Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Тұрғындар медициналық қызметтің сапасына көп шағымданады

1053 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Өңір жұртшылығына  22 аурухана, 64 амбулаторлық мекеме, 46 фельдшерлік-аккушерлік, 429 медициналық пункт қызмет көрсеткенмен, сапа жайы көңіл көншіте бермейді.

 Тұрғындар медициналық қызметтің сапасына көп шағымданады

Былтыр қоғамдық денсаулықты сақтау департаментіне 109 өтініш түсіп, дімкәс жандар медицина қызметкерлері өз міндеттерін дұрыс атқармайтынына реніш білдірген. Қаралған арыздардың 75 проценті медициналық қызметтердің сапасына, 11 проценті еңбекке жарамсыздық парағын алуға, 5 проценті мекемедегі медициналық көмектің жетіспеушілігіне, 3 проценті ауруханаға жатқызудан бас тартуға, 2 проценті әдептің сақталмауына қатысты айтылған.

«Азаматтардың арыздарын қарау барысында 33 ұйғарым шығарылып, 50-тәртіптік жаза қолданылды.  Құқық қорғау органдарына 16 материал жіберілді.

Талап бойынша науқасты емдейтін дәрігерде арнайы сертификатқа ие болуы тиіс. Былтыр 1649 сертификат берілді», дейді  денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Елеусізов.

Бөлім қызметкері Татьяна Приходьконың сөзіне қарағанда, мамандарды сертификаттау оның білімін тәжірибеде қолдана алатындығына кепілдік береді. Біліктілікті арттыру әдісі әркімнің  қалауы бойынша жүргізілетіндіктен, кейбіреулер білімін жетілдіруге, кәсіби шеберлігін шыңдауға құлық таныта бермейтін көрінеді. Соңғы кездері медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін бар жауапкершілікті денсаулық сақтау мекемесі басшыларына жүктеу керек, ол үшін сапаны бақылау кеңестерін құрып, оған мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарын  тарту қажет деген пікірлер айтылып жүр. Медициналық қызметтің сапасын арттыру жайлы өзге де ой-пікірлер аз емес.

 «Жастар жетістігі» альтернативті білім орталығы» қоғамдық қорының әлеуметтік зерттеулеріне сүйенсек, солтүстікқазақстандықтардың 48  проценті ғана  медициналық қызметтің сапасын оң бағалайды екен.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы