Ресейді күштеуге шақырды
Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:22
Шар Айна
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиларри Клинтон әлемдік қоғамдастықты Сирия мәселесінде Ресейге қысым көрсетуге шақырды. Мемхатшының түсіндіруінше, бұл жерде әңгіме Мәскеудің Батыс елдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ілгерілеткен қарар жобасына қолдау көрсетуі қажеттігі турасында болып отыр.
Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:22
Шар Айна
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиларри Клинтон әлемдік қоғамдастықты Сирия мәселесінде Ресейге қысым көрсетуге шақырды. Мемхатшының түсіндіруінше, бұл жерде әңгіме Мәскеудің Батыс елдері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ілгерілеткен қарар жобасына қолдау көрсетуі қажеттігі турасында болып отыр.
Клинтонның сөзіне қарағанда, құжат БҰҰ Жарғысының жетінші бөліміне сәйкес, Сирия президенті Башар Асадқа, сондай-ақ оның режіміне жәрдем қолын созып отырған адамдарға қарсы «өте қатал» санкция қолдануды қарастырады. Аталған қарар жобасын Франция, Германия және АҚШ қолдаса, Ресей қарсылық білдірген болатын. Қытай да көңілі толмайтынын байқатқан еді.
Нақты қорытындысы шығарылды
Ливияда парламенттік сайлаудың нақты қорытындысы жария етілді. Онда басым дауысты бұрынғы өтпелі ұлттық кеңестің премьер-министрі болған Махмуд Джибрильдің Либералды альянсы алды. Енді оның өкілдері парламентте партия үшін бөлінген 80 орынның 39-ын иеленетін болады.
Исламистердің «Мұсылман-бауырлар» партиясы 17-орынға қол жеткізді. Ливия парламентінде 120 орын енді тәуелсіз кандидаттар арасында бөліске түсетін болады. Барлығы сайлауға 100-ден астам партия өкілдері қатысты. Олардың көпшілігі дауыс берердің алдында, яғни сайлаудың соңғы айларында ғана құрылған еді.
Шекарашылар арасындағы атыс
Қырғызстан мен Өзбекстан шекарашылары арасында атыс болды. Бұл туралы «Ферғана» хабарлады. Алдын ала дерек бойынша, атыс салдарынан бір адам қаза тауып, бірнешеуі жарақаттанған. Оққа ұшқан қырғыз шекарашысы секілді.
Кикілжің Көкташ – Бұлақбаши автожолының жөндеу жүргізіліп жатқан учаскесінде орын алған. Өзбек жағының айтуынша, аталған учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды, өйткені жол шекараның келісілмеген учаскесі арқылы өтеді. Оқ ату учаскеге өзбек шекарашылары келіп, жұмысты тоқтатуды талап еткеннен кейін басталған. Алғаш қару қолданған да өзбектер көрінеді.
НАТО-ның 22 жүк көлігі жойылды
«Талибан» қозғалысының жасақтары 18 шілдеге қараған түні НАТО әскерлері үшін оқ-дәрілер мен отын тиелген 22 жүк көлігін жойып жіберді. Бір атап көрсетерлігі, талибтер ойларын бар-жоғы бір-ақ бомба қолданып жүзеге асырған.
Оқиға орын алған Саманган провинциясының басшылығы атап көрсеткеніндей, жүк көліктері мен бензин құйылған мәшинелер таң атуын күтпек болады. Сөйтіп, автотұраққа бір мезгілде ондаған мәшине жиналып қалады. Жүргізушілердің ұйқыға кеткенін және күзеттің әлсіздігін пайдаланған талибтер бензин құйылған көліктің біріне магнитті мина жапсырып қойып, содан кейін оны іске қосады.
Ким Чен Ын маршал атанды
Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ынға ел армиясының маршалы атағы берілді. Бұл туралы кеше солтүстіккореялық БАҚ-тарға сілтеме жасаған «Рейтер» агенттігі хабарлады. Агенттік Ким Чен Ынның осылайша КХДР әскері мен елге тұтастай бақылау орнатуға қол жеткізгенін атап көрсетеді.
Қазіргі кезде Ким Чин Ын Корея еңбек партиясының бірінші хатшысы, КХДР қорғаныс комитетінің бірінші төрағасы, Корея халық армиясының бас қолбасшысы, партия орталық әскери комиссиясының төрағасы болып табылады. Ол осының бәріне әкесі Ким Чен Ир көз жұмғаннан кейін, яғни 2011 жылдың желтоқсанында қол жеткізді.
Озеровтың ұлы парамен ұсталды
Мәскеу түбінде 6 миллион рубль пара алды деген күдікпен Щелковский ауданының әкімшілік орталығы – Загорянский қаласы әкімшілігінің басшысы Николай Озеров қамауға алынды. Ол белгілі кеңестік теннисші және спорт комментаторы Николай Озеровтың үлкен ұлы болып табылады.
Озеровпен бірге Щелково қаласының тағы бір тұрғыны тұтқындалған. Оған делдалдық жасады деген айып тағылмақ. Тергеу нұсқасы бойынша, Озеров «Лосиный остров» саяжайлық коммерциялық емес әріптестік директорынан ылғи ақша талап еткен. Есесіне ол аталған саяжай кентіне газ жүргізуге және электрлендіруге рұқсат етуге уәде берген.
Қысқа қайырып айтқанда:
Оңтүстіккореялықтар Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды таэквондо бойынша қара белбеумен наградтады. Осылайша Рахмонның аталған спорт түрін Тәжікстанда дамытқаны үшін еңбегі атап өтілді.
Бакуде Коба Грузинский деген лақап аты бар криминалды авторитет Коба Квахадзе тұтқындалған. Оған пәтер тонады деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар, тінту кезінде Квахадзеден героин табылған. Оған қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалыпты.
Мысырдың темір жолында пойыз апаты орын алды. Оны екінші бір пойыздың жолаушылары жасағаны анықталды. Жолаушылар өздері мінген пойыздың тоқтатылып, жүрдек пойыздың өтіп кетуіне жол ашылғанына наразылық білдіріпті.
Израильдің парламентінде аса көп мандатқа ие «Кадима» партиясының мүшелері кеше премьер-министр Биньямин Нетаняхудың билеуші коалициясынан шығатындарын мәлімдеді. Бұл жәйт әскери қызмет туралы жаңа заң бойынша келіссөздердің нәтиже бермеуіне байланысты орын алды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.