Бүгін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың төрағалығымен өңірлердің бейнеконференц байланыс режимінде Үкімет жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Отырыс жұмысына Парламенті Сенатының депутаты, Балалардың құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мақсат - кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алуға бағытталған жедел іс-шаралар кешенін қабылдау.
Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлық - өзекті мәселелердің бірі. Оқушылар мектеп психологтары мен педагогтардың көмегіне сирек жүгінеді. Оқушылар арасында суицид әрекетін болдырмау және азайту үшін ата-аналарды агрессивтілікті жеңуге, жақын адамдармен қарым-қатынаста ыза, ашусыз және ренжітпей өз сезімдерін білдіре алуға үйрету қажет.
Министрлік тарапынан жергілікті атқарушы органдардың алдын алу жұмыстарының жай-күйіне талдау жасалды, өңірлерге сапарлар, педагогтар мен ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылды.
Жүргізілген талдаудың нәтижелері балалардың аутодеструктивті мінез-құлқына көбінесе отбасындағы түсініспеушілік пен ата-аналардың балаларына көңіл бөлмеуі себеп болатынын куәландырады. Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленді.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, биылғы 18 наурыздағы жағдай бойынша кәмелетке толмағандар арасында 23 аяқталған суицид және 81 суицид әрекеті тіркелді. 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда суицидтер саны 17,9% - ға төмендеді (2017 ж. - 28), суицид әрекеттерінің саны 47,3%-ға артқан (2017 ж. – 55).