Нидерландыда орналасқан Aviation Safety Network (Авиациялық қауіпсіздік желісі, ASN) ұйымының деректеріне қарағанда, өткен жылы авиа апаттардан 556 адам көз жұмған.
Олардың ішіндегі ең ірісі Индонезия көгінде тіркелді. Lion Air компаниясына тиесілі «Боинг-737 MAX» әуе кемесі 29 қазан күні Джакартадан ұшып шыққан бойда теңізге құлап, борттағы 189 адам түгелдей опат болды. Арнайы құрылған комиссия бұл әуе кемесі техникалық жарақсыздығына байланысты көкке көтерілмеуі тиіс еді, деген қорытынды жасап үлгерді.
Ал 18 мамыр күні Cubana de Aviacion авиакомпаниясының «Боинг-737-201» ұшағының Гаванаға таяу жерде құлап, 112 адамның қаза табуының себебін мамандар адами фактормен байланыстырды.
Сондай-ақ Катманду әуежайының тұсында 12 мамыр күні 51 адам қаза болған Bombardier Dash Q-400 ұшағының апатына техникалық ақау себеп болды деген салмақты пікірлер жарияланды.
Ал ақпан айында Иран мен Ресейде болған ірі ұшақ апаттарынан бас-аяғы 137 жолаушы бақилық болды. Ирандағы апат ауа райының қолайсыздығымен байланыстырылған болса, ресейліктер бұл қайғылы оқиғаға адамның қателігі себеп болды деген мәлімдеме жасады.
Жоғарыда аталған ASN ұйымының деректеріне сүйенсек, былтыр адам шығыны болған 15 әуе апатында 12 жолаушылар ұшағы және 3 жүк тасымалы ұшағы қираған екен. Егер, бұған әскери-транспорттық ұшақтардың апаты қосылса, апат саны 25-ке, ал қаза тапқан адамдар саны 917-ге жетеді.
Халықаралық ұйымның статистикасы 2018 жылы әрбір 2 520 000 ұшудың тек біреуінде ғана адам шығынына ұласқан апат болса, 2017 жылы әрбір 7 360 000-шы тасымалда кісі өлімі тіркелгендігін көрсетіп отыр.
Осындай жантүршігерлік деректерге қарамастан, ASN өкілдері соңғы уақыттары азаматтық авиация саласындағы ахуалдың едәуір түзелгендігін айтуда. Осы орайда «Еуроньюс» арнасы ұйымның бас директоры Харро Рантердің «Егер, апаттар саны осыдан 10 жыл бұрынғыдай болса, былтыр адам өліміне соқтырған 39 әуе оқиғасы тіркелген болар еді. Ал 2000-шы жылдардың деңгейінде қалсақ, төтенше оқиғалар саны 64-ке жетер еді», деген пікірін келтірген.
Мұндай шүкіршілік тек сала мамандарына ғана жұбаныш сыйласа керек. Өйткені көкте шарасыз халде қаза тапқан мыңға жуық адамның әрбірінің азапты өлімі мен отбасындағы қиыншылықтарын адам айтып тауыса алмас.
Аталған ұйымның деректеріне қарағанда, әуе апаттарына көбіне әуе кемесінің басқаруға «көнбей» қалатындығымен байланысты орын алады екен. Мәселен, соңғы бес жылдағы 25 апаттың онында ұшақтар ешқандай басқаруға келмей қалған. Осы орайда «Boeing» компаниясы жүргізген тексерулерге сүйенсек, 2007 жылдан бері қарай адам шығынына әкелетін қайғылы оқиғалардың 11 пайызы ұшудың крейсерлік, яғни қолайлы биіктігінде болған екен. Ал 24 пайызы төмендеу және қону кездерінде тіркелген. Өз кезегінде әуе кемесінің көтерілуі кезіндегі апаттардың үлесі 6 пайыз болса, ұшақтың биіктікті бағындыру сәтіндегі апаттардың саны да
6 пайыздық межеден аспайды екен.
Ал әлемдегі әуе апаттарының 50 пайыздан астамына ұшқыштардың қателіктері себеп болған. Одан кейінгі орындарда ғана ұшақ ақауы мен ауа райының қолайсыздығы тұр.
Жалпы, біздің елімізге қатысы бар әуе апаттарының хронологиясына қарап отырсақ, ең алғаш ресми тіркелген апат 1941 жылы Алматы маңында болған. 26 желтоқсан күні Ақмола мен Қостанай облыстарына бет алған Орталық комитет басшылары мінген Г-2 ұшағы ауа райының қолайсыздығынан Бақанас маңында құлаған. Бұл апаттан ұшақтың құйрық жағында отырған 8 жолаушы аман қалған. Ал экипаж мүшелерін қосқандағы 26 адам мерт болған. Ұшақ жерге соғылған сәтте қақ бөлініп, көретін жарығы таусылмаған сегіз адам жан жаққа шашылып кеткен.
Ал қазір құрдымға кеткен «Эйр Қазақстан» компаниясына тиесілі ұшақтың қатысуымен болған апат әлемдік авиация тарихындағы ең ірі оқиғалардың бестігіне енеді. 1996 жылы Шымкент – Дели бағытында көкке көтерілген Ил-76 ТД ұшағы Үндістанның Чархи Дадри қаласының маңында әуеде Сауд Арабиясына тиесілі «Боинг» ұшағымен соқтығысып, екі ұшақтағы 349 адам көз жұмды.
Одан бергі уақытта да әлем елдерінде небір апаттар болды. Ғылым мен техниканың қарыштап дамығандығына қарамастан, ғұлама ғалымдар мен өрелі өнертапқыштар да, ауызын айға білеген компаниялар да әуе апаттарында адамдарды құтқарып қалудың оңтайлы жолын тапқан жоқ.
Бірақ әлемде секунд сайын бір әуе кемесі ұшып, енді бірі қонып жататындығын ескерсек, әуе тасымалы жолаушылар үшін қорқынышқа айналмауы тиіс. Мәселен, www.flightradar24.com сайтында онлайн режимінде ұшақтар қозғалысын бақылауға болады. Сонда ғана мыңдаған шақырымдық биіктікте қанша темір көліктің аман-сау қалықтап жүргендігіне көз жеткізесіз.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»