлануға шақырды. Нәти­желі іс атқаруға үндеді. Әр адамның алуан пікі­рі бар. Мен өз көзқарасымды білдіріп отыр­мын. Осындай ортақ ойлардан келіп, нақты ұсыныстар қалыптасатыны анық. Елбасы Жолдауындағы халық қолдауына ие болған бір мәселе – “Балапан” бағдарламасы. Әне бір жылдары балабақшалар сатылып кетті. Соңғы жылдары елімізде экономиканың тұрақталып, дами бастағанын халық санының арта түскендігінен көреміз. Әсіресе, жыл сайын бала саны көбейіп келеді. Аналар мен бала­ларға берілетін жәрдемақылар аз да болса жас отбасыларға қолдау болып отыр. Оның да әсері зор. Мектепке дейінгі балдырғандарды бала­бақшамен қамтудың бір жолы бар. Кейбір ауыл­дарда бос тұрған үйлер кездеседі. Кезінде жақ­сы салынған ғимарат болса, күрделі жөн­деуден өткізіп, бір адамға оны балабақшаға ай­нал­дыру міндеті жүктелсе, балалардың жататын кереует­тері, ойыншықтары, асхананың жаб­дық­тары түгел бюджет қаражатына алынып, та­мақтың ақшасын әрбір ата-ана төлеп тұрса, бұл да осы мәселені шешудің бір жолы. Өйткені, әр ауылдан жаңадан қайта балабақша салуға мем­лекеттік бюджеттен қыруар қаржы кетеді. Ол еліміз бойынша алғанда көп шығысты талап етеді. Қазір балабақша жетіспеушілігі өткір мәсе­леге айналып тұр. Бүгінгі таңда еліміз бойынша балабақшамен қамту 37 пайызды құрайды. Әрі он екі жылдық білім беруге көшетінімізді еске алсақ, мектепке дейінгі білім беру орнының рөлі өте зор. Солтүстік және Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында мектептерде бала жетіс­пейді. 300-400 орындық мектептер жартылай қамтылған. Сондай мектептердің ішінен шағын орталықтар ашып, есігі бөлек шығатын етіп күрделі жөндеуден өткізіп, асханасын жасап, санитарлық нормаларға сәйкес келтірілген балабақшаға айналдыруға болады. Осындай тәжірибені Павлодардан көріп келдім. Қалаларда да жаңа балабақшаларды салу арқылы сұранысты толық қамту қиын. Қазір кейбір жеке адамдар басы артық пәтерін жалға береді. Қазір 120-130 шаршы метрлік пәтерлер бар. Сондай төрт-бес бөлмелі пәтердің бірін балабақшаға лайықтап жабдықтаса, шағын топты тәрбиелеу орталығы болар еді. Ең басты­сы, тәрбие беру тәсілі, санитарлық жағдайы талапқа сай болуы тиіс. Сонымен қатар, бұрынғы балабақшаларды кері қайтару бастамасы да өте орынды. Аудан­дарды аралағанда, кері қайтарылып, қайта ашылған балабақшаларды барып көрдім. Бәрі талапқа сай жұмыс істеп тұр. Ата-аналар да қуа­нышты, тәрбиешілер де қайта жұмысқа кіріскен. Жолдаудың маңызды міндеттерін орын­дауда “Нұр Отан” партиясына үлкен міндеттер жүктелді. Көшбасшы партияның әрбір мүшесі мемлекет алдындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін белсенді қызмет етеді деп ойлаймын. Жалпы, осындай елдік іргелі істерде елі­міздің барлық тұрғындары 2020 стратегиялық жоспарының нәтижелі жүзеге асуына атсалысады деген сенімдемін. Тито СЫЗДЫҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты ҚОРҒАНЫС  МИНИСТРІ  ҚОСТАНАЙДА  БОЛДЫ Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қорғаныс министрі Әділбек Жақ­сыбеков бастаған топ Қос­та­най­да болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын жұртшылыққа түсіндіру, насихаттау мақсатымен келген топ бірнеше ең­бек ұжымдарын, өндіріс орын­да­рын аралады. “Агромашхолдинг” акционерлік қоғамы шаруаларға ұсы­нып отырған жаңа техника­лар­ды көрді. Еліміздің мәшине жасау саласында бұл кәсіпорынның орны ерекше. Қазақстандағы ауылшаруа­шы­лығы техникалары паркін жа­ңар­туды мақсат етіп қойған кәсіп­орын үлкен жобамен жұмыс істеді. Осы кәсіпорын басшысы А.Тен Қорғаныс министрі Әділбек Жақ­сы­бековке егер сұраныс болса әскери техникалардың двигателін жасауға да мүмкіндік бар екенін жеткізді. Қазір өндіріс орнында иінді білік жасаудың жаңа техноло­гиялық жүйесі енгізілу үстінде. Со­ны­мен қатар, “Агромашхолдинг” акционер­лік қоғамының “қол же­тімді бас­пана” жобасымен салын­ған сабан үйлер де Қостанайдағы соңғы жыл­дарғы жағымды жаңалық болатын. Кәсіпорын басшысы Қор­ғаныс министрі Ә.Жақсыбековке әскери қызметкерлер үшін бағасы арзан баспана салуға ұсыныс білдірді. Еліміздің қорғаныс және әлеует саласы қызметкерлері киімінің 20 пайызын қостанайлық жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары қамта­ма­сыз етеді. “Большевичка” тігін фабри­ка­сында болған кездесуде “Ал­па­мыс” аяқ киім фабрикасының ди­ректоры Алмагүл Сәуденова әс­ке­ри­лерге арнап шығарған етіктің табаны қалың төзімді екенін айтты. Ал Еуропадан келетін аяқ киім­дердің табаны жұқа, суыққа төзім­сіз болады. Қостанайлық кәсіп­орын­дар Қорғаныс министрлігі сұранысты көбейтсе сонша көлемде қамтамасыз етуге әзір екендігін білдірді. Бірақ министр оларға тек бүгінгі күнге ғана емес, болашаққа жұмыс істеу керектігін айтты. Қостанай жұртшылығы қатыс­қан актив жиналысында Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков Президент Жолдауының мән-маңызы және онда көтерілген мәселелерге бай­ланысты алда атқарылар істер ту­ралы баяндама жасады. Алдағы он жылда атқарылар жұмыстың көлемі ауқымды. Ол еліміздің гүлденуімен қатар әлемдегі мойны озық елу елдің қатарынан көрінуімізге ше­шуші қадам жасайды. Актив мәжі­лісінде Жолдауда айтылған эконо­ми­калық және әлеуметтік жоба­лар­дың жүзеге асуына әр қазақ­стан­дықтың қосар үлесі ерекше екендігі айтылды. Облыс әкімі Сергей Ку­лагин ақпараттық-насихаттық топ пен Қорғаныс министрі Ә.Жақсы­бековке алғысын білдірді. Қостанай. ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫНА КЕҢ ӨРІС Еркін ӘБІЛ. Елбасының ағымдағы жылғы Жол­дауын Сыр аймағы тұрғындары ара­сында кеңінен насихаттау мақ­са­тында бірқатар құзырлы органдар өкіл­дерінен жасақталған республи­ка­лық-ақпараттық насихаттық топ мү­шелерін Қызылорда облысына Көлік және коммуникация минис­трі Әбіл­ғазы Құсайынов бастап келді. Олар Қызылорда қаласы мен аудандарда болып, еңбек ұжым­дарымен кездесті. Атап айтар болсақ, Бәсеке­лес­тікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев Қызылорда қа­ласы тұрғындарымен кездесті. Оған “Петро Қазақстан Құмкөл Ресор­сиз” компаниясының қызметкер­ле­рі мен жұмысшылары да қатысты. Агенттік басшысы мұнай саласы өкілдеріне тарихи құжатта еліміздің соңғы 10 жылдағы әлеуметтік-эко­номикалық дамуда қол жеткізген жетістіктерін саралап берді. На­си­хат­шы Қазақстанның шикізатқа тәуелділіктен арылуына эконо­ми­каны әртараптандыру арқылы қол жететінін жан-жақты түсіндірді. Ол Ұлттық қордың еліміздің дағдарыс ауыртпалығын сезінбеуіне тигізген оң әсеріне де тоқталды. Президент Әкімшілігінің Әлеу­мет­тік-экономикалық талдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Жәні­бек Ысқақов және Индустрия және сауда министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау депар­та­менті­нің директоры Дүйсен Әділ­ханов та Қызылорда қаласының тұрғындарымен жүздесіп, Елбасы­ның Қазақстанды бүгінгіден де қуат­ты елге айналдыру үшін үде­мелі индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде міндет жүк­теп отырғанын жеткізді. Бұл топ Байқоңыр қаласы мен Жалағаш ауданында да болып, жергілікті тұр­ғындармен жүздесті. Ал Ішкі істер министрлігі Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков Қазалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде Жол­дау­да қозғалған индустриялық-ин­новациялық жобалар, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, ауыл шаруашылығын өр­кен­дету, шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамыту мәселелеріне кеңі­нен тоқталды. Мемлекеттік қызмет істері жө­нін­дегі агенттік төрағасының орын­басары Асқар Шоманов Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал және Жаңажол ауылдары тұрғын­дары­мен кездесіп, Елбасының алдағы он жылда атқарылуы тиіс мақсатты межелерін жүзеге асыру бағытында қандай қам-қарекеттер жасалатындығын саралап берді. Денсаулық сақтау министрлігі ме­дициналық қызмет көрсету депар­таментінің директоры Қуаныш Нұрғазиев енді он жылдан соң тұрғындардың өмір жастары­ның ұзақтығын 72-ге жеткізу үшін отан­дық сала ғалымдары тарапынан бар­лық күш-жігер мен қажетті мүм­кіндіктер жұмылдырыла­тын­ды­ғын айтты. Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентіндегі өткен жи­ынғы Бәсекелестікті қорғау агент­тігінің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық инспекция бастығының орынбасарлары Тай­мас Сағынтаев пен Ерқасым Сү­лей­менов қатысып, Жолдаудың бас­ты бағыттары мен одан туын­дайтын міндеттер жөнінде әңгі­ме­ле­ді және тұрғындар сұрақтарына жауап қайтарды. Жалпы, Елбасының келешекті болжаған кемел Жолдауын түсін­ді­ру жұмыстары Сыр өңірінде өріс алуда. Қызылорда облысы. БАСЫМ БАҒЫТТАР БЕЛГІЛЕНДІ Мәдениет және ақпарат министрлігінде республикалық мәдениет мекемелері, БАҚ пен қоғамдық бірлестіктер басшыларының қатысуымен өткен алқа мәжілісінде Мем­лекет басшысының 2010 жыл­ғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүмкін­діктері” атты Қазақстан хал­қына Жолдауындағы мәдениет пен ақпарат салаларына қа­тысты белгіленген міндеттерді жүзеге асыру барысы ортаға салынды. Жиында сөз сөйлеген Мә­де­ниет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ақ­парат, мәдениет және тіл салаларында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын атап өтті. Мұнда негізінен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жан­дан­дыру, үкіметтік емес ұйым­дармен өзара бірлесіп әрекет ету, “Мәдени мұра” бағдар­ла­масын жүзеге асыру, 2020 жылға дейінгі тілдерді дамыту бағ­дарламасын әзірлеу және тағы да басқа мәселелер сөз болды. “Егемен-ақпарат”. Астана. ЕЛІМІЗДІҢ ИНДУСТРИЯЛАНУЫ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ИГІЛІГІ Әбдірахман НАЙЗАБЕКОВ, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры. Қазақстан Республикасының әр азаматы жыл сайын ел Президенті­нің Қазақстан халқына Жолдауын асыға күтеді. Өйткені, Елбасы­мыз­дың Жолдауында еліміздің эконо­ми­касын дамытудағы басым ба­ғыттар, ағымдағы және алдағы жыл­дарда оларды шешу жолдары нақтыланды. Қарағанды мемлекеттік индус­триялық университетінің оқытушы­лары мен студенттері Президент Н.Назарбаевтың кезекті Жол­дауын зор ынтамен тыңдады. Елбасы өзінің Жолдауында Астана қа­ласында әлемге танымал ғалымдар жұмыс істейтін жаңа халықаралық университет ашылатынын, онда стандарттарға сай келетін үш ғылы­ми орталық құрылатынын айтты. Сондай-ақ, бюджеттік сала қыз­меткерлерінің және студенттердің стипендиясы 2010 жылғы 1 шілде­ден емес, 1 сәуірден бастап өсетіні қуанышты хабар болды. Еңбек­ақының 25%-ға өсуі қызмет­керлердің материалдық жағдайын жақсартады, ал студенттердің оқуға деген ынтасын арттырады. Елбасының Жолдауында 2020 жылға дейінгі индустриялық-инно­вациялық дамуға баса мән берілген. Құжаттың негізгі тіні де сол. Мем­лекет басшысы айтқандай, еліміз экономикасының шикізаттық емес секторын дамыта алса, әлемдегі 50 дамыған елдер санатына қосылатын күн де жақындай түспек. ТІЛЕГІМ ЕЛГЕ АРНАЛАДЫ Көркем ИШАНОВА, зейнеткер, көп балалы ана. Республика Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауын теледидар арқылы тың­дап, көп әсер алдым. Өзім зейнет­кермін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлының жыл сайынғы осын­дай Жолдаулары бойынша біз сияқ­ты зейнеткерлерге қамқорлық жасалып, зейнетақы өсіп жатыр. Сонымен қоса немерелерім жоғары оқу орындарында жақсы оқиды. Олардың шәкіртақысының өсуі де – өте құптарлық жайт. Еліміз жыл санап өркендеп ке­леді. Астана мен батыс өңірінің жаңа темір жолмен қосылғаны, Аста­на-Ақтөбе-Орал арасындағы автокөлік жолдарының жаңар­ты­луы х­алықтық қуанышқа айналды. Басқа аймақтарда да көптеген алыс-жақын жерлердің жол қаты­насы жақсарып келеді. Өзім Батыс Қазақстан облысының Бөкейор­да ауданында тұрамын. Ел-жұрт ертеңге деген сеніммен бірқалыпты өмір сүріп жатыр. Әсіресе, төрт түліктің саны өсіп, сапасы артып келеді. Алайда, аудан тұрғындарын қинап тұрған бір-ақ мәселе бар. 500 шақырымдық облыс орталығына дейін тек қана автокөлікпен баруға болады. Пойыз жүрмейді, ұшақ ұшпайды. Автокөлік жолының жартысы асфальт төселген болса, тең жартысынан астамында ас­фальт жоқ. Көктем мен күзгі жауын-шашын кездерінде көліктер қатынай алмай қалады. Елбасының он жылға белгілеген тапсырмасын алып отырған Үкімет осы мәселеге назар аударып, Орал-Сайқын авто­жолын жөндеу ісін де қолға алса, бір замандарда іргелі ордалардың рөлін атқарған киелі мекенде тұрып жатқан мыңдаған тұрғын­дардың алғысына ие болар еді. Жуырда Астанадағы балаларым мен немерелеріме келдім. Прези­дентіміздің жобасымен салынып жатқан елордамыз әлем елдерінің көрікті қалаларының біріне айна­лып отыр. Қазақтың өзі қиялшыл ғой. Небір ертегілерімізде алтын са­райлы шаһарлар туралы айтылады. Балалар сондай қаланы көрсек деп армандап өседі. Міне, бүгін қазақ тәуелсіз елімен, ажарлы да асқақ Астанасымен мақтана алады. Мұндай сәулетті шаһарды қазақтың салғанын әлем мойындап отыр. Бүгінгі Қазақстанның өсіп-өркендеп келе жатқанын көргенде, балаларым мен немерелерімнің болашақ өмірі жарқын болатынына үлкен сеніммен қараймын. Елімізді дамытуда, бірлігін сақтауда, қазақ халқының ең асыл қасиеттерін жер жүзіне танытуда, Қазақстанның беделін арттыруда Президентіміздің еңбегі ұшан-теңіз. “Көп тілегі – көл” деген, тоғыз баланың анасы ретінде менің де тілегім – елдің амандығы, за­ман­ның – тыныштығы! Осы бағы­тымыздан айнымай, салып алған сара жолымыз толағай табыстарға жеткізе беруін тілеймін. Астана. ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ҚАРЕКЕТ ҚАРЫМЫ Александр ТАСБОЛАТОВ. Елбасы Жолдауында құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішкі ведомстволық мүддеден аза­мат­тардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыс­тырылуы керек деген еді. Соның бір көрінісіндей, бүгінде Астана қа­лалық ІІД учаскелік инспек­торлардың қызметіне ерекше назар аударып отыр. Жолдауда айтылған міндеттерді орындау үшін, ең алдымен, ха­лықтың полицияға деген сенімін қалыптастыру қажет екендігі бел­гілі. Ол үшін  учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары талапқа сай жүр­гізілуі керек. Осыны алдарына мақсат етіп қойған аталған депар­тамент басшылары инспекторларға жаңа міндеттер жүктеді. Бұдан былай олар қылмыскерден зардап шеккен тұрғын қашан бізге келеді деп қол қусырып қарап отырмай, өздері тұрғындарды аралап, бар екендіктерін білдіріп, мекен­жай­ларын көрсетеді. Әр үйдің кіре­бе­рісіне өздерінің аты-жөні, полиция бөлімшесінің байланыс телефоны жазылған парақшалар ілінеді. Сөйтіп, олар тұрғындарды ара­лау барысын бір науқандық шара­мен ғана доғармақ емес. Осындай жұмыстар барысында ІІБ есепте тұрғандарды және жергі­лікті ме­кен­жай бойынша тексеруді талмай жүзеге асырмақ. Мәселен, ақпан айының соңында бастау алған осындай жұмыстың арқа­сын­да бес мыңнан аса жұртшылықпен кез­десу іске асып, екі мыңның үс­тінде есепте тұрғандар тексерілген көрінеді. Дегенмен, кім біледі, адам аласы ішінде дегендей, егер осы үй үйді аралап, тұрғындарды тексеріп жүрген учаскелік полиция қызметкерлерінің бір ісі жақпай қалып, ол туралы тұрғындар нақты мәлімет алғысы келсе Астана қ. ІІД www.ast.dvd.mvd.kz сайтын ашып, оның толық аты-жөнін, бай­ланыс телефондарын және полиция бөлімшесінің мекен­жайын анықтап алуға әбден болады. Мұндай шаралардың нәтижесі учаскелік инспекторларды жергі­лікті тұрғындардың өздері таңдап сайлауына жол ашады. Бүгінде Алматы аудандық ІІБ қанатқақты жоба тәжірибе жүзінде жүргізіліп жатыр. Ұсынылған екі қызмет­кердің бірін жергілікті тұрғын­дардың дауысы мен пікіріне сүйе­ніп, ІІД бастығы тағайындайды. Ал қазір олардың қоғамдық көмек­шілері де жалпы тәртіптің сақ­талуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Әр полиция тірек пунктінде екі қоғамдық көмекші болады. Мәселен, таяуда ғана кешқұрым үйінің алдында қартаң әйелді біреу таяққа жығып кеткен екен. Артынша бұзақыны полицияның қоғамдық көмекшісі  ұстап берді. Сол сияқты Жастар шағын ауданында орналасқан үйдің бір пәтеріне келген белгісіз екеу есік қағады. Олар әуелі өздерін электриктерміз деп таныстырады. Бұл сөзге сеніп қалған 63 жастағы зейнеткер әлгілерді ішке кіргізген уақытта ғана қателік жібергенін түсінеді. Бірақ кеш еді. Белгісіз екеу тапаншаны тақап тұрып, зейнеткер мен оның кәмелетке толмаған немересін байлап-матап тастайды. Содан бар ақшаны жинап алып, тайып отырады. Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады дегендей, бұл ақша аздық еткен әлгі екеу сол күні осы аудандағы тағы бір пәтерге электр шеберіміз деп алдап кіреді. Үй ие­ле­рінің сенгіштігі мен бейқам­ды­ғын пайдаланған олар ішке еніп алған соң 28 жастағы әйел мен оның 68 жастағы әкесін тапан­ша­ман қорқытып, ақша талап етеді. Сөйтіп жатқанда үйіне қызметінен отағасы оралады. Оқиғадан бейха­бар ол ішке енісімен оқыс тиген соқ­қыдан еденге құлап түседі. Қол-аяғы байланып, аузы скочпен желімделеді. Бұдан кейін емін-еркін қимылдаған қылмыскерлер екі миллионға жуық теңге мен бағалы заттарды қымқырып, табан жалтыратады. Елордалық полиция ізшілдері­нің жедел қимылдауы арқасында ғана Қарағанды қаласының екі тұр­ғыны ұсталды. Оларды қарақ­шы­лық шабуыл жасалған пәтер иелері бір көргеннен-ақ таныды.