18 Наурыз, 2019

Құрылыс жұмыстары пысықталды

1109 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Облыс орталығында қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысу мақсатында Үкімет басшысы алдымен әкімшілік-іскерлік орталығында болды. 

Құрылыс жұмыстары пысықталды

Әкімшілік-іскерлік орталығының жалпы аумағы – 7,7 гектар. Онда облыс әкімшілігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер үйінің ғимараттары бой көтереді. Қаңтарда басталған құ­ры­лыстың жоспар бойынша аяқтау мерзімі – 2020 жылдың наурыз айы. Бұл орайда А. Маминге құрылыс жұмыстарын отандық өндірістің қажетті материалдар көлемімен қамтамасыз ету үшін өңірде фибробетон шығаратын жаңа зауыт салу көзделгені баяндалды.

Елбасы еліміздегі ірі компаниялар мен холдингтерге және әр облысқа Түр­кістан қаласына бір-бір нысан салуды тап­сырған болатын. Бұл тапсырманың орындалу барысы Үкімет басшысының жұ­мыс сапары кезінде басты назарда болды. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның тапсырысымен салынып жатқан 7 мың орынға арналған ста­дион құрылысында жұмыс қызу. Ны­санды қоршау, құрылыс алаңын дайындау жұмыстары аяқталған. Бұл арада жобалау-сметалық құжаттамасына тиісті өзгерістер енгізіп, стадионның сы­йымдылығын 12 мың орынға көбейту ұсы­нылды. Сондай-ақ «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ құрылысына жауапты Конгресс-холл орталығы ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасы 40%-ға дайын. Ал оқушылар сарайы ғи­ма­ра­тының жобасы, топотүсірілімі және инженерлік-геологиялық жұмыстары жүр­гізілді. Ақпан айында басталған құ­ры­лысты 2020 жылдың желтоқсан айын­да пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Түркістан қаласында бой көтеріп жат­қан бірқатар жаңа нысандардың тап­сырыс берушілері – ел өңірлері. Мы­салы, Алматы қаласының әкімдігі тапсырыс беруші болып табылатын Ме­диа-орталық құрылысын «BI Group» ЖШС-і жүргізуде. Өңірдегі БАҚ өкіл­дері қоныстанатын орталық биыл пай­далануға берілмек. Сапар барысында түркі дүниесінің рухани-мәдени орта­лығы ретінде Түркістан қаласын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында А. Мамин қаланың тарихи-мәдени орталығын аралады. Қо­жа Ахмет Ясауи мұражайы, «Әзірет Сұл­тан» тарихи-мәдени қорығының визит-орталығы, «Ұлы дала елі» орта­лығы салынып жатқан жерлерде болды.

Премьер-Министрге Түркістан қала­­шығын абаттандырудың тұжы­рым­дамалық бас жоспары таныстырылды. Туристік инфрақұрылымды құру жұ­мыстарының жоспарларымен таныс­қан Үкімет басшысы құрылыс жұмыс­тарын күшейтуді тапсырды. Түркістанда туризмді дамыту, оның ішінде ішкі туризмді дамыту мақсатында музыкалық субұрқақ, амфитеатр, аттракциондары бар қалалық саябақ салу көзделген.

Облыс орталығында бүгінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. А.Мамин «Түркістан – жаңа қала» ша­ғын ауданын аралау кезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының басталуымен таныс­ты. Жоба біртіндеп іске асырылады: 2019 жылы – 44 үй, 2020 жылы 52 үй пай­далануға беріледі. Жалпы, 2 977 пәтер «7–20–25» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ облыс әкімдігі жоспарлап отыр­ған несиелік тұрғын үйдің жаңа бағ­дарламасы бойынша қолжетімді болады. Бұл көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді. Премьер-Министр баспана құрылысы көлемдерін кеңейту келешегін зерделеу және қолайлы өмір сүруді қамтамасыз етуге заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атады. Президент тапсырма­ларын уақтылы орындауға барлық жағ­дай жасалғанын атап өтіп, құрылыс жұ­мыстарын күшейтуді және қажет болған жағдайда құрылысшыларды қосымша тартуды тапсырды.

Премьер-Министр қаланың даму перспективалары жөнінде кеңес өт­кізді. Кеңес барысында қалада өмір сү­ру жағдайын қамтамасыз ету және құры­лыс салу, оның ішінде инженерлік инфра­құрылым жүргізу, сондай-ақ экономика және бизнестің, туризмнің өсуінің жаңа бастауы ретінде дамыту перспективалары қаралды. «Елбасы өзінің тарихи шешімімен Түркістан облысын құрып, Түркістан қаласын жаңа облыс орталығы ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі дүниесінің мәдени-рухани орталығы ретінде де дамытуды тапсырды. Мем­лекет басшысының стратегиялық шеші­мінің арқасында бұл аймақтың өркен­деуіне қарқынды серпін берілген», деп атап өтті А.Мамин. Сондай-ақ Пре­мьер-Министр Түркістанда ауқымды құрылыс жұмыстары басталғанын айтты. Президент тапсырмасын орындау мақ­сатында Үкімет тарапынан нақты ша­ралар қолға алынған. Мәселен, бюд­жетті нақтылау аясында құрылысқа қа­тыс­ты барлық ұсыныс қолдауға ие бо­лып, қажет қаржы толығымен беріле­тін болды, жобаларды іске асыру арқы­лы инженерлік-коммуникациялық, көлік инфрақұрылымын жүргізу қамта­ма­сыз етіледі, сондай-ақ құрылыс жұмыс­тарының қарқынын арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамалық актілерге өз­герістер енгізу жұмыстары атқарылып жа­тыр.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өз баяндамасында Елбасының Түркістан қаласын дамыту туралы тап­сырмасына сәйкес 29 нысанның құры­лысы өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдеріне бекітілгенін атап өтті. Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталықта орналасатын   17 нысанның жерге орналастыру сызбасы бекітіліп, құрылысы жүргізілетін нысандардың жер телімдері толығымен босатылған. Ал 4 нысанның құрылыс алаңы қоршалғанымен, құ­рылыс жұмыстары басталмаған, 5 ны­санда жерді ресімдеу жұмыстары аяқ­талып, жобаны әзірлеу мен құрылыс жұ­мыстарын бастау жөнінде өңірлер мен бизнес өкілдеріне ұсыныс жолданған. Биыл 3 нысан (облыс әкімдігі, медиа­орталық, саябақ) пайдалануға бері­леді. «Сонымен қатар әкімшілік ғима­раттары, тұрғын үй кешендері, спорт, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларындағы 80 нысан әкімшілік-іскерлік орталығына ор­на­ластырылды. Соның ішінде, респуб­ликалық бюджеттен 2019 жылға 28,2 млрд теңге бөлініп, әкімшілік ғима­рат­тардың, білім беру, тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарының құры­лы­сы қарқынды жүргізілуде», деді об­лыс әкімі. Сондай-ақ өңір басшысы тұр­ғын үй құрылысы, білім беру, инфра­құ­рылыммен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқ­талды. Түркістан қаласын магистралды инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында бастапқыда 20 нысан іске асырылмақ. Облыс әкімі баяндамасының соңында Үкімет басшысының қарауына бірқатар мәселелерді ұсынды. Оның ішінде өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері бекітілген нысандар бойынша, жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуді жеделдету,  өндірістік жұмыс кестелерін Премьер-Министрдің хаттамалық тапсырмасымен бекітіп беру, аймақты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалау-сметалық құжаттама жасауды және құрылысын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 9 млрд теңге бөлу мәселелері бар.

Сондай-ақ кеңесте Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Қожағапанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ.Өскенбаев, Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев та­ри­хи-мәдени орталықты абаттандыру, ЮНЕСКО-мен жоспарланған реконструкция жұмыстарын келісу барысы, жол-көлік инфрақұрылымын және ТКШ-ны нығайту, сумен, газбен, жылу­мен, электр қуатымен жабдықтау жүйе­лерімен қамтамасыз ету бойынша ат­қарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Қазақтелеком» АҚ басқар­ма төрағасы Қ.Есекеев Smart City жо­басын дамыту жоспары туралы мә­лімдеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес еліміздің әрбір өңірі Түркістан қала­сында жекелеген инфрақұрылымдық жоба­ларды әзірлеумен және салумен айна­лысып жатқанын айта кеткен жөн. Осы­ған байланысты, Премьер-Министр селек­торлық режімде облыстардың және Ас­тана, Алматы, Шымкент қалалары әкім­дерінің атқарып жатқан жұмыстары тура­лы баяндамаларын тыңдады. Кеңес­те облысты дамытуға және нысандар­ды салуға белсенді түрде қатысып жат­қан құрылыс компанияларының бас­шылары да сөз сөйледі. Олардың қатар­ында, «Build Investment Group» хол­дингінің президенті А.Рахымбаев, «Highvill Kazakhstan» бас директоры Канг Джон Дэ, «Базис-А» директоры А.Белович, «Мабетекс групп» президенті А.Паколли, «Sembol Construction» АҚ техникалық департамент директоры Й.Сельджук болды. 

Кеңесті қорытындылаған Премьер-Министр Мемлекет басшысы Түркістан қаласының дамуына ерекше көңіл бөліп отырғанын, әрбір нысанға жауапты басшы бекітілгенін, оны орындаудың нақты мерзімі белгіленгенін атап өтті. «Алға қойылған міндеттерді тиімді шешу бо­йынша үйлесімді жұмыс атқару керек. Барлық өңірлердің қажетті ресурста­ры бар. Біз ортақ күш-жігерімізді жұ­мыл­дырып, Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмаларды іске асыруға бірден кірісуіміз керек», деді А.Мамин. Сондай-ақ Үкімет басшысы Түркістанды дамыту мақсатындағы барлық жұмыстардың са­пасы және белгіленген мерзімде жүр­гізілуі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.  

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы